Банктік және сақтандыру холдингтерінің қаржылық есептілікті жариялау тәртібі мен мерзімдері туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 138 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 14 мамырда № 7648 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы, «Сақтандыру қызметі туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын банктік және сақтандыру холдингтері жыл сайын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне (бұдан әрі - уәкілетті орган) жылдық қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін бір айдың ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында:
      1) еншілес ұйымдары жоқтары - аудиторлық ұйым растаған, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылмаған жылдық бухгалтерлік балансты, пайда мен шығындар туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны және аудиторлық есепті;
      2) еншілес ұйымдары барлары - аудиторлық ұйым растаған, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін шоғырландырылған жылдық бухгалтерлік балансты, пайда мен шығындар туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны және аудиторлық есепті жарияласын.
      2. Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын банктік және сақтандыру холдингтері қаржылық есептілік жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күннен кеш емес мерзімде уәкілетті органға осы қаулының 1-тармағының орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко