Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 312 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 18 маусымда № 7743 тіркелді.

Қолданыстағы

      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңының 51-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Қ.С. Тыныбековке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр


полиция генерал-лейтенанты


  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2012 жылғы 22 мамырдағы
№ 312 бұйрығымен
бекітілген

Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының
арнаулы мекемелеріне бару қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңына сәйкес әзірленді және қоғамдық бақылау комиссиялары мүшелерінің ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) уақытша ұстау изоляторына, қабылдау-тарату орнына және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын арнайы қабылдау орнына бару тәртібін айқындайды.

      2. Қоғамдық бақылау комиссиялары (бұдан әрі – ҚБК) арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұстау жағдайлары, медициналық-санитарлық қамтамасыз ету, еңбегін, бос уақытын және оқуларын ұйымдастыру бөлігінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруда көмек көрсету мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 маусымдағы № 702 қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес құрылады.

2. ҚБК арнаулы мекемелерге бару тәртібі

      3. Арнаулы мекемелерге ҚБК баруы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ҚБК арнаулы мекемелер қарамағына жататын Ішкі істер департаментіне (бұдан әрі – ІІД) дербес құрамы бекітілген және төрағасы сайланған ҚБК отырысының хаттамалық шешімін (бұдан әрі – Хаттама) жолдайды;

      2) Хаттаманы алғаннан кейін ІІД бастығы ІІО немесе арнаулы мекемелер бастықтарына ҚБК кемінде екі мүшесінің құрамында осы Қағида айқындайтын тәртіппен арнаулы мекемелерге кедергісіз баруға құқық беретін Хаттаманың көшірмесін жолдайды;

      3) арнаулы мекемеге барған кезде ҚБК мүшелері жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетеді, осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҚБК келуін есепке алу журналына тіркеле отырып, берілген тізімге сәйкес салыстыра тексеруден өтеді. Содан кейін ІІО-ның жедел кезекшісі немесе арнаулы мекеменің кезекшісі тез арада бастыққа немесе оны ауыстыратын адамға баяндайды;

      4) арнаулы мекемелерге баратын адамдар төменде көрсетілген тыйым салынған заттарды өткізгені үшін жауапкершілік туралы ескертіледі:

      қару, шаншып-кесетін заттар, жарылғыш, улы, уландыратын, бактериологиялық, биологиялық, химиялық, есірткі және психотроптық заттар;

      бейне-, кино- және фотоаппаратура, жазатын құрылғы, көзбен бақылау құралдары, есептеуіш техникасы, радиотехникалық және қосалқы мақсаттағы басқа да аппаратура;

      ұялы байланыс құралдары мен Sim-карталар;

      5) ҚБК мүшелерінің арнаулы мекемеге баруы олардың жұмысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ІІО лауазымды адамдарының ілесіп жүруі арқылы жүзеге асырылады;

      6) арнаулы мекеме қызметкерлерінің көруіне және естуіне мүмкіндік беретін жағдайларда ҚБК мүшелері арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдардың келісімі болған кезде олармен әңгімелесе алады, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар қабылдай алады, арнаулы мекеме әкімшілігіне немесе прокуратура органдарына өтініштермен жүгіне алады;

      7) егер ол Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасы мен жедел–іздестіру қызметіне қайшы келмесе және осы мекемелердің ішкі тәртіп ережелерін бұзбаса, аудио-, бейнетехника құралдарын пайдалана отырып, ҚБК мүшелері кино-, фото- және бейнетүсірілімді, оның ішінде сұхбат алуды:

      арнайы қабылдау орындарында және қабылдап-тарату орындарында ұсталатын адамдардан – ІІБ басшылығының рұқсатымен және адамның өзінің жазбаша келісімімен;

      қылмыс жасауда күдікті және айыпталушы адамдардан – ІІО басшылығының немесе қылмыстық іс өндірісін жүргізетін органның және адамның өзінің жазбаша келісімімен жүзеге асыра алады;

      8) өз өкілеттіктерін орындау кезінде ҚБК мүшелері арнаулы мекемелердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің ережелерін сақтай отырып, арнаулы мекемелер қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынуға тиіс, оларға арнаулы мекемелердің қызметіне, сондай-ақ жедел-іздестіру, қылмыстық іс жүргізу қызметіне және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің өндірісіне араласуға рұқсат етілмейді;

      9) арнаулы мекемелерге бару түскі үзіліс (сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін) уақытын қоспағанда, тек жұмыс күндері сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады.

      Ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезде ҚБК мүшелерінің арнаулы мекемелерге баруына рұқсат етілмейді.

  Қоғамдық бақылау
комиссияларының ішкі істер
органдарының арнаулы
мекемелеріне бару
қағидасына 1-қосымша

ҚБК келуін есепке алу журналы

№ р/с

Келушінің Т.А.Ә.

Жеке куәліктің нөмірі

Келуші қайда барады

Келушінің келген уақыты

Ілесіп жүрген қызметкердің Т.А.Ә.

Кеткен уақыты