Радиотелефондық байланыста қолданылатын тілді меңгеру дәрежесін айқындауға арналған тестілеу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 748 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 05 қазанда № 8783 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 15-1) тармақшасына сәйкес,БҰЙЫРАМЫН:
      1. Радиотелефондық байланыста қолданылатын тілді меңгеру дәрежесін айқындауға арналған тестілеу қағидасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі интернет-ресурсында және оның мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналыстыруды;
      3) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментіне мемлекеттік тіркелгені туралы және осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 күн ішінде ақпарат құралдарына жариялау туралы жіберілгенін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Жұмағалиев

Қазақстан Республикасы      
Көлік және коммуникациялар министрінің
2013 жылғы 25 қыркүйектегі    
№ 748 бұйрығымен бекітілген    

Радиотелефондық байланыста қолданылатын тілді меңгеру дәрежесін
айқындауға арналған тестілеу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Радиотелефондық байланыста қолданылатын тілді меңгеру дәрежесін айқындауға арналған тестілеу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-VI Заңына, «Радиотелефон байланысын жүргізу үшін ағылшын тілін білу» А32-16 Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Ассамблеясы (бұдан әрі – ИКАО) Қарарының ережелеріне, «Авиациялық персоналға куәлік беру» ИКАО 1-қосымшасына, «Тілді білуге ИКАО талаптарын енгізу жөніндегі нұсқаулық» ИКАО 9835 құжатына, «Жаһандық келісу үшін тілдік тест жүргізу критерийлері» ИКАО 318 нұсқауына, «Персоналды авиациялық ағылшын тіліне оқыту бағдарламалары бойынша ұсынымдар» ИКАО 323 нұсқауына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағида радиотелефон байланысында қолданылатын тілді білу деңгейін анықтауға тестілеу тәртібін анықтайды.
      3. Осы Қағидаға сәйкес жүзеге асырылатын тестілеу біліктілік болып табылады.
      4. Осы Қағидаларда төмендегі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) әкімшілік қамтамасыз ету – ИКАО шкаласы бойынша тілді білу деңгейін анықтау мақсатында жеке тұлғаларды тестілеуден өткізуді ұйымдастырумен байланысты іс-қимылдар, оның ішінде ұйымдастыру рәсімдері, кандидаттарды тіркеуді қамтамасыз ету, құжаттама мен электрондық деректерді жүргізу және сақтау, талап етілетін жабдықты, бағдарламалық құралдарды, жайларды дайындау және олардың функционалдық жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету (материалдық-техникалық қамтамасыз ету);
      2) бағалау – белгіленген стандартқа қатысты, сондай-ақ қажет болған жағдайда, осындай тест тапсырған басқа тест тапсырушылардың нәтижелерімен салыстыру жүргізуге мүмкіндік беретін, тілді білуге тест тапсыру кезінде кандидат цифрлық немесе кодталған нысанда көрсеткен, аралық немесе соңғы нәтиже;
      3) емтихан алушы (тест алушы) – тест тапсырушы (кандидат) тест барысында белгілі бір тілдік тапсырманы орындау үшін қарым-қатынас жасайтын, тиісті біліктілігі бар және дайындықтан өткен маман;
      4) мақұлдау (мақұлдау рәсімі) – белгіленетін рәсімдердің, іс-әрекеттердің және т.б., сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалар функцияларының ерікті түрде мақұлдау туралы құжаттар беру арқылы (қағазға шығарылған түрде немесе электрондық коммуникациялық құралдар арқылы) не болмаса жазбаша түрде келісілген соң мақұлдау нысанын қолдану шеңберінде Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерімен анықталатын қажетті тексерістер жүргізген соң, белгіленген талаптарға, ережелерге, стандарттарға, шарттарға және т.б. сәйкес келетінін мойындау;
      5) рейтер (бағалаушы) – тестілеу рәсіміне қатысатын, тиісті біліктілігі бар және дайындықтан өткен, тест барысында тест тапсырушы көрсеткен тілдік құзыреттілік деңгейін тікелей бағалайтын маман;
      6) тест (тестілеу жүйесінің) әкімшісі - әкімшілік қамтамасыз етуді жүзеге асыратын тұлға;
      7) тест (тестілеу жүйесі) – барлық қажетті компоненттердің, оның ішінде тест материалдарының, тестіні белгіленген талаптар деңгейінде ұстап тұру үдерісін ұйымдастырудың, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің, ИКАО шкаласы бойынша кейіннен балл және баға қою арқылы тест тапсырушыларды бағалау рәсімдерінің үйлесімділігі;
      8) тест алушы ұйым – радиотелефон байланысында қолданылатын тілді білу деңгейін анықтау мақсатында тестінің қажетті кезеңдерін өткізуді жүзеге асырушы және осы мақсатта филиалдарды құруға немесе өкілдерді белгілеуге құқығы бар заңды тұлға;
      9) тест тапсырушы (кандидат) – тестілеуден өтетін жеке тұлға;
      10) тестілеу – радиотелефон байланысында қолданылатын тілді білуін тек осы мақсат үшін әзірленген тестілер (тестілеу жүйелері) мен рәсімдер арқылы бағалау;
      11) тестіні (тестілеу жүйесін) пайдаланушы – тестілеудің барлық кезеңдерінен өткен және осы ақпараттың негізінде негіздемелі талдау жасай алуы немесе қажетті іс-қимылдарды орындауы үшін оларға тест қорытындылары берілетін жеке немесе заңды тұлғалар;
      12) тестіні талаптар деңгейінде ұстап тұру – тест алушы ұйымның уақыт өткен сайын тестінің (тестілеу жүйесінің) сенімділігін, шынайылығын және қорғалғандығын сақтауға бағытталған қызметі;
      13) шындық – тест қорытындылары тілді білу деңгейіне қатысты дәлме-дәл, негізді және тест жүргізу мақсаттарына сай келетін қорытынды жасауға мүмкіндік беретін дәреже.
      5. Авиациялық станциялар операторларына, әуе қозғалысына қызмет көрсететін диспетчерлерге, ұшақтар, дирижабльдер, тікұшақтар мен көтергіш күшін ұлғайту жүйесі бар әуе кемелері пилоттарына, сонымен бiрге iшкi ұшуды орындау (қызмет көрсету) кезінде әуе кемесi бортында радиотелефон байланысын жүргiзетін штурмандарға, ИКАО тілдік білімін бағалау шкаласы бойынша 4-деңгейден төмен емес жалпы және авиациялық қазақ және орыс тiлдерiн білетінін көрсету қажет және «Авиациялық персоналға куәлік беру» Халықаралық азаматтық авиация конвенциясына 1-қосымшаның 1.2.9.4 Халықаралық стандартының 1-үстемесінде және «А» толықтыруында, сондай-ақ ИКАО Ассамблеясы сессиясының А37-10 Қарарында баяндалған, радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілдерді білуге қойылатын талаптарға сәйкес келуі қажет:
      ол үшін белгіленген барлық ұшу жағдайларында ИКАО стандарттық фразеологиясын пайдалану;
      сөйлеу арқылы байланыс (телефон/радиотелефон) үдерісінде және тікелей қатынастар кезінде еркін қарым-қатынас жасау;
      жалпы, нақты және жұмыспен байланысты мәселелер бойынша тиянақты және анық түсінісу;
      хабарлармен алмасу үшін және түсініспеушілікті тану және мүлде немесе жұмыспен байланысты контекстіде жою үшін (мысалы, ақпаратты тексеру, растау немесе нақтылау арқылы) сәйкес байланыс әдістерін пайдалану.
      6. Авиациялық станциялар операторларына, әуе қозғалысына қызмет көрсететін диспетчерлерге, ұшақтар, дирижабльдер, тікұшақтар мен көтергіш күшін ұлғайту жүйесі бар әуе кемелері пилоттарына, сонымен бiрге халықаралық ұшуды орындау (қызмет көрсету) кезінде әуе кемесi бортында радиотелефон байланысын жүргiзетін штурмандарға, ИКАО тілдік білімін бағалау шкаласы бойынша 4-деңгейден төмен емес жалпы және авиациялық қазақ және орыс тiлдерiн білетінін көрсету қажет және «Авиациялық персоналға куәлік беру» Халықаралық азаматтық авиация конвенциясына 1-қосымшаның 1.2.9.4 Халықаралық стандартының 1-үстемесінде және «А» толықтыруында, сондай-ақ ИКАО Ассамблеясы сессиясының А37-10 Қарарында баяндалған, радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілдерді білуге қойылатын талаптарға сәйкес келуі қажет:
      ол үшін белгіленген барлық ұшу жағдайларында ИКАО стандарттық фразеологиясын пайдалану;
      сөйлеу арқылы байланыс (телефондық/радиотелефондық) процесінде және тікелей қатынастар кезінде еркін қарым-қатынас жасау;
      жалпы, нақты және жұмыспен байланысты мәселелер бойынша тиянақты және анық түсінісу;
      хабарлармен алмасу үшін және түсініспеушілікті тану және мүлде немесе жұмыспен байланысты контекстіде жою үшін (мысалы, ақпаратты тексеру, растау немесе нақтылау арқылы) сәйкес байланыс әдістерін пайдалану.
      7. Тілдерді білу деңгейін бағалау (тестілеу) «Авиациялық персоналға куәлік беру» Халықаралық азаматтық авиация конвенциясына 1-қосымшаның Халықаралық стандартының (1.2.9.4-тарау, 1-бөлім) 1-үстемесінде және «А» толықтыруында баяндалған, радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді білуге қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері бойынша сәйкес Куәлікке біліктілік белгісі енгізіледі.
      8. Ішкі және халықаралық ұшуды орындайтын және/немесе қызмет көрсететін авиациялық персоналдың ИКАО тілді білуді бағалау шкаласы бойынша жалпы және авиациялық тілдерді білу деңгейін растау мерзімділігі:
      4-деңгей – үш жылда бір реттен сирек емес;
      5-деңгей – алты жылда бір реттен сирек емес;
      6-деңгей – тілдерді білу деңгейін она әрі растаудан босатылады.
      9. Радиотелефон байланысын жүзеге асырмайтын авиациялық персонал тест тапсырмайды.
      10. Тестіні (тестілеу жүйесін) ИКАО тілдерді білуді бағалау шкаласы бойынша жалпы және авиациялық тілдерді білу деңгейі туралы біліктілік белгісін алуға жататын әрбір маманның өзі таңдайды. Бұл ретте тестіні (тестілеу жүйесін) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мақұлдайды.
      11. «Авиациялық персоналға куәлік беру» Халықаралық азаматтық авиация конвенциясына 1-қосымшаның 1.2.9.4 Халықаралық стандартының 1-үстемесінде және «А» толықтыруында, сондай-ақ ИКАО Ассамблеясы сессиясының А37-10 Қарарында баяндалған, радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілдерді білуге қойылатын талаптарға сәйкестік үшін ИКАО тілдік білімін бағалау шкаласы бойынша білу деңгейін анықтауға жалпы және авиациялық қазақ және орыс тiлдерiн білетінін бағала 01.06.2014 жылдан бастап енгізіледі.

2. Радиотелефондық байланыста қолданылатын тілді меңгеру
дәрежесін айқындауға арналған тестілеу тәртібі

      12. Тестілеуді өткізуді ұйымдастыруға қажетті жайларды, жабдықты, персоналды және құжаттаманы дайындау кіреді.
      13. Тест алушы ұйымның қызметі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның осы Қағидалардың нормаларға сәйкестігіне келісу рәсімін жүргізуін талап етеді.
      14. Тест алушы ұйымның филиалдары немесе өкілдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органымен дәл осындай келісу рәсімінен өтеді.
      15. Тест алушы ұйым радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиациялық персоналды тестілеу жөніндегі нұсқауды (онан әрі - Нұсқау) әзірлейді.
      16. Нұсқауда мыналар анықталады:
      1) тест тапсырушылар аудиториясы;
      2) тест (тестілеу жүйесінің) мақсаттары;
      3) тестілеу үдерісін ұйымдастыру, тестілеу үдерісінің әрбір кезеңі үшін тиянақсыз және анық нұсқаулар беру;
      4) жай, жабдық, бағдарламалық қамтамасыз ету сипаттамасы;
      5) тестінің (тестілеу жүйесінің) форматы;
      6) филиалдардың және/немесе өкілдердің қызметі;
      7) тестіні қайта тапсыру саясаты мен рәсімі;
      8) қойылған бағалар туралы есептілік тәртібі;
      9) апелляцияларды беру және қарастыру тәртібі;
      10) тестіні қорғау үшін қолданылатын шаралар;
      11) есеп жүргізуді ұйымдастыру.
      17. Нұсқауда тест алушы топтың құрамы мен тестіні (тестілеу жүйесін) әзірлеушілер туралы ақпарат, тест алушы топ қатысушыларын даярлау және біліктілігін қолдау тәртібі, тестіні (тестілеу жүйесін) талаптар деңгейінде қолдау тәртібі, тестіні (тестілеу жүйесін) жетілдіру үдерісінің сипаттамасы, сондай-ақ тест алушы топ қатысушылары туралы біліктілік ақпараты бар Қосымша түріндегі тізім беріледі.
      18. Радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиациялық персоналды тестілеу жөніндегі нұсқау келісіледі, ал тест алушы топ қатысушылары туралы біліктілік ақпараты бар тізімі қоса берілген Қосымша тестіні (тестілеу жүйесін) келісу рәсімін өткізбей тұрып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітіледі.
      19. Радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиациялық персоналды тестілеу жөніндегі нұсқауды келісу және оның қосымшасын бекіту үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ерікті нысанда толтырылған өтініш пен тест алушы топ қатысушылары құжаттарының (базалық білім туралы, емтихан алушылар және/немесе рейтерлер курстарын аяқтағандығы туралы құжат) көшірмелері жолданады.
      20. Сонымен қатар тест алушы ұйым нәтижелер бойынша беретін Сертификаттың үлгісі келісіледі.
      21. Сертификаттың орыс және/немесе ағылшын тілдеріндегі, немесе халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) басқа ресми тілдерде жазылған бірдей жазбалары болуға тиіс.
      22. Сертификатта міндетті түрде ИКАО шкаласының әрбір бағаланатын элементі бойынша нәтижелер, қорытынды нәтиже, тестілеуді өткізу күні, тест тапсырушының дербес коды, фото мен жеке деректері көрсетіледі.
      23. Нұсқау мен Сертификат Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тестілеу жүйесін келісудің ажыратылмас бөлігі болып табылады.
      24. Радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиация персоналын тестілеу бойынша нұсқаудың келiсу рәсiмінiң және азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның оған қосымшаны бекiтуiнің жалпы мерзiмi өтінішті алған сәттен бастап 30 (отыз) күнтiзбелiк күнді құрайды.
      Берілген құжаттардың толықсыздығы айғағы анықталған немесе Нұсқаудың мазмұны осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келмеген жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган аталған мерзімдерде өтiнiш берушiге өтінішті онан әрі қарастыру туралы жазбаша дәлелдi бас тарту береді.
      25. Тестіні (тестілеу жүйесін) әзірлеу тестілеуге жатпайды және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісуін талап етпейді.
      26. Тестіні (тестілеу жүйесін) әзірлеуді жүзеге асыратын тұлғалар осы Қағидалардың 4-бөлімінде және ИКАО 9835 Құжатында аталған талаптарға сәйкес болуы қажет.
      27. Егер радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиациялық персоналды тестілеуден басқа, оны ағылшын тілі саласында кәсіптік даярлау жүргізілсе, оқыту нұсқаушылары өздері сабақ өткізген кандидаттардан тест алуға қатыса алмайтын рәсім қамтамасыз етіледі.
      28. Оқыту жүргізетін нұсқаушылар құрамы өз кандидаттарын тестілеу үдерісінде емтихан алушылар (тест алушылар) және рейтерлер (бағалаушылар) ретінде пайдаланыла алмайды.
      29. Емтихан алушылар (тест алушылар) тест тапсырушылардың (кандидаттардың) жұмыстағы әріптестері (тест тапсырушылар (кандидаттар) сияқты азаматтық авиация ұйымында сол қызметті жүзеге асыратын тұлғалар) болмауға тиіс.
      30. Радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді білу деңгейін ИКАО шкаласы бойынша анықтау кезінде сапаны қамтамасыз ету мақсатында бір рейтер (бағалаушы) бір күнде үштен артық тестіні тексеруді жүзеге асыра алмайды, ал бір емтихан алушы күніне 6-дан артық адамнан тест ала алмайды.
      31. Емтихан алушыны (тест алушыны) рейтерлердің (бағалаушылардың) бірі ретінде пайдалануға рұқсат етіледі, бұл Нұсқауда міндетті түрде көрсетіледі. Бұл ретте маман емтихан алушыларға да (тест алушыларға), рейтерлерге де (бағалаушыларға) қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес емтихан алушы-рейтер деп аталады.
      32. Тест алушы топқа қатысушылар ретінде пайдаланылатын тесттің (тестілеу жүйесінің) қажетті талаптарына сәйкес келетін шеттегі персонал тартылуы мүмкін.
      33. Радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді білу деңгейін анықтауға тестілеу (онан әрі – тестілеу) қалалық және ұялы телефондар сөндіріліп, есігі жабылатын жеке жайда өткізіледі.
      34. Тест алынатын адамдарға тестілеу үдерісін әр түрлі пішімде жазып алуға мүмкіндік беретін кез келген электрондық аппаратураны, сондай-ақ жеке заттары салынған сөмке немесе портфель ұстап кіруге рұқсат етілмейді.
      35. Тестілеу рәсімі үш кезеңнен тұрады: тестілеу, тексеру, бағалау.
      36. Тікелей тестілеуді емтихан алушы мен тест тапсырушының микрофонмен жасақталған бас гарнитуралары арқылы жазып алынған сөйлесуді қоса алғанда, жергілікті немесе жаһандық желі бойынша қатынастан оқшауланған компьютерге цифрлық пішімде толық жазып алу керек.
      37. Жазып алу мүмкіндігі бар бейнебақылау немесе бейнетіркеу элементтері қосымша түрде орнатылуы мүмкін.
      38. Тестілеуге тек емтихан алушы мен емтихан тапсырушы ғана қатысуға құқылы.
      39. Тестілеу басталмас бұрын тест тапсырушы кандидатты тіркеу бойынша қажетті шаралар пайдаланылатын тестіге (тестілеу жүйесіне) тән рәсімдерге сәйкес жүргізіледі.
      40. Тестілеу басталар алдында және жазба қосылмас бұрын емтихан алушы тест тапсырушының жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкестігін тексереді, тест алды брифингін өткізеді, онда тест пішімін, апелляция рәсімін сипаттайды және тест (тестілеу жүйесі) нұсқасының мазмұнымен байланысты емес сұрақтарға жауап береді.
      41. Жазу қосылған соң тест (тестілеу жүйесі) нұсқасын талқылаумен байланысты емес кез келген сөйлесуге рұқсат етілмейді, ал емтихан тапсырушы тестілеу мақсаттарынан саналы түрде ауытқығанда, емтихан алушы тестілеуді тоқтатады.
      42. Емтиханның дыбыстық жазылуында емтихан тапсырушының тегіне және/немесе лауазымына қандай да бір нұсқаулар (артық дербес деректер) болмауға тиіс. Олар байқалғанда дыбыстық жазылудың бұл элементі жойылуға тиіс.
      43. Әрбір тест тапсырушының емтиханы жазылған дыбыстық файлға цифрлар мен әріптер қисынынан тұратын бірегей код беріледі. Бейнежазу бар болғанда оған осыған ұқсас код беріледі.
      44. Нақты тест тапсырушыға қатысты бүкіл құжаттаманың да берілген коды болуға тиіс. Берілген код кейін тестілеу нәтижелерін сұрату үшін тест тапсырушыға хабарланады.
      45. Дыбыстық файлды тест (тестілеу жүйесінің) әкімшісі немесе емтихан алушы бағалау үшін рейтерге береді.
      46. Егер бейнежазу жүзеге асырылса, онда ол рейтерге берілмейді және қажет болғанда тестілеу рәсімінің әділ жүргізілгендігін дәлелдеу үшін қолданылады.
      47. Тест тапсырушының дербес деректері де рейтерге хабарланбайды.
      48. Дыбыстық және бейне файлдар тест алушы ұйымда код нөмірімен кемінде 3 жыл сақталады, оның меншігі болып табылады, сондықтан олар дауларды шешу кезінде ғана талап етілуі мүмкін.
      49. Бағалауды кемінде екі рейтер (бағалаушы) жүргізеді. Олардың қойған бағасында айырмашылық болған жағдайда, олардан біліктілігі жоғары үшінші рейтерден (бағалаушыдан) кеңес алынады.
      50. Бағалау үдерісіне үшінші рейтер (бағалаушы) тест тапсырушы бір рейтерден 3 деген, ал екінші рейтерден 4 деген қорытынды баға алған жағдайларда ғана тартылады, себебі осы екі деңгей арасындағы айырмашылық ИКАО бағалау шкаласы бойынша тілді білуін тестілеу кезінде аса сындарлы сипатта болады.
      51. Тілді білу деңгейін рейтерлердің қайсысының анықтағаны жария етілмейді.
      52. Рейтер қолданылатын тест пішіміне сәйкес тест қорытындысы жазылған құжатты толтырады, онда тест коды, тест алынған күн, деңгей анықталған күн және тексерілген әрбір элемент бойынша нәтижелер көрсетіледі. Бағалауды бірнеше рейтер жүргізген жағдайда, мұндай құжатты әрқайсысы жеке толтырады.
      53. Тест алушы ұйым тест қорытындыларын персоналын тестілеуден өткізуді ұйымдастырған және ақысын төлеген азаматтық авиация ұйымы өкіліне ғана немесе тест алушы ұйымға жеке өтініш берген тест тапсырушыға ғана береді.
      54. Тестілеу нәтижелері бойынша деңгей анықтауға арналған тестілеуден өткендігі туралы сертификат беріледі.
      55. Радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді білу деңгейі ИКАО шкаласына сәйкес алты элементтің ең төменгісі бойынша қойылған цифрлық бағаны білдіреді.
      56. Берілген сертификаттар тест тапсырушының қолы қойылып, тест алушы ұйымның жеке журналында тіркеледі.
      57. Кандидатты кез келген уақытта қайта тестілеуге болады. Егер қайта тестілеу алдыңғы тест тапсырған ұйымда өтсе, тест нұсқасының қайталануы мүмкін емес. Қайта тестілеу саны шектелмейді, ол тест алушы ұйымның тестінің әр түрлі нұсқасын қамтамасыз ету мүмкіндігіне және кандидаттың жеке қабілетіне байланысты.
      58. Қойылған бағалар туралы ақпарат тиісті дыбыстық және бейне материалдармен бірге сертификаттың бүкіл жарамдылық мерзімі бойында сақталады.
      59. Егер тест тапсырушы алынған нәтижелердің әділдігіне күмән келтірсе, онда ол тестілеу өткізген ұйымға ерікті нысанда жазылған апелляциялық өтініш береді.
      60. Апелляция оны тіркеген сәттен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарастырылады.
      61. Апелляцияны қарастырған кезде тест тапсырушыға әсер ететін ақтаушы жағдайлар (жеке сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тест өтетін күні сырқаттанып қалуы) ескеріледі.
      62. Апелляция тест алушы топтың нұсқаулықта белгіленген қатысушыларының берілген өтінішті қарауын, емтихан алушы мен рейтерлер толтырған құжаттарды тексеруін, дыбыстық жазбаны тыңдауын, бар болса, бейне жазбаны қарастыруын білдіреді.
      63. Нәтижелер бойынша ерікті нысанда қорытынды немесе бағаны негіздеу парағы құрастырылады, онда пайдаланылатын тест (тестілеу жүйесі) пішіміне сәйкес қойылған нәтиже бойынша қажетті түсіндірмелер болады, олар көрсетіледі, түсіндіріледі, бірақ тараптар уағдаласқан жеке кездесуде тест тапсырушыға берілмейді.
      64. Тілді білу деңгейін анықтау кезінде тест алушы ұйым тарапынан жіберілген қате табылған жағдайда, берілген сертификат тегін ауыстырылады.
      65. Егер апелляциялық өтініш беру тақырыбы расталмаса, өтініш онан әрі қарастырылмайды, ал тест тапсырушы кандидат қайта тестілеуден өте алады.

3. Тестіге (тестілеу жүйесіне), сондай-ақ тест алушы топқа
қойылатын талаптар

      66. Тестінің (тестілеу жүйесінің) құрылымы, тестілеу сұрақтарының іске асырылу аспектілері мен бақылау тізбелері, егер осы Қағидаларда өзге аталмаса, «Авиациялық персоналға куәлік беру» ИКАО 1-қосымшасының, «Тілді білуге қойылатын ИКАО талаптарын енгізу жөніндегі нұсқау» ИКАО 9835 құжатының, «Жаһандық келісу үшін тілдік тестілеу критерийлері» ИКАО 318 Нұсқауының ережелеріне негізделеді.
      67. Тест (тестілеу жүйесі) ИКАО тілді білу деңгейін анықтау шкаласы бойынша жалпы және авиациялық тілді білу деңгейін жоғары сенімділік дәрежесімен анықтауға және лингвистиканың, тестологияның және авиациялық тілдің келесі шарттары мен талаптарына сай болуға тиіс:
      1) тест (тестілеу жүйесі) біліктілікті анықтайтын, яғни, маманның ИКАО бағалау шкаласы бойынша белгілі бір деңгейге жетуін растайтын болуға тиіс;
      2) тест (тестілеу жүйесі) жеке, яғни, бір ғана тест тапсырушының тілді білу деңгейін тексеретін болуға тиіс (бірнеше кандидаттан бір уақытта тест қабылдауды ұйымдастыру сонша емтихан алушының болуын талап етеді);
      3) тест (тестілеу жүйесі) барабар болуға тиіс, тест тапсырмаларының шынайылығы барабар мәтінді таңдау, негізделген тест шарттарын жасау, тапсырмалардың тиісті түрлерін іріктеу арқылы қол жеткізіледі, себебі аударылған материалдарды, ойдан шығарылған тест шарттарын және тапсырмалардың дұрыс емес түрлерін қолдану бағалаудың баламалығына тікелей әсер етеді;
      4) тест (тестілеу жүйесі) сайма-сай болуға, яғни, ИКАО 9835 құжатында көрсетілген авиациялық радиотелефон байланысы тілінің тақырыптары мен функцияларының қаншалықты толық қамтылғанын көрсетуге тиіс;
      5) тест (тестілеу жүйесі) шынайы болуға, яғни, жалпы және авиациялық тілді білу деңгейін анықтау бойынша тестілеу тапсырмаларын әділ шешуге тиіс (шынайы емес тестілер қойылған бағаның тілдің тестілеуге жататын саласындағы шынайы тілдік құзыретке сәйкестігіне кепілдік бере алмайды);
      6) тест (тестілеу жүйесі) сапалы, яғни, шындық, сенімділік, тәжірибелік, үнемділік, дұрыстық және нақтылық сипаттарына ие болуға тиіс;
      7) тест (тестілеу жүйесі) коммуникативті-бағдарланған, яғни, түрлі жағдайларда сөйлесу мақсаттарын іске асыру үшін коммуникативті құзыретті қолдану деңгейін өлшеуге тиіс;
      8) тестінің (тестілеу жүйесінің) тапсырмалары ИКАО бағалау шкаласының барлық алты элементі бойынша тілді білу деңгейін анықтауға тиіс (айтылуы, құрылымы (грамматикасы), сөздік қор, сөйлеу шапшаңдығы, түсіну, сөйлесу (өзара әрекет ету));
      9) әрбір тест тапсырушының тілдік құзыреті деңгейінің қорытынды бағасы ИКАО біліктіктілік анықтау шкаласына қосылған алты дағдының әрқайсысын тексерген кезде қойылатын баллдардың орташа шамасы немесе жалпы сомасы ретінде емес, қойылған бағалардың ең төменгісі бойынша анықталады;
      10) тест (тестілеу жүйесі) тілді білу деңгейін тікелей тестілеу әдісімен, яғни, тестінің бір кезеңі ретінде сөйлесуге кететін уақытты ғана есептеп, жеке сөйлесу кезінде тексеруге тиіс;
      11) тест (тестілеу жүйесі) көп нұсқалы болуға тиіс (оның бір нұсқалы болуы тестіден екінші рет өтетіндердің тест мазмұнымен танысып алуына мүмкіндік береді);
      12) тест (тестілеу жүйесінің) тапсырмалары бірте-бірте күрделіленуге, яғни, тест тапсырушыны аса күрделі тапсырмаларға дайындайтын жай әңгімелесуден басталуға тиіс;
      13) тест арқылы тексеру объектісі, өзгелерден бөлек, бастамашыл және кездейсоқ сөз болуға тиіс;
      14) тест (тестілеу жүйесі) сөйлеу қызметінің екі түрін ғана – тыңдалымды және айтылымды тексеруге тиіс; оқылым мен жазылым тексеруге жатпайды;
      15) тест (тестілеу жүйесі) тапсырмалардың тақырыптық тазалығын қамтамасыз етуге тиіс, яғни, тестіде ол арналмаған нәрсе тексерілмеуге тиіс;
      16) тест (тестілеу жүйесі) авиациялық қызметтің ерекшелігін көрсетуге, яғни, тест тапсырушылардың кәсіптік міндеттерін орындау барысында ауызекі сөйлеу тілін қолдануын қамтамасыз етуге тиіс, бұл жағдай олардың қабілеттерінің бағалау шкаласының әрбір дискрипторы мен холистикалық критерийлеріне сәйкес келетіндігін көрсетуге мүмкіндік береді;
      17) фразеологияны ғана тестілеу тиімсіз, яғни, тілді білу деңгейін анықтау үшін тестілеу өткізу кезінде радиоалмасу фразеологиясы элементтері бар жауаптар тиімділігі немесе технологиялық жағынан дұрыстығы бойынша бағаланбауға тиіс;
      18) тест (тестілеу жүйесі) техникалық білімді бағалау үшін әзірленбеуге тиіс;
      19) грамматиканы білуін, оқи немесе жаза білуін жанама тестілеуге болмайды;
      20) басқа арнайы контекстілердегі (мәселен, академиялық мақсатта немесе бизнес үшін) тілдік құзыретті тексеруге арналған тест (тестілеу жүйесі) тиімсіз;
      21) «жалпы тестілер» немесе басқа мақсаттарда әзірленген тестілер алдын ала тестілеу үшін ғана қолданылуы мүмкін.
      68. Кандидатты тестілеу рәсімі ИКАО шкаласы бойынша тілдік жүйенің барлық элементтерін және біріншіден бастап алтыншыны қоса алғанда тілді білу деңгейін анықтау үшін жеткілікті болуға тиіс. Тапсырманы әдетте бір рет, дыбыстық тапсырманы екі рет беруге болады.
      69. Тест алушы топтың құрамына тест жасаушылар, әзірлеушілер, әкімшілер, сондай-ақ емтихан алушылар (тест алушылар) мен рейтерлер (бағалаушылар) кіруі мүмкін.
      70. Тест алушы топтың барлық қатысушылары ИКАО мынадай басылымдарын білуге тиіс:
      1) 1-қосымша, сәйкес Стандарттар мен Ұсынылатын практика;
      2) Холистикалық критерийлер (1-қосымшаға 1-үстеме) және ИКАО бағалау шкаласы (1-қосымшаға А толықтыруы);
      3) ИКАО тіл білуге қойылатын талаптарын енгізу нұсқаулығы (9835 құжаты);
      4) ИКАО топтастырылған сөйлеу үлгілері.
      71. Тестіні (тестілеу жүйесін) әзірлеушілердің авиация, тілдік тестілерді әзірлеу және лингвистика саласында білімі мен практикалық тәжірибесі болуға тиіс, атап айтқанда:
      1) ұшу экипажының мүшесі, ӘҚБ диспетчері немесе авиациялық станция операторы ретінде радиотелефон байланысын жүргізу тәжірибесін қоса, авиация маманының кәсіптік құзыреті, авиациядағы жұмыс тәжірибесі болу және қолданыстағы ережелер мен рәсімдерді іс жүзінде қолдана білу;
      2) тілдік тестілерді әзірлеу саласындағы мамандандыруды қоса алғанда, сәйкес білім алу кезінде және жұмыс барысында алынған тілдік тестілерді әзірлеу саласындағы маманның құзыреті, тілдік тестілерді әзірлеу саласындағы үлгілік практика қағидаттарын практикалық білу және қолдану ептілігі;
      3) теориялық және қолданбалы лингвистика қағидаттарын практикалық білу және қолдану ептілігін, тіл үйрету қағидаттарын білуді және оларды практикада қолдана білуді, тіл үйрету тәжірибесін қоса алғанда, лингвистер құзыретін білуге тиіс.
      72. Тест (тестілеу жүйесінің) әкімшілері мен емтихан алушылар (тест алушылар) тест алушы ұйымның радиотелефон байланысын жүзеге асыратын авиациялық персоналды тестілеу нұсқаулығында көрсетілген тестіні әкімшілік қамтамасыз ету қағидаттарын білуге және оларды іс жүзінде қолдана білуге тиіс.
      73. Тест әкімшілері компьютермен және тестілеу үшін қолданылатын жабдықтың жұмысын тез арада қалпына келтіруге көмектесетін электрондық техникамен жұмыс істеуді білуге тиіс.
      74. Емтихан алушылар (тест алушылар) мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      1) емтихан алушыларды (тест алушыларды) алғашқы даярлау курсын сәтті аяқтау;
      2) лингвистер үшін оқу барысында және онан әрі жұмыс кезінде ИКАО шкаласы бойынша тілді кем дегенде әңгімелесе алатындай деңгейде, ИКАО шкаласы бойынша 5-ші жоғары деңгейде және егер тест ИКАО шкаласы бойынша тілді 6-деңгейде білуін бағалау үшін әзірленген болса, ИКАО шкаласы бойынша 6-шы кәсіптік деңгейде білетіндігін көрсету, сондай-ақ радиотелефон байланысында пайдаланылатын жалпы және авиациялық тілді үйретудің кемінде бір жыл тәжірибесі болуы;
      3) емтихан алушылар ретінде тартылған ұшқыштар, авиадиспетчерлер және авиация станцияларының операторлары үшін тілді ИКАО шкаласы бойынша кем дегенде 5-ші жоғары деңгейде толық білу;
      4) жылына бір рет емтихан алушылардың (тест алушылардың) біліктілігін арттыру курстарынан сәтті өту;
      5) авиация қызметінің пайдалану аспектілерін білу немесе тілдік тестілеу саласында не болмаса екі салада да білімі мен тәжірибесі болуға тиіс.
      75. Рейтерлер (бағалаушылар) мынадай талаптарға сай болуға тиіс:
      1) рейтерлерді (бағалаушыларды) алғашқы даярлау курсын сәтті аяқтау;
      2) оқу барысында және онан әрі жұмыс кезінде ИКАО шкаласы бойынша тілді кем дегенде әңгімелесе алатындай және рейтерлік бағалай алатындай деңгейде, ИКАО шкаласы бойынша 5-ші жоғары деңгейде және егер тест ИКАО шкаласы бойынша тілді 6-деңгейде білуін бағалау үшін әзірленген болса, ИКАО шкаласы бойынша 6-шы кәсіптік деңгейде білетіндігін көрсету;
      3) жылына бір рет рейтерлердің (бағалаушылардың) біліктілігін арттыру курстарынан сәтті өту;
      4) авиациялық тілді білу, сөздік қорының болуы және тест сұрақтары, тапсырмалары ретінде және сөйлесу кезінде қолданылатын сөйлем құрылымдарын білу.

4. Тестіні (тестілеу жүйесін) келісу

      76. Тестіні (тестілеу жүйесін) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда келісу рәсімінен өткізу қажет.
      77. Тест алушы ұйым (филиал, өкілдері) келісу рәсімін өткізу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда жазылған өтініш береді.
      78. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өтінішті алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарастырады және келісу рәсімін өткізу туралы шешім қабылдайды.
      79. Азаматтық авиация саласында уәкiлеттi орган келісу рәсімін өткізу басталғанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, келiсу рәсiмiн бастаған күн туралы өтiнiш берген ұйымға жазбаша хабарлайды. Бұл ретте келiсу рәсiмiнің жалпы мерзiмі 20 (жиырма) жұмыс күнiнен аспайды.
      80. Егер келісу рәсімі АОО сертификаттау шеңберінде өткізілсе, онда қосымша өтініш берудің қажеті жоқ, ал тестіні (тестілеу жүйесін) келісуге берілген өтінім АОО сертификаттау туралы өтініштің жалпы контекстінде көрсетіледі.
      81. Тестіні (тестілеу жүйесін) келісу рәсімін өткізгені үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін салық алымдары алынбайды.
      82. Келісу рәсімін өткізгенде жоғары сапа дәрежесін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді меңгеру деңгейін анықтауға тестілеу саласындағы білікті персонал жоқ болғанда, шеттегі білікті мамандардың барлық санаттарын тартуға рұқсат етіледі.
      83. Келісу рәсімі сәтті өткен жағдайда, мақұлдау рәсімі аяқталғаннан кейін хабарламада көрсетілген күнге сәйкес 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қызметтің осы түрін жүзеге асыру үшін ерікті нысанда жазылған рұқсат беріледі.
      84. Егер мақұлдау рәсімі АОО сертификаттау шеңберінде өтсе, онда мақұлдау алудың уақытша шеңберлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификаттау және сертификат беру ережелеріне сәйкес АОО сертификаттау үшін анықталатын мерзімдермен анықталатын болады.
      85. Осы Қағидалардың талаптарына, ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес келмейтін шарттар, құралдар, талаптар мен рәсімдер анықталған жағдайда келісу рәсімі аяқталғаннан кейін өтініш берушіге хабарламада көрсетілген күнге сәйкес 7 (жеті) жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессіздіктердің себептері мен келісу рәсімін қайта өткізу немесе кемшіліктерді жою бойынша қойылған талаптар орындалғаннан кейін келісудің болжамды мерзімдері көрсетілген, келісудің мүмкін еместігі туралы ерікті нысанда жазылған хат жолданады.
      86. Тест алушы ұйым келісу рәсімін өткізу барысында:
      1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген Сертификатының және Нұсқауының, сондай-ақ Нұсқауға бекітілген қосымшасының барын;
      2) тестілеу қызметінің мақұлданған Нұсқау мен оған бекітілген қосымшасындағы ережелерге сәйкестігін;
      3) тестілеу өткізу үшін техникалық құралдарының және қажетті жағдайларының барын;
      4) тестілеу өткізу рәсімін мысал ретінде (пилоттық нұсқасында) көрсету;
      5) тест тапсырушы кандидаттарды тіркеу, деректерді сақтау және сертификаттар беру рәсімдерін;
      6) тест алушы топ қатысушылары біліктілігінің сәйкестігін көрсетеді.

5. Тестіні әкімшілік қамтамасыз ету және қорғау

      87. Тест пішімімен танысу үшін және ИКАО 9835 құжатының ережелеріне сәйкес тест алушы ұйым төмендегілерді қоса тестілеуді өткізудің толық үлгісін (сайтта немесе нұсқаулық материал ретінде):
      1) тест тапсырушы ұсынған құжаттарды;
      2) тест алдында өтетін нұсқаманы;
      3) тестілеу журналының үлгісін;
      4) түрткі болатын сұрақтардың және тест алушыға арналған нұсқаулардың үлгілерін;
      5) рейтердің деңгейін (бағалау шкаласын) анықтау кезінде қолданатын құжаттарын;
      6) тыңдалым сессиясы үшін дыбыстық жазбалардың толық бір үлгісін (дыбыстық тапсырмаларды тыңдау және олардың мазмұны бойынша сөйлесу);
      7) тест тапсырушы мен тест алушының әңгімелесу барысының үлгісін (мәтін немесе дыбыстық жазба түрінде) жариялайды.
      88. Тест өткізілетін жай мен жабдыққа қойылатын талаптарда тест өткізетін бөлме, тиісті жиһаз бен кез келген дыбыстық жазбаны ойнатуға қажет жабдық, тест барысында қолданылатын түрткі болатын сұрақтар мен нұсқаулар, тестілеу өткізу үшін талап етілетін құлаққаптар мен (қолданылған жағдайда) басқа да кез келген құралдарды бөлу көзделген.
      89. Тестілеу жүргiзетiн орын әдiл тестілеу нәтижелерiн қамтамасыз ету үшiн тестіден өтетiн тұлғалардың ыңғайлы орналасу жағдайларына сай болуы керек. Тест алушы ұйымда талап етілетін тестілерді өткізу үшін білікті емтихан алушылар (тест алушылар) мен рейтерлер (бағалаушылар) жеткілікті болуға тиіс.
      90. Тест алушы ұйым тест (тестілеу жүйесі) құпиялылығының сенімділігін қамтамасыз ету үшін, тестіні қорғау мақсатында мынадай шаралар қолданады:
      1) тест өткізгенге дейін нақты материалдарға, тест нұсқаларына немесе сұрақтарына ешқандай қатынас болмау;
      2) бағалардың құпиялылығын қамтамасыз ету;
      3) тест тапсырмалары бар деректер базасының қорғалуын қамтамасыз ету;
      4) бағалар мен тест материалдары туралы ақпараттың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету;
      5) тестіні әзірлеушілердің, әкімшілерінің, рейтерлердің және тестілеу барысына қандай да бір қатысы бар басқа да қызметкерлердің тестінің құпиялылығын және тұтастығын сақтауын қамтамасыз етуге қатысты міндеттемелерін орындау жөніндегі талаптары;
      6) тестілеу барысында тест тапсырушы мен басқа да адамдардың сөйлесуіне (мысалы, ұялы телефонмен), бір тұлғаның екінші тұлғаның орнына тест тапсыруына, жалған сәйкестендіру құжаттарын қолдануға жол бермеу;
      7) тест тапсырушылар санын, тест тапсырушылардың географиялық және ұйымдық жақындықтарын, тест құрылымының өзгермелілігі ескеріліп, нақты бір тест түрін өткізу үшін қолданылуға тиіс тест нұсқаларының немесе тестілік түрткі болатын сұрақтар мен нұсқаулар санын белгілеу;
      8) тест нәтижелері туралы деректердің шынайылығына кепілдік беру мақсатында тестілеу қорытындысы бар сертификаттарды тест тапсырушының реттік нөмірі мен жеке кодын көрсетіп, Сертификаттарды тіркеу журналына тіркеу;
      9) деректер базасына кіруге тестілеу әкімшісінің ғана рұқсатының барын анықтау.
      91. Есеп жүргізуді ұйымдастыруға:
      1) тест кезінде тест тапсырушы мен емтихан алушы (тест алушы) арасындағы әңгімені қоса, сөйлеу дағдыларын білетіндігін анықтау тестілерінің барлық дыбыстық жазбалары дыбыс жазу аппаратурасымен жазылады;
      2) радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді білу деңгейін анықтауға арналған барлық тестілердің дыбыстық жазбаларын (қажет болса бейне жазбаларды) ішкі тәртіппен белгіленген уақыт аралығы бойында сақтау;
      3) бағалау парақтарын және оларды растау құжаттарын (электрондық деректерді қоса алғанда) тілді білу деңгейін бағалауға қойылатын талаптарға сәйкес белгіленген, кандидатты аттестаттау жарамдылығының бүкіл мерзімі бойында сақтауға жатады.