Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 7-1/623 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 қаңтарда № 10093 тіркелді

Қолданыстағы

      «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі
Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабының 46-10) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қосымшаға сәйкес мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар желісінің мемлекеттік нормативі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекші Вице–министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                         А. Мамытбеков

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі
      _____________ Б. Сұлтанов
      12 желтоқсан 2014 жылы

Қазақстан Республикасы 
Ауыл шаруашылығы министрінің
2014 жылғы 28 қарашадағы
№ 7-1/623 бұйрығына  
қосымша         

Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар желісінің мемлекеттік
нормативі

      1. Республикалық деңгейде:
      1) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 11 бабының 1 тармағының 1) тармақшасында көрсетілген функцияларды жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік мекеме, сонымен қатар оның облыстарда құрылатын филиалдары;
      2) Заңның 11 бабының 1 тармағының 2) тармақшасында көрсетілген функцияларды жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, сонымен қатар оның облыста, ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалада, астанада құрылатын филиалдары.
      Екі және одан да көп әкімшілік-территориялық бірлік (аудан) бір әкімшілік-территориялық бірлікке (аудан) біріккенде, қосылғанда республикалық мемлекеттік кәсіпорынның филиалының аудандық бөлімшесіне қосымша ветеринариялық зертхана құрылады;
      3) Заңның 11 бабының 1 тармағының 3) тармақшасында көрсетілген функцияларды жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, сонымен қатар оның республикалық маңызы бар қалада құрылатын филиалы құрылады.
      2. Астанада, республикалық маңызы бар қалада және әрбір облыстық маңызы бар қалада - жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым құрылады.
      3. Ауданда ауданның жергілікті атқарушы органдары аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округте ветеринариялық пунктпен мемлекеттік ветеринариялық ұйым құрады.