Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысымен бекітілген Қаржыландыру көздерiне қарамастан құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негiздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға сараптама жүргiзу, сондай-ақ мемлекеттiк инвестициялар есебiнен салынып жатқан жобаларды бекiту ережесiнің 21-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сараптамалық сүйемелдеу режимінде құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Сәулет, жобалық жұмыстар және сметалық нормалар департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Ж. Әкімжановқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Төраға С. Нокин
Қазақстан Республикасы Құрылыс және
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
істері агенттігінің
2012 жылғы 23 шілдедегі № 356
бұйрығымен бекітілген
Сараптамалық сүйемелдеу режимінде құрылыс жобаларына
мемлекеттік сараптама жүргізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сараптамалық сүйемелдеу режимінде құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қаржыландыру көздеріне қарамастан құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысына сәйкес әзірленген және ғимараттар мен құрылыстарға, олардың кешендеріне арналған жобалау-сметалық құжаттамаларды кезең-кезеңімен әзірлеуге сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Қағида:
1) мердігерлік іздестіру, жобалау немесе құрылыс-монтаж жұмыстарын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырумен және жүргізумен;
2) іздестіру қызметін және құрылыс-монтаж жұмыстарын лицензиялаумен;
3) құрылыс барысында тапсырысшының техникалық қадағалау және жобаларды әзірлеушілердің авторлық қадағалау жүргізуімен;
4) құрылысы аяқталған объектіні пайдалануға тапсырумен және қабылдаумен;
5) қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексерумен байланысты мәселелерді қозғамайды.
3. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тапсырысшы – мақсатты белгілейтін және жобалауға арналған тапсырманы бекітетін, белгіленген объектіні жобалау, салу және пайдалануға беру үрдісін қаржыландыруды және басқаруды қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға.
Бюджет қаражатының қатысуынсыз іске асырылатын жобалардың тапсырысшылары меншік иесі, инвесторлар мен құрылыс салушылар, сондай-ақ өз қаражаттарын салатын мемлекеттік заңды тұлғалар (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), акционерлік қоғамдар мен мемлекеттің қатысуымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып табылады.
Бюджеттік инвестициялық жобалардың тапсырысшылары тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады;
2) сараптаманы (сараптама жұмыстарын) орындаушы – жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
3) контрагент – азаматтық құқықтық қатынастағы шарттың басқа тарабына (басқа тараптарына) қатысты осы шарттың бір тарабы;
4) жергілікті сараптама қорытындысы – сараптаманы аяқтайтын кезеңін қоспағанда, жобаның тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша тапсырысшыға сараптамалық сүйемелдеудің әрбір кезеңінде ресімделетін және берілетін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы;
5) нөлдік цикл – ғимараттардың (құрылыстардың) нөл деп алынатын, шартты жобалық белгіден төмен орналасқан бөліктерін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені;
6) құрылыс жобасы – жаңа объектілерді салу, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін қайта жаңарту (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге (қалпына келтіруге) арналған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама;
7) сараптамалық сүйемелдеу режимі – жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеуге және ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін кезең-кезеңімен салуға сәйкес жобаларға кезең-кезеңімен мемлекеттік сараптама жүргізу.
Бюджет қаражатының қатысуынсыз қаржыландырылатын кезең-кезеңімен салынатын құрылыс жобалары бойынша сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама осы Қағидада көзделген жалпы тәртіпте жүзеге асырылады.
Бюджеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын барлық ғимараттар мен құрылыстардың жобалары (көлік және инженерлік инфрақұрылымның желілік объектілерін қоспағанда) бойынша, осы Қағидада көзделген ерекше тәртіппен жүргізілетін сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама міндетті түрде жүзеге асырылады;
8) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау жүйесі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – Уәкілетті орган) және оның аумақтық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау органдары (бұдан әрі – аумақтық МСҚБЛ органдары);
9) мемлекеттік сараптама жүйесі – шаруашылық жүргізу құқығындағы орталық (бас) республикалық мемлекеттік кәсіпорын мен оның аумақтық бөлімшелерінен тұратын жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс біртұтас республикалық жүйесі;
10) жобалаудың сатылылығы - құрылысқа арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу, келісу, бекіту және құрамы туралы тәртібін белгілейтін мемлекеттік нормативтік талаптарға сәйкес құрылыс үшін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеуге арналған тапсырмамен белгiленетін жобалау шарттары.
Құрылыстың нормативтік ұзақтығы 24 айдан асатын тұрғын үй-азаматтық немесе өндірістік мақсаттағы ірі объектілер бойынша жобалау-сметалық құжаттама екі сатыда (бірінші сатысы «жоба» және екінші сатысы бірінші сатысында бекітілген «жоба» негізінде орындалатын «жұмыс құжаттамасы») әзірленеді.
Құрылыстың нормативтік ұзақтығы 24 айға дейінгі объектілер құрылысы үшін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама «жұмыс жобасы» бір сатыда әзірленеді.
4. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде құрылыс жобаларын мемлекеттік сараптама жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу барысында оны тек қана бір сатылық жобалау кезінде («жұмыс жобасы» - ЖЖ) жүзеге асырылады.
Сараптамалық сүйемелдеу режимі:
1) құрылысқа арналған инвестициялық негіздемелерді (ИН) және техника-экономикалық негіздемелерді (ТЭН) қоса алғанда жобалау алдындағы құжаттамалар;
2) екі сатылы жобалау кезіндегі жобалау-сметалық құжаттама («жоба» - Ж және «жұмыс құжаттамасы» - Ж);
3) мердігерлік құрылыс-монтаж жұмыстарын (қызметтерін) мемлекеттік сатып алуды жүргізуге арналған конкурстық құжаттама құрамындағы техникалық ерекшеліктер бойынша жүргізілетін мемлекеттік сараптамада қолданылмайды.
5. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған шарт сараптама жұмыстарының орындаушысымен:
1) жалпы тәртіп бойынша - егер қаржыландыру көзі бюджет қаражаты болмаса, тапсырысшымен немесе оның сенімхаты бойынша жобаны әзірлеушімен (бас жобалаушы ұйыммен);
2) ерекше тәртіп бойынша - егер қаржыландыру көзі бюджет қаражаты болса, тапсырысшымен (функциясын жобалау ұйымына беру құқысыз) жасалады.
6. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі мен ұзақтығы (бұдан әрі – сараптамалық сүйемелдеу жүргізу) – жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеудің әрбір кезеңі үшін белгіленеді, бұл тапсырысшы және сараптамалық сүйемелдеуді орындаушы арасындағы шартта көрсетіледі.
Сараптамалық сүйемелдеуді жалпы тәртіпте жүзеге асыру ұзақтығы осы Қағиданың 14-тармағына сәйкес регламенттеледі.
Сараптамалық сүйемелдеуді ерекше тәртіпте жүзеге асыру ұзақтығы осы Қағиданың 25-тармағына сәйкес регламенттеледі.
7. Тапсырысшы жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының кезең-кезеңімен әзірлеу және барлық жобалау жұмыстарының кешеніне сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, бұл талап жобалау тапсырмасының «ерекше шарттар» бағанына енгізіледі, сондай-ақ сараптама орындаушымен шартта белгіленеді.
8. Жобаны мемлекеттік сараптама қарауды аяқтағаннан кейін қарау барысында енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге, Қазақстан Республикасының «Құрылысқа арналған жобалау құжаттамасының жүйесі» (ҚЖҚЖ) мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес ресімделген мемлекеттік сараптаманың жиынтық оң қорытындысын алған жұмыс жобасының (жобалау-сметалық құжаттаманың) соңғы нұсқасының бір данасын тапсырысшылардың мемлекеттік сараптамаға қағаз жеткізгіште ұсыну міндеті сараптамалық сүйемелдеу режимінде сараптамалық жұмыстар жүргізуге шарттың міндетті талабы болып табылады.
Жобалау-сметалық құжаттамасының көрсетілген жинағы сараптамаға қатысқан мемлекеттік сарапшылардың дербес мөртабандарын қою арқылы оның түпнұсқа екендігін растауға жатқызылады, кейін жиынтық сараптама қорытындысымен бірге тапсырысшыға беріледі және жобаны одан әрі іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың мұрағаттық бақылау данасы болып табылады.
2. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын кезең-кезеңімен
әзірлеуге сараптамалық сүйемелдеу режимінде
мемлекеттік сараптама жүргізудің жалпы тәртібі
9. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізудің жалпы тәртібі тапсырысшының нақты объектіні кезең-кезеңмен жобалау және салу туралы ресми ресімделген шешімі болған кезде тапсырысшының сараптаманы орындаушымен жасасқан шартының негізінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өңірлік даму министрінің 14.04.2014 № 110/НҚ бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу кезеңдері мен мерзімдерін жоспарлаған құрылыс кезеңдерін ескере отырып, тапсырысшы белгілейді және жобалауға арналған тапсырмада көрсетіледі. Сонымен қатар, әрбір жобаның кезең саны төрттен аспауға тиіс, ал алдын ала кезең-кезеңмен жобалау мерзімдері жобалау мен құрылыстың нормативтік ұзақтығына сәйкес белгіленеді.
Сараптамалық сүйемелдеу жүргізудің жалпы тәртібі жобалаудың әрбір кезеңі бойынша кезең-кезеңімен жергілікті сараптамалық қорытынды жасау мен беруді және жалпы жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтау бойынша жиынтық қорытынды ресімдеуді және беруді көздейді.
11. Сараптамалық сүйемелдеу шарт негізінде жүргізіледі. Бұл ретте шарттың міндетті талаптары:
1) шарттың мәні;
2) тараптардың міндеттемелері;
3) кезеңдері бойынша және жалпы сараптаманың қарау тәртібі және сараптамалық жұмыстарды орындау мерзімдері;
4) жобалау құжаттамасын әзірлеуді сараптамалық сүйемелдеудің әрбір кезеңі бойынша төлем шарттары;
5) міндеттемелерді бұзу, сондай-ақ өзге мүмкін болатын келіспеушіліктер бойынша мәселелерді шешудің ерекше шарттары мен тетіктері болып табылады.
12. Тараптармен келісілген тапсырысшының сараптамалық сүйемелдеу жүргізуге және жергілікті (кезеңдік) сарапталық қорытынды жасауға арналған жобалау құжаттамасының жинағын кезең-кезеңмен ұсыну кестесі, сондай-ақ жиынтық сараптамалық қорытынды ресімдеу үшін жобалау-сметалық құжаттама материалдарының қорытынды жинағын ұсынуы шарттың міндетті қосымшасы болып табылады.
13. Жалпы тәртіпте сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған шартты жасасу кезінде тапсырысшы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы № 425 қаулысымен бекітілген Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу мен беру ережесінің, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкес бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) жинағын ұсынады.
14. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну мен сараптамалық сүйемелдеу жүргізу орындау уақыты бойынша мынадай регламентті ескеріп белгіленеді.
Егер шартта жекелеген шарттық міндеттемелерді тапсырысшының алдын ала орындау бөлігінде өзгеше көзделмесе, соңғы (жиынтық) кезеңді қоса алғанда, әрбір кезең бойынша сараптамалық сүйемелдеу ұзақтығы тиісті кезең бойынша сараптамалық жұмыстар басталған күннен бастап 35 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Бұл ретте:
1) алғашқы сараптамалық қарау, жобалау құжаттамасының мемлекеттік нормативтік талаптарына сәйкес еместігін бекіту бойынша сараптаманың ескертулері мен ұсыныстарын дайындау және ресімдеу – тапсырысшы жинақталған жобалау құжаттамасын ұсынған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей орындалады;
2) жобаны әзірлеушімен бірге тапсырысшы сараптаманың ескертулері бойынша жобалау құжаттамаға қажетті түзетулерді (пысықтауларды) енгізу – қолданыстағы ескертулер мен ұсыныстарды сарапшы ұсынған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей орындалады;
3) қайта сараптамалық қарау, жергілікті (аралық кезеңдердегі кезең-кезеңімен әзірленген жобалау құжаттамасы бойынша) немесе жиынтық (соңғы кезеңдегі ұсынылған және қаралған жобалау құжаттамасының толық жинағы бойынша) қорытындыларды дайындау және ресімдеу – тапсырысшы сараптаманың ескертулері мен ұсыныстары бойынша түзетілген (пысықталған) жобалау құжаттамасын ұсынған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей орындалады.
15. Жобалау шешімдерінің алдыңғы кезеңдерінде қабылданған жобалау шешімдеріне толық сәйкес еместігі және осыған байланысты барлық жобалау құжаттамасын қосымша кешенді қарау қажеттілігі туындаған жағдайларда соңғы кезеңнің жалпы ұзақтығын сараптаманы орындаушы немесе сараптама орындаушысының келісімі бойынша тапсырысшы ұзартуы мүмкін, бірақ 45 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
16. Әрбір кезең бойынша (соңғы кезеңді қоспағанда) жобалау құжаттамасының жинағы бойынша жүзеге асырылған мемлекеттік сараптаманың оң жергілікті қорытындысы тапсырысшының жобаның осы бөлігін аралық бекітуіне және тиісті кезеңде бір мезгілде құрылыс жүргізуіне негіз болып табылады.
17. Шарттың ерекше талаптарында (немесе талаптарсыз) көрсетілген форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайда, жобалау құжаттамасын әзірлеуді жалғастыру мүмкін емес немесе орынсыз болғандықтан, тараптармен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен белгіленген тәртіпте шартты бұзу рәсімделеді және осы кезеңде сараптамалық сүйемелдеу бойынша жұмысты тоқтату туралы немесе жалпы шарт қатынастарын тоқтату туралы еркін нысанда акт жасалады.
18. Егер шартты тоқтата тұру немесе тоқтату осыған дейін қабылданған жобалау шешімдерінің негізделген өзгерістеріне немесе сараптама мақұлдаған жобалау шешімдері немесе материалдардан (конструкциялардан, бұйымдардан, қондырғылардан, жабдықтардан) ауытқулармен жасалған құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты болса, онда бұрын берілген сараптамалық сүйемелдеудің жергілікті қорытындысы жойылады (қайтарылады), ал бұл туралы ақпарат осы жоба бойынша барлық қатысушыларға, сондай-ақ осы құрылысты бақылаушы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау органдарына (мемлекеттік құрылыс инспекторларына) мәлімет ретінде жеткізіледі.
3. Бюджеттік инвестициялық жоба бойынша жобалау-сметалық
құжаттама әзірлеуге сараптамалық сүйемелдеу режимінде
мемлекеттік сараптама жүргізудің ерекше тәртібі
19. Сараптамалық сүйемелдеудің ерекше тәртібі алғашқы кезеңде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің жобалау шешімдерінің (есептерінің) сапасын алдын ала бағалау мақсатында осы жобалау ұйымы (бас жобалаушы) берген лицензиаттың санатын ескере отырып жүзеге асырылады.
20. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының материалдарын алғашқы кезеңде қарау сараптама нәтижесі бойынша тапсырысшыға жергілікті сараптама қорытындыны ресімдеумен және берумен аяқталады.
21. Ерекше тәртіптегі сараптамалық сүйемелдеу шарттың негізінде жүргізіледі.
Бұл ретте шарттың міндетті талаптары:
1) шарттың мәні (осы бастапқы кезеңде ұсынылатын жобаның атауы және материалдар көлемі);
2) тараптардың міндеттемелері;
3) бастапқы кезең бойынша сараптаманың жобаның материалдарын қарау және сараптама жұмыстарын орындау мерзімдерінің тәртібі;
4) жобалау құжаттамасын әзірлеуге сараптамалық сүйемелдеудің осы кезеңі бойынша төлем шарттары;
5) жобаны әзірлеудің бастапқы кезеңі бойынша оның материалдарын қарау барысы туралы, сарапшылардың қазіргі бар ескертпелері және жобаны қорғаушы әзірлеушілердің реакциялары (жауаптары) туралы мемлекеттік сараптаманың есептілігі жөнінде шарттары;
6) міндеттемелерді бұзу, сондай-ақ өзге де мүмкін болатын келіспеушіліктер бойынша мәселелерді шешудің ерекше шарттары мен тетіктері болып табылады.
22. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптамаға ұсынылатын жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің бастапқы кезеңіне материалдардың міндетті құрамы:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы № 425 қаулысымен бекітілген Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу мен беру ережесінде көзделген жинақта жаңа объект салу немесе қолданыстағы объектіні өзгерту мақсатын іске асыру құқығын тапсырысшыға беретін бастапқы құжаттарды (материалдар, деректер);
2) жобалау шешімдері мен есептерінен, сондай-ақ қысқаша түсіндірме жазбадан тұратын ғимараттар мен құрылыстар салуға арналған жобалау құжаттамасын (желілік объектілерді – көлік және инженерлік коммуникацияларды қоспағанда) қамтиды.
23. Бастапқы құжаттар, материалдар мен деректер жинағы:
1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабына сәйкес ресімделген өтінім берілген объектінің құрылысы үшін жер учаскесін беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімі немесе өтініш берушінің меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында қолда бар жер учаскесін өтінім берілген құрылыс салу үшін пайдалануына жергілікті атқарушы органның рұқсатын;
2) қолданыстағы объектіге (объектінің жекелеген бөліктеріне) сұратылып отырған өзгерістерді жүргізуге тиісті жергілікті атқарушы органның рұқсатын;
3) жобалауға және құрылысқа қажетті (жер учаскесінің және коммуникация төселген трассаның шекарасында) құрылыс алаңын инженерлік іздестіру материалдарын;
4) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттарды;
5) аумақты инженерлік дайындау шарттарын, абаттандыру мен көгалдандыруды қоса алғанда, жергілікті (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет және қала құрылысы органының сәулет-жоспарлау тапсырмасын;
6) жобалауға (жобалау құжаттамасын әзірлеуге) арналған бекітілген тапсырманы қамтиды.
24. Ғимараттар мен құрылыстар салуға арналған жобалау құжаттамасының құрамына (көлік және инженерлік инфрақұрылымдардағы желілік объектілерді қоспағанда):
1) облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана, халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар өзге де қалалар әкімінің жанындағы қала құрылысы кеңесі немесе жергілікті сәулет және қала құрылысы органы мақұлданған құрамына ахуалдық жоспар мен объектінің бас жоспарының схемасы (абаттандыру, көгалдандыру, тігінен жоспарлау схемасын қоса алғанда), қасбетінің нобайы, қабаттар бойынша жоспарлар (үй-жайлардың экспликациялары бар қабаттарының схемасы), сипаттық тігінен қимасы, шатыр жоспары, үш өлшемді кескін (макет, перспектива немесе 3D кескін) кіретін объектінің нобайлық жобасы;
2) конструктивтік есептер мен схемалар, сондай-ақ нөлдік циклдің жұмыс сызбалары;
3) тiршiлiктi қамтамасыз етудің ішкі инженерлік жүйелерінің қағидаттық схемасы;
4) алаңішілік және алаңнан тыс инженерлік желілердің схемасы;
5) құрылыс учаскесінің табиғи-климаттық және геологиялық (гидрогеологиялық) шарттары, қала құрылысы ситуациясы, сәулет және көлемдік-жоспарлық, негізгі технологиялық шешімдері мен конструктивтік шешімдері, ішкі инженерлік жүйелердің сипаттамасы, өртке қарсы іс-шаралар, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі, отандық құрылыс материалдарын, бұйымдары, қондырғылары мен жабдықтарын өндірушілердің мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шаралар туралы ақпараттардан тұратын қысқаша түсіндірме жазбасы;
6) учаскенің алаңы, салынатын құрылыс алаңы бойынша алдын ала көрсеткіштері, автомашиналарға арналған автотұрақ орнының саны, объектінің жалпы алаңы мен құрылыс көлемі, жобалық қуатының (сыйымдылығы, өткізу қабілеттігі) негізгі көрсеткіштері туралы мәліметтер кіреді.
25. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің бастапқы кезеңінің материалдарын сараптаманың қарау ұзақтығы сараптамалық сүйемелдеу режимінде мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған шартпен белгіленеді, бірақ сараптамалық жұмыс басталған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірілмеуге тиіс.
Жобаны (жобалау-сметалық құжаттаманы) әзірлеу шартында көзделген тапсырысшы бас жобалау ұйымы (бас жобалаушы) ретінде контрагенттің одан әрі қызметінен дәлелді бас тартқан және тапсырысшы өзге бас мердігер жобалау ұйымымен (жаңа бас жобалаушымен) шарт жасаған жағдайларда осыған дейін жүргізілген сараптамалық жұмыстар жобаны әзірлеудің бастапқы кезеңдегі материалдарды сараптамалық сүйемелдеудің қорытындысы бойынша аяқталған болып саналады.
26. Бастапқы кезеңде орындалған жобаның қарауға ұсынылған бөлігінен дәлелді бас тарту туралы мемлекеттік сараптаманың құжаттамалық түрде ресімделген шешімі немесе көрсетілген құжаттама бойынша техникалық және қала құрылысы регламенттерін өрескел және (немесе) бірнеше рет бұзу, нормативтік-техникалық талаптар мен шарттардан ауытқу немесе оны орындамау, сондай-ақ тапсырысшы немесе бастапқы құжаттармен (шарттармен, деректермен) берілген параметрлер мен сипаттамалардан ауытқуларды қамтитын теріс жергілікті сараптама қорытындысы тапсырысшының жобаны әзірлеуге арналған шартының талаптарына сәйкес одан әрі контрагенттің қызметтерінен бас тартуына және жобаның (жобалау-сметалық құжаттаманың) жаңа әзірлеушісін анықтауға негіз болады.
27. Сараптамалық сүйемелдеу режимінде жүргізілген мемлекеттік сараптаманың нәтижесі сараптамалық сүйемелдеу режимінде қарауға ұсынылған жобаны әзірлеудің бастапқы кезеңінің материалдары бойынша оң немесе теріс сараптамалық бағалаудан тұратын жергілікті қорытындының тұжырымында көрсетіледі.
Бұл ретте бастапқы кезеңде орындалған жобалау құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң бағасы тапсырысшыға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді толық аяқтағанға дейін осы жобалау ұйымымен (бас жобалаушымен) шарттық қатынастарды жалғастыруға, міндетті келісулер мен ведомстволық (салалық) сараптама рәсімдерін жүргізуге, сондай-ақ кешенді мемлекеттік сараптаманың қалған соңғы кезеңін соңына дейін жеткізуге және заңнамада белгіленген тәртіпте жобаны бекітуге негіз болып табылады.
28. Соңғы кезеңде толық дайын жұмыс жобаның материалдары бойынша сараптамалық сүйемелдеу режимінің ерекше тәртібінде жүргізілетін мемлекеттік сараптама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысымен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Сараптамалық сүйемелдеу режимінде жүргізілетін мемлекеттік сараптаманың соңғы нәтижесі соңғы кезеңдегі жобалау-сметалық құжаттаманың барлық материалдарын қарағаннан кейін жұмыс жобасын оң және теріс сараптамалық бағалау туралы соңғы тұжырымы бар тиісті жиынтық қорытындымен ресімделеді.
29. Жобалау-сметалық құжаттаманың бастапқы кезеңде төмен сапада немесе біліксіздікпен әзірленгені қарау барысында анықталғаны туралы мемлекеттік сараптаманың ресми ақпараты тапсырысшыға сараптама қорытындысын ресми беру күнінен бастап бір апталық мерзімнен кешіктірмей жобалау ұйымының (жобалаушының) және жобаланып жатқан объектінің орналасқан жері бойынша МСҚБЛ-дың тиісті аумақтық органына, сондай-ақ Уәкілетті органға жолданады. Осы ақпаратта жобаның атауы мен жобаланып жатқан объектінің орналасқан жері, сараптама қараған материалдар, тапсырысшы мен бас жобалаушы туралы мәліметтер, сондай-ақ мемлекеттік сараптаманың:
1) жобалау қызметінің тиісті түрін (кіші түрін) жүзеге асыруға әзірлеушінің лицензиясының болмауына;
лицензия алу кезінде әзірлеушіге берілген біліктілік санаты жобаланып жатқан объектінің жауапкершілік деңгейіне сәйкес келмеуінің анықталуына;
жер учаскесін мақсатты пайдалану бөлігіне жобалауға арналған тапсырманың, объектінің функционалдық мақсатына немесе берілген оның параметрлері мен сипаттамасының сай келмеуіне;
нормативтік-техникалық құжаттарды көрсете отырып нормативтік талаптардың бұзылуына;
жобаланып жатқан объектінің орналасқан жері бойынша анықталған қала құрылысы немесе табиғатты қорғау (суды қорғау) регламенттерін бұзуы, өзге де бастапқы және рұқсат беру құжаттарына (материалдарына, деректеріне) және техникалық шарттарына сай келмеуіне байланысты бастапқы кезеңде ұсынылған жобаны қараудан бас тарту туралы шешімі;
2) сарапшылардың нормалар мен ережелердің өрескел немесе бірнеше рет бұзылуын анықтауына байланысты бастапқы кезеңде жобалау құжаттамасын әзірлеу барысында әзірлеуші қабылдаған едәуір қайта тексеру (қайта қарастыру) қажеттілігі немесе қағидаттық қайта есептеуді талап етуіне;
тапсырысшы жобалаған және күтіліп отырған жобалау тапсырмасында немесе бастапқы құжаттардағы параметрлері мен сипаттамаларында сәйкессіздіктер мен ауытқуларды анықтауына байланысты одан әрі қарамай, жоба бөлігінің сапасын теріс сараптамалық бағалау туралы шешімі көрсетіледі.
30. Жобалау құжаттамасының бастапқы материалдарын қарау нәтижесі, сондай-ақ мемлекеттік сараптаманың жалпы жобалау-сметалық құжаттама бойынша соңғы нәтижелері туралы мемлекеттік сараптаманың жиынтық ақпараты Уәкілетті органға және жобаланып жатқан объектінің орналасқан жері бойынша МСҚБЛ-дың тиісті аумақтық органына жолданады.