Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 223 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 10 қазанда № 8800 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу тәртібін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                 Г. Марченко

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 27 тамыздағы
№ 223 қаулысымен    
бекітілген      

Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары

      Осы Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және екінші деңгейдегі банктерде (бұдан әрі – банктер) клиенттердің металл шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) аллокирленбеген металл шот – тазартылған бағалы металдардың жеке белгілері көрсетілместен оларды есепке алу, сондай-ақ тазартылған бағалы металдарды қолма-қол емес (заттай емес) нысанда қабылдау, орналастыру және сатып алу-сату бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін банк ашатын металл шот;
      2) аллокирленген металл шот – клиенттің банкке жауапты сақтауға берген тазартылған бағалы металдарын заттай нысанда, олардың жеке белгілерін сақтай отырып есепке алу үшін банк ашатын металл шот;
      3) бағалы металдар – алтын, күміс, платина және платина тобының металдары (палладий, иридий, родий, рутений, осмий);
      4) бағалы металдың лигатуралық массасы – қоспаларымен бірге бағалы металдан тұратын құйманың нақты жалпы массасы;
      5) клиенттер – металл шот шартын жасаған жеке және заңды тұлғалар;
      6) металл шот – банк пен клиент арасындағы тазартылған бағалы металдармен операцияларды жүзеге асыру жөніндегі шарттық қатынастарды көрсетудің тәсілі.
      7) өлшеуіш құйма – массасы 1000 грамнан аспайтын және алтын мен күміс үшін бағалы металдың массалық үлесі кемінде 99,99 пайыз және платина мен палладий үшін 99,95 пайыз болатын, Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде өндірілген және Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде не шығарылған елдің заңнамасына сәйкес дайындалған, таңбаланған және сертификатталған, шет мемлекетте белгіленген талаптарына сәйкес келетін құйма;
     8) стандартты құйма – тазарту кезеңінен өткен және:
     кеден одағына қатысушы мемлекеттерде белгіленген талаптарға не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондонның платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін және осы қауымдастықтардың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер өндірген құймалар;
      шығарылған елдің заңнамасына не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондонның платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес дайындалған, таңбаланған және сертификатталған және осы қауымдастықтардың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген шет елде өндірілген құймалар түрінде берілген бағалы металл құймасы;
      9) тазартылған бағалы металдар – өңдеуден өткен және қоспалар мен қосалқы құрамдас бөліктерден тазартылған, Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондонның платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына және/немесе Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде белгіленген сапа стандарттары мен талаптарына және/немесе шығарылған елдің сапа стандарттары мен техникалық талаптарына сәйкес келетін сапаға жеткізілген бағалы металдар, сондай-ақ алтын мен күміс үшін бағалы металдың массалық үлесі кемінде 99,99 пайыз болатын бағалы металдардан жасалған монеталар;
      10) таңба – бағалы металл құймасын жасаушының/өндірушінің белгісі;
      11) химиялық таза масса – бағалы металдың қоспаларды есептемегендегі құймадағы массасы.
      2. Металл шоттар банк пен клиент арасында металл шот шарты жасалған кезде ашылады.
      Металл шоттар аллокирленген және аллокирленбеген деп бөлінеді.
      3. Металл шоттар банк шоттары болып табылмайды.
      Банктер металл шот шартын жасағанға дейін клиенттерді «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдайды.

2. Металл шотты ашу тәртібі

      5. Металл шотты ашу клиенттің банк белгілеген нысан бойынша металл шоттың әр түрі бойынша жеке-жеке металл шот ашу туралы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
      6. Металл шотты ашу туралы өтінішті банк 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды.

3. Металл шотты жүргізу тәртібі

      7. Алтынмен операциялар бағалы металдың химиялық таза массасының сандық бірлігімен, күміспен, платинамен және палладиймен операциялар бағалы металдың лигатуралық массасының сандық бірлігімен жүргізіледі.
      8. Банктер металл шоттар бойынша стандартты және өлшеуіш құймалар, монеталар түріндегі және металл шот шартында көзделген өзге нысандардағы тазартылған бағалы металдармен операцияларды жүргізеді.
      9. Тазартылған бағалы металдармен қарыздар тазартылған бағалы металдарды заттай нысанда клиентке жеткізу жолымен немесе тазартылған бағалы металдарды клиенттің аллокирленбеген металл шоттарына оның тазартылған бағалы металдарды қайта жеткізу міндеттемесіне айырбастай отырып аудару жолымен беріледі.
      10. Тазартылған бағалы металдармен қарыз сомасын өтеу тазартылған бағалы металдарды заттай жеткізу нысанында немесе тазартылған бағалы металдарды клиенттің аллокирленбеген металл шоттарынан аудару жолымен жүзеге асырылады.

1-параграф. Аллокирленген металл шотты жүргізу тәртібі

      11. Заттай нысандағы бағалы металдармен операциялар аллокирленген металл шот шартының негізінде металл шот бойынша жүзеге асырылады.
      12. Аллокирленген металл шот шарты бойынша берілетін құйманың (монетаның) жай-күйін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін оның әрқайсысының жан-жақты сипаттамасымен қоса тазартылған бағалы металды заттай жеткізу жүзеге асырылады.
      13. Аллокирленген металл шот шартында аллокирленген металл шот бойынша жүргізілетін операциялар, аллокирленген металл шотқа аударудың және аллокирленген металл шоттан қайтарудың талаптары, сондай-ақ тазартылған бағалы металдарды сақтаумен және аллокирленген металл шотты жүргізумен байланысты сыйақылар (мүдде) төлеудің тәртібі айқындалады.
      14. Аллокирленген металл шот шарты бойынша банк клиентке мынадай қызмет түрлерін ұсынады:
      1) тазартылған бағалы металдарды қабылдау және аллокирленген металл шотқа аудару;
      2) тазартылған бағалы металдардың жеке белгілерін сақтай отырып, оларды аллокирленген металл шотта сақтау;
      3) тазартылған бағалы металдарды аллокирленген металл шоттан аллокирленбеген металл шотқа және керісінше аудару;
      4) аллокирленген металл шотқа аударылған тазартылған бағалы металдарды кепілге қоя отырып, ұлттық валюта – теңгемен және шетел валютасымен қарыздар беру;
      5) аллокирленген металл шотты жабу;
      6) аллокирленген металл шотқа аударылған тазартылған бағалы металдарды аллокирленген металл шот шартына сәйкес қайтару;
      7) аллокирленген металл шот шартына сәйкес өзге де операциялар.
      15. Тазартылған бағалы металдарды аллокирленген металл шоттарда есепке алу және олар бойынша операциялар жүргізу үшін мынадай жеке белгілер пайдаланылады:
      1) құймалар үшін – құйманың сериялық нөмірі, өндірген кәсіпорынның тауар белгісі, лигатуралық массасы (граммен және/немесе трой унциясымен), негізгі металдың химиялық таза массасы (граммен және/немесе трой унциясымен), сынамы;
      2) монеталар үшін – металдың түрі, лигатуралық массасы (граммен және/немесе трой унциясымен), негізгі бағалы металдың химиялық таза массасы (граммен және/немесе трой унциясымен), сынамы, монетаның номиналы, болған жағдайда соғылған жылы.
      16. Банк аллокирленген металл шотқа заттай нысанда қабылдаған тазартылған бағалы металдар банктің меншігі болып табылмайды және банктің өз атынан және өз есебінен операцияларды жүзеге асыруына рұқсат етілмейді.

2-параграф. Аллокирленбеген металл шотты жүргізу тәртібі

      17. Қолма-қол емес (заттай емес) нысандағы тазартылған бағалы металдарды қабылдау және орналастыру жөніндегі операциялар аллокирленбеген металл шот шартының негізінде жүзеге асырылады.
      18. Аллокирленбеген металл шот шартында аллокирленбеген металл шот бойынша жүргізілетін операциялар, тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шотқа аударудың және аллокирленбеген металл шоттан қайтарудың талаптары, сондай-ақ аллокирленбеген металл шотты жүргізумен, бағалы металдарды аллокирленбеген металл шоттан заттай нысанда аударған және берген кезде олардың жеке белгілерінің өзгеруімен және аллокирленбеген металл шоттың есебіндегі бағалы металл массасының осы шоттағы заттай нысандағы қайтаруға жататын бағалы металдың массасынан ауытқуымен байланысты сыйақылардың (мүдденің) мөлшері мен төлеу тәртібі айқындалады.
      19. Аллокирленбеген металл шоттар:
      1) бағалы металдардың сақтау мерзімі шектеусіз болатын талап еткенге дейінгі шоттар;
      2) аллокирленбеген металл шот шартында бағалы металдарды қайтару мерзімі белгіленетін мерзімді шоттар;
      3) клиентке бағалы металдармен берілген қарыздарды есепке алу шоттары деп бөлінеді.
      20. Аллокирленбеген металл шоттар бойынша тазартылған бағалы металдарды аударумен байланысты операцияларды жүзеге асыру үшін банктер бір біріне аллокирленбеген металл шоттар ашады.
      21. Аллокирленбеген металл шоттарда есепке алынатын тазартылған бағалы металдар тазартылған бағалы металдардың массасында (салмағында) бухгалтерлік есеп тіркелімінде көрсетіледі.
      22. Аллокирленбеген металл шот шарты бойынша банк клиентке мынадай қызмет түрлерін ұсынады:
      1) тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шотқа аудару;
      2) қарызды тазартылған бағалы металдармен беру;
      3) тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шоттан есептен шығару;
      4) аллокирленбеген металл шотты жабу;
      5) аллокирленбеген металл шот шартына сәйкес өзге де операциялар.
      23. Тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шоттарға қабылдау және орналастыру:
      1) тазартылған бағалы металдарды басқа аллокирленбеген металл шоттардан аудару;
      2) тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шоттарға олар заттай жеткізілген жағдайда аудару;
      3) клиентке сатылған немесе банк сатып алған тазартылған бағалы металдарды аудару жолымен жүзеге асырылады.
      24. Аллокирленбеген металл шотқа есептелетін пайыздар, комиссиялық алымдар және аллокирленбеген металл шотты жүргізумен байланысты басқа да сыйақылар (мүдде) аллокирленбеген металл шот шартына сәйкес төленеді.

4. Металл шотты жабу тәртібі

      25. Металл шот, егер металл шот шартында өзгеше көзделмесе, клиенттің өтініші бойынша кез келген уақытта жабылады.
      26. Аллокирленген металл шот жабылған кезде қайтару:
      1) тазартылған бағалы металдарды заттай нысанда клиентке қайтару;
      2) аллокирленген металл шоттағы тазартылған бағалы металдарды сатып алу-сату мәмілесін жасау нәтижесінде ақшаны беру немесе клиенттің банк шотына аудару;
      3) тазартылған бағалы металдарды аллокирленбеген металл шоттарға аудару жолымен жүзеге асырылады.
      27. Аллокирленбеген металл шот жабылған кезде тазартылған бағалы металдарды қайтару:
      1) тазартылған бағалы металдарды басқа аллокирленбеген металл шоттарға аудару;
      2) аллокирленбеген металл шоттардан тазартылған бағалы металдарды заттай нысанда алу;
      3) аллокирленбеген металл шоттағы тазартылған бағалы металдарды сатып алу-сату мәмілесін жасау нәтижесінде ақшаны беру немесе клиенттің банк шотына аудару жолымен жүзеге асырылады.