Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 347 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 13 ақпанда № 10252 тіркелді

Қолданыстағы

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабынының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):
      1) осы бұйрықтың заңнамамен белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылықты жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға көшірмелерін жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалудың бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі А.П. Рауға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму
      министрі                                           Ә. Исекешев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 14 қаңтар

Қазақстан Республикасы  
Инвестициялар және даму 
министрінің       
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 347 бұйрығымен бекітілген

Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 12-2-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленген және кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету тәртібін анықтайды.
      2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету бойынша өз қызметінде Заңды, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аварияларды жою жоспары – адамдарды құтқару жөніндегі іс-шараларды, басшылар мен қызметкерлердің, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының іс-әрекетін көздейтін, ұйымның басшысымен бекітілетін және кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен келісілетін құжат;
      2) «Дабыл» белгісі – кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел бөлімшелерін қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдардағы аварияларды жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындыққа тарту үшін дабылдамалар немесе басқа да сигнал беру құралдары арқылы берілетін құлақтандырудың бірыңғай сигналы;
      3) кәсіби авариялық-құтқару қызметі – құтқарушылары штат негізінде жұмыс істейтін және біліктілік талаптарына сәйкес келетін құралымнан немесе құралымдардан тұратын авариялық-құтқару қызметі.

2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету тәртібі

      4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсетуі жасалған шарт негізінде жүргізіледі.
      5. Қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдар кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымына, жылына бір рет, алдыңғы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей аварияларды жою жоспарын (бұдан әрі – АЖЖ) келісуге ұсынады.
      6. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымы ұсынылған АЖЖ-ны алған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды.
      7. АЖЖ Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымы осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей, АЖЖ келісуден бас тарту туралы жазбаша ақпаратты қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдардың басшылығына жібереді.
      8. Шартта АЖЖ орындау тәртібі, авариялық-құтқару бөлімшелерінің сандық құрамы көзделеді.
      9. Қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету кезінде кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары:
      1) кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел бөлімшелерінің «Дабыл» белгісі бойынша аварияларды жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге шығуға тәулік бойы тұрақты әзірлігін;
      2) жеке құрамның кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесі басшысына мүлтіксіз бағына отырып авариялық-құтқару жұмыстарын орындауын;
      3) аварияны жою қауіпті өндірістік объектінің техникалық басшысы аталған жұмыстарды тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайды қоспағанда, авариялық-құтқару жұмыстары толық аяқталғанына дейін оларды жүргізу міндеттілігін қамтамасыз етеді.
      10. Қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсетуді кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшелері жүзеге асырады, олар:
      1) кәсіби авариялық-құтқару бөлімшесінен;
      2) кәсіби авариялық-құтқару взводынан;
      3) кәсіби авариялық-құтқару жасағынан тұрады.
      11. Кәсіби авариялық-құтқару бөлімшесі, бөлімше командирі мен жедел көлік жүргізушісін қосқанда, саны сегізден онға дейін адам болатын құтқарушылардан тұрады.
      12. Кәсіби авариялық-құтқару взводы үш және одан да көп авариялық-құтқару бөлімшелерінен құрылады.
      13. Кәсіби авариялық-құтқару жасағы екі және одан да көп взводтардан құрылады.
      14. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшелері азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен бекітілген кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін жарақтандыру және кинологиялық қызметтерді қамтамасыз ету нормаларына сәйкес аппаратурамен, жабдықтармен, штаттық материалдар қорымен және автокөлікпен қамтамасыз етіледі.
      15. Қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдарға қызмет көрсету кезінде кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшелері жұмыстардың мынадай негізгі түрлерін атқарады:
      1) авариялық-құтқару жұмыстары;
      2) алдын алу жұмыстары;
      3) техникалық жұмыстар.
      16. Авариялық-құтқару жұмыстары қауіпті өндірістік объектілерде техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар орын алған кезде авария аймағындағы адамдарды іздеу және құтқару, оларға шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, қауіпті факторлардың әсерін оқшаулау және басу немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін жеткізу мақсатында жүргізіледі.
      17. Қауіпті өндірістік объектідегі аварияны жою кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын қауіпті өндірістік объектінің техникалық басшысы басқарады.
      18. Қауіпті өндірістік объектінің техникалық басшысы аварияны жоюға байланысты бұйрықтарын тек кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесінің басшысы арқылы береді.
      19. Аварияны жою қауіпті өндірістік объектінің техникалық басшысының адамдарды құтқару мен аварияны жоюға бағытталған шешімдерін орындау кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесінің басшысына, авария аймағындағы ұйымдар мен азаматтарға міндетті болып саналады.
      20. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесінің басшысы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті толық және нақты ақпарат алады.
      21. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік болмаған жағдайда, қауіпті өндірістік объектінің техникалық басшысы бірінші кезектегі тәртіппен төтенше жағдайлар аймағындағы адамдарды құтқару жөнінде барлық шараларды қабылдай отырып, аталған жұмыстарды толық немесе ішінара тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
      22. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесінің басшысы авариялық-құтқару жұмыстарының дұрыс және қауіпсіз жүргізілуіне жауап береді.
      23. «Дабыл» белгісі бойынша аварияға шығу тәртібі, аварияны жоюға қатысушы жедел бөлімшелер саны және авариялық-құтқару жұмыстарын атқаруға қажетті құрал-жабдықтар тізімі қызмет көрсетілетін қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымның АЖЖ-на сәйкес анықталады.
      24. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесі жүргізетін алдын алу жұмыстар қызмет көрсетілетін қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдардың адамдарды құтқару мен табиғи және техногенді сипаттағы аварияларды жоюға дайындығын, өртке қарсы қорғаныстарын, қосымша шығу жолдарының болуын, АЖЖ-ның қызмет көрсетілетін қауіпті өндірістік объектілердің іс жүзіндегі жағдайына сәйкестігін анықтауға бағытталған.
      25. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылғаны, оның ішінде өртке қарсы қорғаныстың, АЖЖ қызмет көрсетілетін қауіпті өндірістік объектілердің іс жүзіндегі жағдайынан айырмашылық анықталған жағдайда кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымының жедел бөлімшесінің басшысы қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымның басшылығына анықталған кемшіліктерді жою қажеттігі туралы жазбаша түрде хабарлайды және кемшіліктер анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталған кемшіліктер туралы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жазбаша түрде баяндайды.
      26. Техникалық жұмыстар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының бір түрі болып табылады және қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіз және тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді көздейді.
      27. Техникалық жұмыстар аварияларды жою және оқшаулау, олардың зардаптарын жоюмен байланысты емес және кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарымен, арнайы қорғаныс құралдарын қолданып және (немесе) оларды қолданбай, қауіпті өндірістік объектілер аумағында, сондай-ақ оның шегінен тыс, оның ішінде көлікте жүргізіледі.