"Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жамбыл облысы әкімдігінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 75 қаулысы. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 5 мамырда № 2208 болып тіркелді

Жаңартылған
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) Ережесі бекітілсін.
      2. Басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
      3) осы қаулының Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбековке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі К. Көкрекбаев

  Жамбыл облысы әкімдігінің
2014 жылғы "27" наурыздағы
"Жамбыл облысы әкімдігінің
құрылыс, жолаушылар көлігі
және автомобиль жолдары
басқармасы" коммуналдық
мемлекеттік мекеменің
ережесін бекіту туралы
№ 75 қаулысымен бекітілген

"Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. "Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі –Басқарма) – құрылыс, жолаушылар көлігі және облыстық мәндегі автомобиль жолдары саласында мемлекеттік басқару және бақылау функцияларын орындауға уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммуналдық мемлекеттік мекеме заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде атауы, жазылған мөрлері және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан кіреді.
      6. Басқармаға егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері - Пошталық индексі: 080012, Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би даңғылы, 35.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады
      12. Басқарманың қызметін каржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінен (сметасынан) жүзеге асырылады.
      13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кірістер өкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      Басқарманың миссиясы:
      14. Құрылыс, жолаушылар көлігін және облыстық мәндегі автомобиль жолдарын басқарудың тиімділігін арттыру, облыстағы құрылыс мерзімдері мен сапасын, жолаушылар тасымалдаудың тиімділігін қамтамасыз ету, облыстық жол инфрақұрылымын дамыту, жол жүйесін сақтау және дамыту.
      15. Міндеттері:
      15.1. Құрылыс басқару саласындағы міндеттері:
      1) мемлекеттік "тұрғын үй құрылысы" бағдарламасын іске асыру, құрылысы жоспарланған нысандарды уақытылы тапсырумен оған іргелес аумақтарды орнықтыру;
      2) жобадағы шешім талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету;
      3) Басқарма тапсырушы болып табылатын жағдайларында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға мемлекеттік сатып алу (тендерлер) өткізу, жеңімпаздармен келісім-шарттар жасасу және олардың орындалуына бақылау жасау;
      4) мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында, материалды және еңбек ресурстары мен қаржыларды жоспарлау;
      5) Жамбыл облысында көп қабатты үйлердің және қоғамдық мақсаттағы ғимараттарды сейсмикалық нығайту іс-шараларын жасау;
      6) облыс аумағында инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту және жайластыру.
      15.2. Жолаушылар көлігін басқару саласындағы міндеттері:
      1) тұрақты қала маңындағы, қалааралық облысішілік және елді-мекендерді: кенттерді, ауылдарды (селоларды) өзара және облыстың бір ауданынан тыс аудан орталықтарымен, сондай-ақ облыс орталығымен байланыстыратын бағыттардың жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау қызметтерін көрсету құқығына жұмыстар мен конкурстарды ұйымдастыру және олармен келісім-шарттар жасасу;
      2) меншік нысанынан тәуелсіз заңды тұлғалардың оның ішінде, тасымалдаушылардың, қызмет көрсетуші автобекеттер мен автостанциялардың жұмысын үйлестіру, реттеу, бақылау және бағыттар бойынша қозғалыстар кестелерін бекіту;
      3) автобекеттер мен автостанциялардың, тұрақты қала маңындағы, қалааралық облысішілік және елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды (селоларды) өзара және облыстың бір ауданынан тыс аудан орталықтармен, сондай-ақ облыс орталығымен байланыстыратын бағыттардың тізілімін жүргізу;
      4) дүлей апаттар мен төтенше жағдайларды жоюға іс-шаралар қолдануға жолаушылар көлігін тарту туралы мәселелерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешу;
      5) жолаушылар мен жүк тасымалын атқаратын автобус қозғалысына диспетчерлік басқаруды ұйымдастыру;
      6) тасымалдаушылар мен тұрғындар тарапынан, маршруттарды ашу, жабу немесе автокөліктердің қозғалыс жиілігі аралығын ұзарту /қысқарту/, олардың жұмыс уақытының тәртіптері сияқты басқа да мәселелер бойынша түскен ұсыныстарды қарау;
      7) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес лицензиялауға жататын қызыметтің жеке түрлерін лицензиялауды жүзеге асыру;
      8) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық), тасымалдаулар маршруттарын және қозғалыс кестелерiн бекiту;
      9) Аумақ аралығында көліктер және тіркемесі бар көліктердің міндетті техникалық байқаудан өткізудің графиктеріне келісім беру;
      10) Техникалық байқаудың халықаралық сертификаттарын беру;
      11) Тахографтарды орнату және қызмет көрсету әрекетін жүзеге асыруды бастайтын хабарландыру хат берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу.
      15.3. Автомобиль жолдарын басқару саласындағы міндеттері:
      1) жалпы қолданымдағы облыстық мәндегі автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын ұйыдастыру, аталған жұмыс түрлеріне тапсырыс берушінің функцияларын орындау;
      2) автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын орындау сапасын бақылауды жүзеге асыру, оларды қаржыландыру және қабылдау;
      3) конкурс нәтижесінде анықталған жеңімпаздарымен келісім-шарттар жасасу және олардың орындалуына бақылау жасау;
      4) заңды және жеке тұлғаларға жалпы қолданымдағы облыстық мәндегі автомобиль жолдарының бойында сервис және жарнама объектілерін орналастыру бойынша объект паспорттарын қарау және келісім беру (немесе негізделген келісім бермеу);
      5) жалпы қолданымдағы облыстық мәндегі автомобиль жолдарының және олардағы құрылымдардың техникалық және қолданымдық жағдайын тексеруді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      6) аймақтық (Жамбыл облысы бойынша) басқармалық, ұйымдастырушылық және орындау функцияларын атқаратын салалық, немесе басқа уәкілеттік түрінен тәуелсіз субъектілердің автожол саласы бойынша мәселелерін басшылыққа алу, жоғарғы органдардың тапсырмаларын орындау мақсатында, немесе өз қажеттілігімізге сай, олардан сала бойынша бастамалық ұсыныстық тәртіппен аса қажетті мәліметтерді талап ету;
      7) автомобильдік жолдар және жолдар саласында мемлекеттік саясатын жүзеге асыру.
      16. Функциялары:
      1) тұрғын үй құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамыту, облыс әкімдігіне осы мәселелер бойынша, оның ішінде бюджеттік қаражат бөлу туралы ұсыныстар беру;
      2) кешендік желіс және тұрғын үй құрылысын дамыту, жол қозғалысын ұйымдастыру жобалары мен автомобиль жүйесін дамыту бағдарламаларын дайындау;
      3) құрылыс, автомобиль жолы жүйесінің, жол құрылымдарының, бақылау орындарының, аялдамалардың, айналма және отырғызу алаңдарының жағдайын бақылау, оларды уақтылы жөндеу мен қалпына келтіру бойынша шаралар қолдану;
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, облыс Әкімі мен әкімдіктің кесімдерін, және де басқа құрылыс, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарына қатысты нормативтык құқықтық актілердің орындалуын ұйымдастыру және бақылау;
      5) дүлей апаттар мен төтенше жағдайлар салдарын жою жұмыстарын жұмылдырып ұйымдастыруға тікелей және міндетті түрде қатысу;
      6) осы Ережеге және қолданыстағы заңнамаларға сәйкес осы мекемеге жүктелген функцияларына ұқсас қалалық, аудандық деңгейдегі әкімдіктердің бөлімшелеріне әдістемелік және жедел түрде көмек көрсету, олардан осы Ережемен белгіленген Басқарма функцияларын орындауға қажетті ақпараттар талап ету, оның ішінде трансферттердің уақтылы және тиімді игерілуін бақылау;
      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ішкі бақылау қызметі жұмысын жүзеге асыру;
      8) Басқарма тапсырыс беруші немесе бірыңғай конкурс өткізуші болып табылған жағдайында, Республикалық және облыстық бюджеттер есебінен қаржыландырылатын объектілерді жобалау мен салуға, жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға Қазақстан Республикасы “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңына сәйкес конкурстарды ұйымдастыру және өткізу;
      9) заңнамамен, облыс әкімдіктің қаулыларымен немесе облыс Әкімінің шешімдерімен өзіне жүктелген басқа да функцияларды орындау;
      10) елді мекендер үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді – Жамбыл облысы әкімдігінің 05.05.2015 № 98 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      17. Құқықтары және міндеттері:
      Құқықтары:
      1) құрылыс, жолаушылар көлігі және жол шаруашылығы мәселелерінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
      2) меншік түрінен тәуелсіз құрылыс, көлік, жол, байланыс, телекоммуникация, басқа да салалардан Басқарма фунқцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұрату;
      3) заңдылықта белгіленген тәртіппен Басқармаға жүктелген функцияларын немесе уәкілетті органның тапсырмаларын орындау үшін, сараптамалар және басқа мамандар реттерінде де өндірістің басқа салаларының, ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық ұйымдар мамандарын тартуға;
      4) Басқарма салаларының мәселелері бойынша қызметтік, ведомстволық комиссиялар кеңестерін құруға;
      5) заңдылықта белгіленген тәртіппен Басқарманың құзіретіне кіретін мәселелерімен, өз мамандарының уәкілеттігімен әр-бір объектілерге еш кедергісіз кіруге;
      6) өз құзыры шегінде заңнамамен және осы Ережемен белгіленген құрылыс, жолаушылар тасымалы, жол, телекоммуникациялар мен байланыс салаларындағы қызмет мәселелері бойынша келісім–шарттардың, нормалар мен стандарттар талаптарының сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыру;
      7) Басқарма ұстанымындағы коммуналдық және басқа да мемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік басқарушы органы болып саналады;
      8) Басқарма Жамбыл облысы бойынша салынып жатқан құрылыстарда, көлік құралдарында сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыруға рұқсат беретін уәкілетті органы болып табылады.
      Міндеттері:
      1) өз құзыры шегінде заңнамамен және осы Ережемен белгіленген құрылыс, жолаушылар тасымалы, жол, телекоммуникациялар мен байланыс салаларындағы қызмет мәселелері бойынша келісім–шарттардың, нормалар мен стандарттар талаптарының сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыру;
      2) құрылыс, жолаушылар көлігі мен жол саласын басқаруды жақсарту жөнінде облыс әкімдігі мен орталық орындаушы органдарға ұсыныстар енгізу.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Басқарма басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын Жамбыл облыс Әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің міндеттері мен өкілеттігін белгілейді;
      2) заңдарға (жекелеген жағдайларда және облыс Әкімі бекітетін лауызымдардың номенклатурасына) сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) заңдарда белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
      4) Басқарманың актілеріне қол қояды;
      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
      6) сенім-хатсыз міндетін атқарады, мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманы білдіреді;
      7) Басқарманың мүлкісіне басшылық жасайды, келісім-шарттарды жасайды, сенім-хаттарды береді;
      8) Бөлім басшыларын лауазымдарына тағайындайды және босатады;
      9) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Басқармаға бағынышты кәсіпорындардың басшыларын лауазымдарына тағайыдайды және босатады;
      10) заңдарға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының тағайындайды және босатады, міндеттері мен өкілеттігін және өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқармада бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқықы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.