Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 9 желтоқсанда № 9946 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 07.12.2017 № 395 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 27.05.2020 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 07.12.2017 № 395 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Өңірлік саясат және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту департаменті (С.Тұңғышбеков):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Қ.А. Өскенбаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 6 қарашадағы
№ 72 бұйрығымен
бекітілген

Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 27.05.2020 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шiлдедегi (бұдан әрі - Заң), "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі (бұдан әрі - Мемқызметтер туралы заң) заңдарына және 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзiрленіп, ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушылар) жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы беру және тұрғын үй сатып алуға әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбiн айқындайды.

      2. Көрсетілетін қызметті алушыларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және оны аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілетті органдары көрсетеді (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші).

      Процестің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын, оны көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында баяндалған.

2-тарау. Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну тәртібі

      3. Көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау Заңның 18-бабының 8-тармағында көрсетілген көрсетілетін қызметті алушыларға көрсетіледі.

      4. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға пайдаланылмайды.

      5. Бюджеттік кредиттер облыстардың жергілікті атқарушы органдарына мынадай талаптарда:

      теңгемен он бес жылға дейінгі мерзiмге 0,01 % мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшiн кейіннен ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға бере отырып, кредиттiк шарттар жасасу арқылы беріледі;

      кредиттерді игеру кезеңі кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледі және 22 (жиырма екі) айды құрайды.

      6. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы алдағы кезеңге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін (бұдан әрі - тізбе) қалыптастырады, оны бір жұмыс күні ішінде аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің интернет-ресурсында, www.egov.kz сайтында орналастырады және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) мәлімет үшін ұсынады.

      Тізбеде алдағы кезеңде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетін қызметті алушылардың және/немесе олардың мамандықтарының атауы мен саны көрсетіледі.

      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы (мәслихат) жыл сайын көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы шешім қабылдайды.

      7. Көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына арналған міндетемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады.

      8. Көрсетілетін қызметті беруші әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі жұмыс органы болып табылады.

      9. Денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар үшiн тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру сенiм бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) шарт болған жағдайда жүзеге асырылады.

      Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшiн кредит беру жөнiндегi бюджеттiк бағдарламаны iске асыру бойынша сенiм бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) тапсырма шартын жасасады.

      Сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшiн кредит беру жөнiндегi бюджеттiк бағдарламаны iске асыру бойынша операциялық қызметтеріне арналған шығындарды өтеуге арналған қаражат бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет шеңберінде көзделедi.

      10. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі (құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде) көрсетілетін қызметті берушіге Мемлекеттік корпорация арқылы немесе электрондық форматта "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі - Портал) арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) көтерме жәрдемақы алған кезде:

      осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

      жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

      бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;

      жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.

      2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:

      осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

      жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

      бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;

      жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;

      сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);

      Кредиттік бюродан есеп;

      3) тұрғын үй салуға бюджеттік кредит алған кезде:

      осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

      жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

      бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;

      жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;

      сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);

      Кредиттік бюродан есеп.

      Осы Қағидаларда көзделмеген басқа құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берiлмейдi.

      Көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алуға бір мезгілде өтініш беруге жол беріледі.

      Портал арқылы жүгінген кезде өтінішке көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен немесе көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірі тіркелген және порталдың есептік жазбасына қосылған жағдайда ұялы байланыс операторы ұсынған бір реттік парольмен куәландырылған көрсетілген құжаттардың (тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын құжаттарды қоспағанда) электрондық көшірмелері (сканерленген) қоса тіркеледі және Порталдан "Ауылдық ипотека бойынша өтінімдерді қабылдау жөніндегі бағдарламалық өнім" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - АЖ) көрсетілетін қызметті берушіге жіберіледі.

      Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" нәтижені алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе жіберіледі.

      11. Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат туралы, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтерді, көрсетілетін қызметті алушының, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтама, көрсетілетін қызметті алушының атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы, еңбек қызметі бойынша, ортадан кейінгі, техникалық, кәсіптік және/немесе жоғары білім дипломының болуы туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорацияның жұмыскері немесе көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзы арқылы алады.

      Мемлекеттік корпорацияның жұмыскері көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданатын құжаттар топтамасының толықтығын тексереді және құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация жұмыскері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      12. Мемлекеттік корпорация толық құжаттар топтамасын көрсетілетін қызметті берушіге бір жұмыс күні ішінде жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік корпорацияда өтініш пен құжаттарды қабылдау және көрсетілетін қызметті берушіге құжаттарды беру күні әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мерзіміне кірмейді.

      13. Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорациядан құжаттарды қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде әлеуметтік қолдау шараларын алуға үміткер көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді.

      14. Көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну және/немесе әлеуметтік қолдау шараларын алуға көрсетілетін қызметті алушыларды есепке алу және кезектілікке қою туралы аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі қаулысының жобасын немесе әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудан дәлелді бас тартуды дайындайды.

      Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің көрсетілетін қызметті алушыларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну және/немесе әлеуметтік қолдау шараларын алуға көрсетілетін қызметті алушыларды есепке алу және кезектілікке қою туралы қаулысы төрт жұмыс күні ішінде қабылданады.

      15. Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге (мекенжайы және байланыс деректері көрсетілген) 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Ауылдық елдi мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) жасасу үшін жүгіну қажеттігі туралы, есепке алу және кезектілікке қою туралы хабарламасы немесе әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудан дәлелді бас тарту мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі болып табылады.

      Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" әлеуметтік қолдау шараларын көрсету туралы хабарлама не қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап жіберіледі. Сәтті көрсетілген жағдайда Порталға келісімге қол қою үшін көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайы көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      16. Көрсетілетін қызметті беруші:

      1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      2) егер көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) бар болған;

      3) егер көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнайы құқығынан оның негізінде айырылған, көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар болған;

      4) көрсетілетін қызметті алушының Заңның 18-бабы 8-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудан бас тартады.

      Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      17. Осы Қағидалардың 14-тармағында көзделген көрсетілетін қызметті алушыларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы қаулы қабылданғаннан кейін:

      1) көтерме жәрдемақы алу кезінде көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасында Келісімге бір жұмыс күні ішінде қол қойылады;

      2) тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алу кезінде көрсетілетін қызметті беруші, сенім білдірілген өкіл (агент) мен көрсетілетін қызметті алушы арасында Келісімге бес жұмыс күні ішінде қол қойылады.

      18. Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша берешегі бар көрсетілетін қызметті алушыларға оларды толық өтеген сәтке дейін ұсынылмайды.

      19. Көрсетілетін қызметті алушыларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну үшін бюджет қаражаты жетіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші әлеуметтік қолдау шараларын алушы үміткерлердің қатарынан кезектілікті қалыптастыру жолымен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мерзімін тоқтата тұрады.

      Әлеуметтік қолдау шараларын алуға кезекте тұрған көрсетілетін қызметті алушылардың құжаттарын қайта қарау мерзімін көрсетілетін қызметті беруші белгілейді және ол бір жылдан аспайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мерзімдерін тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.

      20. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы шешім қабылдаған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны келесі құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабардар етеді:

      1) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру кезінде:

      сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;

      сатып алынатын тұрғын үйдің құны берілетін бюджеттік кредит мөлшерінен асқан кезде қоса қаржыландыруға жазбаша келісім.

      2) тұрғын үй салуға бюджеттік кредит беру кезінде:

      кепіл мүлкін бағалау актісі;

      кепіл мүлкін сақтандыру шарты;

      тұрғын үй салу кезіндегі шығыстар берілетін бюджеттік кредит мөлшерінен асып кеткен кезде қоса қаржыландыруға жазбаша келісім.

      21. Келісім жасалғаннан кейін:

      1) көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде көтерме жәрдемақы сомасын көрсетілетін қызметті алушылардың жеке есеп шоттарына аударады;

      2) сенім білдірілген өкіл (агент) кепіл шартын тіркегеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетілетін қызметті алушыға сатып алынатын жылжымайтын немесе кепіл мүлкін бағалау актісін ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит береді.

      22. Көрсетілетін қызметті алушының кредит бойынша мiндеттемелерді орындауы:

      1) өзі сатып алған тұрғын үйді кепілге қоюмен;

      2) салынған тұрғын үйді кейіннен кепілге қоюмен өзге жылжымайтын өтімді мүлікпен қамтамасыз етiледi.

      23. Тұрғын үйді сатып алу және салу үшін бюджеттік кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді.

      24. Қайталама нарықта тұрғын үйді сатып алу-сату шарты немесе салынған тұрғын үйді пайдалануға беру актісі тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредит сомасын мақсатты пайдалануды растау болып табылады.

      25. Бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Тұрғын үй салуға бюджеттік кредит берілуі үшін көрсетілетін қызметті алушы әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы өтінішпен және осы Қағидалардың 10-тармағының талаптарына сәйкес құжаттардың толық тізбесімен көрсетілетін қызметті берушіге жүгінеді.

      27. Көрсетілетін қызметті алушының тұрғын үй салуға бюджеттік кредит беру туралы өтінішін қарау тәртібі осы Қағидалардың 11 - 14-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі көрсетілетін қызметті алушыға мынадай шарттарды ескере отырып, тұрғын үйлердің үлгілік жобаларының нұсқаларын ұсынады:

      1) тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны қырық алты айлық есептік көрсеткіштен аспайды;

      2) тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны берілетін кредиттің екі еселенген мөлшерінен аспайды;

      3) тұрғын үй құрылысының ең ұзақ мерзімі кредит берген сәттен бастап он екі айдан аспайды.

      29. Көрсетілетін қызметті алушы үлгілік жобалардың ұсынылған нұсқаларымен жазбаша түрде келіскен жағдайда аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі келісім алған сәттен бастап төрт жұмыс күні ішінде тұрғын үй салуға бюджеттік кредит беру туралы қаулы қабылдайды.

      30. Осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген қаулы қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші, көрсетілетін қызметті алушы және сенім білдірілген өкіл (агент) арасында Келісім жасалады.

      31. Тұрғын үй салуға бюджеттік кредит беру осы Қағидалардың 15 - 22-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      32. Сома банктік шотқа аударылғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушы кемінде он жұмыс күні өткен соң "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылауды жүзеге асыратын органдарға тұрғын үй құрылысының басталғаны туралы хабарлайды.

      33. Құрылыс аяқталғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тұрғын үйді пайдалануға беруді жүзеге асырады.

      34. Көрсетілетін қызметті алушы салған тұрғын үй пайдалануға берілгеннен және ол ғимараттарды, құрылысжайлар және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеруді жүзеге асыратын ұйымдарда тіркелгеннен кейін тараптардың келісімі бойынша бұрын берілген кепілді салынған тұрғын үйге ауыстуға болады.

2-тарау. Көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың жұмыскерлерінің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      35. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым көрсетілетін қызметті берушінің басшысының атына не осы тиісті жергілікті атқарушы органның атына беріледі.

      Шағым жазбаша нысанда жасалады. Шағымда шағым берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), пошталық мекенжайы, телефон нөмірі, шағымды берген күні және қолы көрсетіледі.

      Шағым жазбаша нысанда почта бойынша, Портал арқылы не жұмыс күндері кеңсе арқылы қолма-қол қабылданады.

      Қолма-қол, сол сияқты поштамен келіп түскен шағымның тіркелуі (мөртабан, кіріс нөмірі және тіркеу күні шағымның екінші данасына немесе шағымға ілеспе хатқа қойылады) оның қабылданғанын растау болып табылады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға оның шағымының қабылданғандығын растау үшін шағымның көшірмесіне кіріс нөмірі, күні, шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөнінің бірінші әріптері, тиісті кеңсенің байланыс телефоны көрсетілген мөртабан қойылады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға шағымды қарау нәтижелері туралы жазбаша түрде пошта арқылы хабарланады.

      Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 7777 телефоны арқылы алуға болады.

      Шағым портал арқылы жіберілген кезде көрсетілетін қызметті алушыға "жеке кабинеттен" өтініш туралы ақпарат қолжетімді болады, ол көрсетілетін қызметті берушінің өтінішті өңдеуі (жеткізу, тіркеу, орындау туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып тұрады.

      Мемлекеттік корпорация арқылы қызмет көрсету кезінде Мемлекеттік корпорация жұмыскерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Мемлекеттік корпорация басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайларда көрсетілетін қызметті алушының Мемқызмет туралы заңға сәйкес сотқа жүгіну құқығы бар.

  Ауылдық елдi мекендерге
жұмыс iстеуге және тұруға
келген денсаулық сақтау, бiлiм
беру, әлеуметтiк
қамсыздандыру, мәдениет,
спорт және агроөнеркәсіптік
кешен саласындағы мамандарға
әлеуметтiк қолдау шараларын
ұсыну қағидаларына
1-қосымша

"Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілетті органдары

2

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы, "электрондық үкімет" веб-порталы

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

6 (алты) жұмыс күні

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электронды/ қағаз түрінде

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге (мекенжайы және байланыс деректері көрсетілген)
Ауылдық елдi мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы келісімді жасасу үшін жүгіну қажеттігі туралы, есепке алу және кезектілікке қою туралы хабарлама немесе әлеуметтiк қолдау шараларын ұсынудан дәлелді бас тарту.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электронды/ қағаз түрінде

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі

7

Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі

Көрсетілетін қызметті беруші - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін.
Мемлекеттік корпорация - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда жұмыс кестесіне сәйкес түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Мемлекеттік қызмет жеделдетіп қызмет көрсетусіз, "электрондық" кезек тәртібінде көрсетіледі, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық кезекті броньдауға болады.
"Электрондық үкімет" веб-порталы - техникалық жұмыстарды жүргізуге байланысты үзілістерді қоспағанда (көрсетілетін қызметті алушы 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады), тәулік бойы

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) көтерме жәрдемақы алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.
2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
Кредиттік бюродан есеп;
3) тұрғын үй салуға бюджеттік кредит алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
Кредиттік бюродан есеп.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат туралы, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтерді, көрсетілетін қызметті алушының, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтама, көрсетілетін қызметті алушының атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы, еңбек қызметі бойынша мәліметтерді, ортадан кейінгі, техникалық, кәсіптік және/немесе жоғары білім дипломының болуы туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорацияның жұмыскері немесе көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзы арқылы алады

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

Мемлекеттік қызмет көрсетуден:
1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;
2) егер көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) бар болған;
3) егер көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнайы құқығынан оның негізінде айырылған, көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар болған;
4) көрсетілетін қызметті алушы "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңның 18-бабы 8-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда бас тартылады

10

Мемлекеттік қызмет көрсетудің, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар

Заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне өзі қызмет көрсетуді, өз бетімен қозғалуды, бағдаралуды жүзеге асыру қабілетін немесе мүмкіндігін толық немесе ішінара жоғалтқан көрсетілетін кызметті алушылар Бірыңғай байланыс орталығының - 1414, 8 800 080 7777 нөмірлеріне хабарласады, Мемлекеттік корпорация қызметкері оларға мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттар қабылдауды тұрғылықты жеріне барып жүргізеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің www.economy.gov.kz интернет-ресурсында, "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінің "Өңірлік саясат саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" кіші бөлімінде;
2) Мемлекеттік корпорацияның www.gov4c.kz интернет-ресурсында орналастырылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметтерінің байланыс телефондары www.economy.gov.kz, Бірыңғай байланыс орталығы - 1414, 8 800 080 7777.
Көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар

  Ауылдық елдi мекендерге
жұмыс iстеуге және тұруға
келген денсаулық сақтау, бiлiм
беру, әлеуметтiк
қамсыздандыру, мәдениет,
спорт және агроөнеркәсіптік
кешен саласындағы мамандарға
әлеуметтiк қолдау шараларын
ұсыну қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  ____________________________
облысы
_________________________
ауданының (облыстық маңызы
бар қала) әкiмi
____________________________
аты-жөнi, тегi
____________________________
мекенжайы бойынша тұратын
____________________________
жұмыс орны, лауазымы
____________________________
өтiнiш берушiнiң аты,
әкесiнiң аты (болған жағдайда),
тегi
(бұдан әрі - Т.А.Ә.)

Өтініш

      Сiзден Келiсiмде (қоса берiледі) көрсетілген мөлшерде және шарттарда маған көтерме жәрдемақы төлеуiңiздi және/немесе тұрғын үй сатып алуға/салуға (қажеттісін сызу) бюджеттiк кредит ресiмдеуге құқық беруiңiздi сұраймын.

      _________________ ____________

      күнi                  қолы

      Өзгерiстер туындаған жағдайда, олар туралы 15 жұмыс күн iшiнде хабарлауға мiндеттенемiн. Дұрыс емес мәлiметтер және/немесе жасанды құжаттар бергенiм үшiн жауапкершiлiк туралы ескертiлдiм. Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін. Құжаттар қабылданды:

      20__ жылғы "___" _______

      __________________ _____________________________________________________________

      Қолы                        құжаттарды қабылдаған лауазымды тұлғаның А.Ә. Т

      ________________________________________________________________________________

      (кесу сызығы)

      Азамат ____________ өтiнiшi қоса берiлген саны ________ дана құжаттармен бiрге

      20__жылғы "__"________ қабылданды. ____________________

      ________________________________________________________________________________

      Қолы                  құжаттарды қабылдаған лауазымды тұлғаның А.Ә. Т

  Ауылдық елдi мекендерге
жұмыс iстеуге және тұруға
келген денсаулық сақтау, бiлiм
беру, әлеуметтiк
қамсыздандыру, мәдениет,
спорт және агроөнеркәсіптік
кешен саласындағы мамандарға
әлеуметтiк қолдау шараларын
ұсыну қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, ______________ облысы _________________________ ауданының (облыстық маңызы бар қаланың) әкiмдігi / "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорация ________________________ (мекенжайын көрсету керек), Сіздің мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбауыңызға байланысты, __________________________ мемлекеттік қызметін көрсету үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартады, атап айтқанда:

      Жоқ құжаттардың атауы:

      1) ______________________;

      2) ______________________;

      3) ...

      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден екі данада жасалды.

      _____________________________ _____________________________________

      ("Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорация жұмыскерінің (қолы)

      аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі (бұдан әрі - А.Ә.Т.)

      Орындаушы: А.Ә.Т.____________

      Телефон нөмірі____________

      Алдым: қызметті алушының А.Ә.Т. / қолы

      "___" ___________ 20__ жылғы.

  Ауылдық елдi мекендерге
жұмыс iстеуге және тұруға
келген денсаулық сақтау, бiлiм
беру, әлеуметтiк
қамсыздандыру, мәдениет,
спорт және агроөнеркәсіптік
кешен саласындағы мамандарға
әлеуметтiк қолдау шараларын
ұсыну қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Ауылдық елдi мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы келісім

      Елдi мекен ___________________ 20 ___ жылғы "__" __________ Бұдан әрі "Әкiмшi" деп аталатын "__________________" мемлекеттiк мекемесi атынан басшы ________________________________ бiр тараптан, бұдан әрi "Алушы" деп аталатын әлеуметтiк көмек алушы _________________________ екінші тараптан және бұдан әрi "Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент)" деп аталатын ____________________________ үшiншi тараптан төмендегiлер туралы осы Өзара мiндеттемелер келiсiмiн жасасты:

      1. Келiсiмнiң нысанасы

      Тараптар өзара жауапкершiлiктi және келiсiмдi ескере отырып, ешқандай тараптан мәжбүрлеусіз өздеріне мiндеттемелер қабылдайды, оны тараптар толық көлемде орындауы тиiс, атап айтқанда:

      1.1 Әкiмшi _______________ мәслихатының (20 __ жылғы "__" _____ № _____) шешiмiнiң негiзiнде өзiне мынадай:

      1) ___________________________________ теңге мөлшерiнде көтерме жәрдемақы;

      2) ___ жыл мерзiмге __________________________________________ теңге сомасында тұрғын үй сатып алуға/салуға бюджеттiк кредит түріндегi әлеуметтiк қолдау шараларын ұсынуға мiндеттемелер қабылдайды.

      1.2 Алушы өзiне жоғарыда көрсетiлген әлеуметтiк қолдау шараларын алу кезінде ___________ ауылдық елдi мекенiнде орналасқан (денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен) ұйымында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттемелер қабылдайды.

      1.3 Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) өзiне тапсырма шарты негiзiнде әкiмшiнiң атынан және оның есебiнен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттiк кредит беруге байланысты белгiлi бiр тапсырмаларды орындауға мiндеттеме қабылдайды.

      2. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi

      2.1 Әкiмшi:

      1) алушыдан осы Келiсiмге сәйкес өзiне алған мiндеттемелердi адал және тиiсiнше орындауды талап етуге;

      2) тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алушының тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді алуға құқылы.

      2.2 Әкiмшi:

      1) осы Келiсiмді жасасқаннан кейін бір жұмыс күнi iшiнде көтерме жәрдемақысының тағайындалған сомасын алушының жеке есеп шотына аударуға мiндеттi.

      2.3 Алушының:

      1) қажеттi құжаттарды тапсыру кезiнде әлеуметтiк қолдау шараларын ерiктi түрде таңдауға;

      2) үш жылдық мерзiм өткенге дейiн өндiрiстiк жағдайларға немесе әкiмшiлiктiң бастамасы бойынша басқа ауылдық елдi мекендерге (немесе бір ауылдық елді мекеннің шегінде) жұмысқа ауысқан кезде қосымша келісім бойынша міндеттемелер қабылдай отырып, алынған әлеуметтiк қолдау шараларына құқығын сақтауға құқығы бар.

      2.4 Алушы:

      1) 30 жұмыс күні ішінде Әкімшіге:

      тұрғын үй сатып алуға /салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алған күннен бастап;

      тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы туралы растайтын құжаттарды ұсынуға;

      2) меншiгiне сатып алынған/салынған жылжымайтын мүлiктi әдiлет органдарында тiркегеннен кейiн Әкімшіге тұрғын үй құжаттарының түпнұсқаларын алған бюджеттік кредитті толық өтегенге дейін осы Келiсiмдi кемiнде үш жыл мерзiмге қамтамасыз ету жөнiндегi кепiл ретiнде беруге;

      3) Әкімшіге тоқсан сайын жұмыс орнынан анықтама ұсынуға;

      4) осы Келiсiмнiң шарттары орындалмаған жағдайда әлеуметтiк қолдау шаралары ретiнде алынған бюджет қаражатын толық көлемде қайтаруды қамтамасыз етуге;

      5) жалақыдан кесте бойынша өтеу сомасын шегеру жолымен кредит бойынша жарналарды ай сайын өтеуді қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2.5 Сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агент):

      1) алушымен есеп айырысу жүргiзуге;

      2) алушының қаржылық жағдайына мониторинг жүргiзуге құқығы бар.

      2.6 Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент):

      1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредитке қызмет көрсетуге;

      2) кредиттiк шарт бойынша әлеуметтiк қолдау шараларын алған алушы мiндеттемелерiнiң орындалуына мониторинг жүргiзуге;

      3) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес осы Келiсiмнiң шарттары орындалмаған және орындаудан бас тартылған жағдайда алушыдан берешектi өндiрiп алуды жүзеге асыруға мiндеттi.

      3. Дауларды шешу

      3.1 Осы Келiсiмдi орындау кезiнде туындауы мүмкiн барлық мәселелер мен келiспеушiлiктер мүмкiндiгiнше Тараптардың арасында келiссөздер жолымен шешiлетiн болады.

      3.2 Егер даулар мен келiспеушiлiктер келiссөздер жолымен реттелмейтiн болса, олар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сот тәртiбiмен шешiлуге тиiс.

      4. Келiсiмнiң қолданылу мерзiмi

      4.1 Осы Келiсiм тараптар қол қойған күннен бастап күшiне енедi.

      Келiсiм 20___ жылғы "__" ____________ бастап қолданылады.

      4.2 Келiсiм әр тарап үшін заң күшi бiрдей үш данада жасалды.

      5. Тараптардың заңды мекенжайлары

Әкімші
__________________
_________________
__________________

Алушы Сенім
__________________
_________________
__________________

Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент)
__________________
_________________
__________________