Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және Қазақстан Республикасының резиденттері және резиденттері емес-заңды тұлғаларға барлық берілген банктік қарыздарының және банк кепілдіктерінің жиынтық көлемін есептеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 80 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 2 сәуірде № 7510 тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және Қазақстан Республикасының резиденттері және резиденттері емес-заңды тұлғаларға барлық берілген банктік қарыздарының және банк кепілдіктерінің жиынтық көлемін есептеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 80 қаулысымен
бекітілген

Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және Қазақстан Республикасының резиденттері және резиденттері емес-заңды тұлғаларға барлық берілген банктік қарыздарының және банк кепілдіктерінің жиынтық көлемін есептеу қағидалары

      Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – банктер) олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және Қазақстан Республикасының резиденттері және резиденттері емес-заңды тұлғаларға барлық берілген банктік қарыздарының және банк кепілдіктерінің жиынтық көлемін есептеу тәртібін белгілейді.

      1. Банктің бас банктің күмәнді және (немесе) үмітсіз активтерін иемденетін еншілес ұйымдарына берілген, жиынтық көлемі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15886 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 170 қаулысымен бекітілген Пруденциалдық қалыптардың қалыптық және өзге де орындалуы мiндеттi нормалар мен лимиттердi маңызы мен есептеу әдiстемелерiне, белгiлi бір күнге шектi банк капиталының мөлшерiне (бұдан әрі – № 170 нормативтер) сәйкес айқындалатын қарыздар мен банк кепілдіктерін қоспағанда, Банктер туралы заңның 8-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген барлық банк қарыздары мен банк кепілдіктерінің жиынтық көлемі әрбір банк бойынша банктің меншікті капиталының 50 (елу) пайызынан аспайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.07.2018 № 157 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Жиынтық көлемнің көрсеткіші мынадай формула бойынша есептеледі:

      БЗ + БГ - СП - СО - СБА < 50 % СК,

      мұнда:

      БҚ - Банктер туралы заңның 8-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген, берілген банктік қарыздар бойынша негізгі борыш сомасы;

      БК – Банктер туралы заңның 8-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген банк кепілдігі шарты бойынша міндеттемелердің барлық сомасына берілген банк кепілдіктері;

      ПС – банктің бас банктің күмәнді және (немесе) үмітсіз активтерін иеленетін еншілес ұйымдарына қойылатын талаптармен қалыптастырылған резервтерді қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес қалыптастырылған резервтердің сомасы;

      ҚС – бас банктің күмәнді және (немесе) үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарының міндеттемелері бойынша қамтамасыз етуді қоспағанда, Банктер туралы заңның 8-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген банктік қарыздар мен банк кепілдіктері бойынша қамтамасыз ету сомасы;

      БАС – бас банктің күмәнді және (немесе) үмітсіз активтерін иеленетін банктің еншілес ұйымдарына банктің талаптары бойынша негізгі борыштың сомасы;

      МК – № 170 нормативтерге сәйкес есептелген меншікті капитал.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.02.2013 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.07.2018 № 157 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3. Банктер туралы заңның 8-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген барлық банктік қарыздар мен банк кепілдіктерінің жиынтық көлемі қарыз алушыларға талаптар туындаған күні осы Қағидаларда белгіленген мөлшердің шегінде болып, кейіннен банктің меншікті капиталы деңгейінің соңғы үш ай ішінде 5 (бес) пайыздан аспайтын деңгейге төмендеуіне байланысты не теңгенің қарыз алушыға қойылатын талаптар көрсетілген шетел валюталарына қатысты орташа алынған биржалық бағамының соңғы үш ай ішінде 10 (он) пайыздан аса өсуінен банктің қарыз алушыға талаптарының ұлғаюына байланысты көрсетілген шектеулерден асып кетсе, көрсеткіш орындалған болып саналады.

      4. Көрсетілген жағдайларда банк шектеулердің көтерілуі анықталған күннен бастап уәкілетті органға көтерілу фактісі туралы хабарлайды және көтерілуді ағымдағы және келесі айларда жою жөнінде міндеттемелер қабылдайды. Егер осы көтерілу хабарламада көрсетілген мерзімде жойылмаса, көрсеткіштен асып кету көрсетілген көтерілу анықталған күннен бастап осы көрсеткіштің бұзылуы ретінде қарастырылады.

      5. Егер банктің қарыз алушысы банк алдында міндеттеме туындаған күні банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға болып табылмаса, бірақ кейіннен сондай болса, көрсеткіштің мөлшері асып кеткен жағдайда, егер банк уәкілетті органға қарыз алушының қосымша қамтамасыз етуді ұсыну немесе көрсеткіштің мөлшерін сақтау үшін қажетті мөлшерге дейін банк талаптарының бір бөлігін орындау қабілетін растай отырып және бұл жөнсіздікті уәкілетті орган белгілеген мерзімде жою жөнінде міндеттеме қабылдай отырып, мөлшерден асып кету анықталған күннен бастап осындай асып кету туралы хабарлаған болса, көрсетілген асып кету бұзушылық болып қаралмайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.02.2013 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыcымен.