Ақкөл ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы

Ақмола облысы Ақкөл аудандық мәслихатының 2011 жылғы 23 мамырдағы № С 38-4 шешімі. Ақмола облысы Ақкөл ауданының Әділет басқармасында 2011 жылғы 24 маусымда № 1-3-156 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына сәйкес, Ақкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Ақкөл ауданында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына әлеуметтік көмек көрсетілсін:
      1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар санынан аз қамтылған азаматтарға негізгі тағам өнімдері бағаларының өсуіне байланысты, өтініш берусіз ай сайын 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалының Ақкөл аудандық бөлімшенің (әрі қарай - Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы) тізімдері негізінде, өтініш берусіз мерекелік күндерге арналған біржолғы төлемдер:
      9 мамыр - Жеңіс Күніне:
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне бес мың теңге мөлшерінде;
      өзге елдер аймақтарында соғыс әрекеттеріне қатысқандарға екі мың теңге мөлшерінде;
      фашисттік концлагерлердің бұрынғы тұтқындарына екі мың теңге мөлшерінде;
      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қатысушылардың жесірлеріне екі мың теңге мөлшерінде;
      Ұлы Отан соғысына қатысқан, қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне екі мың теңге мөлшерінде;
      1986 жылдан 1989 жылға дейінгі мерзімінде Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушыларға екі мың теңге мөлшерінде.
      Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күніне:
      сексен жастан асқан зейнеткерлерге екі мың теңге мөлшерінде;
      барлық санаттағы мүгедектерге екі мың теңге мөлшерінде;
      3) жедел әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға (азаматтарға), болған жағдайдан кейін үш айдан кешіктірмей, отбасы кірісіне қарамастан, өтініші бойынша материалдық көмек:
      кәмелеттік жасқа толмаған балаларды және жұмыссыз азаматтарды жерлеуге, қайтыс болған баланың немесе жұмыссыз азаматтың қайтыс болуы туралы анықтаманың және қайтыс болуы туралы куәлігінің көшірмесі негізінде он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      өрт, су тасқыны, басқа да зілзала апаттың нәтижесінде зардап шеккен отбасыларға (азаматтарға) «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Ақкөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің анықтамасы негізінде біржолғы елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      туберкулезбен ауыратындарға қосымша тамаққа, емдеуге немесе кеңес алу үшін барған жолына, жылына бір рет, фтизиатрдан алынған анықтаманың негізінде он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      онкологиялық стационар жағдайында арнайы емді өтетін онкологиялық аурулармен ауыратындарға, жылына бір рет, сырқаты туралы кітапшасынан алынған көшірмесі негізінде он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      4) біржолғы көмек:
      селолық жерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде күндізгі оқу формасы бойынша оқитын, ақысын төлейтін студенттеріне жылына бір рет, білім беру мекемесімен жасасқан келісім шарттың көшірмесі мен оқу орнынан берілген анықтаманың негізінде, бір жылғы оқу құнының мөлшерінде оқуға төлеуіне;
      5) коммуналдық қызмет шығындары үшін әлеуметтік көмек:
      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне өтініш берусіз, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының тізімдері негізінде ай сайын 2,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына коммуналдық қызметті өтеуге ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, өтініш берусіз Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының тізімдері негізінде.
      2. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмекті алу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
      еркін түрде жазылған өтініш;
      өтініш берушіні куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      шот нөмірі көрсетілген алушының банктік шотын анықтайтын құжаттың көшірмесі;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірі куәлігінің көшірмесі;
      тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі (азаматтарды тіркеу кітапшасының көшірмесі немесе мекенжай бюросының анықтамасы).
      3. Уәкілетті орган – «Ақкөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген санаттарға әлеуметтік көмекті тағайындауды және төлеуді қамтамасыз етсін.
      4. Әлеуметтік төлемдер 451 007 «Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттар шегінде, екінші деңгейдегі банктер немесе банктық операциялардың тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы көмек алушының банктік шотына «Ақкөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесімен ұсынылған тізімдер негізінде іске асырылады.
      5. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Ақкөл ауданында мұқтаждық көруші жеке санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету туралы» Ақкөл аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 16 наурыздағы № С 27-3 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 1-3-136 тіркелген, 2010 жылдың 23 сәуірде аудандық «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины КZ» газеттерінде жарияланған);
      2) «Ақкөл аудандық мәслихатының 2010 жылғы 16 наурыздағы № С 27-3 «Ақкөл ауданының жеке санаттағы мұқтаждық көруші азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету туралы» шешіміне өзгертулер енгізу туралы» Ақкөл аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 8 қарашадағы № С 33-3 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 1-3-145 тіркелген, 2010 жылдың 31 желтоқсанда аудандық «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины КZ» газеттерінде жарияланған).
      6. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ақкөл аудандық мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       Т.Жұманов

      Ақкөл аудандық
      мәслихат хатшысы                           Ю.Ужакин

      «КЕЛІСІЛДІ»

      Ақкөл ауданының әкімі                      А.С.Үйсімбаев

      «Ақкөл ауданының экономика
      және қаржы бөлімі» мемлекеттік
      мекемесінің бастығы                        Л.Н.Величко

      «Ақкөл аудандық жұмыспен қамту
      және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі»
      мемлекеттік мекемесінің бастығы            Н.Қ.Мананбаева