Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары сатып алатын акцияларға (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сондай-ақ сақтандыру холдингтері мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алатын халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының және қаржы құралдарының (акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 98 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 11 сәуірде № 7550 тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1: Мыналар белгіленсін:
      1) Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) олар мынадай талаптарға сәйкес келген кезде сатып алатыны:
      Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғаларының акциялары осы қаулының 1-қосымшасында көрсетілген халықаралық қор биржаларын тізіміне енгізілген акцияларын;
      Қазақстан Республикасының резиденттері заңды тұлғалардың акциялары қор биржасының Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi Басқармасының "Қор биржасында айналымына жiберiлетiн (жiберiлген) эмитенттерге және олардың бағалы қағаздарына талаптары, және де қор биржасы тiзiмiнiң бөлек санаттары туралы" 2008 жылғы 26 мамырдағы № 77 қаулысында (Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5251 тіркелген) (бұдан әрі – № 77 қаулы) көзделген ресми тізімінің бірінші немесе екінші (ең жоғары) "акциялар" секторының санатына енгізілген.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) бағалы қағаздар нарығының брокерлік және дилерлік қызметті немесе инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар кәсіби қатысушыларының қызметін пайдалана отырып сатып алады;
      2) Сақтандыру холдингтері осы қаулының 2-қосымшасында көрсетілген халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларын сатып алатыны;
      3) Сақтандыру холдингтері, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары осы қаулының 3-қосымшасында көрсетілген қаржы құралдарын (акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоспағанда) сатып алатыны.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары бағалы қағаздарды (акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоспағанда) бағалы қағаздар нарығының брокерлік және дилерлік қызметті немесе инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар кәсіби қатысушыларының қызметін пайдалана отырып сатып алады.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                           Г. Марченко

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 98 қаулысына  
1-қосымша    

Халықаралық қор биржаларының тізімі

      1. Австрия қор биржасы (Wiener bourse AG)
      2. Америка қор биржасы (American Stock Exchange)
      3. Бомбей қор биржасы (The Bombay Stock Exchange Limited, ВSE)
      4. Бразилия қор биржасы (Bovespa)
      5. Гонконг қор биржасы (Hong Kong Exchanges and Clearing)
      6. Амстердамдағы "Евронекст" Еуропа қор биржасы (Euronext Amsterdam)
      7. Брюссельдегі "Евронекст" Еуропа қор биржасы (Euronext Brussels)
      8. Лиссабондағы "Евронекст" Еуропа қор биржасы (Euronext Lisbon)
      9. Париждегі "Евронекст" Еуропа қор биржасы (Euronext Paris)
      10. Үндістан қор биржасы (Delhi Stock Exchange)
      11. Италия қор биржасы (Borsa Italiana SPA)
      12. Лондон қор биржасы (London Stock Exchange)
      13. Малайзия қор биржасы (Bursa Malaysia)
      14. Мексика қор биржасы (Bolsa Mexicana de Valores, BMV)
      15. Неміс қор биржасы (Deutsche bourse AG)
      16. Нью-Йорк қор биржасы (New York Stock Exchange)
      17. Құрамына Стокгольм, Хельсинки, Таллин және Рига биржалары кіретін біріккен қор биржасы (Hex Integrated Markets Ltd.)
      18. Сингапур қор биржасы (Singapore Exchange)
      19. Стамбул қор биржасы (Istanbul Stock Exchange)
      20. Стокгольм қор биржасы (Stockholm Exchange)
      21. Токио қор биржасы (Tokyo Stock Exchange)
      22. Австралия қор биржасы (Australian Stock Exchange)
      23. Монреаль қор биржасы (Bourse de Montreal)
      24. Ресей Федерациясының қор биржасы (ОАО ММВБ-РТС)
      25. Торонто қор биржасы (Toronto Stock Exchange)
      26. Швейцария қор биржасы (SWX Swiss Exchange)
      27. Франкфурт қор биржасы (Frankfurt Stock Exchange)
      28. Шанхай қор биржасы (Shanghai Stock Exchange)
      29. Оңтүстік Корея қор биржасы (Korea Stock Exchange)

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 98 қаулысына  
2-қосымша    

Халықаралық қаржы ұйымдарының сақтандыру холдингтері сатып алатын облигациялары

      Сақтандыру холдингтері мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған облигацияларды сатып алады:
      Азия даму банкi;
      Африка даму банкi;
      Халықаралық есеп айырысу банкi;
      Еуразия даму банкi;
      Еуропа қайта құру және даму банкi;
      Еуропа инвестициялық банкi;
      Ислам даму банкi;
      Америкааралық даму банкi;
      Халықаралық қаржы корпорациясы;
      Халықаралық қайта құру және даму банкi.

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 98 қаулысына  
3-қосымша     

Сақтандыру холдингтері, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары
сатып алатын қаржы құралдарының (акцияларды және жарғылық
капиталға қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесі

      1. Сақтандыру холдингтері мынадай облигацияларды сатып алады:
      1) халықаралық қаржы ұйымдары шығарған, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе Moody's Investors Service, Fitch агенттіктерінің (бұдан әрі – басқа рейтингілік агенттіктер) халықаралық шкаласы бойынша осындай деңгейдегі рейтингісі бар мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар;
      2) Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В-"- дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағалауы немесе Standard & Poor's ұлттық шкаласы бойынша "kzB"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы бар немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің ұлттық шкаласы бойынша осындай деңгейдегі рейтингісі бар мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар.
      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мынадай қаржы құралдарын (акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоспағанда) сатып алады:
      1) ақша;
      2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған (басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылғандарды қоса алғанда) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдік беруімен шығарылған бағалы қағаздар;
      3) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген облигациялар;
      4) мынадай талаптардың біріне сәйкес келген кезде Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар:
      банктердің Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В+"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағалауы немесе Standard & Poor's ұлттық шкаласы бойынша "kzB+"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің ұлттық шкаласы бойынша осындай деңгейдегі рейтингісі бар;
      банктер Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар Қазақстан Республикасының резидент емес бас банкінің резидент еншілес банктері болып табылады;
      5) мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар:
      Азия даму банкi;
      Африка даму банкi;
      Халықаралық есеп айырысу банкi;
      Еуразия даму банкi;
      Еуропа қайта құру және даму банкi;
      Еуропа инвестициялық банкi;
      Ислам даму банкi;
      Америкааралық даму банкi;
      Халықаралық қаржы корпорациясы;
      Халықаралық қайта құру және даму банкi;
      6) мемлекеттік мәртебесі бар, шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-дан төмен емес тәуелсіз рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар бағалы қағаздар;
      7) шетелдік ұйымдар шығарған, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар;
      8) Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар:
      Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В-"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі немесе Standard & Poor's ұлттық шкаласы бойынша "kzB"-дан төмен емес рейтингісі бар борыштық бағалы қағаздар;
      қор биржасының ресми тізіміне енгізілген борыштық бағалы қағаздар;
      9) басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, инвестициялық пай қорларының "инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары" санатының № 77 қаулыда көзделген талаптарына сәйкес келетін интервалдық пайлары;
      10) Лондон қымбат металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін және осы қауымдастықтың құжаттарында "Лондон сапалы жеткізу" (London good delivery) стандарты ретінде белгіленген тазартылған бағалы металдар және металл депозиттер, оның ішінде Қазақстан Республикасының резидент емес банктеріндегі Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "АА"-дан төмен емес рейтингілік бағалауы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар, он екі айдан аспайтын мерзімдегі;
      11) тәуекелдерді хеджирлеу мақсатында сатып алынған, базалық активтері осы қосымшаға сәйкес сақтандыру холдингтері, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алуға рұқсат етілген туынды қаржы құралдары.