Кәсіби стандарттардың құрылымын, оларды әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу және қолдану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2012 жылғы 24 қыркүйектегі № 374-ө-м Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 19 қазанда № 8031 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 138-5-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Мыналар:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Кәсіби стандарт құрылымы;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Кәсіби стандарттарды әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу және қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті (А.Ә. Сарбасов) белгіленген заңнамалық тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                            Г. Әбдіқалықова

Қазақстан Республикасы      
Еңбек және халықты әлеуметтік   
қорғау министрі міндетін атқарушының
2012 жылғы 24 қыркүйектегі  
№ 374-ө-м бұйрығына     
1-қосымша             

Кәсіби стандарт құрылымы

      1. Жалпы ережелер.
      2. Кәсіби стандарт паспорты.
      3. Еңбек қызметі түрлерінің карточкалары.
      4. Кәсіби стандарт бірліктерінің тізбесі.
      5. Кәсіби стандарт бірліктерінің сипаттамасы
      6. Осы кәсіби стандарт негізінде берілетін сертификаттардың түрлері.
      7. Кәсіби стандарттың әзірлеушілері.
      8. Келісу парағы.
      9. Кәсіби стандарт сараптамасы және оны тіркеу.
      Ескертпе:
      1. «Жалпы ережелер» тарауында кәсіби стандарттың қолдану саласы, сондай-ақ терминдер және анықтамалар, қолданылатын қысқартулар сипатталады.
      2. «Кәсіби стандарт паспорты» тарауы:
      1) экономикалық қызмет түрін (кәсіби қызмет саласын);
      2) экономикалық қызметтің түрінің негізгі мақсатын (кәсіби қызмет саласын);
      3) Ұлттық және салалық біліктілік шеңберіне сәйкес біліктілік деңгейлері бойынша еңбек қызметінің түрлерін, ұсынылатын лауазым атауларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 125-бабына сәйкес Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығымен (код-атауы), Ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілерінің біліктілік анықтамалықтарымен, Ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларымен өзара байланысын айқындайды.
      3. «Еңбек қызметі түрлерінің карточкасы» тарауы мыналарды қамтиды:
      біліктілік деңгейі, ықтимал лауазымдардың атаулары;
      орындалатын еңбек қызметінің жалпылама сипаттамасы, ықтимал жұмыс орындары, қызметкердің кәсіптік біліміне және оқытуға қойылатын талаптар, біліктілігін растайтын сертификаттардың қажеттігі, практикалық жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптар, жұмысқа жіберудің ерекше шарттары.
      4. «Кәсіби стандарт бірліктерінің тізбесі» тарауы кәсіби стандарт бірліктерінің шифры мен атауын қамтиды.
      5. «Кәсіби стандарт бірліктерінің сипаттамасы» тарауында негізгі еңбек қимылдарын, еңбек құралдарын, еңбек заттарын, қажетті білім мен дағдылар және басқа да осы біліктілік деңгейіне жататын сипаттамаларды суреттей отырып біліктілік деңгейлері бойынша кәсіби стандарт бірліктерінің жүйелі сипаттамасы жүзеге асырылады.
      6. «Осы кәсіби стандарт негізінде берілетін сертификаттардың түрлері» тарауы: сертификат алу үшін игеру қажет болатын кәсіби стандарт бірліктерінің тізбесінен тұрады.
      7. Кәсіби стандарт қосымша біліктілік және құзыреттілік деңгейіне, кәсіптік қызметтің нақты саласындағы еңбек мазмұны, сапасы мен жағдайларына қойылатын талаптардың ерекшеліктерін ашу үшін орынды болатын басқа да тараулармен және/немесе қосымшалармен толықтырылуы мүмкін.
      Кәсіби стандарт тараулармен және/немесе қосымшалармен толықтырылған жағдайда әрбір қосымша ұсынылатын тарау және (немесе) қосымша тиісті белгіге («тарау», «қосымша»), сондай-ақ атауға ие болуға тиіс.

Қазақстан Республикасы     
Еңбек және халықты әлеуметтік  
қорғау министрі міндетін атқарушының
2012 жылғы 24 қыркүйектегі  
№ 374-ө-м бұйрығына     
2-қосымша            

Кәсіби стандарттарды әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу және қолдану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Кәсіби стандарттарды әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу және қолдану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидалар жұмыс берушілердің салалық бірлестіктері және қызметкерлердің салалық бірлестіктерімен бірлесіп, тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының (бұдан әрі - уәкілетті органдар) кәсіби стандарттарды (бұдан әрі - КС) әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу, қолдану және бекітудің бірыңғай тәртібін белгілейді.
      3. КС:
      еңбек нарығының қазіргі кездегі сұранысына жауап беретін біліктілік талаптарын жаңарту үшін кәсіптік қызметтің мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар әзірлеуге;
      персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерін шешуге (персоналды ынталандыру және уәждендіру жүйесін, лауазымдық нұсқаулықтарды; персоналды іріктеу, таңдау және аттестациялау, мансапты жоспарлау жүйесін әзірлеу);
      персоналды кәсіпорындарда кәсіптік оқытудың, оқытудың, сондай-ақ осы бағдарламаларға оқу-әдістемелік материалдар әзірлеудің барлық деңгейінде мемлекеттік білім беру бағдармаларын қалыптастыруға;
      кәсіптік даярлықты бағалау және мамандардың біліктілігіне сәйкестігін растауды жүргізуге арналған көпфункционалды құжат болып табылады.
      4. КС-тің негізгі пайдаланушылары:
      білім беру ұйымдарының түлектері, қызметкерлер;
      ұйым басшылары, персоналды басқару ұйымы бөлімшелерінің басшылары мен мамандары;
      мемлекеттік білім беру бағдарламаларын әзірлейтін мамандар;
      кәсіби даярлықты бағалау және мамандардың біліктілігіне сәйкестігін растау саласының мамандары.
      5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      кәсіби стандарт - кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және құзыреттілікке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
      салалық біліктілік шеңберлері - салада танылатын біліктілік деңгейлерін құрылымдық жағынан сипаттау;
      кәсіби стандарт бірлігі - еңбек қызметінің аталған түрі үшін тұтас, аяқталған, салыстырмалы түрде автономды және елеулі болып табылатын нақты еңбек функциясының жан-жақты сипаттамасынан тұратын кәсіби стандарттың құрылымдық элементі;
      біліктілік деңгейі - еңбек іс-қимылдарының күрделілігі, стандартты еместігі, жауапкершілігі және дербестілігі параметрлеріне қарай сараланатын қызметкерлердің құзыретіне қойылатын талаптар жиынтығы;
      біліктілік - қызметкердің белгілі бір еңбек қызметі түрінің шеңберінде нақты функцияларды сапалы орындауға дайындығы;
      құзыреттілік - еңбек қызметінде білімін, дағдысы мен тәжірибесін қолдану қабілеті;
      сынақтан өткізу - жасалған әдістерді, сипаттамаларды, схемаларды, үлгілерді өндірістік жағдайларда, практикада тексеру;
      кәсіби стандарттар тізілімі - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүргізетін кәсіби стандарттар туралы деректердің бірыңғай ақпараттық базасы;
      еңбек функциясы - бизнес-процесс айқындайтын және оларды орындау үшін қажетті құзыреттердің болуын көздейтін еңбек іс-қимылдарының кіріктірілген және салыстырмалы түрде автономды жиынтығын білдіретін еңбек қызметі түрінің құрамдас бөлігі.

2. Кәсіби стандартты әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу,
қолдану және бекіту тәртібі

      6. КС-ті әзірлеуді салалық біліктілік шеңбері негізінде жұмыс берушілердің салалық бірлестіктері және қызметкерлердің салалық бірлестіктерімен бірлесіп уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      КС-ті тиісті құрылымдар болғанда ұйымдар өз бетінше әзірлейді не «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұйымдарда әзірлеуге тапсырыс орналастырады.
      КС әзірлеу кәсіби стандарт құрылымына сәйкес жүзеге асырылады.
      7. КС-ті экономикалық қызметтің нақты түрінің шеңберінде Экономикалық қызмет түрлерінің (бұдан әрі - ЭҚТ) жалпы сыныптауышына сәйкес кәсіпке (мамандыққа) әзірленеді.
      ЭҚТ болмаған жағдайда әзірлеуші сипаттауға жататын кәсіптік қызмет саласын өз бетінше айқындайды.
      КС-ті бірден барлық ЭҚТ-ға әзірлеу мүмкін болған жағдайда кәсіби қызмет саласы бөлінбейді.
      8. Жобаланған құрылымды нақтылау және нақты кәсіби стандартта біліктілік деңгейлері бойынша бірліктерді сипаттаудың толықтығы мен дәйектілігін талдау мақсатында әзірленген КС өндірістік жағдайларда сынақтан өткізіледі.
      9. Уәкілетті орган КС жобасын негіздеуші материалдармен (әзірлеу әдістемесі туралы түсіндірме жазба, әзірлеуші ұйым туралы мәліметтер, КС жобасын сынақтан өткізген ұйымдардың пікірлері) қоса еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі - еңбек жөніндегі уәкілетті орган) қағаз және электронды жеткізгіштерде келісуге жібереді.
      10. КС жобасын қарау қорытындылары бойынша отыз күнтізбелік күн ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      ескертпелер мен ұсыныстар болған жағдайда уәкілетті органға кәсіби стандарт жобасын пысықтау қажеттігі туралы уәжделген қорытынды жібереді;
      ескертпелер болмаған жағдайда кәсіби стандартты келіседі және оны уәкілетті органға жібереді.
      11. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітілген кәсіби стандартты Кәсіби стандарттар тізіліміне енгізеді және оған тіркеу нөмірін береді.
      12. Мемлекеттік органдарды, ұйымдарды, азаматтарды ақпараттандыру мақсатында еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітілген және келісілген кәсіби стандартты ведомстволық интернет-ресурсқа орналастырады.
      13. Өндіріс және еңбекті ұйымдастыруды, өндіріс ерекшеліктері мен құрылымын өзгерту, жаңа техника, технологиялар және еңбек функцияларының мазмұнын, қажетті құзыреттерді, біліктілікті өзгертуге алып келетін ұйымдастыру-техникалық іс-шараларын енгізу КС-ті қайта қарау үшін негіздеме болып табылады.
      14. КС осы Қағидаларда көзделген тәртіпте бекітіледі.