Жалпы білім беретін оқу орындарында 2014-2015 оқу жылының басталуы туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 10 маусымдағы № 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 4 шілдеде № 9562 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 37-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жалпы білім беретін оқу орындарында 2014-2015 оку жылының басталу мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйек болып белгіленсін.
      Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында - 32 оқу аптасы, 1- сыныптарда - 33 оку аптасы, 2-11 (12)- сыныптарда, 12 жылдық білім берудің 10,12-эксперименттік сыныптарында - 34 оку аптасы.
      Оқу жылы барысындағы каникулдар:
      1) 1-11 (12)-сыныптарда, 12 жылдық білім берудің 10,12-эксперименттік сыныптарында: күзгі каникул - 8 күн (2014 жылғы 4-11 қарашаны қоса алғанда), қысқы - 10 күн (2014 жылғы 30 желтоқсан - 2015 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі - 12 күн (2015 жылғы 20-31 наурызды қоса алғанда);
      2) мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі каникул - 8 күн (2014 жылғы 4-11 қарашаны қоса алғанда), қысқы - 14 күн (2014 жылғы 29 желтоқсан -2015 жылғы 11 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі - 15 күн (2015 жылғы 20 наурыз - 3 сәуірді қоса алғанда);
      3) мектепалды даярлық сыныптары мен 1- сыныптарда: қосымша каникул - 7 күн (2015 жылғы 2-8 ақпанды қоса алғанда) мерзімінде белгіленеді.
      2. 2014 жылғы 1 қыркүйекте барлық жалпы білім беру ұйымдарында «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбында салтанатты жиын өткізілсін.
      3. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А.Жонтаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          А. Сәрінжіпов