"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 17 қазандағы № 38 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 23 қазанда № 9823 тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі туралы ережесіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін (бұдан әрі - Ереже).
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Т.Қ. Есентаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2014 жылғы 21 қарашадан бастап қолданысқа енгізілетін Ереженің 13-тармағының 9) және 10) тармақшаларын қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы    
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 17 қазандағы    
№ 38 бұйрығымен        
бекітілген         

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті» мемлекеттік
мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Комитет) дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі саласындағы салааралық үйлестіруді және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады.
      2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      Егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      5. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен төрағаның немесе оны ауыстырушы тұлғаның бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      6. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      7. Комитеттің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, № 8 үй, «Министрліктер үйі» ғимараты, 2- кіреберіс.
      8. Комитеттің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті» мемлекеттік мекемесі.
      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      11. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен
міндеттері

      12. Мiндеттерi:
      1) дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысу;
      2) дене шынықтыру және спорт саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
      3) Комитетке жүктелген өзге де мiндеттер.
      13. Комитеттің функциялары:
      1) тиісті салаларда нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді, сондай-ақ келісімдерді, меморандумдарды және келісім шарттарды әзірлеу;
      2) дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі саласындағы нормативтік құқықтық актілерге белгіленген заңнамалық тәртіпте құқықтық мониторинг жүргізу;
      3) Комитет өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызмет көрсету кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
      4) Комитеттің кадрлық саясатында гендерлік теңдік қағидатын сақтауды қамтамасыз ету;
      5) Комитеттің құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсiндiру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
      6) Комитеттің құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асыру;
      7) заңнамада белгіленген шарттарда және тәртіпте әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасау, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау;
      8) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге қатысу;
      9) «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және  Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралызаңнамасына сәйкес ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      10) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лотереяларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      11) Қазақстан Республикасы Президентінің-Елбасының тестілерін өткізу қағидаларын әзірлеу;
      12) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде өткізілетін спорттық іс-шараларға даярлануы және қатысуы кезінде спортшыларды, жаттықтырушыларды және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды,барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету нормативін әзірлеу;
      13) халықаралық спорттық жарыстар тізбесін, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерін, спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелерін ақшалай ынталандыру төлемдері қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметіне олардың мөлшері туралы ұсыныс енгізу;
      14) спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметіне олардың мөлшері туралы ұсыныстар енгізеді және олардың төленуін қамтамасыз ету;
      15) спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары үшін спорт түрлері бойынша бағдарламаларды бекіту;
      16) спорттық федерацияларды аккредиттеу қағидаларын әзірлеу;
      17) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидаларын әзірлеу;
      18) спорт түрлерінде пайдаланылатын жануарлар мен құстардың жем-азығы нормативтерін әзірлеу;
      19) ойын бизнесін ұйымдастырушының «Ойын бизнесі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын әзірлеу;
      20) лицензиардың электрондық тізілімін жүргізу;
      21) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға даярлау жөніндегі ұйымдастыру комитеттерінің құрамдары бойынша ұсыныс енгізу;
      22) республикалық спорт медицинасы ұйымдарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметінен босату;
      23) ведомстволық статистикалық бақылаулар жүргiзу;
      24) дене шынықтыру және спорт саласындағы кадрларды даярлауды, қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру;
      25) аккредиттелген спорттық федерациялармен бірлесе отырып, спорт түрлері, оның iшiнде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері бойынша, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында республикалық және халықаралық жарыстар өткiзу;
      26) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерiн халықаралық спорттық жарыстарға даярлауды және олардың қатысуын ұйымдастырады және жүзеге асыру;
      27) дене шынықтыру мен спорт саласындағы ғылыми зерттеулердi, олардың нәтижелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дене шынықтыру және спорт практикасына енгiзудi ұйымдастыру және үйлестiру;
      28) спортта допингке қарсы іс-шараларды өткізуге бақылауды жүзеге асыру;
      29) спортшылар мен жаттықтырушыларға: «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» спорттық атақтарын беру;
      30) бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi жоғары санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты әдіскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi жоғары санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты нұсқаушы-спортшы, жоғары санатты ұлттық спорт төрешiсi, ұлттық спорт төрешiсi біліктілік санаттарын беру;
      31) республикалық және өңірлік спорттық федерацияларды аккредиттеудi жүзеге асыру;
      32) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын бекіту;
      33) аккредиттелген республикалық спорттық федерациялардың ұсынысы бойынша спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын жыл сайын бекіту;
      34) аккредиттелген республикалық спорттық федерациялардың ұсынысы бойынша спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрi бойынша ұлттық құрама командаларының) бас жаттықтырушыларын және мемлекеттік жаттықтырушыларды лауазымға тағайындайды және лауазымынан босату;
      35) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерін төлеуді жүзеге асыру;
      36) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерін халықаралық спорттық жарыстарға даярлау және оған қатысу кезінде сақтандыруды қамтамасыз ету;
      37) республикалық аккредиттелген спорттық федерациялардың ұсыныстары бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін бекітеді және оның іске асырылуын қамтамасыз ету;
      38) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының пайдаланылуын үйлестіру;
      39) спорт мектептеріне, спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» деген мәртебе беру;
      40) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімін жүргізу;
      41) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарыдың ережелерін (регламенттерін) бекіту;
      42) спорттық іс-шаралардың шығыстар құрылымын бекіту;
      43) халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге арналған спорттық ғимараттарды жобалау үшін техникалық ерекшеліктерді және техникалық тапсырманы аккредиттелген республикалық спорт федерацияларымен келісу;
      44) тиісті паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер әзірлейтін мүгедектерге арналған дене шынықтыру-спорттық ұйымдардағы спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу процесін, даярлық кезеңдерінің бағдарламасын бекіту;
      45) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға спорттық медицина ұйымдарының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу (тоқтату) туралы ұсыныстар енгізу;
      46) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының спорттық іс-шараларға даярлығын медициналық қамтамасыз етуге қатысу;
      47) халықтың физикалық даму деңгейін айқындау;
      48) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақтауын, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
      49) лицензиаттардың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылау;
      50) тиісті салаларда Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
      51) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      14. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өз құзыреті шегінде орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;
      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалды сұрату және алу;
      3) Комитеттің жанынан консультативтік-кеңесші органдарды құру;
      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      15. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитеттің өзара жүзеге асырады.
      16. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      17. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      18. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын басқаруды ұйымдастырады және басшылықты жүзеге асырады, Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және өз қызметтерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
      19. Комитет төрағасының өкілеттігі:
      1) заңнамада белгіленген тәртіпте Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады (Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда);
      2) Министрліктің Жауапты хатшысына Комитет төрағасының орынбасарларын тағайындау мен қызметтен босату туралы, сондай-ақ оларды ынталандыру және тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсынымдар енгізеді;
      3) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемеақылар төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ Комитет қызметкерлерін (төрағаның орынбасарларын қоспағанда) тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Комитет, қызметкерлерінің орындауы міндетті нұсқаулар береді;
      5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;
      6) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шараларға дербес жауапты болады;
      7) өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдайды.
      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
      20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.