Ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 7-1/611 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 ақпанда № 10287 тіркелді

Жаңартылған

      «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 46-20) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

            «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі
      ________________ Е. Досаев
      19 қаңтар 2015 жылы

            «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі
      ______________Ә. Исекешев
      15 желтоқсан 2014 жылы

Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы   
министрінің     
2014 жылғы 24 қарашадағы
№ 7-1/611 бұйрығымен 
бекітілген      

Ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 46-20) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы аумағында ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізудің тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі - ведомство) - мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын ветеринария саласындағы уәкілетті органның бөлімшесі;
      2) жаңа ветеринариялық препарат, жаңа жемшөп қоспасы – бұрын Кеден одағына және Еуразиялық Экономикалық Кеңістігіне қатысушы елдерде өндірілмеген, қолданылмаған және әкелінбеген ветеринарияда пайдаланылатын дәрілік зат, жемшөп қоспасы;
      3) жетілдірілген ветеринариялық препарат, жемшөп қоспасы – бұрын тіркелген, бірақ басқа дәрілік нысандарда және/немесе жаңа дозамен және/немесе қосалқы заттардың (компоненттердің) басқа құрамымен, сондай-ақ оның қасиеттері мен сапалық сипаттарына әсер еткен өндіру технологиясын өзгерту(лер) мен өндірілген, оны пайдалану тәсілдері (қолдану, сақтау) немесе пайдалану көрсеткіштері (қолдану, сақтау) өзгеше ветеринариялық препарат (ветеринарияда пайдаланылатын (қолданылатын) дәрілік зат), жемшөп қоспасы;
      4) өтініш беруші - ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан өткізуге өтінім берген жеке немесе заңды тұлға;
      5) фармакопея - дәрiлiк заттардың сапасын нормалайтын стандарттар мен ережелердiң жинағы.
      3. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде әзірленгендерді немесе жетiлдiрiлгендерді қоса, әзірленген немесе жетілдірілген ветеринариялық препараттар, жемшөп қоспалары байқаудан өткізуге жатады.
      Басқа елдердiң мемлекеттiк фармокопеясына енгiзiлген немесе басқа мемлекеттерде тiркелген және қолданылатын ветеринариялық препараттар; жемшөп қоспалары байқаудан өткізуге жатпайды.

2. Ветеринариялық препарат пен жемшөп қоспаларын байқаудан
өткізу тәртібі

       4. Өтініш берушi ведомствоға ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізуге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш жолдайды.
      5. Өтінішке мемлекеттік және орыс тілдердегі, жетілдірілген ветеринариялық препараттарға, жемшөп қоспаларына арналған нормативтік-техникалық құжаттаманың (бұдан әрі - НТҚ) ведомствосымен келісілген нотариалды куәландырылған көшірмесі қоса беріледі.
      6. Ведомство өтінішті бес жұмыс күні ішінде қарайды және НТҚ-ны ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу бойынша функцияны жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық ұйымға (бұдан әрі - ветеринариялық ұйым) жолдайды.
      Егер келісілмеген НТҚ ұсынылған жағдайда өтініш қаралмай үш жұмыс күні ішінде себебін көрсете отырып, өтініш берушіге қайтарылады.
      7. Ветеринариялық ұйым НТҚ-ны алғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын байқаудан өткізу бағдарламасының жобасын (бұдан әрі - бағдарлама) жасайды және ведомствоға жолдайды.
      8. Ведомство бағдарламаның жобасын алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде келесі шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) бағдарламаның жобасын келіседі және ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізуді ұйымдастыру туралы бұйрық шығарады, осы бұйрықпен байқаудан өткізу бағдарламасы және ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу комиссиясының құрамы (бұдан әрі – Комиссия) бекітіледі;
      2) байқаудан өткізу бағдарламасының жобасын келіспейді және нақты ескертулермен ұсыныстарды көрсете отырып, жазбаша жауап жолдайды.
      Бағдарламаның жобасын келіспеген кезде ветеринариялық ұйым ескертулерді жояды және оны бес жұмыс күні ішінде ведомствоға қайта енгізеді.
      9. Комиссияның құрамына:
      1) ведомствоның маманы – Комиссия төрағасы;
      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы, комиссия төрағасының орынбасары;
      3) мемлекеттік ұйымның маманы (дары);
      4) тиісті бейіндегі ғалым (дар);
      5) ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын байқаудан өткізуге қатысатын шаруашылық жүргізуші субъектілерінің басшысы (лары);
      6) өтініш берушi (жеке тұлға, немесе заңды тұлғаның өкілі) кіреді.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 16.09.2015 № 7-1/822 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      10. Ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу орнын бекітілген бағдарламаны ескере отырып, ведомство айқындайды.
      11. Ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізуді ұйымдастыруды және жүргізуді ветеринариялық ұйым жүзеге асырады, сондай-ақ ол Комиссияның барлық мүшелерінің қатысуын және Бағдарламамен танысуын қамтамасыз етеді.
      12. Ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу үшін өтініш берушi байқаудан өткізетін жерге ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын қажетті көлемде жеткізуді қамтамасыз етеді.
      13. Ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын байқаудан өткізу НТҚ-ға және бекітілген бағдарламаға сәйкес екi жылға дейінгі мерзімде жүргiзiледi.
      14. Ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізу нәтижелері бойынша еркін нысанда ветеринариялық ұйым үш данада байқау қорытындысы туралы акт жасайды және оған Комиссияның барлық мүшелері қол қояды Комиссияның барлық мүшелері қол қойған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ветеринариялық ұйым актінің екі данасын ведомствоға жолдайды.
      15. Ведомство ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын байқаудан өткізу актісін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Өтініш берушіге актінің бір данасын жолдайды.

Ветеринариялық препарат
пен жемшөп қоспаларын 
байқаудан өткізу   
қағидаларына     
қосымша        

Нысан

Өтініш

      Ветеринариялық препараты, жемшөп қоспаларын байқаудан өткізуді
сұраймын ____________________________________________________________
      (ветеринариялық препараттың, жемшөп қоспасының саудалық және жалпы қабылданған
атауы)
      1. Өтініш беруші ______________________________________________
_____________________________________________________________________
      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) жеке тұлғаның, заңды тұлғаның аталуы)
      2. Өтініш берушінің мекен-жайы, телефоны, факсі, банктік
деректемелері _______________________________________________________
_____________________________________________________________________
      3. Өтініш берушінің ЖСН/БСН ___________________________________
      4. Ветеринариялық препарат, жемшөп қоспалары туралы мәлімет ___
_____________________________________________________________________
      1) құрамы: ____________________________________________________
      2) дәрілік нысаны _____________________________________________
_____________________________________________________________________
      3) тағайындау _________________________________________________
      5. ветеринариялық препаратты, жемшөп қоспасын дайындаушы
_____________________________________________________________________
      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), жеке тұлғаның, заңды тұлғаның аталуы)
      6. Ветеринариялық препараты және жемшөп қоспаларын өндіруші ___
_____________________________________________________________________
      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) жеке тұлғаның, заңды тұлғаның аталуы)
      7. Өтініш берушіні өкілі ______________________________________
_____________________________________________________________________
            (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) лауазымы)
      8. Өтінішке мынадай нормативтік-техникалық құжаттар қоса беріледі: ___________________________________________________________
      9. Өтініш берілді: «____»      __________________      20____ж.
_____________________________________________________________________
(қолы)                  (Өтініш беруші өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))
      10. Өтініш қабылданды:
      «____»                  ___________________           20_____ж.
_____________________________________________________________________
(қолы)      (өтінішті қабылдаған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)және лауазымы)