Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 3-3/373 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 17 тамызда № 7864 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қосымшада беріліп отырған Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасы бекітілсін.
      2. Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
      2) бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
      3) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2012 жылғы 20 шілдедегі  
№ 3-3/373 бұйрығымен бекітілген

Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу
қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) 1998 жылғы 9 шілдедегі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленді және селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      2) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қоры (бұдан әрі – АТЖ) – уәкілетті орган айқындаған оператор жүргізетін, малдың табындарын жетілдіру және генетикалық әлеуетін арттыру үшін пайдаланылатын, асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілеріндегі асыл тұқымды мал туралы және селекциялық процеске тартылған мал туралы деректерді жинаудың, жинақтаудың және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі;
      3) өтінуші – осы Қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша АТЖ-ға тіркеуге өтінім беруші заңды немесе жеке тұлға;
      4) автоматтандырылған жұмыс орны (бұдан әрі – АЖО) – селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізу үрдісін автоматтандыруға арналған бағдарламалық-техникалық кешен.
      3. АТЖ:
      1) мониторинг және ірі қара мал басы, өнімділік бағыты, тұқымы, өнімділік және асыл тұқымдық құндылық деңгейі, асыл тұқымдық және селекциялық жұмысының жағдайы туралы ақпаратты алу;
      2) облыстар, аудандар, қалалар, ауылдық елді-мекендер кескінінде республика бойынша есебін автоматты құрастыру;
      3) асыл тұқымды және селекциялық жұмысты үйлестіру және табынды өз төлінен өсіруді басқаруды жүзеге асыру;
      4) асыл тұқымды және тауарлық малдың өнімділігі жөніндегі мәліметтерді ары қарайғы ғылыми мақсатта пайдалану үшін орталықтандырылған сақтау үшін арналады.

2. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын
жүргізу тәртібі

      4. АТЖ электрондық түрде қор деректеріне санкциясыз қол жеткізудің алдын алуды қамтамасыз ету жағдайында жүзеге асырылады.
      5. Шаруашылықтағы мал басы және оның жеке деректері туралы ақпаратты АТЖ-ға енгізуді қолданушылар жүзеге асырады.
      6. АТЖ-ға ақпарат енгізу АЖО арқылы, және де ақпаратты беру үшін АТЖ-мен сүйемелденген бағдарламалық өнім көмегімен жүзеге асырылады.
      7. АТЖ-ны жүргізу үшін АТЖ операторы беретін жүйеге қол жеткізу қамтамасыз етіледі.
      8. АТЖ-да тіркеу үшін электронды нысанда тіркеуге өтінім толтырылады және операторға жолданылады.
      9. Оператор тіркеу туралы хабарламаны алған соң, ұсынылған деректер негізінде пайдаланушыға қол жеткізуді ашады.
      10. Деректерді тиісінше немесе толық толтырмаған жағдайда оператор тіркеу туралы хабарлама түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде өтінушіге АТЖ-ға қол жетуде бас тарту туралы себептерін көрсете отырып бас тарту туралы хабарлама жолдайды.
      11. АТЖ-да өтініш беруші пайдаланушы ретінде тіркелгеннен соң оператор қолданушының электронды поштасына тіркелгені туралы хабарлама жібереді.
      12. АТЖ-да бар есеп жүргізу нысандарын толтыру арқылы қолданушы мал басын және мал басы бойынша зоотехникалық жағдайларды тіркеуді жүзеге асырады.
      13. Ақпаратты беру үшін АТЖ-мен сүйемелденген бағдарламалық өнімдермен жұмыс істеу барысында пайдаланушы бағдарламаның жеткізушісі немесе әзірлеушісі анықтаған жұмыс жүргізу туралы нұсқаулықты пайдаланады.
      14. АТЖ-мен сүйемелденген бағдарламалық өнімдер мәліметтерді беру үшін, мәліметтерді АТЖ-ға автоматты түрде жіберуді жүзеге асырады.

Селекциялық және асыл тұқымдық
жұмыстың ақпарат қорын   
жүргізу қағидасына қосымша 

Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорына тіркеу
өтініші

Жеке және заңды тұлғаның аталуы:
_____________________________________________________________________
(жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы)
_____________________________________________________________________
Облыс _______________________________________________________________
Аудан _______________________________________________________________
Бизнес сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлға үшін) ______________________
Жеке сәйкестендіру нөмірі (жеке тұлға үшін) _________________________
Шаруашылық бағыты (ірі қара малды өсірумен айналысатын жеке және
заңды тұлғалар толтырады):
      сүтті
      етті
      сүтті-етті
Ауыл шаруашылығы жануарының санаты (ірі қара малды өсірумен
айналысатын жеке және заңды тұлғалар толтырады):
      асыл тұқымды
      тауарлы
электронды поштасы: _________________________________________________
телефон нөмірі: _____________________________________________________
қауіпсіздік коды: ******
      жоғарыда көрсетілген кодты енгізіңіз


 жолдау            қайтару