Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 2014 жылғы 14 қарашадағы № 193 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 9 желтоқсанда № 5209 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Шешімнің тақырыбында және барлық мәтін бойынша "ережесін", "ережесі", "Ережелеріне" сөздері, "қағидасын", "қағидасы", "Қағидаларына" сөздерімен ауыстырылды - Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 11.06.2020 № 401 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабына сәйкес, Әулиекөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсету ережесі бекітілсін.

      2. Мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші осы шешімнің қосымшасына сәйкес күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Кезектен тыс
сессияның төрайымы
А. Жансүгіров
      Аудандық
мәслихаттың хатшысы
А. Бондаренко

  Мәслихаттың
2014 жылғы 14 қарашадағы
№ 193 шешіміне қосымша

Мәслихаттың күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      Мәслихаттың 2010 жылғы 15 қыркүйектегі № 195 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-7-123 тіркелген, 2010 жылғы 18 қазанда "Әулиекөл" газетінде жарияланған).

      Мәслихаттың 2011 жылғы 26 қазандағы № 262 "Мәслихаттың 2010 жылғы 15 қыркүйектегі № 195 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-7-144 тіркелген, 2011 жылғы 17 қарашада "Әулиекөл" газетінде жарияланған).

      Мәслихаттың 2012 жылғы 26 шілдедегі № 35 "Мәслихаттың 2010 жылғы 15 қыркүйектегі № 195 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-7-165 тіркелген, 2012 жылғы 16 тамызда "Әулиекөл" газетінде жарияланған).

      Мәслихаттың 2014 жылғы 14 ақпандағы № 129 "Мәслихаттың 2010 жылғы 15 қыркүйектегі № 195 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4489 тіркелген, 2014 жылғы 27 наурызда "Әулиекөл" газетінде жарияланған).

  Мәслихаттың
2014 жылғы 14 қарашадағы
№ 193 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы
1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда Әулиекөл ауданының аумағында тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтыну;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 11.06.2020 № 401 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      2. Тұрғын үй көмегін "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) тоқсанына бір рет көрсетеді.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) (бұдан әрі - көрсетілген қызметті алушы) (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша филиалына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) және/немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      3) отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      4) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      5) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      6) банктік шоты;

      7) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      8) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      10) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 11.06.2020 № 401 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап ұсынады, порталға өтініш берген кезде – 8 (сегіз) жұмыс күні.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 11.06.2020 № 401 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      4. Ағымдағы жылда бірінші рет өтініш білдірген көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап, бірақ тұрғын үй көмегін тағайындауға негіз болатын жағдайлар пайда болғаннан бұрын емес тағайындалады.

      Қайтадан өтініш білдіргенде тұрғын үй көмегі ағымдағы бүкіл тоқсанға тағайындалады.

      5. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары туралы, сондай-ақ оның дұрыс есептелмегені туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      6. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.

      7. Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылады, ал көрсетілетін қызметті алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте төлетеді.

      8. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.

      9. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.

      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.

      10. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін анықтау

      11. Тұрғын үй көмегінің мөлшері отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының нормалары шегінде және шекті жол берілетін деңгейде кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасының арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 11.06.2020 № 401 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      12. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысы тұрғын үй көмегіне өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсан бойынша отбасы (азамат) табысының жалпы сомасынан есептеледі.

      13. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі жиынтық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      14. Тұрғын үй көмегін тағайындау барысында есепке алаң нормасы алынады:

      1) бір отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі және отбасына 9 шаршы метрі қосымша; бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғын жайдың жалпы алаңы;

      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.

      15. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.

      Егер шығыстарға тарифтер мен нормативтер заңнамамен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.

      16. Есепке қабылданатын шығындар өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсан үшін беріледі. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.

      17. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электр плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығындардан асырмай жүргізіледі.

      18. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы Қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      19. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу тәртібі

      20. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.

      21. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушының өтініші бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушының не қызмет көрсетушілердің немесе кондоминиум объектілерін басқару органдарының жеке шоттарына тағайындалған сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.