Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 6 қарашадағы № 369 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 қарашада № 9886 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 27.07.2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы Ереженің 16-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті туралы Ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2002 жылғы 28 қаңтардағы № 17 "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы" бұйрығының күші жойылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша Департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде аталған бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін аталған бұйрықтың Алматы облысы бойынша Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде аталған бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Заң департаментіне бұл тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген шаралардың орындалғаны жөнінде мәліметтердің ұсынылуын;

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 27.07.2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 27.07.2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Комитет Төрағасы

Н.Әбіқаев


  Қазақстан Республикасы Ұлттық
Қауіпсіздік комитеті Төрағасының
2014 жылғы 6 қарашадағы
№ 369 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы
облысы бойынша департаментінің ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы болып табылады.

      2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, басқа да нормативтік-құқықтық актілері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есепшоттары, негізгі қорлары, әлеуметтік-мәдени және медициналық объектілері бар.

      4. Департамент құрылымын, штаттық санын белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы бекітеді.

      5. Департамент оның құрылымын құрайтын басқармалар, бөлімдер мен бөлімшелерден тұрады. Оның құрамына келесі аудандық бөлімшелер кіреді:

      1) Департамент басқармасына (Өтеген батыр кентінде тұрақты орналасқан) Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандық бөлімдері бағынады;

      2) Талғар аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Талғар қаласы, Талғар ауданы;

      3) Қарасай аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Қаскелең қаласы, Қарасай ауданы;

      4) Іле аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Іле ауданы;

      5) Жамбыл аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Жамбыл ауданы;

      6) Еңбекшіқазақ аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Есік қаласы, Еңбекшіқазақ ауданы;

      7) Еңбекшіқазақ аудандық бөлімінің Шелек ауылындағы бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Шелек, Кескенсу, Қаратұрық, Қаражота, Қорам, Бартоғай, Нұра, Аса, Масақ, Малыбай және Қазақстан ауылдық округтері;

      8) Райымбек аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Райымбек ауданы;

      9) Райымбек аудандық бөлімінің Нарынқол ауылындағы бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Сүмбе, Тасаши, Қарасаз, Көкпек, Шалкөде, Сарыбастау, Текес, Сарыжаз, Қайнар және Жамбыл ауылдық округтері;

      10) Ұйғыр аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Ұйғыр ауданы;

      11) Панфилов аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Жаркент қаласы, Панфилов ауданы;

      12) Панфилов аудандық бөлімінің Қорғас бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы - Педжим, Төменгі Педжим, Қорғас, Алмалы, Басқұншы ауылдық округтері, Алтынкөл станциясы, Нұркен кенті және "Қорғас" АҚ Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы;

      13) Алакөл аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Үшарал қаласы, Алакөл ауданы;

      14) Алакөл аудандық бөлімінің Достық станциясындағы бөлімшесі. Қызмет көрсету аймағы – Достық станциясы;

      15) Қаратал аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы - Үштөбе қаласы, Қаратал ауданы;

      16) Сарқан аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы - Сарқан қаласы, Сарқан және Ақсу аудандары;

      17) Қапшағай қалалық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Қапшағай қаласы, Кербұлақ, Балқаш аудандары, Шеңгелді және Заречный ауылдық округтері;

      18) Текелі қалалық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Текелі қаласы, Ескелді, Көксу аудандары.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 27.07.2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

      6. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.

      7. Департамент мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысуға құқығы бар.

      8. Департаменттің заңды мекенжайы: 040000, Талдықорған қаласы, Жансүгуров көшесі, 68/70.

      9. Департамент қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      10. Департаменттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша Департаменті" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Департаменттің функциясына кіретін міндеттерді орындау тұрғысында Департаментке оны орындау үшін кәсіпкер тұлғалармен келісімшартқа отыруға тыйым салынады.

      Егер Департаментке заң актілері бойынша табыс алып келетін іспен айналысуға құқық берілген болса, онда, ол істен келіп түскен табыс мемлекеттік бюджеттің пайдасына жіберіледі.

2. Департаменттің негізгі талаптары

      13. Департаменттің Алматы облысы шегіндегі негізгі міндеттері:

      1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) "Сыртқы барлау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесі үшін барлау ақпаратын табу;

      3) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      5) облыс аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес іс-саласындағы қызметті үйлестіруге қатысу;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

      7) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу;

      8) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      9) жасырын тергеу әрекеттерін заңнамамен белгіленген тәртіпте ұйымдастыру және өткізу;

      10) жасырын тергеу әрекеттерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының актілерімен анықталатын өзге де мақсаттар болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 27.07. 2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

3. Департаменттің функциялары, міндеттері мен құқықтары

      14. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде Алматы облысының аумағында мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруға қатысады;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының рұқсатымен және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысады, ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын қызмет саласында шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, шет мемлекеттердің үкіметтік және арнаулы байланыс органдарымен, халықаралық қауіпсіздік құрылымымен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;

      4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратпен мемлекеттік органдарды қамтамасыз етеді;

      5) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған терроризмге, экстремизмге және өзге де іс-әрекеттерге қарсы күрес бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, осы салалардағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Облыс аумағында терроризмге қарсы операцияларды өткізуге басшылық жасайды;

      8) террористік қауіп-қатердің сипаты мен өзіндік ерекшелігі туралы олардың басшыларына ақпарат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығулар террорға қарсы осал нысандарында өткізу мен өзге де шараларды іске асыру арқылы терроризмге қатысты осал объектілерді терроризмге қарсы қорғаудың деңгейін арттыруға ықпал етеді;

      9) мемлекеттік органдардың қауіпсіздік жүйесін және террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыру дайындығын күшейту бойынша шаралар кешенін іске асыруына, сондай-ақ терроризмге қатысты осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйіне және олардың басшыларының заңнамамен көзделген талаптарды орындауына бақылау жасауды жүзеге асырады;

      10) азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімінде шақыру комиссиясының жұмысына қатысады;

      11) Қазақстан Республикасы жергілікті әскери орган басқармаларымен ұсынылған мәліметтер негізінде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне қажетті шақырылушы контингентке сараптау және мониторинг жүргізеді;

      12) анықтайды, ескертеді және әлеуметтік тұрғыдағы төтенше ахуалдардың соның ішінде, іргелес жатқан мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын жаппай өтулеріне, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен өзгерту әрекеттеріне, террорлық актілерге, билікті күшпен басып алу немесе билікті күштеп ұстау салдарынан Қазақстан Республикасының Конситуциясын бұзу әрекеттеріне, диверсияға, қарулы көтеріліске, тосқауыл қояды, сондай-ақ, 2003 жылғы 08 ақпандағы Қазақстан Республикасының "Төтенше жағдай туралы" Заңында қарастырылған өзге де әрекетттерді жүзеге асырады;

      13) заңнамамен белгіленген тәртіпте қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      14) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына қоғамдық қауiпсiздiктi, заңдылықты, құқықтық тәртiптi, елдiң қорғаныс қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге, өзге де алға қойылған мiндеттердi шешуге көмек көрсетедi;

      14-1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көмек көрсетеді;

      15) уәкiлеттi органдармен қарсыластың барлау-бүлдiру акциясын жүргiзуi үшiн жағдай жасайтын сыртқы және iшкi факторларды жою және бейтараптандыру бойынша, соның iшiнде трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа, заңсыз көшi-қонға, қару-жарақтардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш және уландырғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар мен электрондық құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл бойынша шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      16) Қазақстан Республикасының мүддесіне өз құзыреті шегінде барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      17) ұлттық қауiпсiздiк органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;

      18) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардағы мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қарсы барлаулық қорғау бойынша шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметiн бақылайды;

      19) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсатты ресiмдеуге (қайта ресiмдеуге), сондай-ақ ұйымдарға мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беруге арнайы тексеру жүргiзумен, мемлекеттiк құпияларды қорғау құралдарын жасаумен, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау бойынша iс-шараларды жүргiзумен және (немесе) қызмет көрсетулермен байланысты шараларды iске асырады;

      20) Алматы облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң және халықаралық ұйымдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша басқа құзыреттi органдармен өзара iс-қимылда шаралар қолданады;

      21) мемлекеттік қызметке кіретін (онда жұмыс істейтін) Қазақстан Республикасы азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;

      21-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа тартылатын шетелдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеру жүргізеді;

      22) белгіленген тәртіппен техникалық барлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      23) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары өткізетін қарсы барлау, жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу іс-қимылдарын техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      23-1) ақпараттарды, коммуникацияларды және киберкеңістіктегі мемлекеттің инфрақұрылым стратегиялық объектілерін киберқорғау бойынша іс-шараларды жүргізеді;

      23-2) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын барлық органдардың міндеттерін шешу мүддесінде байланыс желісін қолданумен байланысты қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүзеге асырады;

      24) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      25) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимін қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіреді және бақылайды;

      26) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық теріс қылықтар бойынша сот дейінгі өндірісті ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      27) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша нормативтік және әдістемелік актілерді әзірлеу мен орындау мақсатында мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіреді және бақылайды;

      28) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша облыс аумағында құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесінің орындалуын бақылайды;

      29) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      30) арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуге арналған арнайы техникалық құралдардың жұмысқа қабілеттілігін қалыпта ұстайды;

      31) мемлекеттің және қоғамның, жеке тұлғаның мүдделеріне залал келтіретін, желі тораптары мен байланыс құрылғыларын қылмысты мақсатта пайдаланудың жолын кесуді және анықтауды қамтамасыз етеді;

      32) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      33) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ құпия көмекшілерді қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      34) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      35) ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, мекеменің ведомстоволық қатыстылығын, жайлардың және көлік құрылғыларының мұқамдауы бойынша шараларды жүзеге асырады;

      36) Департаменттің жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуін, соның ішінде ғимараттар мен күрделі құрылыстарды салуды және қайта салуды, жөндеуді, тұрғын үй салуды, жөндеуді ұйымдастырады;

      37) ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;

      38) Департаментте мұрағаттық істі ұйымдастыру тәртібін қамтамасыз етеді және осы мақсатта ақпараттық жүйелерді қолданады;

      39) Департаментте мұрағаттық істі ұйымдастыру тәртібін қамтамасыз етеді және осы мақсатта ақпараттық жүйелерді қолданады;

      39-1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарында полиграфологиялық зерттеулер жүргізеді және ақпараттық жүйедегі нәтижелерді есепке алуды жүзеге асырады;

      40) әскери-дәрігерлік сараптама, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын, азаматтардың ауруларының, мертігулерінің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) немесе қайтыс болуының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеруіне (міндеттерін орындау) байланыстылығын анықтау үшін психофизиологиялық куәландыру, сондай-ақ есірткіге қатысты тест жүргізеді;

      41) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайды және әкімшілік жаза қолданады;

      42) ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты уақтылы алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың кезекшілік қызметтерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      43) ғимараттарды, объектілерді күзетуді, сондай-ақ өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      44) Департаментте құқықтық тәртiптi қамтамасыз етедi;

      45) Департаментте мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;

      46) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 27.07. 2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

      15. Департамент өз құзыреті шегінде міндеттерін жүзеге асырады:

      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте және мүмкіншілікте Қазақстан Республикасы азаматтарына міндетті арнайы тексеруді жүргізеді;

      2) жеке қауіпсіздік қамтамасыз бойынша шараларды іске асырады;

      3) жеке қауіпсіздік қамтамасыз бойынша шараларды іске асырады;

      4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскериленген жасақтардың іс-әрекетіне, саяси партиялар мен өзге мемлекеттердің кәсіптік бірлестіктеріне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ, саяси партиялар мен кәсіптік бірлестіктерге шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың және шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдарының қаржыландыруына тосқауыл қоюға және ескертуде қолғабыс етеді;

      5) қорғаныс-өнеркәсіптік кешені, атом энергетикасы, биотехнологиялық кешені, көлік және байланыс объектілерінің, өңірлердің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету және өзге де стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      6) Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын мақсатында ақпараттық-талдау жұмысыны жүргізеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге баруына, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуiне және оның аумағынан тыс жерлерге кетуiне, сондай-ақ олардың Республика аумағында болу режимiне қатысты мәселелердi шешуге қатысуға;

      8) облысы аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимылда шаралар қолданады;

      9) шетел ел басшыларының, үкіметтерінің және халықаралық ұйым жетекшілерінің Қазақстан Республикасында келуі барысында, сондай-ақ, облыс аумағында маңызды саяси-қоғамдық іс-шаралардың жүргізілуі барысында басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;

      10) мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын ақпараттарға рұқсат алуға құжаттарын рәсімдеп (қайта рәсімдеп) жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарына арнайы тексеруді жүргізеді;

      11) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де міндеттерді орындайды.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 06.10.2017 № 91 бұйрығымен.

      16. Департамент облыс шеңберінде жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды орындау үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен:

      1) заңнамамен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқықбұзушылықты анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында жалпы және арнайы жедел іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын, криминалистикалық, психологиялық-әлеуметтанулық және полиграфологиялық зерттеулер жүргізу;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында радиоэлектронды хабарды жіберуші құрылғыларын қолдануда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау заңына немесе белгіленген тәртіпті бұзуға алып келетін әрекеттердің жолын кесу;

      3) мақсаттары мен iс-қимылдары мемлекеттiң қауiпсiздiгiн әлсiретуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған шетел мемлекеттерінің арнаулы қызметтерi мен ұйымдарының, қылмысты топтардың iшiне енудi жүзеге асыру;

      4) барлау іс-шараларын жүргізуде, соның ішінде арнайы техникалық және радиоэлектронды құрылғыларды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерімен бірлесіп атқару;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келулерінің жолын жабу және одан шығару туралы мәселелерді шешуге;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен көзделген шектерде басқа органдарға міндетті түрде орындалатын тапсырма беруге;

      7) азаматтарды өндірістегі материалдар бойынша Департаментке шақыруға, олардан түсініктеме, анықтама, құжаттар алуға және олардан көшірлемелер түсіруге; шақыру бойынша келуден бас тартқан адамдарды мәжбүрлеп әкелуге;

      8) заңнамаға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген негізді күдік туғызған кезде азаматтардан олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға күдік туғызған адамдарды ұстауға, құжаттарды тексеруді, ұсталғандарды және олардың көлік құралдарын жеке тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен құжаттарын алуды жүзеге асыруға;

      9) терроризмге қарсы операцияларға қатысуда және терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етуде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;

      10) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік туғызған адамдардың ізін кесу мен ұстау, ұсталғандарды ұстау орындарына жеткізу, сондай-ақ оқиға болған жерге бару және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін басқа ұйымдарға тиесілі байланыс құралдарды, көлік құралдарын пайдалануға құқылы. Олардың иелерінің талаптары бойынша байланыс құралдары мен көлік құралдарына келтірілген нақты залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді;

      11) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тартуға;

      12) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерді іске асыруға себепші болатын, тергелуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына берілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізуге;

      12-1) заңнамамен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалуына жағдай жасайтын іс-әрекеттерге (әрекет немесе әрекетсіздік) жол бермеу туралы орындалуы міндетті ресми алдын ала сақтандыруды жеке және заңды тұлғаларға жазбаша түрде жариялау;

      13) арнайы күзетілетін ерекше режимдегі аумақтарға және өзге де объектілерге ену немесе енуге әрекет етумен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік қамауға алуды жүзеге асыруға құқылы. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке тексеруді және тексеруді, олардың заттары мен құжаттарын алып қоюды жүзеге асыруға;

      14) шарттық негізде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар және басқа ұйымдардың қызметтік орын-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың тұрғын және өзге де орын-жайларын, көлік құралдары мен өзге мүліктерін пайдалануға;

      15) заңнамада белгіленген тәртіпте әскери-медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін медициналық бөлімшелерді иеленуге;

      16) Департамент міндетінің бөлігін орындайтын және әділет органдарда тіркелуге жатпайтын, органның орналасқан жерінен өзге жерде орналасқан арнайы структуралық бөлімшенің болуы;

      17) Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының аумақтық органдарымен бірлескен актілерді шығаруға;

      18) Департаментке жүктелген мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпаратты мемлекеттiк органдардан, Қарулы Күштерден, басқа да әскерлерден, әскери құралымдар мен ұйымдардан өтеусiз және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып алуға;

      19) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін іссапарға жіберуге;

      20) Департамент қызметіне қатысты мұрағаттық оперативтік, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асыруға;

      21) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларды зерттеп-зерделеуден өткізгеннен кейін Департамент объектілеріне қызмет көрсету бойынша жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;

      22) жеке тұлғалар Департамент объектілеріне және орын-жайларына кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа);

      23) құпиялылық режимін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету, Департамент бөлімшелерінде құпия және құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру мен жүргізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімін сақтау бойынша жұмыс жағдайын бақылауды жүзеге асыру, тексеруді ұйымдастыру;

      24) Департамент қызметкерлерінің жеке басын, олардың бөлімшелерінің, үй-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына құпиялылық негізде жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басын шифрлау мақсатында басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құжаттарын пайдалануға;

      25) тауарларды жедел-техникалық іс-шараларды жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдарға және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына жатқызу тұрғысынан техникалық зерттеулер жүргізуге, олар бойынша тиісті қорытындылар беруге;

      26) арнайы техникалық құралдарды және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әкелуге немесе әкетуге қорытындылар (рұқсат беретін құжаттар) беруге, криптографиялық функциялары бар тауарлардың сипаттамалары туралы нотификацияларды тіркеу, олар бойынша тиісті рұқсаттарды беру және нотификациялар тіркеу туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға;

      27) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің арнайы және дене дайындығын ұйымдастыру үшін, сондай-ақ әр деңгейдегі спорт шараларын өткізуге, спорт ғимараттарын жалға алуға, иеленуге;

      28) белгіленген тәртіпте қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау мен қорғаныс құралдарын жабдықталған орында сақтауға;

      29) Қазақстан Республикасы заңдарымен, Президентінің актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 27.07. 2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

4. Департамент қызметін ұйымдастыру

      17. Департаментті Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасымен тағайындалатын бастық басқарады.

      18. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары) болады.

      19. Департамент бастығы Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

      20. Департамент бастығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      21. Бұл мақсатта:

      1) өзінің орынбасары болған жағдайда (орынбасарлары), олардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Департамент құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Департаменттің қызметкерлері мен қызметшілерінің лауазымдық нұсқауларын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      22. Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары):

      1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді;

      2) Департамент бастығы болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады;

      3) Департамент бастығымен жүктелген басқада функцияларды жүзеге асырады.

      22-1. Қойылған қарсы барлау, барлау міндеттерін табысты шешу үшін қажетті және жеткілікті жағдайларды жасау, қолдау және дамыту жөніндегі басқарушылық шешімдерді әзірлеу және іске асыру мақсатында Департаментте консультативтік-кеңесші орган – Кеңес құрылады. Кеңес қызметін ұйымдастыру белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 27.07.2015 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Департамент бастығы, ал ол болмаған жағдайда оның орнын басатын адам қол қояды.

5. Департамент мүлігі

      24. Департамент жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке ие.

      Департаменттің мүлігі оған иелік ететіннен берілген мүліктің есебінен, сондай-ақ мүліктер заңмен тиым салынбаған (қаржы табыстарын қоса отырып), өзінің ісі мен өзге де көздер арқылы жинақтау нәтижесінде қалыптастырылады.

      25. Департаментке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      26. Департамент өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше қолдануға қаржы жоспары бойынша қаражатқа сатып алынған мүлікті немесе басқа да тәсілдермен икемденуге құқығы жоқ, егер заңнамада басқасы көрсетілмесе.

6. Департаментті қайта құру және тарату

      27. Департаментті қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.