"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау тәртібі мен мерзімдері және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" 2009 жылғы 24 тамыздағы № 84 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5801 тіркелген);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдарының жылдық қаржылық есебiн жариялау туралы" 2003 жылғы 29 шілдедегі № 268 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2456 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Г. Марченко |
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 31 тамыздағы № 282 қаулысымен бекітілді |
Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау қағидалары
Осы Акционерлік қоғамдардың және қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қызметінің айрықша түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды және қызметінің айрықша түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда, акционерлік қоғамдар мен қаржы ұйымдарының қаржылық есептілікті жариялау тәртібін, тізбесін және мерзімдерін белгілейді.
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 13.09.2019 № 156 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Акционерлік қоғамдар және қаржы ұйымдары (банк және сақтандыру холдингтерін қоспағанда) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті жариялайды.
2. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары жыл сайын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (еншілес ұйымдары) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде қосымша жариялайды.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 13.09.2019 № 156 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Бағалы қағаздары шетелдік қор биржаларына айналысқа жіберілген екінші деңгейдегі банктер және "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі тоқсанның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған бухгалтерлік балансты және пайда мен зиян туралы есепті жариялайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, екінші деңгейдегі банктер және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылмаған бухгалтерлік балансты және пайда мен зиян туралы есепті жариялайды.
4. Екінші деңгейдегі банктерді және "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын қоспағанда, қаржы ұйымдары қаржылық есептілікті жариялаған күннен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмейтін мерзімде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға Қағидалардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынады.
Ескерту. Қағида 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.09.2013 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 11.11.2019 № 185 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.