«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Біліктілік емтихандары туралы ереже бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа қоса беріліп отырған қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов):
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы З. Баймолдина
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы № 94
бұйрығымен бекітілген
Біліктілік емтихандары туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Біліктілік емтихандары туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Біліктілік емтиханын тапсырған адамға уәкілетті орган жеке сот орындаушысының лицензиясын тапсырады.
3. Біліктілік емтиханына жіберу үшін Заңның 140-бабының 1-тармағында көзделген талаптар белгіленеді.
4. Біліктілік емтиханына жіберуден Заңның 140-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша бас тартылады, ол жөнінде үміткерге құжаттар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде дәлелді хат жолданады.
2. Біліктілік емтиханын өткізу
5. Біліктілік емтиханынан өту үшін құжаттарды қабылдауды, оның ішінде www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы немесе www.elicense.kz «Е-лицензиялау» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы қабылдауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Үміткердің (не сенімхат бойынша оның өкілінің) біліктілік емтиханын тапсыруы үшін ұсынатын қажетті құжаттар тізбесі:
уәкілетті органға:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетілген еркін нысанда жазылған өтініш;
2) жоғары заң білімі туралы дипломның көшірмесі қосымшасымен (салыстыру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған);
3) жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен куәландырылған, тағылымдамадан өту нәтижесі туралы қорытындының көшірмесі;
4) уәкілетті органға ұсынғанға дейінгі бір айдан кем емес уақытта берілген наркологиялық және психиатриялық ұйымдардан медициналық анықтамалары.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылатын жеке басын куәландыратын құжаттың мәліметтерін уәкілетті орган өз бетімен тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден портал арқылы уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында алады.
Порталға:
1) ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;
2) электрондық сұрау салуға бекітілетін жоғары заң білімі туралы дипломның электрондық түрдегі көшірмесі;
3) тағылымдамадан өту нәтижесі туралы қорытындының электрондық көшірмесі электрондық сұрау салуға бекітіледі;
4) уәкілетті органға ұсынғанға дейінгі бір айдан кем емес уақытта берілген наркологиялық және психиатриялық ұйымдардан медициналық анықтамалары электрондық көшірмелер түрінде электрондық сұрау салуға бекітіледі.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтерін көрсетілетін қызметті беруші өз бетімен тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден портал арқылы уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады.
7. Осы Ереженің 6-тармағымен көзделген құжаттарды ұсынбаған не тиісінше ресімдемеген кезде құжаттар түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде үміткерге дәлелді хатпен өтінішті одан әрі қараудан бас тартылады.
8. Біліктілік емтиханы үміткердің құжаттары келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өткізіледі.
9. Біліктілік емтиханына жіберілген үміткерлердің тізімі біліктілік емтиханы өткізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей біліктілік емтиханының өтетін күнін, уақытын және орнын көрсетумен www.adilet.gov.kz интернет-ресурсына орналастырылады.
10. Біліктілік емтиханына дәлелді себеппен келмеген кезде (денсаулығына, отбасылық және қызметтік жағдайларына байланысты) үміткер болмаған емтихан күнін және келмеу себептерін көрсетумен өтініш негізінде қандай да бір басқа күні өткізілетін емтиханға жіберіледі.
11. Біліктілік емтиханы компьютерлік техниканы пайдаланумен тестілеу нысанында өткізіледі.
12. Біліктілік емтиханына келген кезде үміткер жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
13. Үміткер тестілеуден өз қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде өтеді.
14. Әрбір үміткердің біліктілік емтиханына берілген уақыты сексен минуттан аспайды. Тест сұрақтарының саны жетпісті құрайды.
15. Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу пайдаланылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері екі данада басып шығарылады және тестілеу аяқталғаннан кейін үміткерге жеке қол қоюымен танысу үшін ұсынылады.
Тестілеу нәтижелері бар парақтың бір данасы үміткерге беріледі, екіншісі біліктілік комиссиясына тапсырылады.
16. Тест сұрақтарының кемінде жетпіс пайызына дұрыс жауап берген үміткер біліктілік емтиханынан өткен болып есептеледі.
17. Біліктілік емтиханы аяқталғаннан кейін тестілеу нәтижелері бойынша жасалған хаттамаға біліктілік комиссиясының мүшелері және хатшы қол қояды.
18. Біліктілік комиссиясы хаттамасының негізінде осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша емтихан өткізілген күннен кейінгі күннен кешіктірмей біліктілік емтиханынан өткені туралы шешім шығарылады.
19. Біліктілік емтиханынан өткен үміткерлер біліктілік емтиханынан өткені туралы шешімді алады. Емтиханнан өтпеген үміткерлер біліктілік комиссиясы хаттамасының үзінді алады.
Біліктілік комиссиясының біліктілік емтиханынан өткені туралы шешімі, біліктілік емтиханнан өтпегені туралы біліктілік комиссия хаттамасынан үзінді (біліктілік емтиханын өткізу нәтижесі) уәкілетті органның уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімдейді.
Үміткер біліктілік емтиханын өткізу нәтижесін алу үшін қағаз жеткізгіште жүгінген жағдайда, нәтиже электрондық форматта ресімделеді, басып шығарылады және уәкілетті органның уәкілетті тұлғасының мөрімен және қолымен куәландырылады.
Порталда біліктілік емтиханын өткізу нәтижесі уәкілетті органнын уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында үміткерге «жеке кабинетіне» жіберіледі.
20. Біліктілік емтиханынан өтпеген жағдайда үміткердің апелляция беруі көзделген. Негізгі наразылықтарын негізді, апелляция туралы жазбаша өтінішті тұлға уәкілетті орган басшысының атына баяндаумен, тұлға біліктілік емтиханынан өтпеген болып танылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде береді.
Апелляциялық комиссияның құрамын қажетті біліктілігі бар тәуелсіз тұлғалар ішінен уәкілетті орган басшысы бекітеді. Апелляциялық комиссия келіп түскен өтінішті бір жұмыс күні ішінде қарайды.
Апелляцияны қарау нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және біліктілік комиссиясына орындау үшін тапсырылады. Қайта апелляцияға жол берілмейді.
Біліктілік емтихандары
туралы ережеге
қосымша
Нысан
Жеке сот орындаушысының қызметімен айналысу құқығына лицензия
алу үшін біліктілік емтиханынан өткені туралы шешім
_______ қаласы 20__жылғы «__» ___________
_____________ жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына
(А.Ә.Т. толық)
біліктілік емтиханынан өтті деп танылсын.
Уәкілетті органның басшысы
(А.Ә.Т.)
М.О.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы № 94 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің күші жойылды
деп танылған нормативтік кұқықтық актілерінің тізбесі:
1) «Біліктілік емтихандары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 302 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6624 болып тіркелген, 2010 жылғы 25 қарашадағы № 320 (26381) «Казахстанская правда» газетінде жарияланған);
2) «Біліктілік емтихандары туралы ережені бекіту туралы» 2010 жылғы 3 қарашадағы № 302 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 208 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7765 тіркелген, 2012 жылғы 27 қыркүйектегі № 15 Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған);
3) «Біліктілік емтихандары туралы ережені бекіту туралы 2010 жылғы 3 қарашадағы № 302 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 309 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8882 болып тіркелген, 2014 жылғы 22 қаңтардағы № 14 (28238) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған).