Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 332 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 10 шілдеде № 9573 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) білім беру ұйымдарының бастықтары:
      1) түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялардың уақтылы және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етсін;
      2) ішкі істер және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерімен ІІМ білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу, жұмысқа орналастыру және мониторингілеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.
      3. ІІМ Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді және мерзімді баспа басылымдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры М.Ғ. Демеуовке және ІІМ Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты                 Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы 
Ішкі істер министрінің 
2014 жылғы 9 маусымдағы
№ 332 бұйрығымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары білім беру
ұйымдарының түлектерін бөлу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) білім беру ұйымдарының күндізгі оқыту факультеттерінің, магистратураларының және PhD докторантураларының түлектерін бөлу тәртібін айқындайды.
      2. Білім беру ұйымдарының күндізгі оқыту факультеттерінің, магистратура мен PhD докторантураларының түлектерін (бұдан әрі – түлектер) бөлу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды ІІМ Кадр жұмысы департаменті (бұдан әрі – ІІМ КЖД) жүзеге асырады.

2. Түлектерді бөлу

      3. Түлектерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бөліністеріне бөлу үшін ІІМ білім беру ұйымдарының жанында түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады.
      4. Түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялардың құрамы жыл сайын ІІМ білім беру ұйымы бастығының бұйрығымен бекітіледі.
      Түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялардың құрамына ІІМ білім беру ұйымының бастығы, ол төраға орынбасары болып табылады, ІІМ білім беру ұйымының факультеттерінің, бітіртуші кафедралардың, кадр бөлімінің бастықтары, ІІМ, ішкі істер (көліктегі) департаменттерінің (бұдан әрі – ІІД, КІІД), қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің (бұдан әрі – ҚАЖД) өкілдері, сондай-ақ Ішкі істер органдарының Ардагерлер кеңесінің өкілдері кіреді.
      Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия төрағасы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен айқындалады.
      Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия төрағасы болмаған кезде оны орынбасары алмастырады.
      5. Түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялардың шешімдері бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған кезде көпшілік дауыс беруі бойынша қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының немесе оны алмастыратын адамның даусы шешуші болып табылады. Бөлу комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді.
      6. ІІМ білім беру ұйымы түлектерді дипломалды практикаға жібергенге дейін түлектерді бөлу жөніндегі комиссия отырысын өткізеді. Түлектер түлектерді бөлу жөніндегі комиссиялардың отырыстарына қатысады.
      7. Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия:
      1) ішкі істер органдары бөліністерінің кадрларға және білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық кадрларға деген қажеттілігін олардың өтінімдеріне сәйкес зерделейді;
      2) түлектердің сауалнамалық деректерін зерделейді, ІІМ білім беру ұйымдарының оларды едәуір мақсатқа сай пайдалану туралы ұсынымдарын, сондай-ақ түлектің өзінің болашақ жұмысы туралы жеке тілегін тыңдайды және талқылайды;
      3) түлектерге алған мамандығын, оқу нәтижелері мен үлгерімін, денсаулығының жай-күйін, отбасы жағдайын ескеріп, қызмет орнын, ақшалай ұстауын көрсете отырып, тиісті лауазым ұсынады;
      4) комиссия отырысына келмеген түлектерді бөлу туралы мәселелерді олардың қатысуынсыз қарайды;
      5) түлектерді бөлу туралы шешімді ашық дауыс берумен қабылдайды;
      6) бөлу аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде ІІМ КЖД-ге түлектерді бөлу хаттамасын екі данада бекітуге және оның нәтижелері туралы есеп ұсынады. Бөлу хаттамасы және есеп еркін нысанда құрастырылады.
      8. Үздік диплом алған түлектерге бірінші кезекте ІІД, КІІД, ҚАЖД-да қызмет орнын таңдау беріледі.
      9. Ата-анасының (қорғаншысының) біреуі немесе екеуі де I және II топтағы мүгедек түлектерге жұмыс орны олардың көңіл білдіруі бойынша ата-анасының (қорғаншысының) тұратын жері бойынша ұсынылады.
      10. ІІМ білім беру ұйымын біруақытта бітірген ерлі-зайыптыларға жұмыс бір елді мекенде орналасқан ІІД, КІІД, ҚАЖД бөліністерінде ұсынылады.
      Егер ерлі-зайыптылардың біреуі білім беру ұйымын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүзеге асырылады. Оқуды кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінеді.
      11. Дербес бөлу жөніндегі комиссия жұмысының аяқталуына қарай түлектер некеге тұрған кезде жұбайлардың жұмыс орны осы Қағиданың 10-тармағына сәйкес ІІД, КІІД, ҚАЖД арасындағы уағдаластық бойынша ІІМ КЖД-нің келісімімен анықталады.
      12. Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия шешімінің негізінде ІІМ білім беру ұйымы түлекке осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ішкі істер органдарына жұмысқа жіберу туралы ұйғарым береді.
      Білім беру ұйымының түлектері ішкі істер органдарына жұмысқа жіберу туралы ұйғарымға сәйкес бөлінген жерге уақтылы келеді.
      Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия шешіміне түлектің арыздануы оны бөлінген жерге келуден босатпайды.
      13. ІІМ білім беру ұйымдарының бастықтары:
      1) түлектерге бөлу тәртібін түсіндіруді ұйымдастырады;
      2) ІІД-ге, КІІД-ге, ҚАЖД-ға және ІІМ білім беру ұйымдарына оларды тағайындау үшін ұсынылған лауазымдар бойынша мәліметтер ұсыну туралы жыл сайын 10 желтоқсанға дейін сұрау салу жолдайды;
      3) ІІД, КІІД, ҚАЖД және ІІМ білім беру ұйымдарының түлектерді тағайындау үшін бос лауазымдар туралы ақпаратын жинақтайды, түлектерді бөлу жөніндегі комиссия отырысына түлектердің сауалнамалық деректерін даярлайды;
      4) түлектерді бөлу жөніндегі комиссия отырыстары хаттамаларынан көшірмелерді, сондай-ақ оқуға жұмсалған бюджеттік қаражат туралы анықтаманы қоса бере отырып жеке істерді тиісті ІІД-ге, КІІД-ге, ҚАЖД-ға жолдауды қамтамасыз етеді;
      5) түлектерге дипломдарымен біруақытта ішкі істер органдарына жұмысқа жіберу туралы ұйғарым беруді ұйымдастырады;
      6) ІІД, КІІД, ҚАЖД басшылығымен бірлесіп, ІІМ білім беру ұйымдарында кадрлар даярлауды жетілдіру мақсатында түлектердің жұмыс нәтижелеріне зерделеу жүргізеді.
      14. ІІД, КІІД, ҚАЖД бастықтары:
      1) ІІМ білім беру ұйымдарына бос лауазымдардың бар-жоғы, ақшалай ұстау жалақысының мөлшері, оларға тұрғын үй алаңын беру мүмкіндігі туралы мәліметтер береді;
      2) ІІМ білім беру ұйымдарымен түлектерді бөлу және жұмысқа орналастыру бойынша өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;
      3) бөлу жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу үшін кадр бөліністерінің өкілдерін жібереді;
      4) түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.
      5) ІІМ КЖД-ні және ІІМ білім беру ұйымын он жұмыс күні ішінде түлектердің келгені туралы ақпараттандырады;
      6) түлектердің лауазымға кірісуін ұйымдастырады және оларға тәлімгерлер бекітеді.

Қазақстан Республикасы ішкі істер  
органдары білім беру ұйымдарының  
түлектерін бөлу қағидасына қосымша 

                                                                нысан

Ішкі істер органына жұмысқа жіберу туралы ұйғарым

Түлек _______________________________________________________________
                   (тегі, аты, әкесінің аты бар болса)
_____________________________________________________________________
                      (білім беру ұйымының атауы)
___________________________________________________ мамандығы бойынша
Түлектерді бөлу жөніндегі комиссияның _________________№_____________
шешімінің негізінде жұмысқа
_____________________________________________________________ ретінде
__________________________________________________________ орналасқан
                          (мекенжайы)
__________________________________________________________жіберіледі 
         (ІІД, КІІД, ҚАЖД, білім беру ұйымының атауы)
ІІМ білім беру ұйымының бастығы                                 Қолы
          -------------------------------------------------------
                            (кесу сызығы)
______________________________________________ түлегі болып табылатын
            (білім беру ұйымының атауы)
мен,_________________________________________________________________
                    (тегі, аты, әкесінің аты бар болса)
__________________________________________________________ орналасқан
                               (мекенжайы)
___________________________________________________ жұмысқа жолдаманы
     (ІІД. КІІД, ҚАЖД, білім беру ұйымының атауы)
______________________________________ лауазымға алғанымды растаймын.

20__жылғы «___» ___________                        Түлектің қолы