«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың тізбесі бекітілсін.
2. «Тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі міндетін атқарушының 2011 жылғы 2 желтоқсандағы № 441 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 7372 болып енгізілді, «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 18 ақпандағы № 64 (27136) нөмірінде жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте (Б.Б. Қанешев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жарналауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.П. Рауға жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтүзбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Индустрия және жаңа технологиялар
министрі Ә. Исекешев
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
– Қазақстан Республикасының
Индустрия және жаңа
технологиялар министрінің
2014 жылғы 8 маусымдағы
№ 257 бұйрығымен
бекітілген
Тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың тізбесі
1. Өтініш берушінің мәртебесiн растайтын құжаттар:
1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа ұсынылмаған жағдайда куәландырылған көшірме) – жеке тұлғалар үшін;
2) заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (қайта тіркеу) анықтама және жарғысының көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа ұсынылмаған жағдайда куәландырылған көшірме) – заңды тұлғалар үшін;
3) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа ұсынылмаған жағдайда куәландырған көшірме) – жеке кәсіпкерлер үшін.
2. Сыртқы сауда келiсiмшартының (шарттың) түпнұсқасы мен көшiрмесi және шот-фактура немесе шот-проформа немесе тауардың қаржылық және/немесе сандық параметрлерiн көрсететiн өзге де құжат (жүк бiр жүк жөнелтушiден екiншi сол бiр жүк алушыға баратын ұзақ мерзiмдi сыртқы сауда шарттарын/мәмiлелерiн жүзеге асыру кезiнде шот-фактура немесе шот-проформа талап етілмейді).
3. Тауардың толығымен Қазақстан Республикасында шығарылған жағдайда тауардың толығымен Қазақстан Республикасында шығарылғаны туралы растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшiрмесi:
1) тауарды өндірушімен немесе тауарды алу туралы келісім немесе тауарды алыс-беріс туралы құжаттары;
2) жөнелтпе құжаттар;
3) астық қолхаттардың куәландырылған көшірмелері;
4) өнімді жинау орны туралы Өтініш берушінің анықтамасы;
5) есептен шығару актісі;
6) қайта өңдеу актісі;
7) тауарды тасымалдау туралы құжаттар;
8) дайын бұйымға техникалық паспорт немесе зауыт-әзірлеушінің сапа төлқұжаты;
9) шикізатты өндіру және жасау құқығы бар құжат (дайындаушы және өндіруші кәсіпорындар үшін);
10) оған сәйкес тауар өндірудің технологиялық процесі орындалатын стандарттау жөнiндегi нормативтік құжаттар.
4. Егер тауар Қазақстан Республикасында тауарды жеткiлiктi дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерін есепке ала отырып, шығарылған жағдайда, тауарды жеткiлiктi дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерiн айқындауға арналған мынадай құжаттардың түпнұсқасы мен көшiрмесi:
1) тауар өндірісінде пайдаланылатын шикiзат пен материалдарға шарттар және/немесе шот-фактуралар;
2) көліктік құжаттар;
3) техникалық процестің қысқаша сипаттамасы;
4) оған сәйкес тауар өңдірілетін стандарттау жөнiндегi нормативтік құжаттар;
5) шетелде шығарылған шикiзат пен құрауыштар құнын анықтай отырып, франко-зауыт бағасы бойынша тауар құнының шығын калькуляциясы.
5. Қызмет түріне (егер қызмет түрі лицензиялауға жататын болса) арналған лицензияның және (немесе) рұқсат қағаздың түпнұсқасы және көшiрмесi.
6. Егер тауар жануарлардан, өзен және теңiз кәсiпшiлiгiнен алынған тауар болса, сондай-ақ егер тауарлар жануарлар азығына арналған болса, ветеринариялық сертификаттың түпнұсқасы мен көшiрмесi.
7. Қоймалық анықтаманың және (немесе) тауардың саны мен тұрған орнын көрсете отырып, өтініш берушідегі тауардың барын растайтын ресурстық анықтаманың түпнұсқасы және көшiрмесi.
8. Жемiс-көкөнiс өнiмдерi үшiн:
1) Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық бірлігінің жергілікті атқарушы органының өндірушісін көрсете отырып, көрсетілген аумақта өнімнің өсірілгені туралы анықтамасының түпнұсқасы мен көшірмесі;
2) тауарды сатып алу шарты немесе заңды тұлғалар үшін тауар өндірушімен жасалған шарттың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесін міндетті түрде ұсынуымен сатып алу актісі.
9. Қазақстан Республикасынан тауарды кері экспорттау кезінде:
1) тауарды сатып алу туралы құжаттар (шарт, шот-фактура);
2) Қазақстан Республикасының аумағында тауарды жеткізу фактісін растайтын құжаттар;
3) тауардың шығарылуын растайтын құжаттар (тауардың шығу тегі туралы сертификат немесе тауардың шығу тегі туралы декларациясы).
Ескертпе:
Құжаттардың түпнұсқалары оларды көшiрмелерiмен салыстырып тексергеннен кейiн өтiнiш берушiге қайтарылады.
Шарттың әрекет ету мерзімі бір күнтізбелік жылдан созылатын ұзақ мерзімді келісімдер (келісімшарттар) және Өтініш берушінің құқықтық мәртебесiн, сонымен қатар сериялық өндірісті растайтын құжаттар оларға өзгерістер енгізуіне және толықтырулар қарай бір рет ұсынылады.