Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 тамыздағы № 503 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 6 қыркүйекте № 9722 тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулығы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан ерте емес.

      Министр
полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 8 тамыздағы
№ 503 бұйрығымен
бекітілген

Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды
орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 21.05.2019 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (бұдан әрі – мекемелер) діни жораларды орындауға арналған жағдайларды нақтылайды және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 13-бабына, 16-бабы 1-бөлігінің 10) тармақшасына, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.

2-тарау. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 21.05.2019 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Мекемелерде ұсталатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының өтініші бойынша салт жораларының қажеттілігі жағдайында әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері (бұдан әрі – діни қызметші) шақырылады.

      3. Мекеме әкiмшiлiгi дiни бiрлестiктердің ұсыныстарын ескере отырып, осы Нұсқаулыққа қосымшаға сәйкес нысаны бойынша алдағы күнтізбелік жылға дiни бiрлестiктері өкiлдерiнiң мекемелерге бару кестесiн бекітеді, онда діни бірлестіктің атауы, бару күні мен уақыты, дәріс (жоралар) тақырыбы көрсетіледі. Осы кесте тиісті діни бірлестіктің басшысымен келісіледі және бір жыл ішінде қолданыста болады. Сотталғандарға мәлімет үшін осы кестенің көшірмесі мекеменің әрбір жасағында (камерада) орналастырылады.

      4. Дiни қызметшілердің сотталғандар арасындағы жұмысын мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөнiндегi орынбасары ұйымдастырады және бақылайды.

      5. Діни қызметшілердің мекемелерге баруы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 98-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Мекеме әкiмшiлiгi олардың назарына мекемеге бару тәртiбiн жеткiзедi және олардың қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етедi.

      6. Діни қызметшімен кездесуге ниет білдірген сотталған мекеме әкімшілігіне ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.

      7. Мекеме әкімшілігі сотталғаннан өтініш алғаннан кейін, кестеде көрсетілген мерзімде оның діни қызметшімен кездесуін қамтамасыз етеді. Салт жораларды орындау кезінде мекеме әкімшілігінің өкілдері қатысады.

      8. Сотталғандар діни қызметшілермен кездесу үшін мекеме әкімшілігі үй-жай бөледі. Бұл үй-жай дінге қатысы жоқ қажетті құрал-жабдықтармен (үстел, орындықтар және басқа) жабдықталады. Діни тақырыпты материалдарды тыңдау және көру қажет болған жағдайда, үй-жайда аудио және бейнеаппаратура орнатылады.

      9. Мекеме әкімшілігі діни қызметшілермен кездесуге ниет білдірген сотталғандарды (оның ішінде жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзған үшін тәртіптік изоляторға немесе жалғыз адамдық камераға ауыстырылғандарды) кездесу үшін бөлінген үй-жайға апарады.

      10. Діни қызметшілерімен кездесу алдында және кездескеннен кейін сотталғандар ҚАК-нің 98-бабына сәйкес тексеріледі немесе тінтіледі.

      11. Сотталғандарға салт жораларды мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта өзінің ұйықтайтын орнының жанында жеке орындауға рұқсат етіледі. Бұл мақсатқа үй-жай бөлінбейді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 21.05.2019 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Діни әдебиет және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдар, діни мақсаттағы заттар "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес діни сараптамадан өткеннен және оның қорытындысын алғаннан кейін ғана мекеме аумағына кіргізіледі. Бұл ретте, мекемедегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауiп төндіретін діни мақсаттағы заттарды кіргізуге жол берілмейді.

      13. Камералық және қатаң жағдайда жазаны өтеудегі сотталғандарға діни әдебиет және діни мазмұндағы өзге материалдар мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта ұсынылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 21.05.2019 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. ҚАК-нің 97-бабына сәйкес сотталғандардың діни жораларды орындауы мекеме қызметіне кедергі келтірмеуі, ішкі тәртіпті бұзбауы, сондай-ақ жазаларын өтеп жатқан басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін шектемеуі тиіс.

  Бас бостандығынан айыруға
сотталғандардың діни жораларды
орындауы үшін жағдайлар жасау
жөніндегі нұсқаулыққа қосымша

      Нысан

      БЕКІТЕМІН

      ______________________ облысы бойынша

      ҚАЖД _____________мекемесінің бастығы

      _____________________________________

      (атағы, қолы, тегі, аты, әкесінің аты

      (болған жағдайда)- бұдан әрі Т.А.Ә.)

20 ___ жылға арналған дiни бiрлестiктер
өкiлдерiнiң мекемелерге бару
КЕСТЕСІ

Діни бірлестіктің атауы

Діни бірлестік өкілінің Т.А.Ә.

бару күні және уақыты

дәріс (жораның) тақырыбы

ескертпе








      "КЕЛІСІЛДІ"

      ____________________________________

      (діни бірлестік жетекшісінің Т.А.Ә.)

      20 ___ жылғы "____" ________________