«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Жеңіс күніне Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтiк көмек көрсету ережесі бекітілсін.
2. Осы шешім оны алғашқы ресми жариялаған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Астана қаласы мәслихаты
сессиясының төрағасы М. Шекенов
Астана қаласы
мәслихатының хатшысы С. Есілов
Астана қаласы мәслихатының
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 25/3-V шешіміне
қосымша
Жеңіс күніне Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарына біржолғы әлеуметтiк көмек көрсету
ЕРЕЖЕСІ
Осы Жеңіс күніне Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтiк көмек көрсету ережесі (бұдан әрi – Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексiнің 55-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына, «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңының 20-бабына, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жеңіс күніне мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтiк көмек көрсету (бұдан әрi – Әлеуметтiк көмек) ағымдағы жылдың 9 мамырына Астана қаласында тiркелген және тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.
2. Астана қаласының бюджеті Әлеуметтiк көмектi қаржыландыру көзi болып табылады.
3. Әлеуметтiк көмек «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы» мемлекеттiк мекемесi әкiмшісі (бұдан әрi – Әкiмші) болып табылатын «Жергiлiктi өкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек» бюджеттiк бағдарламасына сәйкес қала бюджетiнде осы мақсаттарға көзделген қаражат шегiнде ұсынылады.
4. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Зейнетақы төлеу жөнiндегi орталығы» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнының Астана қалалық филиалы (бұдан әрi – МЗТО) Әкiмшіге МЗТО деректер қорында тiркелген Ереженің 5-тармағында көрсетiлген санаттарға жататын азаматтар туралы мәлiметтердi ұсынады.
2-тарау. Әлеуметтiк көмек төлеу тәртібі
5. Әлеуметтік көмек 140 000 (жүз қырық мың) теңге мөлшерінде ақшалай төлем түрінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне берiледi.
6. Әлеуметтiк көмектiң сомаларын төлеу ақшалай қаражатты Астана қаласының екiншi деңгейдегi банктер бөлiмшелерi арқылы алушылардың дербес шоттары немесе карталық шоттарына аудару арқылы жүргiзiледi.