Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктік қарыздарды және банк кепілдіктерін беруі жөніндегі талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 81 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 наурызда № 7470 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 ақпандағы № 72 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.02.2013 № 72 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктік қарыздарды және банк кепілдіктерін беруі жөніндегі талаптар бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық Банкі Басқармасының 
2012 жылғы 24 ақпандағы  
№ 81 қаулысымен     
бекітілген       

Екінші деңгейдегі банктердің олармен ерекше қатынастар
арқылы байланысты тұлғаларға және заңды тұлғаларға
(Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті
еместерге) банктік қарыздарды және банк кепілдіктерін
беруі жөніндегі талаптар

      Осы Талаптар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі - банктер) олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға және заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктік қарыздарды және банк кепілдіктерін беруіне қойылатын талаптарды белгілейді.
      1. Банк олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты, мөлшері мен түрі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 тіркелген) (бұдан әрі - № 296 жіктеу ережесі) сәйкес «жақсы» деп жіктелетін қамтамасыз етуі бар және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты жеке тұлғаның қаржылық жай-күйі № 296 жіктеу ережесіне сәйкес «тұрақты» ретінде жіктелсе, Банктер туралы заңның 8-1-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мөлшерден аспайтын барлық банктік қарыздар мен банк кепілдіктерінің жиынтық көлемі шегінде жеке тұлғаларға банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін береді.
      2. Банк олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты, мөлшері мен түрі № 296 жіктеу ережесіне сәйкес «жақсы» деп жіктелетін қамтамасыз етуі бар және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты заңды тұлғалардың (Қазақстан Республикасы резиденттерінің және резиденті еместердің) қаржылық жай-күйі № 296 жіктеу ережесіне сәйкес «тұрақты» ретінде және Банктер туралы заңның 8-1-бабы 2-тармағының талаптарының біріне сәйкес келмейтін деп жіктелсе, банктің меншікті капиталының 0,05 пайызынан аспайтын мөлшерде заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін береді.
      3. Банк олармен ерекше қатынастар арқылы байланысты, мөлшері мен түрі № 296 жіктеу ережесіне сәйкес «жақсы» деп жіктелетін қамтамасыз етуі бар және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты заңды тұлғалардың (Қазақстан Республикасы резиденттерінің және резиденті еместердің) қаржылық жай-күйі № 296 жіктеу ережесіне сәйкес «тұрақты» ретінде және Банктер туралы заңның 8-1-бабы 2-тармағының талаптарының біріне сәйкес келетін деп жіктелсе, Банктер туралы заңның 8-1-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мөлшерден аспайтын барлық банктік қарыздар мен банктік кепілдіктердің жиынтық көлемі шегінде заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін береді.
      4. Бас банк өзінің күмәнді және (немесе) үмітсіз активтерін иемденетін және Банктер туралы заңның 11-2-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін күмәнді және (немесе) үмітсіз активтер бойынша талаптар құқығы түріндегі қамтамасыз етуі бар еншілес ұйымдарына Банктер туралы заңның 8-1-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мөлшерден аспайтын барлық банктік қарыздар мен банк кепілдіктерінің жиынтық көлемі шегінде банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін береді.
      5. Банк олармен ерекше қатынастар арқылы байланысы жоқ және Банктер туралы заңның 8-1-бабы 2-тармағының талаптарының біріне сәйкес келмейтін заңды тұлғаларға (Қазақстан Республикасының резиденттеріне және резиденті еместерге) банктің меншікті капиталының 0,05 пайызынан аспайтын мөлшерде банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін береді.