Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 10 қазандағы № 430 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 31 қазанда № 9846 тіркелді.

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті туралы ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (Б.Ш. Тәжіяқов) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық 2014 жылғы 15 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті туралы ереженің 14-тармағының 22)23)24) және  25) тармақшаларын қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                             Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің  
2014 жылғы 10 қазандағы
№ 430 бұйрығымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің
Қаржы мониторингі комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (бұдан әрі – Комитет) қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласында өз құзыреті шегінде реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын және орталық атқарушы органның стратегиялық функцияларын орындауға қатысушы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады.
      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгiленген үлгідегі бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Комитеттің егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің Төрағасының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      8. Комитеттің заңды мекенжайы: пошта индексі 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8, 1-кіреберіс, «Министрліктер үйі» ғимараты.
      9. Мемлекеттiк органның толық атауы – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті» республикалық мемлекеттiк мекемесi.
      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджетінен жүзеге асырылады.
      12. Кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің негізгі мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен
міндеттері

      13. Комитеттің міндеттері:
      1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау, мемлекеттік органдардың осы қызмет бағытындағы жұмысын үйлестіру;
      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай ақпараттық жүйе құру және республикалық деректер базасын жүргізу;
      4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      5) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      14-тармақты жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы министрінің 20.11.2015 № 581 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.
      14. Комитеттің функциялары:
      1) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы № 191-IV Заңына сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді жүзеге асыру (бұдан әрі – Заң);
      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында алынған ақпаратты талдауды жүзеге асыру;
      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
      4) соттың қылмыстық іске қатысты сұратуы бойынша іс жүргізуіндегі материалдарды шешу үшін қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар бойынша қажетті ақпаратты жіберу;
      5) қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпараттарды құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың сұратулары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беру;
      6) ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операция туралы мәліметтер мен ақпараттарды, осындай операция қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты деп пайымдауға негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жіберу;
      7) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысу;
      8) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында республикалық дерекқор қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастыру, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің әдіснамалық бірлігін және келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      9) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және өткізу;
      10) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан алынатын ақпараттың негізінде Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын қолдану практикасын қорыту, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және енгізу;
      11) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделеу;
      12) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша іс-шаралар өткізу;
      13) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ұйымдардың, бірлестіктердің және жұмыс топтарының қызметіне белгіленген тәртіппен қатысу;
      14) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісім бойынша Заңның мақсаты үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін айқындау;
      15) тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша қаржы мониторингi субъектiлерiнiң түрлерi бойынша клиенттi тиiсiнше тексеру үшiн қажеттi құжаттар тiзбесін айқындау;
      16) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасау және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жіберу;
      17) күдікті операцияны тоқтата тұру туралы не күдікті операцияны тоқтата тұру қажеттігінің жоқтығы туралы шешім қабылдау және оны күдікті операция туралы хабарлама берген қаржы мониторингі субъектісі мен мемлекеттік органға электрондық тәсілмен немесе қағаз жеткізгіште жеткізу;
      18) олар терроризмді қаржыландыруға бағытталды деп пайымдауға негіздер бар операциялардың қатысушылары болып табылатын тұлғалардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешім қабылдау және оны Заңның 3-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізу;
      19) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын, олар терроризмді қаржыландыруға бағытталды деп пайымдауға негіздер бар күдікті операцияларды тоқтата тұру қажеттігі туралы шешімдер берген құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарды банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының уақытша тоқтатылғаны туралы хабардар ету;
      20) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың тиісті шешімі алынған кезден бастап үш сағат ішінде оны қаржы мониторингі субъектісіне жеткізу;
      21) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу және тексеру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес көрсетілген кірістерді тәркілеу саласында шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастық жасау;
      22) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін Заңның 3-бабы 1-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізу;
      23) Заңның 3-бабы 1-тармағының 12) тармақшасында көзделген қаржы мониторингінің субъектілерін қоспағанда, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесін жасау және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жіберу;
      24) Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесін Заңның 3-бабы 1-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізу;
      25) қаржы мониторингіне, сыртқы барлау уәкілетті органына жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсыну тәртібін сыртқы барлау уәкілетті органымен және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесіп анықтау;
      26) шет мемлекеттiң құзыреттi органының сұратуы бойынша қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы ақпарат беру;
      27) бас тарту негіздерін көрсете отырып, шет мемлекеттің сұрау салушы құзыретті органын ақпарат беруден бас тарту туралы хабардар етеді;
      28) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақшаны жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы министрінің 20.11.2015 № 581 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      1) қаржы мониторингінің субъектілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан қаржы мониторингіне жататын операциялар бойынша қажетті ақпаратты сұратуға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақшаны жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы министрінің 20.11.2015 № 581 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      2) Заңның 4-бабы 4-тармағында белгіленген бір немесе бірнеше критерийлерге сай келетін күдікті операцияның белгілері анықталған жағдайда ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім шығаруға;
      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы нормативтік құқықтық актілердің және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеуге қатысуға;
      4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес келісімдер жасауға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5) тармақшаны жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы министрінің 20.11.2015 № 581 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      5) сұрату бойынша немесе дербес түрде шет мемлекеттің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы құзыретті органымен ақпарат алмасуға;
      6) мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, қаржы мониторингі саласында сараптама жүргізу, оқыту бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды әзірлеу, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді құру үшін ғылыми-зерттеу және басқа да ұйымдарды, сондай-ақ жекелеген мамандарды жұмысқа тартуға, оның ішінде шарттық негізде тартуға;
      7) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының бұзылғаны туралы хабарламаны тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге;
      8) құқық қорғау органдарымен және арнаулы мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты мәліметтер мен ақпарат алмасу және оларды беру бойынша өзара іс-қимыл тәртібін айқындауға;
      9) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөнінде шаралар қабылдауға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      10) тармақшаны жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Қаржы министрінің 20.11.2015 № 581 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      10) өз қызметін жүргізу процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
      11) қаржы мониторингін жүзеге асыру процесінде адамның және азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асыру.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитет Төрағасы жүзеге асырады.
      17. Комитет Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      18. Комитет Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      19. Комитет Төрағасының өкілеттігі:
      1) заңнамаға сәйкес Комитет қызметкерлерін және аумақтық орган жетекшісінің орынбасарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады;
      3) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық органы туралы ережені бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Комитет қызметкерлерін және аумақтық органның жетекшісін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      5) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
      6) Комитетке заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда өкілдік етеді;
      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапкершілік алады;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Комитет Төрағасы болмаған уақытта оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
      20. Комитет Төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

4. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Комитет мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақша кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.