Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің "Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың кейбір мәселелері туралы" 2011 жылғы 12 тамыздағы № 1-НП және "Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу ережесін бекіту туралы" 2011 жылғы 18 тамыздағы № 2-НП нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2012 жылғы 9 шілдедегі № 1-НП нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 23 шілдеде № 7808 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 141-бабының 19)23-1) тармақшаларына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кейбір нормативтік қаулыларына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) «Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың кейбір мәселелері туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы 12 тамыздағы № 1-НП нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7164 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылғы 24 қыркүйектегі № 453-456 (26849) жарияланған):
      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы үлгі ережеде:
      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «28. Тексеру комиссиясының қызметі тек қана Тексеру комиссиясының төрағасы бекітетін жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.»;
      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «32. Облыстың (қаланың) тексеру комиссиясының бақылау іс-шараларының жылдық жоспары есепті жылы олардың әкімшілік-аумақтық бөлінісінде сыртқы бақылауды жүзеге асыру үшін облыстық (қалалық) бюджеттен, тиісті облыстың құрамына кіретін аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінен қаржыландырылатын, соның ішінде жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ жергілікті бюджетке түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын қайтарудың және (немесе) есептеудің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыратын бақылау объектілерін қамтуы қажет.»;
      34-тармақ мынадай жаңа редакцияда жазылсын:
      «34. Тексеру комиссиясы өзінің бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінен тәуелсіз болады. Тексеру комиссиясының тәуелсіздігі:
      1) Тексеру комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
      1-1) мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша Тексеру комиссияларының қызметкерлерін Тексеру комиссиясының жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулерді жүргізуге тартуға жол бермеу;
      2) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау жолымен қамтамасыз етіледі.»;
      2) «Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу ережесін бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы 18 тамыздағы № 2-НП нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7190 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылғы 11 қазандағы № 488-490 (26882) жарияланған):
      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу ережесінде:
      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      «3-1. Сыртқы бақылау органдары бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген құзыретіне сүйене отырып осы Ережені басшылыққа алады.»;
      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      «6-1. Мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін олардың жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулерді жүргізуге тартуға жол берілмейді.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Бақылау сыртқы бақылау органының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарлары негізінде жүргізіледі.»;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Сыртқы бақылау органдарының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарлары сыртқы бақылау органдарының ішкі регламентіне сәйкес әзірленіп бекітіледі.»;
      16-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «4-1) акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерді басқаруы;
      «4-2) бюджеттік инвестициялар;»;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) қойылған әлеуметтік-экономикалық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге пайдаланылатын мемлекеттің барлық ресурстары, қаржы және өзге де активтері болып табылады.
      Осы ресурстардың жиынтығы:
      республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын;
      мемлекеттік төтенше бюджеттің қаражатын;
      Ұлттық қордың қаражатын;
      Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша Ұлттық банктің активтерін;
      мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін;
      бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін заңнаманың талаптарына сәйкес басқару мен қолданудың өзге де салаларын (трансферттер, гранттар, қарыздар, субвенциялар, бюджеттік кредиттер және басқалар);
      акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін;
      бюджеттік инвестицияларды;
      квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігін;
      мемлекеттік сатып алуды жүргізудің рәсімдерін қамтиды.»;
      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «24. Бақылау жоспарында бақылау жүргізуге негіз, бақылаудың мақсаты, бақылау объектілері, бюджетке түскен түсімдердің немесе қаржыландырудың, мемлекет активтерінің, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің, бюджеттік инвестициялардың, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігінің, мемлекеттік қарыздардың, кепілгерліктердің, байланысты гранттардың, мемлекеттік сатып алудың көлемі, бақылаумен қамтылатын кезең, бақылаудың ұзақтығы көрсетіле отырып негізгі ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ оны жүргізуге қажетті ресурстар қамтылады.»;
      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «30. Бақылау бағдарламасында бақылау жүргізуге негіз, бақылау тобының дербес құрамы, оның жетекшісі, бақылау объектісінің атауы, бақылау жүргізудің мерзімі, бақылау мәселелері және оларды қараудың дәйектілігі көрсетіледі. Тиімділікті бақылау жүргізілетін жағдайда, бақылау бағдарламасына оны жүргізудің өлшемдері енгізіледі.»;
      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «32. Бақылаудың мақсаты қойылған міндеттерге:
      бюджеттің атқарылуын, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалауға;
      бюджеттік инвестициялардың тиімділігін бағалауға;
      квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың пайдалануының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігін бақылауға;
      акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару тиімділігін бағалауға;
      бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын бағалауға;
      салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігін бағалауға;
      бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, бюджеттік инвестицияларды, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылауға байланысты айқындалады.»;
      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «33. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалар, бюджеттік инвестициялар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, байланысты гранттар, мемлекет кепілгерліктері мен активтері, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтері, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігі, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдалануға және мемлекеттік органның және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің қызметіне қатысты жекелеген мәселелер бақылаудың мәні болып табылады.»;
      34-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың пайдалануының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігі, сондай-ақ акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару тиімділігі, бюджеттік инвестициялардың тиімділігін бағалау;»;
      42-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) бақылаудың мақсаты және мәні;»;
      68-тармақтың 12) тармақшасының қазақ тіліндегі мәтіні мынадай редакцияда жазылсын:
      «12) бақылау объектісінде бақылау жүргізудің Тапсырмада көрсетілген мерзімінің соңғы күнін қоса алғанда үш күн бұрын, бақылау объектісінің басшысына (лауазымды адамдарына) танысып, қол қоюы үшін бақылау объектісімен алдын ала талқыланған бақылау актісін екі данада табыс етуге тиіс.»;
      73-тармақта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) Тапсырманың күні мен нөмірі, сондай-ақ Тапсырмаға қол қойған лауазымды адамның аты-жөні, лауазымы;»;
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) жүргізіліп отырған бақылаудың нәтижелері туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.
      Бақылау бағыттарының ерекшеліктерін ескере отырып, бақылаудың үлгісіне, түріне және объектісіне қарай мемлекеттік органдардың мақсаттарына, стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкі нәтижелеріне қол жеткізуі, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің іске асырылуы, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекет кепілгерліктері мен активтерінің пайдаланылуы, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың пайдалануының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігі, бюджеттік инвестициялардың тиімділігі, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқаруы көрсетіледі, сондай-ақ бұзушылық фактілері баяндалады;»;
      84-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «84. Бақылау актісінің қол қойылған бір данасы қосымшаларымен бірге бақылау тобының жетекшісінде, екінші данасы – анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар және басқа да іс-әрекеттер қолдану үшін бақылау объектісінің басшысында қалдырылады.»;
      93-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «93. Мемлекет активтерінің, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуын талдаудың қорытындысы бақылау объектісінің жалпы сипаттамасынан, оның негізгі функцияларынан, жарғылық капиталды құруға немесе толықтыруға жұмсалған бюджет шығыстарынан басқа квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың немесе жеке алғанда экономиканың, әлеуметтік саланың, мемлекеттік басқарудың өзге де салаларының дамуына тигізетін әсерін кешенді талдауды қамтуы тиіс.»;
      94-тармақта 3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) бюджет қаражатын, оның ішінде трансферттерді, кредиттер мен қарыздарды игеру нәтижелілігінің, мемлекет активтерін пайдалануды және акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқаруды қоса алғанда, бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкі мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізудің дәрежесін;»;
      98-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «98. «Тұжырымдар» деген бөлім жүргізілген бақылаудың мәселелері бойынша бақылау объектісі қызметінің нәтижелерін жалпы бағалауды қамтуы тиіс. Бақылау бағытының ерекшеліктерін ескере отырып, бақылаудың үлгісіне, түріне және объектісіне қарай бюджеттің атқарылуын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылу тиімділігін, мемлекеттік органдардың (бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің) бюджетке кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің, байланысты гранттардың, бюджеттік инвестициялардың, мемлекет кепілгерліктерінің тиімді пайдаланылуын, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін бағалау қамтылады.»;
      99-тармақта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге де адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстардың белгілерін қамтитын анықталған фактілер бойынша бақылау материалдарын іс жүргізу шараларын қолдану үшін құқық қорғау органдарына табыс ету туралы шешімдер;»;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге де адамдарының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың белгілерін қамтитын анықталған фактілер бойынша бақылау материалдарын, егер бақылау материалдары Қорытынды дайындалғанға дейін берілмеген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға табыс ету туралы шешімдер;
      105-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «105. Қаулының белгілеуші бөлігінде бақылау бағытының ерекшеліктерін ескере отырып, бақылаудың үлгісіне, түріне және объектісіне қарай бюджеттің атқарылуын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылу тиімділігін, мемлекеттік органдардың (бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің) бюджетке кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің, байланысты гранттардың, бюджеттік инвестициялардың, мемлекет кепілгерліктерінің тиімді пайдаланылуын, акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін бағалау және анықталған бұзушылықтардың қысқаша сипаттамасы қамтылады.»;
      106-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «106. Қаулының қаулы шығарушы бөлігі:
      1) бақылаумен қамтылған мәселенің жай-күйі туралы жалпы тұжырымдама;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, басқа да консультативтік-кеңесші органдарға және жүргізілген бақылаудың объектілері болып табылмайтын уәкілетті органдарға нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, анықталған бұзушылықтарды жою, сондай-ақ бюджет және өзге де заңнаманың талаптарын бұзуға жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсынымдарды;
      3) сыртқы бақылау органының нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшiлiктердi жою, негізсіз пайдаланылған бюджет қаражатын қалпына келтіру не оларды есеп бойынша қалпына келтіру, атаулылық және нысаналы сипат принципін бұза отырып пайдаланылған бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді қайтару, өнім берушілердің шарттағы міндеттемелерін орындауы, сондай-ақ бюджет және өзге де заңнаманың талаптарын бұзуға жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде бақылау объектілері орындауға міндетті шешімдерді;
      4) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге де адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстардың белгілерін қамтитын анықталған фактілер бойынша бақылау материалдарын іс жүргізу шараларын қолдану үшін құқық қорғау органдарына табыс ету туралы шешімдерді;
      5) бақылау объектілерінің лауазымды және өзге де адамдарының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың белгілерін қамтитын анықталған фактілер бойынша бақылау материалдарын, егер бақылау материалдары Қаулы дайындалғанға дейін берілмеген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға табыс ету туралы шешімдерді;
      6) бақылау объектісі басшылығының бақылау іс-шарасы барысында жасаған және бюджет пен өзге де заңнаманың талаптарына қатысты жол берген бұзушылықтардың салдарын барынша азайтуға бағытталған іс-әрекеттерін назарға алу туралы ұсыныстарды;
      7) қажет болған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою үшін бақылау объектілеріне және басқа да мүдделі адамдарға жіберілетін мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының орындауға міндетті құжаты - ұсынымды (бұдан әрі - Ұсыным) бақылау объектісінің мекенжайына жіберу туралы тапсырманы;
      8) Қаулының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде бақылау органына ұсыну туралы талапты;
      9) Қаулыны міндетті түрде орындау туралы талапты;
      10) Қаулының орындалуын бақылау жүктелген сыртқы бақылау органының лауазымды адамының лауазымын, аты-жөнін қамтиды.»;
      134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «134. Қағаз жеткізгіштердегі бақылау материалдары Қаулыға (Ұсынымға) қол қойылғаннан кейін бес күннің ішінде (сыртқы бақылау органына келген уақыттан бастап үш күн ішінде тапсырылатын бақылау актілерін қоспағанда) сыртқы бақылау органының құжаттау мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшесіне тапсырылып, құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаcына сәйкес сақталады және кейіннен белгіленген тәртіппен мұрағатқа тапсырылады.».
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аппарат басшысы Б.Б. Әбдіқұлов Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы нормативтік қаулының мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы нормативтік қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                         О. Өксікбаев