Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2014 жылғы 7 наурыздағы № 95 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 наурызда № 9256 тіркелді

Жаңартылған

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің келесі нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын:
      1) «Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 3 қарашадағы № 303 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6625 тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашадағы № 506-512 (26355) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
      2) «Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. «Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 3 қарашадағы № 303 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 310 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8888 тіркелген, 2014 жылғы 24 қаңтардағы № 14 (28238) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған).
      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов):
      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрінің
      міндетін атқарушы                              З. Баймолдина

      «Келісілді»
      Жеке сот орындаушыларының
      республикалық алқасының
      төрағасы
      ___________ Г. Ким
      2014 жылғы «___» ________

Қазақстан Республикасы      
Әділет министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы № 95   
бұйрығымен бекітілген       

Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 27.02.2015 № 126 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушыларының тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібін, шарттары мен мерзімін анықтайды.
      2. Жеке сот орындаушыларының тағылымдамадан өтушілеріне Заңның 156-бабында көзделген талаптар белгіленеді.
      Осы талаптарға жауап беретін және тағылымдамадан өтуге ниет білдірген тұлға еркін нысанда жазылған өтінішпен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының төрағасына жүгінеді және өтініш берген күнінен бастап күнтізбелік он күннің ішінде өңірлік палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады. Өтінішке:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) жоғары заңгерлік білімі туралы дипломның көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған);
      3) Заңның 156-бабының 1-1-тармағында көрсетілген мәліметтердің жоқтығы туралы құжат тіркеледі.
      3. Өңірлік палатада комиссия құрылады, ол тағылымдаманың басшысын және тағылымдамадан өтушінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға дайындығының деңгейін анықтайды.
      4. Тағылымдамадан өтушілер кемінде үш жыл сот орындаушысының жұмыс өтілі бар жеке сот орындаушыларында тағылымдамадан өтеді.
      5. Тағылымдама ұзақтығы өңірлік палата комиссиясының отырысында белгіленеді және үш айдан бір жылға дейін құрайды.
      6. Тағылымдама ақылы негізде жүзеге асырылады. Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту үшін ақы мөлшері тағылымдамадан өткен әрбір ай үшін есеп айырысу жүргізілген күні белгіленген он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады. Тағылымдамадан өту үшін тағылымдамадан өтуші ақы төлеуді ай сайын, ақы төленуге жататын тағылымдамадан өтудің алдындағы айдың бірінші күнінен кешіктірмей жүргізеді және тағылымдамадан өту туралы шарт жасалғаннан кейін тікелей жүзеге асырады.
      7. Тағылымдамадан өту туралы шарт мына жағдайлардың бірі орын алған кезде бұзылады:
      1) тағылымдамадан өтуші өз қалауы бойынша тағылымдамадан өту туралы шартты бұзу жөнінде өтініш бергенде;
      2) тағылымдамадан өтушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзуы, оның ішінде бұдан әрі тағылымдамадан өтуге кедергі жасайтын, Заңның 156-бабының 1-1-тармағымен көзделген негіздемелердің тағылымдамадан өту кезінде туындауы;
      3) тағылымдамадан өтуші осы Қағидалардың және тағылымдамадан өту туралы шарттың талаптарын сақтамағанда;
      4) тағылымдамадан өту үшін ақыны уақтылы төлемеген жағдайда.
      Осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларымен көзделген, негіздемелер бойынша тағылымдамадан өту туралы шарт бұзылған кезінде тағылымдамадан өтушіге тағылымдамадан нақты өтпеген кезі үшін ақы оны алдын-ала төлеген жағдайда, тағылымдамадан өтушіге қайтарылуы тиіс.
      8. Тағылымдама жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының комиссия отырысында тағайындалған жеке сот орындаушысының басшылығымен өтеді.
      9. Тағылымдамадан өту Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы бекітетін, барлық тағылымдамашылар үшін міндетті болып табылатын, бірыңғай бағдарлама бойынша жүзеге асырылады.
      Бағдарлама жеке сот орындаушыларының кәсіби және этикалық мінез-құлық нормаларын зерделеуді, жеке сот орындаушылары немесе тағылымдамадан өтушілер үшін арнайы ұйымдастырылған семинарлық сабақтарға баруды қоса алғанда, атқарушылық іс-әрекеттер жасау және жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі тәжірибелік дағдыларды тағылымдамадан өтушілердің меңгеруіне бағытталған іс-шаралар тізбесін қамтиды.
      10. Тағылымдама жетекшісі атқарушылық іс-әрекеттер жасау және жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру бойынша тағылымдамадан өтушінің кәсіби дайындық деңгейін ескере отырып, бекітілген бағдарлама негізінде жеке тағылымдама жоспарын әзірлейді және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының төрағасына бекіту үшін ұсынады.
      11. Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамадан өтуші тағылымдама жетекшісінің басшылығымен:
      азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруды;
      түсетін хат-хабарды қабылдау, тіркеу және есепке алу тәртібін;
      кіріс және шығыс хат-хабарларын тіркеуді;
      іс номенклатурасын жасауды;
      кітаптарды, журналдарды және жасақтарды жүргізу тәртібін;
      есеп жасауды;
      атқарушылық құжаттардың орындалуын реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді зерделейді.
      12. Тағылымдамадан өтуші атқарушылық іс-әрекеттер жасауға қатысады, тағылымдама жетекшісінің нұсқауы бойынша және бақылауымен іс жүргізу және атқарушылық іс жүргізу жөніндегі өзге де құжаттардың жобаларын дайындайды.
      13. Тағылымдама аяқталғаннан кейін тағылымдамадан өтуші жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына ұсынылатын қорытынды есепті дайындайды, ол мыналарды қамтуы тиіс:
      тағылымдамадан өту орны, мерзімі мен тәртібі туралы жалпы мәліметтер;
      тағылымдама жоспары бойынша орындалған жұмыстардың сипаты;
      практикалық жеке жұмыстан алған дағдылары.
      Есепке тағылымдамадан өтуші тағылымдама уақытында өзі жасаған, тағылымдамадан өтуші және тағылымдама жетекшісі қол қойған іс жүргізу және өзге құжаттардың үлгілері, сондай-ақ тағылымдама жетекшісінің тағылымдамадан өту туралы ұсынысы беріледі, онда тағылымдамадан өтушінің жалпы дайындығының деңгейі және тағылымдамадан өту барысында алған кәсіби білімі мен тәжірибелік дағдылары көрсетіледі.
      14. Тағылымдама жетекшісінің тағылымдамадан нәтижелі өту туралы ұсынысы және осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген материалдар жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының комиссия отырысында оларды өңірлік палатаға ұсынған күнінен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей қаралады.
      Комиссияның мүшелері әңгімелесу арқылы тағылымдамадан өтушінің атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті жүзеге асыруға теориялық және тәжірибелік дайындық деңгейін анықтайды.
      Тағылымдаманың қорытындысы туралы шешім комиссияның барлық мүшелерінің дауыс беруімен қабылданады. Шешімдер қабылдау критерийлері атқарушылық құжаттарды орындау бойынша дербес қызмет үшін қажетті дайындық пен дағдыларды игеру дәрежесі болып табылады.
      Әңгімелесу және тағылымдамадан өту туралы материалдарды қарау қорытындысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының комиссия отырысында осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша тағылымдаманың өткендігі туралы қорытынды бекіту жөнінде шешім шығарылады немесе тағылымдаманың өткендігі туралы қорытындыны бекітуден дәлелді бас тартады.
      15. Тағылымдаманың нәтижелері туралы қорытынды немесе тағылымдамадан өткендігі туралы қорытындыны бекітуден дәлелді бас тартылғандығы жөнінде ақпарат тағылымдамадан өткен тұлғаға үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тартқан жағдайда тағлымдамадан өтуші жалпы негізде тағылымдамаға қайта жіберіледі.
      Тағылымдаманың өткендігі туралы қорытынды бекітуден бас тарту жөніндегі өңірлік палатаның шешімімен келіспеген жағдайда сот тәртібімен шағымдануға болады.
      16. Тағылымдама жетекшісі тағылымдамадан өту қорытындылары туралы теріс қорытынды ұсынған жағдайда, осы ұсыныс өңірлік палатаның комиссия отырысында тағылымдаманы алты айлық мерзімге ұзарту туралы және тағылымдамадан өтушінің қалауымен тағылымдама жетекшісін ауыстыру мүмкіндігі қарастыруға жатады.

Жеке сот орындаушысында
тағылымдамадан өту   
қағидаларына қосымша 

Нысан

___________________________
(палатаның атауы)   
Жеке сот орындаушыларының  
өңірлік палатасының комиссия
отырысында бекітілді       
____ жылғы «__»_______ № ___
хаттама                    
Өңірлік палатаның төрағасы 
____________________________
(қолы, А.Ә. (бар болған  
жағдайда) Т., қолы)   

Тағылымдамадан өткені туралы
қорытынды

      Тағылымдамадан өтушi __________________________________________
                               (толық А.Ә. (бар болған жағдайда) Т.)
20__жылғы «__»______ жасалған № ___ тағылымдамадан өту туралы шарттың негізінде тағылымдамадан өтті.
      Жеке сот орындаушы ____________________________________________
(толық А.Ә. (бар болған жағдайда) Т., 20__жылғы «__»____ №_ лицензия)
тағылымдама жетекшісі болып тағайындалған.
      Тағылымдамадан өту мерзімі 20__жылғы «__»____бастап 20__ жылғы «__»_______ дейін белгіленген.
      Тағылымдамадан өту уақытында тағылымдамадан өтушi _____________
                               (толық А.Ә. (бар болған жағдайда) Т.)
тағылымдамадан өтудің бағдарламасын және жеке тағылымдама жоспарын толық орындады.
      Тағылымдама жетекшісі _________________________________________
                                   (қолы, аты-жөні,тегі)

М.О.