Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 2011-2012 оқу жылының басталуы туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 15 маусымдағы № 251 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 3 тамызда № 7096 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 1 шілдедегі № 425 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 01.07.2015 № 425 бұйрығымен.

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 2011-2012 оқу жылының басталу мерзімі 2011 жылғы 1 қыркүйек болып анықталсын.
      2. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары:
      1) білім алушыларға толық оқу жылында кемінде екі рет, жылына жалпы ұзақтығы 11 аптадан көп емес, оның ішінде қысқы мерзімде 2 аптадан кем емес демалыстар белгілесін;
      2) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақтар кестесін МЖМБС-ға сәйкес жасасын;
      3) оқу процесін техникалық және кәсіптік білімнің білім беретін бағдарламаларын меңгерген білім алушылардың қорытынды аттестаттауымен аяқтасын;
      4) 2011 жылғы 1 қыркүйекте барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында сабақ өткізсін.
      3. Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Қ.Қ. Бөрібеков):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр С. Ырсалиевке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б.Жұмағұлов.