Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 22 тамыздағы № 551 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 26 қыркүйекте № 9759 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

     

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны кейіннен ресми жариялауды;

      2) осы бұйрықты белгіленген тәртіпте "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық жариялануға жатады және қолданысқа 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.


  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 22 тамыздағы
№ 551 бұйрығымен
бекітілді

Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің (бұдан әрі - ҚАЖ) мекемелеріне жіберу қағидалары 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі - ҚАК) 88 және 90-баптарының талаптарына сәйкес әзірленген және сотталғандарды ҚАЖ тергеу изоляторларынан ҚАЖ мекемелеріне (бұдан әрі - мекемелер) жазасын өтеу үшін жіберу тәртібін айқындайды.

      2. Сотталғандар аумақтық органға бекітілген мекемелерге (бұдан әрі - ҚАЖ департаменті) ҚАЖ департаментінің жазбаша нұсқауы (бұдан әрі - наряд) негізінде жіберіледі.

      3. Сотталғандар ҚАЖ департаментіне бекітілген тиісті түрдегі мекеме болмаған немесе жазасын өтеу орындарының лимиті асып кеткен кезде қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының (бұдан әрі - ҚАЖ комитеті) наряды негізінде мекемелерге жіберіледі.

2-тарау. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін мекемелерге жіберу тәртібі

      4. Сотталғандар тергеу изоляторының әкімшілігі соттың заңды күшіне енген үкімді орындау туралы өкімін алған күнінен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазасын өтеу үшін мекемелерге жіберіледі.

      5. Тергеу изоляторының әкімшілігі соттың сотталғандарға қатысты үкімі, қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде олардың отбасыларына сотталғандарды жіберу орындары туралы жазбаша хабарлама жолдайды.

      6. Күзетпен ұстау - бұлтартпау шарасы қолданылған адамдар олар келіп түскеннен кейін үш жұмыс күні ішінде таныстыру туралы еркін нысандағы қолхатты жеке ісіне тіркей отырып, осы Қағидалармен таныстырылады.

      7. Сотталғандар соттың үкімдерімен, қаулыларымен және үкімдерді орындау туралы соттың өкімдерімен олар тергеу изоляторына түскен күннен бастап бір тәулік мерзімде қол қойдырып таныстырылады.

      8. Соттардың үкімдері, қаулылары немесе үкімдерді орындау туралы сот өкімдері келіп түспеген не оларда қандай да бір түсінбеушілік анықталған кезде, бұл құжаттар, түсіндірме немесе түзетілген құжаттар дереу соттардан сұратылады.

      9. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бес жылдан аса мерзімге сотталған адамдар, толық қауіпсіз мекемеде жазасын өтей отырып, қылмыстың қауіпті қайталануы, сондай-ақ өлім жазасы туралы үкімі мораторий енгізілгенге дейін күшіне енген немесе өлім жазасын орындауға мораторийдің қолданысы кезінде адамдар толық қауіпсіз мекемелерге жіберіледі.

      10. Сотталғандарды қылмыстың қауіпті қайталануы, өмір бойына бас бостандығынан айыру, өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылған жазаларын толық қауіпсіз мекемеде өтеуге сотталғандар, сотталған әйелдер, кәмелетке толмаған сотталғандар тиісті мекемелердің орналасқан жері бойынша жазасын өтеу үшін жіберіледі.

      11. Сотталғандарды қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге ауыстыру немесе олар сот үкімі бойынша жіберілген, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан, жазаның өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынымды сот қанағаттандырғаннан кейін сотталғандар осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте тиісті түрдегі мекемелерге одан әрі жіберу үшін тергеу изоляторларына жіберіледі.

      Сотталғандар тергеу изоляторына келгеннен кейін еркін нысандағы қол хатты жеке ісіне тіге отырып, осы Қағидалармен үш жұмыс күні ішінде таныстырылады.

      12. Сотталғандар толық қауіпсіз мекемеде жаза мерзімін өтегеннен кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте тиісті түрдегі мекемелерге одан әрі жіберу үшін олар келген тергеу изоляторларына жіберіледі.

      13. Сотталғандар – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар сотталғандығының санына қарамастан жекелеген мекемелерде ұсталады.

      Тергеу изоляторларының әкімшіліктері осы адамдарға қатысты олар тергеу изоляторына келіп түскен күннен бастап бұрын сотта, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында жұмыс істеу немесе сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру фактісін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.

      Сотталғандарды этаппен жөнелту белгіленген мерзімінде бұрын сотта, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында жұмыс істегені немесе сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асырғаны құжатпен расталмаған жағдайда, олар мемлекеттік органдарға жолданған сұрау хаттарды олардың жеке істеріне тіге отырып, тиісті мекемелерге жібереді.

      14. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына және жазаны өтейтін бір орыннан екiншiсiне айдауылмен ауыстырылады.

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қылмыстар жасағаны үшін айрықша жазалау шарасы - өлім жазасы не өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазаны өтеу орнына ерекше айдауылмен жіберіледі.

      15. ҚАЖ департаменттері өлім жазасы не өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қатысты сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның тиісті өңірлік қолбасшылықтарына ерекше айдауылға өтінім жолдайды.

      16. Сотталғандарды жазасын өтеу орындарына жолдау кезінде олардың жеке істері ашылмайды. Жеке істерді медициналық көрсеткіштер бойынша мекеме қызметкерінің дәлелді баянатының негізінде ашуға жол беріледі.