Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 145-бабының 4-3-тармағына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі бекiтiлсiн.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң аппарат басшысы Е.Қ.Сыздықов бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы нормативтік қаулының мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
3. Осы нормативтік қаулы алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Төраға О. Өксікбаев
Республикалық бюджеттінің
атқарылуын бақылау
жөніндегі есеп комитетінің
2011 жылғы 31 тамыздағы № 3–НП
нормативтік қаулысымен
бекітілген
Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу
кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі
1. Негізгі ережелер мен ұғымдар
1. Осы сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі (бұдан әрі – Үлгі жүйе) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 145-бабының 4-3-тармағын орындау үшін әзірленді.
2. Үлгі ереженің негізгі мақсаты бақылаумен барынша қамту мақсатында тәуекелі жоғары, сондай-ақ тәуекелге аса бейім бақылау объектілерін анықтау болып табылады.
3. Үлгі жүйені пайдалану кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) бақылау объектісі – бюджет процесіне қатысушылар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
2) бақылау объектісін таңдау – дайындық кезеңі, оның барысында бақылау іс-шараларының бүкіл процесін жоспарлап, жүргізу үшін қажетті алғышарттар жасалады және бақылау объектісінің қызметінің нәтижесі, туындайтын тәуекелдер мен кездескен проблемалар туралы ақпаратты жинауға, талдауға және бағалауға негізделеді;
3) өлшемдер – көрсеткіштер тізбесі, солардың негізінде бақылау объектісін белгілі бір тәуекел тобына жатқызу туралы шешім қабылданады.
4) тәуекел – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы мен өзге де заңдарын сақтамаудың, бақылау объектісіне оқиғаның немесе іс-әрекеттің тигізетін жағымсыз әсерінің ықтималдылығы, ол қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатының ұрлануына (ысырап болуына) әкеліп, мемлекетке экономикалық зиян шектіруі мүмкін;
5) тәуекелдің деңгейін бағалау – тәуекелдің параметрлерін сипаттайтын барлық тәуекел жағдайларын заттай-бұйымдық және құн бойынша талдау;
6) тәуекел тобы – белгіленген параметрлер мен көрсеткіштерге сәйкес алынған өлшемдер бойынша бақылау объектілерін шартты түрде топтастыру;
7) тәуекелдерді басқару – тәуекелдерді сәйкестендіру мен талдауға және шешімдерді қабылдауға байланысты процесстер, олар тәуекел жайттарының туындаған оң салдарларын барынша арттырып, ал орын алған теріс салдарларын барынша азайтуды қамтиды;
8) тәуекелді талдау – тәуекел деңгейін бағалаудың процесін оңтайландыру мақсатында бақылау объектісі қызметінің қандай да бір саласына тәуекелдің тигізетін ең үлкен әсерін анықтау үшін жүргізілетін әрекет;
9) тәуекелдерді басқару жүйесі – бақылау іс-шараларын тиімді жоспарлап жүргізуді қамтамасыз ететін, ресурстарды таңдап, оларды бақылау қызметінің ең басым бағыттарына оңтайлы бөлу принциптеріне негізделген әкімшілік ету жүйесі;
4. Тәуекелдерді басқару процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) тәуекелдерге бағалау жүргізу үшін деректер базасын жасау – қаржылық, бюджеттік, бухгалтерлік есептіліктен қажетті ақпаратты, сондай-ақ бақылау объектілерінен және басқа да көздерден алынған ақпаратты жинау;
2) тәуекелдерді сәйкестендіру – тәуекелдерді маңыздылық дәрежесі (жоғары, орташа, аса төмен) бойынша анықтау;
3) тәуекелдің жиынтық көрсеткішін есептеу;
4) тәуекелдің бағалау нәтижелерін алу – бақылау объектілері, тәуекелдердің маңыздылық дәрежесі мен тобы бөлінісінде шығу нысандарын қалыптастыру;
5) тәуекелдерге мониторинг жүргізу және оларды бақылау – бақылау объектілерінің тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі әрекеттерді кейіннен талдап, тиімділігін бағалау үшін бақылау объектілерін тәуекел топтары бойынша есепке алу;
6) тәуекелдерді басқаруды жоспарлау.
5. Үлгі жүйе бақылау және талдау іс-шараларының жоспарын жасау, бақылау жүргізу, бақылау объектілерін талдау және бағалау кезінде пайдаланылады.
6. Үлгі жүйені сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары (бұдан әрі – бақылау органдары) жүктелген функциялары мен өкілеттіктеріне сәйкес бюджеттің барлық деңгейінде пайдаланады:
республикалық деңгейде – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті);
жергілікті деңгейде – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары (бұдан әрі – тексеру комиссиялары).
7. Осы үлгі жүйеде регламенттелмеген мәселелерді тексеру комиссиялары Есеп комитетімен келісе отырып өз бетінше шешеді.
2. Тәуекелдерге бағалау жүргізу үшін деректер базасын
жасау тәртібі
8. Тәуекелдерге бағалау жүргізу үшін деректер базасын жасау көрсеткіштерді талдау барысында жүзеге асырылады, олардың негізінде тәуекелдерді бағалаудың өлшемдері жасалады.
9. Талдау жүргізу процесінде бақылау объектісін тиісті тәуекел тобына жатқызатын тәуекелге аса бейім, сондай-ақ орнықты және тәуекелге аса бейім емес көрсеткіштер анықталады. Бұл ретте тәуекелдерге сәйкестендіруді жүргізу үшін өлшемдер тізбесі анықталады, сондай-ақ олардың сипаттамаларына құжаттама жүргізіледі.
3. Тәуекелдерді сәйкестендіру тәртібі
10. Тәуекелдерді сәйкестендіру үш кезеңде жүргізіледі:
1) бастапқы кезеңде тәуекелдерді сәйкестендіруге қажетті сандық және сапалық өлшемдер, үлестер, пайыздағы серпін түріндегі шамалар мен деректерді есептеу бойынша есептік операциялар жүргізіледі;
2) екінші кезеңде (жоспарлаушы құжаттар жасалғанға дейін екі айдан кешіктірмей) талдау іс-шаралары және тәуекелдердің өлшемдері бойынша шамалар мен деректерді салыстырып тексеру жүзеге асырылады;
3) үшінші кезеңде (жоспарлаушы құжаттар жасалғанға дейін бір айдан кешіктірмей) тәуекелдерді сәйкестендіру және тәуекел топтары бойынша бақылау объектілерін бөлу жүргізіледі.
11. Тәуекелдерді сәйкестендіру кезінде мыналар жүргізіледі:
1) тәуекелдерді сапалық тұрғыдан бағалау – әрбір өлшем үшін мәндер диапазонын белгілеу, бұл белгілі бір өлшем бойынша алынған көрсеткіштерге сүйене отырып сапалы бағалауды жүргізуге мүмкіндік береді, бақылау объектісі тәуекел тобының біріне жатқызылады.
2) тәуекелдерді сандық тұрғыдан бағалау – өлшемдерді мәндерінің қосындысына қарай салыстыру, осының негізінде бақылау объектісі қандай да бір тәуекел тобына жатқызылады. Екі топтың мәндер қосындысы бірдей болған жағдайда, аса жоғары тәуекел тобына артықшылық беріледі.
12. Бақылау объектілерін тәуекел тобы ішінде ретке келтіру ол жатқызылған топтың мәндер қосындысына байланысты жүзеге асырылады. Аса жоғары дәрежедегі тәуекел тобында сол топта ең көп мәндер қосындысын жинаған объект бірінші орынға қойылады. Бір тәуекел тобының ішінде екі немесе одан да көп бақылау объектілерінің мәндері бірдей болған жағдайда, объектілердің осы тәуекел тобына жатқызылған ең маңызды өлшемі бойынша ең жоғары көрсеткіші бар объектіге артықшылық беріледі.
13. Тәуекелдерді сәйкестендірудің барлық кезеңдеріндегі процесіне жалпы басшылықты бақылау органының басшысы жүзеге асырады.
14. Бақылау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу үшін бақылау объектілерін тәуекел топтарына жатқызу бойынша өлшемдер тізбесі олардың ашықтығы, қолжетімділігі және сандық өлшемділігі негізінде анықталады.
4. Тәуекелдің жиынтық көрсеткішін есептеу тәртібі
15. Әрбір өлшем үшін мәндер диапазоны белгіленген. Белгілі бір өлшем бойынша көрсеткішке сүйене отырып, көрсеткіш үш тәуекел тобының біріне жатқызылады:
1) аса жоғары дәрежедегі тәуекел тобы;
2) орта дәрежелі тәуекел тобы;
3) аса төмен дәрежедегі тәуекел тобы.
16. Жеке өлшем үшін белгіленген мәндер диапазондарына сүйене отырып, бақылау объектісінің көрсеткіші мәнінің қай тәуекел тобына жататындығына қарай көрсеткішке сол тәуекел тобының мәні беріледі. Мәндері аса жоғары дәрежедегі тәуекел тобына жататын көрсеткіштерге – 3 балл, орта дәрежелі тәуекел тобындағыларға – 2 балл және аса төмен дәрежедегі тәуекел тобындағыларға 1 балл беріледі.
17. Бақылау объектісі бойынша тәуекелдің жиынтық көрсеткішін есептеу тәуекел тобына қарай алынған мәндерді қосу жолымен жүргізіледі. Тәуекелдің жиынтық көрсеткіші алынған мәніне қарай үш тәуекел тобының біріне жатқызылады. Бақылау объектісі, егер бақылау объектісінің жиынтық көрсеткіші 20-дан 24-ке дейінгі аралықта болса, аса жоғары дәрежедегі тәуекел тобына; егер жиынтық көрсеткіші 14-тен 19-ға дейінгі аралықта болса, орта дәрежелі тәуекел тобына; егер жиынтық көрсеткіші 8-ден 13-ке дейінгі аралықта болса, аса төмен дәрежедегі тәуекел тобына жатқызылады.
Осы есептеулерді қолданудың қорытындысы бойынша барлық бақылау объектілері 3 тәуекел тобына: аса жоғары дәрежедегі тәуекел тобына, орта дәрежелі тәуекел тобына және аса төмен дәрежедегі тәуекел тобына топтастырылады.
5. Тәуекелдерге мониторинг жүргізу және оларды
бақылау тәртібі
18. Өлшемдер бойынша көрсеткіштерді барынша нақтылай отырып, бақылау объектілері бөлінісіндегі белгілі бір тәуекел топтарына бақылау объектілерін жатқызу жөніндегі есептеулердің нәтижелері бақылау органының мүшелеріне және бақылау органының қызметін жоспарлауға қатысатын құрылымдық бөлімшелерге жоспарлау кезеңі басталғанға дейін 1 ай бұрын тапсырылады.
19. Бақылау органының мүшелері және бақылау органының қызметін жоспарлауға қатысатын құрылымдық бөлімшелер қолдағы ресурстарды және қосымша ақпаратты ескере отырып, тәуекелдерді бағалаудың негізінде бақылау объектілерін тәуекел топтарына жатқызу жөніндегі деректерді алған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кейін бақылау органының жұмыс жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстарын бақылау органының бақылау қызметін жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшесіне жібереді.
20. Бақылау органының мүшелерімен және бақылау органының қызметін жоспарлауға қатысатын құрылымдық бөлімшелермен келісілген бақылау органының жұмыс жоспарының жобасы бақылау органының жұмыс жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстар алынған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кейін бақылау органының басшысына табыс етіледі.
21. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыру және бақылау органының шектеулі ресурстарын оңтайлы бөлу мақсатында бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді бағалау бақылаудың бас кезеңінде, сондай-ақ қажет болғанда бақылау жүргізудің кез келген сатысында жүргізіледі.
6. Тәуекелдерді басқаруды жоспарлау тәртібі
22. Тәуекелдерді басқаруды жоспарлау тәуекелдерді төмендету және қаржылық тәртіпті арттыру мақсатында бақылау органының бақылау-талдау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу бойынша шешімдер қабылдауы арқылы жүзеге асырылады.
23. Бақылау органы бақылаудың қорытындысы бойынша бақылау объектілеріне ұсынымдар дайындайды, оларды іске асыру тәуекелдерді төмендетуге және қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
7. Бақылау объектілеріндегі тәуекелдерді анықтау тәртібі
24. Осы үлгі жүйедегі барлық объектілер екі блокқа бөлінеді. Бірінші блокқа - мемлекеттік органдарды қоса алғанда, мемлекеттік мекемелер, екінші блокқа квазимемлекеттік сектор субъектілері жатқызылған.
25. Бірінші және екінші блоктағы бақылау объектілерінде тәуекелдерді анықтау тиісінше 1 және 2-қосымшаларға сай, бюджеттік шығыстарды әкімшілік етудің, бюджет жүйесінің прициптерін, бюджет және өзге де заңнама талаптарын сақтаудың, тиімділік пен нәтижеліліктің сапасын көрсететін өлшемдер негізінде жүзеге асырылады.
26. Осы үлгі жүйеде барлық бақылау объектілері бөлінетін блоктардың ең аз саны және әрбір блок бойынша өлшемдердің ең аз саны келтірілген, осыған байланысты бақылау органдары аса дәл нәтижелерге қол жеткізу мақсатында қажет болуына қарай блоктар мен өлшемдердің санын өзгерте алады.
27. Бақылау органдары бақылау объектілерінің тәуекелдерін бағалаудың нәтижелерін бақылау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу кезінде, сондай-ақ бақылау органының қызмет бағыттары бойынша талдамалық, ақпараттық және өзге де құжаттарды дайындау барысында пайдаланады.
Сыртқы мемлекеттік қаржылық
бақылауды жоспарлау және жүргізу
кезінде қолданылатын тәуекелдерді
басқарудың үлгі жүйеге
1-қосымша
Мемлекеттік органдарды қосқанда, мемлекеттік мекемелерді тәуекел топтарына жатқызу жөніндегі
ӨЛШЕМДЕР ТІЗБЕСІ
Р/с |
Көрсеткіштер атауы |
Тәуекел топтары |
||
жоғары дәрежедегі |
орташа дәрежелі |
аса төмен дәрежедегі |
||
1. |
Мемлекеттік мекемені қаржыландырудың жылдық көлемі* |
|||
2. |
Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қаржыландыру көлемінің өсуі/төмендеуі, %-да |
>/= 15 |
>/= 10 |
>/=/<0 |
3. |
Кезеңнің соңында бюджет қаражатының игерілуі, %-да |
</= 96 |
</= 99 |
</= 100 |
4. |
Тиісті кезеңнің шығыстар көлеміне шаққандағы бақылау органдарының тексеру комиссиясының бұрынғы бақылауы барысында анықталған қаржылық бұзушылықтардың ауқымы, %-да |
>/= 10 |
>/ = 5 |
>/= 0 |
5. |
Мекеменің қызметкерлер алдында жалақы бойынша берешегінің бар-жоғы, айлар бойынша |
>/= 30 |
>/=10 |
>/=/< 0 |
6. |
Қызметкерлердің жалпы санына шаққандағы кадрлардың тұрақтамаушылығы, %-да |
>/= 10 |
>/= 5 |
>/= 0 |
7. |
Соңғы жүргізілген тексерудің күні, жылы |
>/= 3 |
>/= 2 |
</=1 |
8. |
Бақылау органдарының ұсынымдарын орындау, %-да |
</= 60 |
</= 80 |
</= 100 |
* бұл өлшем бойынша, осы облыстың, ауданның бюджет қаражаты көлеміне сүйене отырып, тексеру комиссиялары өз бетінше екі шаманы айқындайды: біреуін – облыстық деңгей үшін, екіншісін – аудандық деңгей үшін.
Сыртқы мемлекеттік қаржылық
бақылауды жоспарлау және жүргізу
кезінде қолданылатын тәуекелдерді
басқарудың үлгі жүйеге
2-қосымша
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін
тәуекел топтарына жатқызу жөніндегі
ӨЛШЕМДЕР ТІЗБЕСІ
Р/с |
Көрсеткіштер атауы |
Тәуекел топтары |
||
жоғары дәрежедегі |
орташа дәрежелі |
аса төмен дәрежедегі |
||
1. |
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат көлемі* |
|||
2. |
Жарғылық капитал мөлшерінің өсуі/төмендеуі, %-да |
>/= 15 </= -15 |
>/= 10 </= -10 |
>/= 0 </= 0 |
3. |
Еншілес және тәуелді ұйымдарының саны |
>/= 5 |
>/=2 |
>/= 0 |
4. |
Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда табыстың өсуі/төмендеуі, %-да |
</= 0 |
</=10 |
>10 |
5. |
Шығыстардың жалпы көлеміне шаққандағы әкімшілік шығыстардың үлесі, %-да |
>/= 30 |
>/=20 |
>/=/< 10 |
6. |
Түскен табыстан төленген дивидендтер көлемі, %-да |
>/= 0 </=10 |
>/=10 |
>/= 50 |
7. |
Соңғы жүргізілген тексерудің күні, жылы |
>/= 2 |
>/= 1 |
<1 |
8. |
Бақылау органдарының ұсынымдарын орындау, %-да |
</= 60 |
</= 95 |
</= 100 |
* бұл өлшем бойынша тексеру комиссиялары өз бетінше екі шаманы айқындайды: біреуін – облыстық деңгей үшін, екіншісін – аудандық деңгей үшін.