Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы аудандық мәслихатының 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 21/3 шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаментімен 2013 жылғы 22 қазанда № 2385 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Ордабасы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешiм алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Аудандық мәслихаттың сессиясының төрағасы  Н.Ақмұратов

      Аудандық мәслихат хатшысының
      міндетін атқарушы                          Б.Садвахасов

Ордабасы аудандық мәслихатының
2013 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 21/3 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Әлеуметтік көмек Ордабасы ауданының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде тұрақты тұратын мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы қағидада қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      9) уәкілетті ұйым – «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      4. Осы қағиданың мақсаты үшін әлеуметтік көмек ретінде Ордабасы ауданы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      5. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      7. Әлеуметтік көмек мынадай мереке күндеріне көрсетіледі:
      1) Жеңіс күніне орай - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, олардың жесірлеріне, біржолғы 57,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) қарттар мен мүгедектер күніне орай - үйде арнаулы әлеуметтік күтімге алынған қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға, біржолғы 1,3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
      8. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау
және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу
тәртібі

      9. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:
      1) басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдарға, біржолғы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) күтім көрсетуге мұқтаж 80 жастан асқан қарт адамдарға, жол жүрумен байланысты шығындарын өтеуге, ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      3) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мұқтаж мүгедектерге қоларбамен қамтамасыз етуге:
      серуендеуге арналған қоларбаға 55,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      бөлмеге арналған қоларбаға 24,7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      4) зейнеткерлер мен мүгедектерге шипажай немесе оңалту орталықтарына жолдама үшін, біржолғы 34,7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      5) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарға, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалары бар отбасыларына және өмірлік қиын жағдайларға ұшыраған аз қамтамасыз етілген отбасыларға бiржолғы 28,9 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      6) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға, біржолғы 72 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      7) отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ірі қара мал алу үшін бiржолғы 92 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде.
      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтар бір ай мерзім ішінде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру қажет.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста алпыс пайызынан аспайтын табыстың болуы.
      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін аудандық мәслихат бекітеді.
      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Ордабасы ауданы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларға (одан әрі – Үлгілік қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 23-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы қағиданың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық мәслихат белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Ордабасы ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.