Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 18 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 21 қазанда № 9812 тіркелді

Қолданыстағы

      «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңының 7 бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (Е.Б. Қанағатов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге ұсынуды;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Т.К. Есентаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы   
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 18 бұйрығымен     
бекітілді        

Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидалары (бұдан әрі – Қағида) спортта допингті қолданудың алдын алу тәртібін және онымен күресті айқындайды.
      2. Осы қағидада келесі ұғымдар қолданылады:
      1) жарыс кезеңі – спортшының және (немесе) жануардың нақты спорттық жарыстарға қатысу кезеңі;
      2) жарыстан тыс кезең – жарыстық кезеңге енгізілмеген кезең.
      3. Спорт федерациялары осы Қағидада белгіленген талаптарға сәйкес допингті қолдануға қарсы іс-әрекет жасайды.
      4. Допингті қолдануға қарсы іс-қимылға мынадай допингке қарсы іс-шаралар кешені кіреді:
      1) допинг-бақылауды жүргізу;
      2) «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 2-тармағында көзделген допингке қарсы қағидаларды бұзғаны (бұдан әрі – допингке қарсы қағиданы бұзу) үшін спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандарға жауапкершілік белгілеу;
      3) допингті қолданудың алдын алу;
      4) допинг-бақылауды жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыру;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында допингке қарсы насихат жүргізу;
      6) спортта допингті болдырмауға және оған қарсы күреске бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу;
      7) спортшылардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру құралдары мен әдістерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу;
      8) құрамына тыйым салынған субстанцияларды қосу арқылы дәрілік заттар мен тағамдық қоспалардың сапасын бұрмалағаны, осындай дәрілік заттар мен тағамдық қоспаларды өткізгені үшін, сондай-ақ тыйым салынған субстанцияларды әзірлеу, дайындау, пайдалану тәсілдері, әдістері және оларды сатып алу орындары туралы мәліметтерді таратуға бағытталған қызмет үшін жауаптылықты белгілеу;
      9) допинг-бақылау жүргізу шарттарын бұзғаны үшін дене шынықтыру-спорт ұйымдарының жауаптылығын белгілеу;
      10) спортта допингті болдырмау және онымен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
      5. Спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар допинг-бақылауды жүргізу шарттарын қамтамасыз етеді.
      6. Допинг-бақылау процесі тестілер өткізуді, сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды лабораториялық талдауды, Ұлттық допингке қарсы орталықтың (бұдан әрі – ҰДҚО) тәртіптік допингке қарсы комиссиясы шешім қабылдауды жоспарлауы арқылы жүзеге асырылады.
      7. Допинг-бақылау (тестілеу) рәсімі жарыс кезеңінде және жарыстан тыс кезеңде жүзеге асырылады.
      8. Допингті пайдалану мәніне тестілеу жүргізуді жоспарлау үшін ҰДҚО жарыстық және жарыстан тыс кезеңде тестілеуге жататын спортшылар тізімін (бұдан әрі – Тізім) қалыптастырады.
      9. Тізім спорт федерацияларының ақпараты бойынша құрылады және тестілеуді өткізудің уақыты мен орны туралы мәліметтен тұрады.
      10. Спорт федерацияларының ақпаратына спортшылардың тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), спорт түрлері, спорттық жарыстардың атауы және өтетін уақыты туралы мәліметтер кіреді.
      11. Тізім спорттық жарыстарды өткізу күніне дейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей қалыптастырылады, ал спорт федерацияларының ақпараты 60 күнтізбелік күн қалғанда ұсынылады.
      12. Қалыптастырылған тізім ҰДҚО Интернет-ресурсында орналасады.
      13. Спорт федерациясы Тізім ҰДҚО Интернет – ресурсында орналастырылған күннен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде спортшыларға осы Тізімге енгені туралы хабарлайды (телефон, көшірме байланыс, электронды пошта немесе тапсырыс хат арқылы).
      14. Сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды зертханалық талдауды және оларды зерттеуді Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік акредиттеген зертханалар жүзеге асырады. Сынамалар спорттық жарыстарға қатысатын спортшылардан және жануарлардан алынады.
      15. Спорт федерациясы зертханалық зерттеулерді жүргізу үшін тестілеуді өткізуге және сынамалар алуға ықпал етеді.
      16. Спортшы оны Тізімге енгізгені туралы хабарлама алғаннан кейін сынама тапсыруға келуден бас тартқан, спортшы дәлелді себепсіз сынама тапсыруға келмеген немесе спортшы сынама тапсырудан өзгеше түрде жалтарған жағдайда спортшы спорттық жарыстардан шеттетіледі. Тестілеуден жалтару фактісі дереу ҰДҚО хабарланады.
      17. Допинг қолдану фактісі анықталған жағдайда 3 күнтізбелік күн ішінде ҰДҚО ол туралы мәлімет жолданады.
      18. Допингке қарсы қағиданы бұзу бойынша тыңдалымдар өткізу үшін ҰДҚО жанынан тәртіптік допингке қарсы комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.
      Комиссияның құрамына 5 адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің (бұдан әрі – Комитет) өкілі, зертхананың өкілі және спорттық мансабын аяқтаған спортшы кіреді.
      Комисияның төрағасы Комитеттің өкілі болып табылады.
      Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен рәсімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.
      19. Комиссияның тыңдалымы допингті қолдану фактісі туралы мәлімет алынған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей аяқталады.
      20. Допингке қарсы қағиданы бұзғаны үшін айыпталған спортшы оның жазбаша ерік білдіруі бойынша Комиссияның отырысына қатысады.
      21. Комиссияның шешіміне аппеляциялық шағым Комитетке 10 күнтізбелік күн ішінде ұсынылады.
      22. Комитет Комиссияның шешіміне аппеляциялық шағымды 15 күнтізбелік күн ішінде қарайды.
      23. Комиссияның спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың допингке қарсы қағиданы бұзғаны туралы шешімі осы Қағиданың 21-тармағында көрсетілген мерзім аяқталған жағдайда және Комитеттің аппеляциялық шағымды қарастыру нәтижелері бойынша санкциялар қабылдау үшін спорт федерациясына жолданады.
      24. Спорт федерациясы Комиссия шешімінің негізінде 5 күнтізбелік күн ішінде санкциялар, соның ішінде спорттық жарыстарға қатысатын спортшыларға және жануарларға қатысты спорттық жарыстан шеттетуді қабылдайды және бұл туралы Комитетке, ҰДҚО, тиісті спорт түрі бойынша Халықаралық спорт федерациясына хабарлайды.
      25. Спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар және спорт федерациялары допингті пайдалануды болдырмау бойынша насихатты жүзеге асырады.
      26. Допинг-бақылау жүргізетін зертханалар зерттеулерді жүзеге асыратын мамандардың кәсіби білімін жетілдіруді және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
      27. Спортта допингті болдырмауға және онымен күреске бағытталған ғылыми зерттеу шеңберінде ғылыми алмасулар, мастер-кластар, тренингтер, өздігінен білім алулар, іс-тәжірибеде үйренулер (жұмыс орнында машықтану) бойынша іс-шаралар өткізіледі.
      28. ҰДҚО халықаралық ұйымдармен бірге спортшылардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру құралдары мен әдістерін әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді.
      29. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары допинг-бақылау жүргізу шарттарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауапкершілікке тартылады.