«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау тәртібі мен мерзімдері және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» 2009 жылғы 24 тамыздағы № 84 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5801 тіркелген);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдарының жылдық қаржылық есебiн жариялау туралы» 2003 жылғы 29 шілдедегі № 268 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2456 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 31 тамыздағы
№ 282 қаулысымен
бекітілді
Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық
есептілікті жариялау қағидалары
Осы Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және акционерлік қоғамдар мен қызметінің айрықша түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды және қызметінің айрықша түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда, қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау тәртібін, тізбесін және мерзімдерін белгілейді.
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.09.2013 № 250 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Акционерлік қоғамдар және қаржы ұйымдары (банк және сақтандыру холдингтерін қоспағанда) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті жариялайды.
2. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды, туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары жыл сайын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (еншілес ұйымдары) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде қосымша жариялайды.
3. Бағалы қағаздары шетелдік қор биржаларына айналысқа жіберілген екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі тоқсанның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған бухгалтерлік балансты және пайда мен зиян туралы есепті жариялайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, екінші деңгейдегі банктер және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылмаған бухгалтерлік балансты және пайда мен зиян туралы есепті жариялайды.
4. Қаржы ұйымдары және «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы қаржылық есептілікті жариялағаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қағидалардың орындалуы жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
Ескерту. Қағида 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.09.2013 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының 24.12.2014 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.