Қор биржасы мүшелерінің қор биржасына қаржылық есептілікті және өзге ақпаратты ұсыну тізбесі мен мерзімдері туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 33 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 наурызда № 7466 тіркелді

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Екінші деңгейдегі банктер болып табылмайтын қор биржасының мүшелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 25 ақпандағы № 11 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6890 тіркелген) бекітілген Қаржы ұйымдарының және "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамының қаржылық есептілігінің тізбесі, нысандары және ұсыну мерзімдері туралы нұсқаулықтың 7 және 8-қосымшаларында белгіленген нысандар бойынша тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті (еншілес ұйымы (ұйымдары) болған жағдайда - шоғырландырылған және жеке қаржылық есептіліктерді) қор биржасына тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
      2. Екінші деңгейдегі банктер болып табылатын қор биржасының мүшелері Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар жөніндегі есеп нысандарын бекіту туралы" 2005 жылғы 25 маусымдағы № 224 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3750 тіркелген) қосымшасына сәйкес баланстық және баланстан тыс шоттардағы қалдықтар туралы есепті қор биржасына тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
      3. Қор биржасының мүшелері жыл сайын есепті, жылдан кейінгі жылдың 30 маусымына дейінгі мерзімде қор биржасына аудиторлық ұйыммен расталған жылдық қаржылық есептілікті (еншілес ұйымы (ұйымдары) болған жағдайда - шоғырландырылған және жеке қаржылық есептіліктерді), және ол мыналарды қамтиды:
      1) бухгалтерлік балансты;
      2) пайдалар мен шығындары туралы есепті;
      3) ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті;
      4) капиталдағы өзгерістер туралы есепті;
      5) түсіндірме жазбаны.
      Еншілес ұйымы (ұйымдары) бар қор биржасы мүшесінің жеке жылдық есептілігінің аудиторлық ұйыммен расталу талабы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін таралады.
      4. Осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап және 2012 жылғы 1 шілдеге дейін қаржылық есептілік қор биржасына "Microsoft Ехсеl" электрондық форматта ұсынылады.
      2012 жылғы 1 шілдеден бастап қаржылық есептілік қор биржасының ережелерімен айқындалатын форматта ұсынылатын деректердің конфиденциалдылығын және түзетілмейтіндігін қамтамасыз ететін криптографиялық қорғау құралдары бар ақпаратты кепілдік бере отырып жеткізудің тасымалдау жүйесін пайдалана отырып, электрондық түрде қор биржасына ұсынылады.
      Аудиторлық есеп қор биржасына РDF, ТІҒҒ немесе JPEG форматтарда ұсынылады (қағаз нұсқасының сканирленген көшірмесі).
      5. Қор биржасының мүшелері қор биржасына:
      1) "Бағалы қағаздар нарығы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 102-бабының 2-тармағында көзделген, эмитент қызметіндегі өзгерістер туралы ақпаратты - егер бағалы қағаздары қор биржасы тізіміне енгізілген эмитент қор биржасының мүшесі болып табылған жағдайда туындаған күнінен бастап он бес күнтізбелік күн ішінде;
      2) уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілігі бойынша пруденциалдық нормативті бұзуы туралы ақпаратты осындай бұзушылық туындаған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде;
      3) қор биржасы қор биржасының сауда жүйесінде айналысатын бағалы қағаздар және өзге қаржы құралдары бойынша сауда-саттыққа қатысуға рұқсат берген, қор биржасы мүшесінің трейдерлері құрамында өзгерістері туралы ақпаратты осындай өзгерістердің негіздемелері туралы мәліметтерді көрсете отырып олар туындаған күнінен бастап үш жұмыс күн ішінде;
      4) қор биржасының қағидаларында белгіленген көлемде есепті күнгі жағдай бойынша брокерлік қызметтер көрсету шеңберінде қор биржасы мүшесінің комиссия шарттарын жасағаны туралы мәліметтерді, есепті тоқсаннан кейінгі айдың бесінші жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде ұсынады.
      6. Қор биржасы 2012 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде өзінің бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуді осы қаулының 4-тармағының екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес келтірсін.
      7. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко 

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
      Статистика агенттігі
      Төраға _______ Ә.А.Смайылов
      2012 жылғы 11 наурыз