Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2011 жылғы 30 наурыздағы № 111 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 9 маусымда № 6998 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 590 Бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2012.12.20 № 590 (алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

       Білім беру және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары оқу орындарын ауыспалы құраммен уақытында толықтыруын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкестендіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – Қазақстан Республикасы ҰҚК) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары, аумақтық және өзге де органдарының басшылары осы Ереженің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етіп, қызметкерлердің кандидаттарды оқуға іріктеу мен зерделеу сапасы үшін жауапкершіліктерін арттырсын.
      3. Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы бұйрықтарының күші осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Комитет Төрағасы                                 Н. Әбіқаев

      КЕЛІСІЛДІ:
      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі

      ____________ Б. Жұмағұлов
      2011 жылғы «__» __________

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының       
2011 жылғы 30 наурыздағы
№ 111 бұйрығына 1-қосымша

Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын іске асыратын
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

       1. Осы Ереже Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын іске асыратын (бұдан әрі – Ережелер) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін анықтайды.
      2. Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын іске асыратын (бұдан әрі – жоғары оқу орындары) Қазақстан Республикасы ҰҚК білім беру ұйымдарына:
      1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған азаматтар;
      2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызметті өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер;
      3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер қабылданады.
      3. Қазақстан Республикасы ҰҚК жоғары оқу орындары осы Ереженің қосымшасына сәйкес мамандықтар бойынша офицерлерді даярлайды.
      4. Жоғары оқу орындарына оқуға түскісі келген азаматтар оқуға түсер жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан Республикасы ҰҚК ведомстволарына, аумақтық және өзге де органдарына (бұдан әрі – ҰҚК органдары мен бөлімшелері) тұрғылықты жері немесе қызмет орны бойынша: әскерге шақырылатындар және запастағы әскери міндеттілер – еркін түрде өтініш, әскери қызметшілер – белгіленген үлгіде баянат жазады, онда тест тапсыруы және оқыған тілі көрсетіледі.
      Өтінішке қосымша ҰҚК бөлімшелері мен органдарының кадрлар аппараттары растаған орта білімі туралы (орта мектеп оқушылары –  ағымдағы үлгерімі туралы анықтаманы) құжаттарының және туу туралы куәлігінің көшірмелері, үш фотосурет (бас киімсіз, өлшемі 4,5 х 6 см), өмірбаяны беріледі. ҰҚК бөлімшелері мен органдарының кадрлар аппараты үміткерлердің қызметтік және мектеп мінездемелерін олардың жұмыс немесе оқу орындарынан сұратады.

2. Кандидаттарды алдын ала іріктеу тәртібі

       5. Қазақстан Республикасы ҰҚК кадрлар бөлімшесі оқуға түсер жылдың алдындағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жоғары оқу орындарына оқуға түсуге кандидаттарды жіберу үшін өкімдеме жасайды, оны Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының бұйрығымен бекітеді.
      6. Өкімдемені бекіткеннен кейін Қазақстан Республикасы ҰҚК органдарында:
      оқуға түсуге жіберілетін кандидаттарды алдын ала кәсіби іріктеу комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылады;
      жоғары оқу орындарына оқуға түсуге өтініш беру мерзімі туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру беру ұйымдастырылады;
      оқуға түсуге кандидаттарды тұрғылықты жері және олардың қызмет орны бойынша іріктеу мен кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.
      7. Оқуға түсуге кандидаттар денсаулық жағдайы, дене тәрбиесі дайындығы және кәсiби-психологиялық жарамдылығын тексеруден өтеді.
      Кандидаттарды медициналық куәландыру Қазақстан Республикасы ҰҚ-нің емдеу мекемелерінде ағымдағы жылғы 1 қаңтардан 30 сәуірге дейін өткізіледі, ал олар жоқ жерлерде – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің емдеу мекемелерінде жүргізіледі.
      8. ҰҚК органдары мен кадрлар аппараттарының бөлімшелері жоғары оқу орындарына кандидаттардың ресімделген жеке істерін оқуға түсетін жылдың 15 мамырына дейін жібереді.
      Оқуға түсуге кандидаттардың жеке істерін жоғары оқу орындарына жіберу туралы шешімді Комиссиялар жалпы білімі мен дене тәрбиесі дайындығы, денсаулық жағдайы, кәсіби-психологиялық жарамдылығы, адамгершілік, іскерлік және жеке қасиеттерін объективті тексеру негізінде қабылдайды.
      9. Жоғары оқу орындарының кадрлар аппараты оқуға түсуге кандидаттардың материалдарын алдын ала қарап, жоғары оқу орындарында түбегейлі кәсіби іріктеу және кешенді тестілеуден өту үшін оларды шақыру туралы шешім қабылдайды.
      10. Оқуға түсуге кандидат төлқұжатын (жеке куәлігін), әскери билетін (әскери есепке тіркелген куәлігін), туу туралы куәлігін, орта білімі туралы құжаты мен ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы туралы сертификатын жоғары оқу орындарына келгеннен кейін қабылдау комиссиясына ұсынады.

3. Жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі

       11. Оқуға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау және мандаттық комиссиялары жүзеге асырады. Қабылдау және мандаттық комиссиялардың құрамы Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының бұйрығымен бекітіліп, оның жұмыс тәртібін білім саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы белгілейді.
      12. Жоғары оқу орындарына азаматтарды қабылдау үш кезеңде жүзеге асырылады:
      бірінші кезеңде қабылдау комиссиялары медициналық көрсеткіштері, дене шынықтыру дайындығы және кәсiби-психологиялық жарамдылығын тексеру қорытындысы бойынша түбегейлі кәсіби іріктеу жүргізеді;
      екінші кезеңде жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) нәтижелері бойынша берілген сертификат баллына сәйкес конкурстық тізім жасайды;
      үшінші кезеңде жоғары оқу орындарының мандаттық комиссиялары курсанттар қатарына қабылдауды жүргізеді.
      13. Оқуға қабылдау тәртібі туралы ақпараттар, оқуға қабылдау мәселелері бойынша қабылдау комиссияларының шешімдері, дұрыс жауаптардың кодтары, кешенді тестілеудің нәтижелері, сондай-ақ басқа да қажетті ақпараттар ақпараттық стендіге орналастырылады.

4. Түбегейлі кәсіби іріктеу және кешенді тестілеуді
өткізу тәртібі

       14. Конкурстық іріктеуге қатысушы оқуға түсуге кандидаттарды түбегейлі кәсіби іріктеу денсаулық жағдайын, дене тәрбиесі дайындығын және кәсiби-психологиялық жарамдылығын тексеру нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
      Кәсіби-психологиялық жарамдылығын тексеруге кандидаттардың интеллектуальды даму деңгейін бағалау, әскери қызметті өткеруге психологиялық жарамдылығы, жеделдігі мен ойлау бейімділігі, тіл табысқыштығын және әскери қызмет үшін басқа да маңызды кәсіби жеке қасиетін зерттеу кіреді.
      15. Жоғары оқу орындарына оқуға түсуге кандидаттарды түбегейлі іріктеу кезінде медициналық куәландыру өткізу үшін, жыл сайын жоғары  оқу орыны бастығының бұйрығымен штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік комиссия (бұдан әрі – ӘДК) құрылады.
      ӘДК-ні жинақтау үшін Қазақстан Республикасы ҰҚК әскери-медициналық бөлімшелерінің және басқа да ұлттық қауіпсіздік органдары ӘДК-нің тиісті мамандықтары бар медициналық қызметкерлерін тартуға рұқсат беріледі.
      16. Кешенді тестілеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген технологиялар бойынша жоғары оқу орындарында шілденің 1-10 аралығында өткізіледі.
      17. Түбегейлі кәсіби іріктеу мен кешенді тестілеуді өткізу кезінде жоғары оқу орындарында кандидаттардың болуын қабылдау комиссиясы белгілейді.
      18. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсуге әскери қызметшілер қатарынан келген кандидаттар үшін кешенді тестілеуге дейін аталған оқу орнының базасында бір айлық дайындық жиындары өткізіледі.

5. Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау тәртібі

      19. Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау конкурсына қатысуға кәсіби іріктеуден өткен кандидаттар жіберіледі.
      20. Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау мандаттық комиссияның отырысында ҰБТ және КТ сертификатының баллына сәйкес конкурстық негізде өткізіледі.
      21. Жоғары оқу орындарының курсанттары қатарына оқуға қабылдау конкурсын өткізу барысында:
      1) «Алтын белгі» белгісімен марапатталған адамдар;
      2) автономды білім беру ұйымдарының білімі туралы құжаттары бар адамдар;
      3) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары артықшылық құқыққа ие болады.
      22. Курсанттар қатарына оқуға қабылдауға арналған конкурсты өткізу кезінде егер де көрсеткіштері бірдей болған жағдайда мыналар артықшылық құқыққа ие болады:
      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдар;
      3) үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдар;
      4) қосымша әскери даярлық бағдарламалары бойынша білім беру мекемелерінің тәрбиленушілері.
      23. Оқуға қабылдау тілдік бөлімшелер бойынша бөлек жүргізіледі.
      24. Курсанттар қатарына оқуға қабылдау туралы мандаттық комиссияның шешімі жоғары оқу орны бастығының бұйрығымен ресімделеді.
      Курсанттың жоғары оқу орнына оқуға қабылдаған күні оның қызметтік міндеттерін орындаудың басталу мерзімі болып саналады.

Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламасын
іске асыратын Қазақстан Республикасы  
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білім беру
ұйымдарына оқуға қабылдау ережесіне   

Қосымша

МАМАНДЫҚТАР ТІЗІМІ

Бакалавриат мамандық тары Мамандықтар тобының атауы Пәндердің тізімі Оқу мерзімі Таңдау пәні Бейіндік пәні

Ұлттық қауіпсіздікті қарсы барлаумен қамтамасыз ету

Әскери іс және қауіпсіздік

1) Математика
2) Қазақстан тарихы
3) Қазақ тілі немесе орыс тілі
(оқыған тілі)

4 жыл

Шет тілі

Қазақстан тарихы

ҚР ҰҚК Шекара қызметі қызметтік - жауынгерлік іс-қимылдарын басқару

Әскери іс және қауіпсіздік

1) Математика
2) Қазақстан тарихы
3) Қазақ тілі немесе орыс тілі
(оқыған тілі)

4 жыл

География

География

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының       
2011 жылғы 30 наурыздағы 
№ 111 бұйрығына 2-қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы бұйрықтарының тізбесі:

       1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары оқу орындарына қабылдау Ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2003 жылғы 18 ақпандағы № 36/ҚБП бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2202 нөмірімен тіркелген);
      2) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары оқу орындарына қабылдау Ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2003 жылғы 18 ақпандағы № 36/ҚБП бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2004 жылғы 25 мамырдағы № 99/ҚБП бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2872 нөмірімен тіркелген);
      3) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары оқу орындарына қабылдау Ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2003 жылғы 18 ақпандағы № 36/ҚБП бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2004 жылғы 7 маусымдағы № 110/ҚБП бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2896 нөмірімен тіркелген).