Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерін жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 5 тамыздағы № 189 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5794 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру ережесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру ережесі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы, «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі (бұдан әрі – Мемлекеттік реттеу туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленген және зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – Ұйым) және жинақтаушы зейнетақы қорларының (бұдан әрі – Қор) қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.»;
6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6-1. Қор меншікті активтер есебінен мынадай мүлікті сатып алады немесе сатады:
1) осы Ереженің 1, 2, 3 және 4-қосымшаларында айқындалған, зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесінде көрсетілген мүлік;
2) Қордың өз мұқтажы және Қордың зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті орындауы үшін пайдаланылатын мүлік;
3) Қордың қызметін автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталының он пайызынан аспайтын мөлшерде осы заңды тұлғалардың акциялары және олардың жарғылық капиталдарында қатысу үлестері;
4) бір немесе бірнеше Қор өз қызметін үйлестіру, ортақ мүдделерін қорғау және білдіру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ортақ міндеттерді шешу үшін құрған заңды тұлғалардың акциялары және олардың жарғылық капиталдарында қатысу үлестері. Осы тармақшада көрсетілген мақсаттарды іске асыру үшін құрылған қауымдастықтарға және (немесе) одақтарға Қордың меншікті активтері есебінен мүшелік жарналар төлеуге жол беріледі.
5) сауда-саттықты ұйымдастырушының акциялары.»;
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Қор биржасындағы, сондай-ақ осы Ереженің 16-тармағының 1), 2), 3), 4), және 5) тармақшаларында, 19-3-тармағында көзделген жағдайлардағы мәмілелерді және Ұйым мен Қордың арасында үлестестік болған кезде Қордың зейнетақы және (немесе) меншікті активтеріне кастодиандық қызмет көрсетудің үш жақты шарттарын қоспағанда, Ұйымның (Қордың) зейнетақы және меншікті активтері есебінен жасалатын мәмілелер мыналармен:
1) Ұйымның (Қордың) үлестес тұлғаларымен;
2) Ұйымның (Қордың) ірі акционерлеріне тиесілі Ұйымның (Қордың) акцияларын сенімгерлік басқарушылармен;
3) Ұйымның (Қордың) ірі қатысушылары шығарған акцияларды және (немесе) Ұйымның (Қордың) ірі акционерлерінің жарғылық капиталында қатысу үлестерін сенімгерлік басқарушылармен;
4) Ереженің осы тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген сенімгерлік басқарушылардың үлестес тұлғаларымен жасалмайды.»;
мынадай мазмұндағы 19-3-тармақпен толықтырылсын:
«19-3. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Ұйым (Қор) зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты емес шарттар жасаған жағдайда меншікті активтер есебінен үлестес тұлғалармен мынадай мәмілелер жасайды:
1) негізгі қызметті жүзеге асыру мақсатында нарықтық құны бойынша жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату:
2) өз мұқтажы үшін үйлер мен үй-жайларды жалдау;
3) мүлікті өтеусіз пайдалану;
4) байланыс қызметтерін көрсету туралы;
5) Ұйымның не зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Қордың қызметкерлерін оқыту қызметтерін көрсету туралы;
6) қаржы консультанты, маркет-мейкер, андеррайтер қызметтерін көрсету туралы;
7) заңды және жеке тұлғалардың банк шоттарын ашу мен жүргізуге, аударым операцияларына, банкноталарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялауға байланысты банктік қызмет көрсету, банктің жалақы жобасы шеңберіндегі шарттар, салымшыларға (алушыларға) зейнетақы төлемдерін төлеуге қызмет көрсету, салымшылардың (алушылардың) банк шоттарына зейнетақы төлемдерін аудару және есепке жазу үшін комиссиялық сыйақы төлеу шарттары, сондай-ақ банктік қызмет көрсетудің жоғарыда көрсетілген түрлерін көрсетуге байланысты қосымша қызметтер көрсету туралы шарттар;
8) міндетті, ерікті, ерікті кәсіби жарналар есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы (Қор зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асырған жағдайда);
9) Ұйымның не зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Қордың қызметкерлерін жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру;
10) Ұйымның не зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Қордың қызметкерлерін ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру;
11) Ұйымға не зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Қорға меншік құқығы не пайдалану құқығы негізінде тиесілі автомобиль көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыру;
12) өз мұқтажы үшін сатып алынған мүлікті ерікті сақтандыру;
13) брокерлік қызметтерді, номиналды ұстау қызметтерін көрсету;
14) шарттардың қолданылу мерзімдерін өзгертуді қоспағанда, Ұйым не зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын Қор үшін бұрын жасалған мәмілелердің талаптарын жақсартатын бұрын жасалған шарттарды өзгерту туралы;
15) бұрын жасалған шарттарды бұзу туралы;
16) зейнетақы активтері Ұйымның басқаруындағы Қордың меншікті активтерін инвестициялық басқару туралы.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жылжымайтын және жылжымалы мүліктің нарықтық құны мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) жөніндегі бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушының есебі негізінде айқындалады. Біреуінің құны республикалық бюджет туралы заңда тиісті жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен аз болатын жылжымалы мүлікті сатып алу-сату кезінде мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) жөніндегі бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушының есебін беру талап етілмейді.»;
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21. Мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру кезінде сатып алу мәмілелерін қоспағанда, зейнетақы және меншікті активтер қатысуымен қор биржасында жасалған мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері ашық сауда-саттық әдісімен жасалады.
Зейнетақы және меншікті активтер есебінен жасалатын «кері репо» мәмілелері күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге жасалады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары Ұйымның (Қордың) зейнетақы және меншікті активтер қатысуымен жасайтын «кері репо» операцияларының мәні болып табылады.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко