Бағалау қызметі бойынша тағылымдамадан өту жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а 2011 жылғы 29 шілдедегі № 271 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 12 қыркүйекте № 7188 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Бағалау қызметі бойынша тағылымдамадан өту жөніндегі Нұсқаулық бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті:
      1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру жөніндегі шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы М.И.Сексембаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін
      атқарушы                                   М. Бекетаев

Қазақстан Республикасы Әділет   
министрі міндетін атқарушының   
2011 жылғы 29 шілдедегі      
№ 271 бұйрығымен бекітілді   

Бағалау қызметі бойынша тағылымдамадан өту туралы
нұсқаулық

      1. Осы Бағалау қызметі бойынша тағылымдамадан өту туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 2)-тармақшасына сәйкес әзірленді және бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғалардың тағылымдамадан өту тәртібін нақтылайды.
      2. Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер кемінде үш жыл бағалау қызметі стажы бар бағалаушыда тағылымдамадан өтеді.
      3. Республикалық бағалаушылар палатасы бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғалардың тағылымдамадан өту тәртібі туралы ұсынымдарды (бұдан әрі - Ұсынымдар) әзірлейді. Республикалық бағалаушылар палатасының ұсынымдары бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғалардың бағалау қызметі бойынша тәжірибелік дағды және арнайы теориялық білім алуына бағытталған іс-шаралар тізілімін, тағылымдамадан өту тәртібін қамтиды.
      Республикалық бағалаушылар палатасы бағалау қызметі бойынша тағылымдамадан өтуді растайтын құжаттың нысанын айқындайды.
      4. Ұсынымдар негізінде бағалаушылар палатасы Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғалардың тағылымдамадан өту бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітеді.
      Бағдарлама бағалау қызметінің өтініш берілген түрі есепке алына отырып, бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғаның әр қайсысына бекітіледі.
      5. Бағдарламаны меңгеру үшін бағалаушылар палатасы осы Нұсқаулықтың 2-тармағында көрсетілген талаптарға жауап беретін тағылымдаманың жетекшісін тағайындайды.
      6. Тағылымдаманың нәтижесі бойынша бағалаушылар палатасымен тағылымдамадан өту барысында бағалау қызметімен айналысуға үміткер тұлғаның алған теориялық білімдері мен тәжірибелік дағды, жалпы дайындық дәрежесі көрсетіліп, бағалау қызметі бойынша пәндердің тізімі көрсетіліп қорытынды шығарылады.
      Қорытындыға тағылымдама жетекшісінің қолы қойылады және бағалаушылар палатасының төрағасымен бекітіледі.
      7. Тағылымдама нәтижелері туралы оң қорытынды шығарылған жағдайда бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлға тағылымдамадан өтті деп саналады.
      Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды шығарылған жағдайда бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлға тағылымдамадан өткен жоқ деп саналады және жалпы негіздер бойынша тағылымдамаға қайта жіберілуі мүмкін.