Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Қостанай облысы Денисов ауданы мәслихатының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі № 57 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 23 қазанда № 4251 болып тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Денисов аудандық мәслихат ШЕШТІ:
      1. Қоса берілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) мәслихаттың 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 4 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4051 тіркелді, 2013 жылғы 29 наурызда "Наше время" газетінде жарияланған);
      2) мәслихаттың 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 20 "Денисов аудандық мәслихатының 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 4 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4125 тіркелді, 2013 жылғы 24 мамырда "Наше время" газетінде жарияланған).
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихатының кезектен
      тыс сессиясының төрағасы                   А. Мұрзабаев

      Денисов аудандық мәслихатының хатшысы      А. Мұрзабаев

      КЕЛІСІЛДІ:

      "Денисов ауданы әкімдігінің
      экономика және қаржы бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _______________ С.Ф. Рахметова

      "Денисов ауданының жұмыспен қамту
      және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      ___________ Д.Т. Мұсылманқұлова
 

Аудандық мәслихаттың     
2013 жылғы 20 қыркүйектегі 
№ 57 шешімімен бекітілген  

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      3) ең төменгі күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      8) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. Жеңіс күні – 9 мамыр мереке күні болып табылады.

2. Әлеуметтiк көмек алушылар санаттарының тiзбесiн айқындау және әлеуметтiк көмектiң мөлшерлерiн белгiлеу тәртiбi

      5. Әлеуметтiк көмек бiр рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетiледi.
      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және мүгедектеріне тұрмыстық қажеттіліктеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалардың басқа санаттарына, тұрмыстық қажеттіліктерге, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Денисов ауданы мәслихатының 29.04.2014 № 46 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және өз әрекетін 2014 жылғы 1 мамырдан бастап туындаған қатынастарға таратады).
      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі:
      1) барлық санаттағы мүгедектерге, жедел емделуге табыстарды есептемегенде, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      2) барлық санаттағы мүгедектерге, шипажайларға және оңалту орталықтарына жол жүруге және кері қайтуына байланысты, шығындарын өтеу үшін, табыстарды есептемегенде, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
      3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын тұлғаларға, қосымша тамақтануға, табыстарды есептемегенде, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
      4) білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды, білім беру ұйымдарында оқуды төлеуге бағытталған, мемлекеттік бюджеттен өзге төлем түрлерін алушыларды есептемегенде, өтініш жасаудың алдындағы соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (бұдан әрі – ең төменгі күнкөріс деңгейі) төмен табыстары бар отбасылардың жастарына, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды жалғастыратын, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын жастарға табыстарын есепке алмай, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімді алуға байланысты, оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын шығындарын өтеуге, 400 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
      5) өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      6) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың шыққан тұлғаларына өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанға, тұрмыстық қажеттіліктерге, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      7) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарды есептемегенде, 30 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
      8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалардың басқа санаттарына, сонымен қатар 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
      8. Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;
      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;
      3) жергілікті өкілді органдар ең төменгі күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негiздеме болып табылады.
      Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінде.
      9. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетілген жағдайлар туындаған күнінен бастап үш айдан кешіктірілмей ұсынылады.
      10. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтiк көмек көрсету тәртiбi

      11. Мереке күнiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекiтетiн тiзiм бойынша көрсетiледi.
      12. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген, тұлғалар ай сайынғы әлеуметтік көмек алу үшін өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;
      3) әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.
      13. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округтің әкiмiне өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;
      3) Үлгiлiк қағидалардың 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәлiметтердi;
      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген адамдардың (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтердi;
      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.
      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаларда және көшiрмелерде ұсынылады, содан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.
      15. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмi бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.
      16. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгiлiк қағидаларға 23-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiне жiбередi. Ауыл, ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.
      17. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.
      18. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.
      19. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкiмiнен құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.
      21. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажеттi құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауыл, ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      22. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.
      23. Белгiленген негiздемелердiң бiреуi бойынша әлеуметтiк көмек күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде қайта көрсетiлмейдi.
      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;
      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмекті төлеу уәкілетті органмен екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы әлеуметтік көмек өтініш берушінің банктік шотына ақшалай қаражаттарды аудару арқылы жүзеге асырылады.
      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Денисов ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      27. Әлеуметтiк көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;
      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      28. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзгеше тәртiппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн дерекқорын пайдалана отырып жүргiзедi.