«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарын іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Г. Марченко
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 13 ақпандағы
№ 31 қаулысымен бекітілді
Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарын іске асыру қағидалары
1. Осы Қағидалар «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және «Сақтандыру төлемдеріне кепiлдiк беру қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, акционерлік қоғам (бұдан әрі - қоғам) акционерлерiнiң қоғамның жарияланған акцияларын немесе қоғамның қарапайым акцияларына айырбасталатын, сондай-ақ қоғам бұрын сатып алған (бұдан әрi - орналастырылған (сатылатын) бағалы қағаздар) бағалы қағаздар қоғамы іске асыратын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын жүзеге асыру тәртiбiн анықтайды.
2. Қоғамның бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарына сәйкес қоғамның акционерлеріне орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды иелену ұсыныстарын қоғам өз акционерлерiнiң назарына қоғамның жарғысында қарастырылған мынадай әдiстердiң бiрiмен:
1) осы Қағидаларының 5-тармағына сәйкес тiркеушiнiң қоғамға ұсынған тiзiмiне сәйкес қоғамның әрбiр акционерiне көрсетiлген ұсыныстан тұратын жеке жазбаша хабарламаны (бұдан әрi - жазбаша хабарлама) жіберу көмегімен.
2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi Басқармасының «Акционерлік қоғамның қызметi туралы ақпаратты жариялау үшiн пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралдары және оларға қойылатын талаптар туралы» 2005 жылғы 27 тамыздағы № 311 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттік тіркеу тiзiлiмiнде № 3860 тіркелген) және қоғамның жарғысымен белгіленген талаптарға жауап беретін бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілген ұсынысты жариялау арқылы жеткізеді.
Егер қоғамның акционері орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ол туралы мәліметтер жоқ номиналды ұстаушының клиенті болып табылған жағдайда, қоғам акционерлеріне олардың бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алуға ұсынысты қоғам өз акционерлеріне бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы жеткiзедi.
3. Жазбаша хабарламада немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдарда мынадай ақпараттар көрсетiлуi тиiс:
1) орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздардың саны мен түрi;
2) олардың түрлерi бойынша орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздардың санына орналастырылған акциялар (қоғам сатып алғандарды шегергенде) санының ара қатынасы;
3) Заңның 16-бабының талаптарын есепке ала отырып орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алу шарттары;
4) осындай шешiмдi қабылдауға уәкiлеттi қоғам органы белгілеген орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды орналастыру (сату) бағасы;
5) почталық мекен-жайы, мыналарды:
қоғамның бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алу мәселелері бойынша қоғам акционерлерімен осындай әрбір почта мекен-жайлары арқылы қарым-қатынас жасайтын тұлғалардың фамилиясы, аты (бар болса - әкесiнiң аты) байланыс деректемелерін;
андеррайтер немесе эмиссиялық консорциум арқылы қоғамның орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарын орналастыру (сату) кезiндегi андеррайтердiң (эмиссиялық консорциумның) атауын көрсете отырып, осы бойынша акционер орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды алуға өтiнiм бере алады.
4. Заңның 16-бабында белгіленген сатып алу шарттарына сәйкес қоғамның орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарын сатып алуға қажеттi жеткiлiктi мөлшердегі акциялары жоқ акционер орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басқа акционерлік қоғамдармен жалпы меншiк құқығында сатып алуына болады.
5. Орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына ие акционерлердiң тiзiмiн қоғамның уәкiлеттi органының қоғамның бағалы қағаздарды орналастыру (сату) туралы қабылданған шешiмнiң басталатын күнiне (00 сағат 00 минут) қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiнiң деректерi негiзiнде қоғамның жазбаша өкiмiне сәйкес тiркеушi жасайды.
6. Басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес акционердің орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алуға өтiнiм (бұдан әрі - өтінім) бере алатын мерзім iшiнде қоғамның жазбаша хабардар етуін немесе бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамның бағалы қағаздарды орналастыру (сату) туралы жарияланғанын акционердің алған күнінен бастап отыз күнтiзбелiк күнді құрайды.
Қаржы ұйымының акционері жарияланған акцияларды орналастыруға, сондай-ақ қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының талабы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген пруденциалдық және өзге нормалар мен лимиттерді орындау мақсатында бұрын сатып алынған акцияларды сатуға ниеті бар өтінімді және жазбаша бас тарту бере алатын мерзім ішінде қоғамның жазбаша хабардар етуін немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын акционердің алған күнінен бастап бес жұмыс күнді құрайды.
7. Осы Қағидаларының 5-тармағына сәйкес тiркеушi тiзiм жасаған күннен басталған кезеңдегi акциялардан қоғамның акционерін иеліктен айырған кезде және қоғамның бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес бағалы қағаздарды сатып алуға өтiнiмдер беру үшiн осы акционерге берiлiп отырған осы Қағидаларының 6-тармағында белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін, егер акцияның бұрынғы иесi мұндай өтiнiмдi бермеген жағдайда, аталған құқық акцияның жаңа меншік иесіне көшеді.
Мұндай жағдайда акцияның жаңа иесi басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алу өтiнiмiне қоғамның акцияларына иелiк ету құқығын растай отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылар (орталық депозитарийлердi есепке алу жүйесi) тiзiлiмi жүйесiнен алынған үзiндi көшiрменi қоса ұсынады және өтiнiмде акцияның бұрынғы иелерi болып табылатын жеке тұлғаның не заңды тұлғаның фамилиясын, атын (бар болса - әкесiнiң атын) көрсетедi.
Егер акциялардың бұрынғы меншiк иесi номиналды ұстаушының клиентi болып табылған жағдайда, орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде ол туралы мәлiметтер жоқ болса, онда акциялардың жаңа меншiк иесi басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алу өтiнiмiне қоғам акцияларына иелiк ету құқығын растай отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылар (орталық депозитарийдi есепке алу жүйесi) жүйесiнiң үзiндi көшiрмесiн қосып, сондай-ақ егер акцияның бұрынғы иесiнiң мұндай өтiнiмдi бермегендiгiн растап, орталық депозитарийден хабарлама ұсынады.
Қоғам тiркеушiсi (номиналды ұстаушы) осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзім iшiнде қоғамның бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерiн тіркеу кезiнде акцияның жаңа меншік иесін қоғамның акцияларын орналастыру (сату) туралы хабардар етеді. Осы мерзiмдi есептеу туралы ақпаратты қоғам тiркеушiсiне бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесін жүргізу бойынша шартпен белгілеген мерзімде ұсынады.
8. Қоғам акционерiнiң өтiнiмiнде мынадай мәлiметтер көрсетiледi:
1) қоғам акционері сатып алуға ниет бiлдiрген бағалы қағаздардың саны және түрі;
2) акционер не қоғам акционері жеке тұлға болып табылған жағдайдағы оның уәкілетті өкілінің тегі, аты (бар болса - әкесінің аты), жеке басын куәландыратын құжаттың, мекен-жайының деректемелері, қолы;
3) заңды тұлғаның атауы, тұратын жері және мөрі, оның бірінші басшының не егер акционерлік қоғам заңды тұлға болып табылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүдделерін білдіруге уәкілетті өзге де тұлғаның қолы.
9. Егер қоғамның акционерi номиналды ұстаушының клиентi болған жағдайда, орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде ол туралы мәлiметтер жоқ болса, акционердiң жазбаша өтiнiмi негiзiнде құрастырылған номиналды ұстаушының жазбаша тапсырмасына сәйкес осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзімде орналастырылған (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алуға өтiнiмдi орталық депозитарий ұсынады.
Орталық депозитарий ұсынған өтiнiмде мынадай мәліметтер көрсетiледi:
1) орталық депозитарийдің клиенттеріне тиесілі бағалы қағаздардың саны және түрі;
2) орталық депозитарийдің клиенттері сатып алуға ниет білдірген бағалы қағаздардың саны және түрі;
3) орталық депозитарийдің атауы, орналасқан жері және мөрі, оның бiрiншi басшысының не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүдделерін бiлдiруге уәкiлеттi өзге де тұлғаның қолы.
10. Осы Қағидаларының 9-тармағында көзделген жағдайдағы жазбаша нысанда жасалған басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алуға қоғам акционерiнiң не орталық депозитарийдің өтiнiмi оның тапсырылғандығы туралы хабарламамен бiрге тапсырыс-хатпен жiберiледi не жазбаша хабарламада немесе бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымда көрсетілген мекен-жай бойынша акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына бередi. Акционер немесе оның уәкiлеттi өкiлi өз қолына берген жағдайда өтiнiм екі данада жасалады және өтiнiмнiң екiншi данасына оның алынған күні мен уақыты, оны алған адамның фамилиясы, аты (бар болса - әкесiнiң аты) және қойған қолы көрсетiле отырып белгi қойылады.
Егер қоғам акционері не орталық депозитарий берген өтiнiм, осы Қағидаларының 9-тармағында көзделген жағдайда, осы Қағидаларының талаптарын бұза отырып жасалған болса, қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) ондай өтiнiмдi анықталған бұрмалаушылықтарды жою және осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзім шегінде өтiнiмдi қайтадан беру үшін қоғам акционеріне не орталық депозитарийге қайтарады.
11. Осы Қағидаларының 9-тармағында көзделген жағдайда, қоғамның акционерлерi мен орталық депозитарийден осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзімі аяқталғанға дейін басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алуға өтiнiмдер түскеннен кейiн қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) осы өтiнiмдердi орындайды.
12. Қоғамның акционерлері, сондай-ақ орталық депозитарий осы Қағидаларының 9-тармағында көзделген жағдайда, өтiнiмдерiн осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынбаса, онда қоғам (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) көрсетілген мерзім өткен соң бағалы қағаздарды орналастырады (сатады).
13. Қоғамның акционері, сондай-ақ орталық депозитарий осы Қағидаларының 9-тармағында көзделген жағдайда қоғамға басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес орналастырылатын (сатылатын) бағалы қағаздарды сатып алудан жазбаша бас тартуды (бұдан әрі – жазбаша бас тарту) бере алады.
Акционердің қоғамға жазбаша бас тартуды беруі осы Қағидаларының 6-тармағында көзделген мерзімде жүзеге асырылады.
Қоғам акционерінің не орталық депозитарийдің жазбаша бас тартуы осы Қағидаларының 10-тармағында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
Қоғам акционері ұсынған жазбаша бас тартуында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
қоғам акционері сатып алуға құқылы бағалы қағаздардың саны және түрі;
қоғам акционері басымдықпен сатып алу құқығын жүзеге асырудан бас тартқан жағдайдағы бағалы қағаздардың саны және түрі;
акционер не қоғам акционері жеке тұлға болып табылған жағдайдағы оның уәкілетті өкілінің тегі, аты (бар болса - әкесінің аты), жеке басын куәландыратын құжаттың, мекен-жайының деректемелері, қолы;
заңды тұлғаның атауы, тұратын жері және мөрі, оның бірінші басшының не егер акционерлік қоғам заңды тұлға болып табылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүдделерін білдіруге уәкілетті өзге де тұлғаның қолы.
Егер қоғамның акционері номиналды ұстаушының клиенті болған жағдайда, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ол туралы мәліметтер жоқ болса, акционердің жазбаша бас тарту негізінде құрастырылған номиналды ұстаушының жазбаша тапсырмасына сәйкес осы Қағидаларының 6-тармағында көрсетілген мерзімде бағалы қағаздарды сатып алуға өтінімді орталық депозитарий ұсынады.
Орталық депозитарий ұсынған жазбаша бас тартуында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
номиналды ұстаушының клиенттеріне тиесілі бағалы қағаздардың саны және түрі;
номиналды ұстаушының клиенттері сатып алуға құқылы бағалы қағаздардың саны және түрі;
номиналды ұстаушының клиенттері басымдықпен сатып алу құқығын жүзеге асырудан бас тартқан жағдайдағы бағалы қағаздардың саны және түрі;
орталық депозитарийдің атауы, тұратын жері және мөрі, оның бірінші басшының не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүдделерін білдіруге уәкілетті өзге де тұлғаның қолы.
Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы акцияларды жарияланған акцияларының саны шегiнде орналастыру (сату) туралы шешiм қабылдаған жағдайда, акционерлер осы жалпы жиналыста орналастырылатын акцияларды басымдықпен сатып алу құқығынан жазбаша бас тартуды бере алады.
14. Акционер басымдықпен сатып алу құқығы бойынша орналастырылатын (сатып алынатын) бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады. Қоғамның жарғысымен акциялардың ақысын төлеудің өзге де мерзімі көзделуі мүмкін, ол акциялар орналастырыла бастаған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
Қаржы ұйымының басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акцияларына ақы төлеуді акционер оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлемеген жағдайда аталған мерзім аяқталғаннан кейін өтінім жарамсыз болып есептеледі.
Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеу мерзімдері бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның акцияларды сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап он екі ай ішінде жүзеге асырады.
15. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың осы баптың 14-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін ақысын төлемеген жағдайда өтінім жарамсыз болып саналады.
16. Осы Заңның 83-бабында көзделген тәртіппен оған басқа қоғам қосылған кезде қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) кезінде қоғамның акционерлеріне басымдықпен сатып алу құқығы берілмейді.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 13 ақпандағы
№ 31 қаулысына қосымша
Күші жойылды деп танылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарын іске асыру қағидаларын бекіту туралы» 2006 жылғы 12 тамыздағы № 151 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 4380 тіркелген, 2006 жылғы 29 қыркүйекте «Заң газеті» газетінде № 174 (980) жарияланған).
2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Акционерлік қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқықтарын іске асыру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 12 тамыздағы № 151 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» 2009 жылғы 26 қыркүйектегі № 210 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 5842 тіркелген, 2009 жылғы 10 желтоқсанда «Заң газеті» газетінде № 189 (1612) жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 1 наурыздағы № 21 қаулысының 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 6155 тіркелген, 2010 жылғы 30 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде № 450-451 (26294) жарияланған).