Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 10 қыркүйектегі № 392 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 29 қыркүйекте № 9765 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 494 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы министрінің 2014.11.14 № 494 бұйрығымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.
      БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 72 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8398 болып тіркелген, 2013 жылғы 17 шілдедегі № 172 (28111) «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау ережесінде:
       12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «12. Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, міндеттермен, нәтиже көрсеткіштерімен немесе стратегиялық жоспарды әзірлемейтін мемлекеттік органның ережесінде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысты бюджет шығыстарының бағытын айқындайды және нәтиже көрсеткіштері мен бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемдерін қамтиды. Бюджеттік бағдарламаның сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.»;
       14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Бюджеттiк кiшi бағдарлама бюджеттiк бағдарлама шеңберiндегi бюджет шығыстарының нақты бағыттарын ашады және бюджеттік бағдарлама сияқты ол да сол функционалдық топта, функционалдық кіші топта бекітіледі.
      Бюджеттiк кiшi бағдарламалардың 001-ден 999-ғa дейiнгi сыныптамалық коды болады. Бiрнеше әкiмшiлерге бекiтiлген аттас бюджеттiк кiшi бағдарламалар 001-ден 099 аралығындағы кодтар бойынша жiктеледi.
      Егер бағдарлама кiшi бағдарламаларға бөлiнбесе, олардың орнына 000 сыныптамалық коды көрсетiледi.»;
       16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Бюджет кодексінің 33-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалар мыналарға бөлiнеді:
      1) мазмұнына байланысты мыналарға:
      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;
      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;
      бюджеттік кредиттерді беру;
      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;
      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;
      мемлекет мiндеттемелерiн орындау;
      нысаналы салым салу.
      Бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мақсатында мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру жөніндегі шығындар, көрсетілген шығындарды жекелеген кіші бағдарламаларға бөле отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктірілуі мүмкін;
      2) мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай мыналарға:
      республикалық бюджеттiң құрамында бекiтiлетiн республикалық бағдарламалар;
      облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң құрамында бекiтiлетiн облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бағдарламалары;
      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн аудандық (қалалық) бағдарламалар;
      республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары болып бөлiнедi. Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (қалалық) бюджеттiк бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар болып табылады;
      3) iске асыру тәсiлiне қарай мыналарға:
      бiр әкiмшi iске асыратын жеке бюджеттiк бағдарламалар;
      белгiлi бiр бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламаларының құрамында бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында ағымдағы қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiс бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламалар болып бөлiнедi.
      Бұдан басқа, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) және бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) бөлінеді.
      Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.»;
       42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «42. Бюджеттік бағдарлама бюджет қаражатын жұмсаудың бағыттарын нақтылайтын, бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.
      Бюджеттік бағдарламаның кіші бағдарламалары болған кезде, тікелей нәтиже көрсеткіштері кіші бағдарламалар деңгейінде көрсетіледі.»;
       51-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) «Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi» деген жолда қол жеткізілуі осы функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыратын ұйымның қызметіне немесе көрсететін қызметіне толық тәуелді болатын, бюджет қаражаты шегінде орындалатын мемлекеттік функциялар, өкілеттіктер және көрсетілетің қызметтер көлемінің сандық сипаттамасы көрсетіледі. Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебiнен іс-шараларды іске асыруға бағытталған жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бөлінісінде көрсетіледі;»;
       53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «53. Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларының жобалары республикалық бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға қол қойған күннен бастап бiр апта мерзiмде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бiрiншi басшысы бекiтедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтілгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн тиiстi тексеру комиссиясының төрағасы бекiтедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихат аппараттарының бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн тиiстi мәслихат хатшысы бекiтедi.
      Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала немесе астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар әкімшілері болып табылатын бюджеттік бағдарламалар жобалары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік бағдармалалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн бекітеді.
      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнен қаржыландырылатын, стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттiк бағдарламаларының жобалары тиiстi жергiлiктi бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады және оларды ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
      Жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен іс-шараларды іске асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды нысаналы трансферттер аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісімен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдармен келісу бойынша төмен тұрған бюджеттің бюджеттiк бағдарламаларының жобалары әкiмшiлерi ағымдағы қаржы жылының 30 желтоқсанына дейiн бекітеді.»;
       54-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «54. Бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде олардың қаржыландыру көлемдері мен нәтижелер көрсеткіштері өзгерген жағдайда, бюджеттік бағдарламалар қайта бекітіледі.
      Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бастамасы бойынша бюджеттік бағдарламаларға тоқсанына бiр реттен жиi емес, тоқсанның екінші айының 25-күніне дейін өзгерістер енгізуге жол беріледі.
      Қаржыландыру көлемiнiң өзгеруiне байланысты бюджеттiк бағдарламаларға өзгерiстер мен толықтырулар жобаларын тиiстi бюджеттiк комиссия қарайды.»;
      2) «Бюджеттiк өтiнiмдi жасау және ұсыну қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 13 наурыздағы №73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8399 болып тіркелген, 2013 жылғы 17 шілдедегі № 172 (28111) және 23 тамыздағы № 196 (28135) газетінде жарияланған «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған:
       6-тармақтың 8), 9) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «8) республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiне нысаналы даму трансферттер бөлiнген жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiлген нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмдер жобаларын, қол жеткiзiлген тiкелей және түпкiлiктi нәтижелер туралы есепті;
      9) облыстық бюджеттен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерiне нысаналы даму трансферттері, оның ішінде облыстың бюджеттеріне бөлiнетiн және одан әрi ауданның бюджеттерiне бөлуге жататын республикалық бюджеттен нысанады даму трансферттері бөлiнген жағдайда, ауданның жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiлген нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмдердiң жобаларын;»;
       66-1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, аумақтарды дамыту бағдарламасының көрсеткіштеріне және қолданыстағы заттай нормаларға сәйкес келуі тұрғысынан қарайды, бұл ретте, бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар түрлері бойынша есептеу кезінде бағдар ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларының дерекқоры пайдаланылады. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган бағалар дерекқорында көзделген тауарлар, жұмыстар, қызметтер бірлігінің іс жүзіндегі орташа құнынан аспайтын құнына бағдарланады. Бағалар дерекқорында жоқ болған жағдайда, жоспарланған шығыстарды негіздейтін құжаттар (шарттардың көшірмелері, прайс-парақтар) пайдаланылады;»;
       67-тармақтын 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) шешілуіне нысаналы трансферттер бойынша келісімдер жобаларында көзделген нысаналы даму трансферттері бөлінетін нысаналы даму трансферттері бойынша мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді талдау ескеріледі.»;
       68-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «68. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік өтінімдерді, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша стратегиялық жоспарлардың жобалары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік өтінімдер және бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындыларды қалыптастырады және оларды тиісті бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
      Жергілікті атқарушы органдарға нысаналы даму трансферттері мен бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға бюджеттік өтінімдер бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындылары өңірлік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның ұсыныстары ескеріле отырып, өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органның ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін, бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындыларды қалыптастырады және оларды тиісті бюджет комиссиясының қарауына жібереді.»;
       70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «70. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың пысықталған жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.
      Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдарға бюджеттік бағдарламалардың пысықталған жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.».
      2. Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті (Ж.Т. Тоқабекова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн және оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың 1) тармақшасының он тоғызыншы, жиырма сегізінші - отыз екінші абзацтарын және 2) тармақшасының үшінші - бесінші, сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
 
 

      Министр

Б. Сұлтанов