РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) Ережесі бекітілсін.
2. Басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
3) осы қаулының Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М. Жолдасбаевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі К. Көкрекбаев
Жамбыл облысы әкімдігінің
2014 жылғы 27 наурыз
№ 67 қаулысымен бекітілген
«Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
ЕРЕЖЕСІ 1. Жалпы ережелер
1. «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) ауыл шаруашылығы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері-пошта индексі 080008, Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Таразқаласы Абай көшесі № 119 үй.
10. Мемлекеттік органның толық атауы «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма).
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарма қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Басқарма миссиясы:
бірыңғай аграрлық саясатты жүргізуді қамтамасыз ету, экономикалық реформаларды тереңдету, аграрлық сектордағы барлық меншік түрлері мен шаруашылық жүргізу әдістерін дамытуға ықпал ету, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринария салаларының дамуын болжамдау.
15. Міндеттері:
1) «Жамбыл облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға қатысу және агроөнеркәсіп саласы бойынша мониторинг жүргізу;
2) агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне мемлекеттік аграрлық азық-түлік саясатының және ауылдық аумақтарды дамыту саясатының негізгі бағыттары мен тетіктерін түсіндіру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
3) әкімдіктің қаулысымен бекітілетін 3-5 жылға арналған Стратегиялық жоспарды дайындау. Жарты жылда бір рет жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысына мониторинг жүргізу, бұл бойынша дайындалған мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінене, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне және облыс әкімдігіне ұсыну;
4) басқарма басшысының бұйрығымен бекітілетін, іске асыруды анықтау бойынша мақсатты индикаторлары бар Операциялық жоспарды дайындайды. Бір жылда бір рет жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысына мониторинг жүргізу, бұл бойынша дайындалған мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінене, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне және облыс әкімдігіне ұсыну;
5) агроөнеркәсіп кешені салаларын мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру, агроөнеркәсіп кешені кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
6) облыс көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме, бөлшек бағаларына мониторинг жүргізіп, бұл бағыттағы жұмыстар бойынша қажетті деректер, құжаттар, мәліметтер дайындау;
7) инфляция үдерістерін талдауға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен қызметтерге бағаны тұрақтандыруға басқа кәсіпорындармен бірлесіп әрекет жасау, шығарылатын өнімдер құрамы бойынша өңірлік көрмелер, жәрмеңкелер ұйымдастыру;
8) облыстық тұрақтандыру қорымен жұмыстар жүргізу, сатып алу, сату интервенциялары бойынша жұмыстар жүргізу, тиісті комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру.
9) агроөнеркәсіп кешені саласына инвестицияларды тарту, инновациялық тәжірибелерді тарату және енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, бәсекеге қабілетті өндірістерді өркендету және дамыту, оларды модернизациялау және халықаралық сапа менеджменті жүйелеріне өткізу үшін жағдайлар жасау;
10) малдарды қолдан ұрықтандыратын мемлекеттік пункттердің құрылысын жүргізуді, ұстауды және қайта жаңғыртуды, мал өнімдері мен шикізатын, ауыл шаруашылығы малдарын соятын алаңдар, арнайы пестицидтер, улы химикаттар мен олардың ыдыстарын сақтайтын орындар (мал көметін) дайындауды қамтамасыз ету;
11) зиянды организмдермен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ету;
12) агроөнеркәсіп кешені салаларына инвестициялар мен екінші деңгейлі банктер несиелерін тарту;
бәсекеге қабілетті өндірістерді өркендету және дамыту, оларды модернизациялау және халықаралық сапа менеджменті жүйелеріне өткізу үшін жағдайлар жасау;
мамандандырылған мал шаруашылықтарын көбейту үшін жағдайлар жасау жөнінде іс-шаралар әзірлеу;
13) ішкі және сыртқы азық-түлік нарығындағы ахуалды зерделеу және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің тиісті ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету;
14) ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ішіндегі ұсақ шаруашылықтарын ірілендіру бағытында тиісті жұмыстар атқару, ауылдық тұтыну кооперативтерін дамыту;
15) асыл тұқымды малдың мемлекеттік тіркелімін жүргізу және шығару;
16) асыл тұқымды өнімнің (материалдың) әрбір түріне бюджеттік қаржылар есебінен жүзеге асырылатын субсидияларды игеру;
17) бекітілген үлгілер бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мәліметтерді есепке алу;
18) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы әрбір субъект шегінде және әрбір түр бойынша субсидиялануы тиіс сатылатын асыл тұқымды мал өнімдеріне (материалына) бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаржылар шегінде жыл сайынғы квота дайындау;
19) бонитировка туралы мәліметтерді жинақтап қорытындылау және аса құнды асыл тұқымды малдарды тиімді пайдалануды ынталандыру мақсатында оның нәтижелері туралы мүдделі тұлғаларды ақпараттандыру;
20) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халықты мал мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
21) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитарлық сараптама жүргізу қызметтін лицензиялау.
22) Уәкілетті органмен келісе отырып Жамбыл облысының аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринарлық іс-шаралар жоспарын дайындау, бекіту;
23) Жамбыл облысының аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринарлық іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру;
24) ветеринарлық дәрі-дәрмектердің республикалық қорын қоспағанда малдардың аса қауіпті ауруларының алдын алатын ветеринарлық дәрі-дәрмектерді сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
25) алдын алуы және диагностикасы бюджеттік қаржылар есебінен жүзеге асырылатын энзоотикалық мал ауруларының тізбесін әзірлеу және уәкілетті органға ұсыну;
26) ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіруді жүргізу үшін малдың ветеринарлық паспортын, ветеринарлық мәндегі бұйымдар мен атрибуттарды мемлекеттік сатып алуды және тасымалдауды (жеткізуді) жүзеге асыру;
27) ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру бойынша мәліметтер базасын жүргізуді ұйымдастыру;
28) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте ветеринарлық есеп және есептілікті жүргізу, жинақтау, талдау және уәкілетті органға тапсыру;
29) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша малдардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ энзоотикалық мал ауруларының алдын-алу жөнінде ветеринарлық іс-шараларды орындауды қамтамасыз ету;
30) халық арасында ветеринария мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
31) Ауыл шаруашылығы жануарларының жеке номерлеріне қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру.
32) Жануарлардың энзоотиялық және паразитарлық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды ұйымдастыру.
33) астық қолхаттарын беру арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету түрін лицензиялау;
34) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің құнын арзандатуды жүзеге асыру;
35) астық қабылдау кәсіпорындарын бақылау, бұлар:
астық қабылдау кәсіпорындарын бекітілген кестелерге сәйкес жаңа өнім астығын қабылдауға дайындығына лицензиядан кейінгі жыл сайынғы тексеру;
астық қабылдау кәсіпорындарын тексеру актілерін рәсімдеу;
36) астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту қызметін жүзеге асыру құқығына берілетін лицензияның іс-әрекетін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасымен көзделген тәртіпте толық немесе жекелеген операцияларды жүзеге асыру бөлігінде алты ай мерзімге дейін тоқтата тұру;
37) екі жүз елу гектар немесе одан да көп астық дақылдарын себу алқаптары бар Жамбыл облысының отандық астық өндірушілерінің мемлекеттік астық қорына азықтық астық құю мөлшерінің жалпы көлемге пайыздық қатынасын бекіту;
38) екі жүз елу гектар немесе одан да көп астық дақылдарын себу алқаптары бар отандық астық өндірушілерінің мемлекеттік астық қорын қалыптастыру жөніндегі міндеттерін орындауына бақылау жүргізу;
39) уәкілетті органға мемлекеттік тұрақтандыру астық қорын қалыптастыру көлемдерін бекіту үшін бәсекелік сектормен қамтамасыз етілмеген астық сұранысына тапсырыстар беру;
40) ішкі нарықты реттеу мақсатында мемлекеттік сату және мемлекеттік тұрақтандыру астық қорының астығын сату үшін астықты қайта өңдейтін ұйымдарды;
мемлекеттік сату және мемлекеттік тұрақтандыру астық қорының астығынан өндірілген ұнды сату үшін астық қабылдау ұйымдарын белгілеу;
41) астықты қайта өңдейтін ұйымдардың мемлекеттік сату және мемлекеттік тұрақтандыру астық қорының астығын мақсатты пайдалануына бақылау жасау;
42) мемлекеттік сатылатын және мемлекеттік тұрақтандыру астық ресурстарының астығынан өндірілген ұнның және нан-тоқаш өнімдерінің шекті бағасын айқындау және астықты қайта өңдеу ұйымдарының, нан пісіру ұйымдарының және көтерме-бөлшек сауда ұйымдарының оны сақтауына бақылауды жүзеге асыру;
43) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұқым шаруашылығы бойынша жұмыстарды жүргізуге жәрдемдесу;
44) уәкілетті органның қарауына элиталық тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтардың элиталық тұқым өндіру және сату көлемдері бойынша ұсыныстар енгізу;
45) тиісті куәлік бере отырып, тұқым шаруашылығы субъектілерін аттестациялауды өткізу;
46) ғылыми негізделген сұраныс нормалары негізінде себу алқабына қажетті тұқымға дақылдардың басымдылығын ескере отырып квоталар бөлу:
элиталық тұқымдар өндіру және сату-элиталық тұқым шаруашылықтары үшін;
бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқымдарды өндіру, сату және сатып алу - тұқым шаруашылықтары және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін;
47) облыс бойынша тұқымдар балансын жасау;
48) тұқым шаруашылығы саласын субсидиялау бағдарламасын игеру;
49) шаруашылық субъектілерінің жоғары сапалы тұқымдарды өндірумен және қамтамасыз етумен байланысты мәселелер бойынша тұқым шаруашылығының барлық буындарының қызметін ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асыру;
50) қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен келісе отырып пестицидтерді (улы химикаттарды) зарарсыздандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
51) мүдделі тұлғаларға Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасы және фитосанитарлық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
52) пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау), пестицидтерді (улы химикаттарды) өткізу, пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдық және фумигациялық тәсілдермен қолдану бойынша қызметтерді лицензиялау:
пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау);
пестицидтерді (улы химикаттарды) өткізу;
пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдық және фумигациялық тәсілдермен қолдану.
53) уәкілетті органның ұсынысы бойынша тиісті аумақтарда карантиндік режим енгізе отырып немесе оның күшін жоя отырып карантиндік зона орнату туралы шешім қабылдау;
54) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды мемлекеттік тіркеу;
55) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін,жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу;
56) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тіркемлерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін,жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына емтихандар қабылдау және куәліктер беру;
57) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды кепілге қоюды мемлекеттік тіркеу;
58) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде заңнамасына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырылады, нұсқама беріледі және әкімшілік шара қолданылады, әкімшілік жазаға тартуға ұсыныс жасайды;
59) селекция жетістіктерін пайдалатын, жеке және заңды тұлғалардың қызметін бақылайды;
60) тұқым шаруашылығы жөнінде мемлекеттік бақылау жасайды;
мемлекеттік тұқым қорының сандық-сапалық жағдайына бақылау жүргізеді;
61) сорттық және тұқымдық бақылау жүргізеді;
62) мынадай қызметтер тәртібіне бақылау жасайды;
Сорттық егістіктердің сынаудың жүргізілуін, топырақтық бақылау, зертханалақ сорттық сынаулар, тұқымның сапасын анықтау;
63) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттық және егістік сапасына сараптаулардың нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізілуін бақылайды;
64) Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарына сәйкес, тұқым шаруашылығы субьектілеріне аттестияциялау кезінде олардың біліктілік талаптарға сәйкестігіне бақылау жүргізеді;
65) аттестацияланған тұқым өндірушілердің біліктілік талаптарға сәйкестігіне инспекторлық тексеру жүргізеді;
66) тұқымның өндірілуіне, дайындалуына, сақталуына, сатылуына және тасымалдануына бақылау жүргізеді;
67) ауыл шаруашылығы дақылдарының мемлекеттік сорт сынақ жүргізілуіне бақылау жасайды;
68) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
16. Функциялары:
1) ауыл шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, аймақты дамыту бағдарламасы бөлімдерінің негізінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша стратегиялық құжаттарды әзірлейді, сондай-ақ олардың мониторингін қамтамасыз етеді;
3) Басқарманың құзырына енетін мәселелер бойынша облыс әкімінің, әкімдіктің және жетекшілік жасайтын лауазымды тұлғаның тапсырмаларын іске асыру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады;
4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл шаруашылығы саласында халықаралық, аймақаралық байланыстарды жүзеге асырады;
5) ішкі бақылау қызметінің жұмысын ұйымдастырады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17. Құқықтары мен міндеттері:
құқықтары:
1) өзінің функцияларын орындау үшін мемлекеттік органдардан, басқа ұйымдардан қажетті ақпараттар алу және сұрау;
2) Жамбыл облысы әкімдігіне (әкіміне) Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары жөнінде және оны жетілдіру туралы ұсыныстар енгізу;
3) өз құзыреті шегінде ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша Республиканың заңдарын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға қатысу;
4) өз құзыреті шегінде конкурстар өткізудің бірегей ұйымдастырушысы анықталған жағдайда жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мекемелерден ашық конкурстарды өткізу үшін ақпараттар мен құжаттарға (тапсырысқа, сатып алу жоспарына және т.б.) ресми сұрау салу.
міндеттері:
1) Басқарма ауыл шаруашылығын дамыту саласында мемлекеттік саясатты жүргізуге, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың тапсырмаларын орындауға міндетті;
2) ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен, ұйымдармен өзара іс-қимылдар жасауға;
3) Басқармаға қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де міндеттер
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға мемлекеттік басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Басқарманың бірінші басшысын Жамбыл облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарма бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарма бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) барлық органдарда Басқарманың мүддесін қорғайды;
3) басшы лауазымдардағы қызметкерлердің құзыретін белгілейді;
4) келісім-шарттар жасайды;
5) сенімхаттар береді;
6) банкіде есеп шоттар ашады, іс бойынша келісім жасайды;
7) барлық қызметкерлерге міндетті болып табылатын бұйрықтар шығарады және тапсырмалар береді;
8) Басқарма қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;
9) қызметкерлерді марапаттау және жазалау шараларын қолдайды.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.
4. Мемлекеттік органның мүлкi
23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.
Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Басқармаға бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.