Мұнайлы ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидаларын бекіту туралы

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 20/223 шешімі. Маңғыстау облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 13 мамырда № 2414 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының 39-3 бабының 6-тармағына және «Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Мұнайлы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Мұнайлы ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидалары бекітілсін.
      2. «Мұнайлы аудандық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы (А. Жанбуршина) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Қ.Оңдабаевқа (келісім бойынша) жүктелсін.
      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Сессия төрағасы                         К. Ильясов

      Аудандық мәслихат
      хатшысы                                 Б. Назар
 
 

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Мұнайлы ауданының әкімі
      Е. Әбілов
      11 cәуір 2014 жыл
 
 

Аудандық мәслихаттың
2014 жылғы 11 сәуірдегі
№ 20/223 шешімімен бекітілген
 

Мұнайлы ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық
жиындарын өткізудің қағидалары
 

      1. Осы Мұнайлы ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидалары (әрі қарай – Қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 және 39-3 баптарына, «Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 18 қазандағы №1106 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және ауданның ауылдары және ауылдық округтері тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.
      2. Мұнайлы ауданының ауылдары және ауылдық округтері аумағындағы тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (бұдан әрі – бөлек жиын), жергілікті қоғамдастықтың жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.
 

1. Жалпы ережелер
 

      3. Осы Қағидаларда келесідей ұғымдар пайдаланылады:
      1) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыралатын жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
      2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қызметінің мәселелері.
 

2. Бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының өкілеттіктері
 

      4. Бөлек жиынға қатысушылар күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды:
      1) аудан мәслихатына, ауданның, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдеріне, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жергілікті маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныстар енгізу;
      2) әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын жүзеге асыру мәселелері бойынша олардың есептерін тыңдау және талқылау;
      3) аудан мәслихатының атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы мәслихаттың есептерін тыңдау және талқылау;
      4) жергілікті қоғамдастық жиыны айқындаған жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер.
 

3. Бөлек жиынды өткізу тәртібі
 

      5. Бөлек жиын ауылдар мен ауылдық округтің әкімімен шақырылады.
      Аудан әкімінің жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге оң шешімі бар болған жағдайда бөлек жиынды өткізуге болады.
      6. Жергілікті қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы аудандық «Мұнайлы» газеті арқылы немесе аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында (www.munaily.mangystau.gov.kz) олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
      7. Ауылдар және ауылдық округтер шегінде бөлек жиынды өткізуді ауылдар және ауылдық округтердің әкімдері ұйымдастырады.
      8. Бөлек жиынды ашудың алдында тиісті ауылдар мен ауылдық округтердің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
      9. Бөлек жиын ауылдар мен ауылдық округтердің әкімімен немесе уәкілеттік берген тұлғамен ашылады.
      Ауылдар мен ауылдық округтердің әкімі немесе уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
      Бөлек жиынның хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыспен хатшы сайланады.
      10. Жергілікті қоғамдастық жиынына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін тұрғындар өкілдерінің саны тұрғындардың бір пайызы негізінде анықталады.
      11. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
      12. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға және хатшы қол қояды және тиісті ауыл және ауылдық округ әкімі аппаратына береді.
      13. Бөлек жергілікті қоғамдастық жиыны оған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі. Жергілікті қоғамдастық жиындары өкілдерінің қатысуымен өткізілген жағдайда, жергілікті қоғамдастық жиыны оған ауыл тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарында сайланған өкілдерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
 

4. Жергілікті қоғамдастық жиынының шешімі
 

      14. Жергілікті қоғамдастық жиынының шешімі, егер оған жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
      Ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл осындай келіспеушілікті туғызған мәселелерді қайтадан талқылау арқылы шешіледі.
      Ауылдар мен ауылдық округтері әкімдері келіспеушілігін туғызған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселе жоғары тұрған әкіммен аудан мәслихатының отырысында оны алдын ала талқылағаннан кейін шешіледі.
      15. Бөлек жергілікті қоғамдастық жиынында қабылданған шешімдер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратылады.
      Қажет болған жағдайда бөлек жергілікті қоғамдастық жиыны шешімінің қорытындылары бойынша ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері шешім қабылдайды.
 

5. Қорытынды ережелер
 

      16. Бөлек жиын өткізу барысында жергілікті қоғамдастықтың мүшелері қоғамдық тәртіпті сақтаулары қажет.