"Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қызылорда облысы әкімдігінің 2014 жылғы 07 наурыздағы № 515 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 04 сәуірде № 4631 болып тіркелді

Жаңартылған
      Ескерту. Қаулының орыс тіліндегі тақырыбына өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі нұсқасы өзгеріссіз қалдырылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 23.12.2014 N 797 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 23.12.2014 N 797 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты", "Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы", "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемелері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Годуноваға жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкiмдігінің
2014 жылғы 7 наурыздағы
N 515 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      Ескерту. Қосымшаның атауы жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 23.12.2014 N 797 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. "Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты субъект құқықтарын, коммуналдық меншік құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі іске асырады.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, 120003, Қызылорда қаласы, Бейбарыс Сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 23.12.2014 N 797 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: облыс аумағында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау.
      15. Негізгі міндеттері:
      1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын қаржыны оңтайлы және тиімді жұмсау.
      16. Функциялары:
      1) тапсырыс берушімен әзірленген және бекітілген мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бойынша жұмыстар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты конкурс, оның ішінде екі кезеңдік рәсімдер пайдаланыла отырып өткізілетін конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден алу, аукциондар және тауар биржалары арқылы заңнамамен белгіленген тәртіпте лоттарға бөле отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
      2) конкурс немесе аукцион тәсілдерімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған электрондық нысаны негізінде қазақ және орыс тілдерінде конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы әзірлейді және оны бекіту үшін тапсырыс берушінің бірінші басшысына ұсынады;
      3) конкурс немесе аукцион тәсілдерімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялайды және бекітілген конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы мүдделі тұлғаларға ұсынады. Қажет болған жағдайда конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы алған әлеуетті өнім берушілерге конкурстық немесе аукциондық құжаттаманың ережелерін түсіндіреді;
      4) заңнамада көзделген жағдайларда конкурс немесе аукцион тәсілдерімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді тиісті бюджет есебіне жатқызады немесе оны әлеуетті өнім берушіге қайтарады;
      5) заңнамамен белгіленген тәртіпте сараптама комиссиясын құрады немесе сарапшыны айқындайды;
      6) бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды табыс еткен әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың екінші кезеңіне қатысуға шақыру жібереді;
      7) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын қол қоюға ұсынады;
      8) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алуға қатысуға жазбаша шақыру жібереді;
      9) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының 6-бабы талаптарының бұзылуына жол берген әлеуетті өнім беруші не өнім берушіні, біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсынған әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз келтіреді;
      10) құқық бұзушылық жасауға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою жөнiнде шаралар қолданады;
      11) азаматтардың құқықтық тәрбиесiн ұйымдастыруды қамтамасыз етедi;
      12) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Қызылорда облысының аумағында мемлекеттік сатып алу саласының негізгі бағыттарын дамыту, мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды облыс әкімдігінің және әкімінің қарауына енгізеді;
      2) Басқарманың алдына қойылған міндеттерді орындауға қатысты мәселелер жөніндегі ақпаратты мемлекеттiк органдардың, лауазымдық тұлғалардың, ұйымдар мен азаматтардың келісімі бойынша белгiленген тәртiпте сұратады және алады;
      3) мемлекеттік органдарда, сотта басқарманың мүддесін білдіреді;
      4) өз құзыреті шегінде шарттар мен келісімдер жасайды.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалып және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз қызметін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда басқарманың мүддесін білдіреді;
      3) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастары бойынша оның құзыретіне жатқызылған басқарманың қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) заңнамамен белгiленген тәртiппен еңбек қатынастары мәселелері оның құзырына жатқызылған басқарма қызметкерлерiне тәртiптiк жазалар және көтермелеу шараларын қолданады;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасайды;
      9) сенімхаттар береді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары бойынша дербес жауапты болады;
      11) басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      12) облыс әкімдігі мен әкімінің актілері мен тапсырмаларын орындайды;
      13) басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      14) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
      15) қызмет этикасы нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      17) азаматтардың және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      23. Басқарманың жұмыс тәртібі еңбек тәртіптемесінің ережелерімен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, басқарманың әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

4. Басқарманың мүлкі

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.