Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының 2013 жылғы 28 мамырдағы № 141-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 01 шілдеде № 8537 тіркелді

Қолданыстағы

      «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) (бұдан әрі – Агенттік) Тергеу департаменті (Ә.Н. Хатиев) мен Агенттіктің Заң қызметі департаменті (А.М. Қанапин) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Агенттіктің Әкімшілік департаменті (Қ.М. Қалдықараев) осы бұйрықты Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттік төрағасының орынбасары Ә.Б. Мәтішевке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                          Б. Қуандықов

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Экономика және бюджеттік
      жоспарлау министрі
      _____________ Е. Досаев
      2013 жылғы 29 мамыр

Қазақстан Республикасы   
Бәсекелестікті қорғау агенттігі
(Монополияға қарсы агенттік)
төрағасының        
2013 жылғы 28 мамырдағы  
№ 141-НҚ бұйрығымен бекітілген

Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме

      1. Монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі - Әдістеме) «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.
       Осы Әдістеменің мақсаты тиісті тауар нарығында монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілейтін монопсониялық төмен бағаны айқындау болып табылады.
      2. Осы Әдістеме монополиялық жоғары бағаны белгілеуден көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы анықталған кезде қолданылады.
      3. Осы Әдістемеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында анықталатын мағыналарда пайдаланылады.
      4. Монопсониялық төмен бағаны белгілеу туралы мәліметтерді қарау шеңберінде монополияға қарсы орган мынадай іс-әрекеттерді жүргізеді:
      1) тауар нарығында бағаларды мемлекеттік реттеудің болу фактісін белгілейді;
      2) Заңмен бекітілген бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге немесе сатып алуға арналған мемлекеттің айрықша құқығының (мемлекеттік монополия) болу фактісін белгілейді;
      3) жағдайы монопсониялық болып танылатын нарық субъектісінің (бұдан әрі - Субъект) Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі - Тізілім) болмау фактісін белгілейді;
      4) Тізілімге енгізілген нарық субъектісінің үстем үлесін белгілейді.
      5. Осы Әдістеменің 4-тармағының 1)2)3) тармақшаларында көзделген - талаптардың біреуі белгіленген жағдайда, монопсониялық төмен бағаны белгілеу туралы тергеу жүргізілмейді.
      6. Монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректерді анықтау мақсатында тауар нарығындағы тауар өндіру (өткізу) бағасының және көлемдерінің серпініне, оның ішінде:
      1) Субъектінің тауарды нарық субъектісінде монопсониялық жағдайы жоқ бәсекелес нарықтарда қалыптасқан деңгейден төмен баға бойынша сатып алуға;
      2) сатылатын (өндірілетін) тауарға сұраныс болған кезде өндіру көлемін қысқарту және тауарды өткізуші нарық субъектісінің (бұдан әрі - Сатушы) қуаттарын толық пайдаланбауына;
      3) Субъектінің арандата отырып олардың қызметіне шығындануы
салдарынан екі немесе одан да көп Сатушылардың (өндірушілердің) нарықтан кетуіне талдау жүргізеді.
      7. Тергеу жүргізу кезінде Субъектінің монопсониялық төмен бағаны белгілеу жөніндегі іс-әрекеттерін растайтын фактілердің болуы белгіленеді.
      8. Монопсониялық төмен бағаны белгілеу фактілерін анықтау мақсатында монополияға қарсы орган Сатушының басқа да бәсекелестерінің шығынды болу фактілерін белгілейді.
      9. Егер тауарды сатып алу бағасы бәсекелес нарықта немесе салыстырмалы тауар нарығында қалыптасқан деңгейдегі бағадан төмен болса, монополияға қарсы орган осындай тауарды өндіру және өткізу қажеттілігін бағалау мақсатында Сатушының шығыстары мен пайдасына талдау жүргізеді.
      10. Шешім қабылдау үшін монополияға қарсы орган салыстырмалы талдау, оның ішінде:
      1) Субъектінің, Сатушының және оның бәсекелесінің қаржылық-шаруашылық қызметіне;
      2) Субъекті, Сатушы және оның бәсекелесі тауарының өндірістік және толық өзіндік құнының серпініне;
      3) Сатушының және оның бәсекелесінің тауар бағасының серпініне;
      4) Субъектінің, Сатушының және оның бәсекелесінің тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;
      5) нәтижесінде Сатушының және оның бәсекелесінің тауар бағасы тікелей не жанама қалыптастырылатын шарттарға;
      6) Субъект, Сатушы және оның бәсекелесі ұсынған өзге де негіздемелік материалдарға жүргізеді.
      11. Негізделген шешім қабылдау үшін тексерілетін өнім серпінінде Сатушының сатылатын (өткізілетін) тауарына баға құрылымын талдау керек.
      Сатушының тауардың бір бірлігі үшін қажетті шығындарын бағалау кезінде қажет болған кезде тиісті тауар нарығындағы басқа субъектілердің ұқсас шығындарын салыстырмалы талдау әдісі қолданылады.
      Бұдан басқа, қосымша негіздеме үшін қажет болған кезде Субъекті, Сатушы және тауар нарығындағы басқа да нарық субъектілері бағасының, өзіндік құнының (шығындардың жекелеген баптары) және рентабельділік деңгейінің өсу қарқыны салыстырылады.
      Мәселен, өзіндік құны бағасының өсу қарқыны ұқсас нарық субъектілеріне қарағанда, осы көрсеткіштердің өсу қарқынына қарағанда төмен болса, бұл Субъектінің монопсониялық төмен баға белгілеу бөлігінде үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану мүмкіндігін қосымша растай алады.
      12. Талдау нәтижелері бойынша лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) Заңның 67-бабына сәйкес қорытынды дайындайды.
      13. Монопсониялық төмен баға белгіленген жағдайда, монополияға қарсы орган Заңның 68-бабына сәйкес монополиялық табыстың есебін жүргізеді.