Жерді пайдалану мен қорғау, геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының 2011 жылғы 28 наурыздағы № 70-ОД және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің 2011 жылғы 01 сәуірдегі № 82 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 11 мамырда № 6943 тіркелді

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау» туралы Қазақстан Республикасының Заңының 13 және 15-баптарына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
      1. Қоса берілген:
      1) осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері;
      2) осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері;
      3) осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тексеру парақтарының нысандары;
      4) осы бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тексеру парақтарының нысандары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау, мемлекеттік жер кадастры және жерлердің мониторингі департаменті (С.Ш. Сәрсенов):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының 2010 жылғы 11 ақпандағы № 19-П және Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2010 жылғы 16 ақпандағы № 58 «Жер қатынастары, геодезия және картография саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және жер ресурстарының жағдайына әсер ететін қызмет, жер қатынастарын реттеу және геодезия және картография саласындағы қызмет субъектілері үшін тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 20 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6082 болып енгізілді, "Заң газеті" 2010 жылғы 1 сәуірдегі № 45 (1667); "Юридическая газета" газеті 2010 жылғы 1 сәуірдегі № 45 (1841) жарияланды).
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының орынбасары К.Ө. Раймбековке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы         Қазақстан Республикасы
      Жер ресурстарын басқару        Экономикалық даму және
      агенттігі төрағасы             сауда министрі
      __________ Ө. Өзібеков.        _________ Ж. Айтжанова

Қазақстан Республикасы 
Жер ресурстарын басқару
агенттігі төрағасының  
2011 жылғы 28 наурыздағы
№ 70-ОД және      
Қазақстан Республикасы 
Экономикалық даму   
және сауда министрінің 
2011 жылғы 1 сәуірдегі 
№ 82 бірлескен бұйрығына
1-қосымша       

Жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік
саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері

      1. Осы жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері (бұдан әрі - Критерийлер) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңына сәйкес жерді пайдалану мен қорғау саласындағы бақылау субъектілерін тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін әзірленді.
      2. Осы Критерийлерде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел – жер ресурстарына зиян келтіру, салдарларының ауырлық дәрежесін ескере отырып, жер иелерінің жерге және жер пайдаланушылардың құқығының бұзылуының ықтималдылығы;
      2) жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы бақылау субъектілері – жер ресурстарының пайдалану жағдайына әсер ететін қызметті жүзеге асыратын иелігінде құнды ауыл шаруашылығы алқаптары бар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және жер қойнауын пайдаланушылар жеке және заңды тұлғалар.
      3. Бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелеріне жатқызу бірінші кезекті және кейінгі бөлу арқылы жүзеге асырылады.
      4. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер құнды ауыл шаруашылығы алқаптарының көлеміне, ал жер қойнауын пайдаланушылар келісім-шарттың мерзіміне қарай үш топқа бөлінеді:
      1) жоғары тәуекел тобына:
      5 000 гектардан (бұдан әрі - га) астам бағара егістігі, 100 га астам суармалы егістігі бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер;
      жер қойнауын пайдалануға келісім-шарт мерзімі бес жылдан аспайтын жер қойнауын пайдаланушылар жатқызылады;
      2) орташа тәуекел тобына:
      3 000 га-дан 5 000 га дейін бағара егістігі, 50 га-дан 100 га дейін суармалы егістігі бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер;
      жер қойнауын пайдалануға келісім-шарт мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейінгі жер қойнауын пайдаланушылар жатқызылады;
      3) төмен тәуекел тобына:
      300 га-дан 3 000 га дейін бағара егістігі, 10 га-дан 50 га дейін суармалы егістігі бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер;
      жер қойнауын пайдалануға келісім-шарт мерзімі 10 жылдан астам жер қойнауын пайдаланушылар жатқызылады.
      5. Екінші кезеңде жер ресурстарының жағдайына әсер ететін қызметті жүзеге асырушы бақылау субъектілерін тиісті тәуекел тобына жатқызылған субъектілерге мынадай баллдар беріледі:
      1) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін:
      жерді қорғау бойынша іс-шаралардың болмауы (жердi құнарсыздануын, шөлейттенуін, су және жел эрозиясын, селді, су басуды, батпақтануды, қайталап сортаңдануды, құрғап кетуді, тапталуды және топырақтың бұзылуының басқа да процесстерін болдырмау бойынша агротехникалық іс-шараларды жүргізу) – 20 балл;
      жер учаскесіне құқықты белгілейтін және сәйкестендіруші құжаттардың болмауы – 15 балл;
      жерлерді бір жылдан астам пайдаланбау – 10 балл;
      егістік алқаптарда дәнді-дақылдардың бір түріне ғана басымдылық беру – 10 балл;
      егістік және өнім түсімі бойынша статистикалық есептердің болмауы – 5 балл;
      жерге орналастыру жобасының болмауы (аумақтарды орналастыру жобасы) – 5 балл;
      2) жер қойнауын пайдаланушылар үшін:
      бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасының болмауы – 20 балл;
      жер учаскесіне құқықты белгілейтін және сәйкестендіруші құжаттардың болмауы – 15 балл;
      жерлердің өндірістік мониторингінің болмауы – 10 балл;
      жерге орналастыру жобасының болмауы (аумақтарды орналастыру жобасы) – 5 балл;
      межелеу белгілерін жою – 5 балл.
      6. Кейінгі бөлу қорытындылары бойынша аталған субъектілерге тиісті тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін мынадай тәртіпте баллдардың шекті сомасы белгіленеді:
      1) жоспарлы тексерістің жылына бір рет реттілігі бар жоғары тәуекел дәрежесі:
      ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жерлерді пайдалану саласында – 25 және одан да жоғары балл;
      жер қойнауын пайдалану саласында – 20 және одан да жоғары балл;
      2) жоспарлы тексерістің үш жылда бір рет реттілігі бар орташа тәуекел дәрежесі:
      ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жерлерді пайдалану саласында – 15 баллдан 25 баллға дейін;
      жер қойнауын пайдалану саласында – 10 баллдан 20 баллға дейін;
      3) жоспарлы тексерістің бес жылда бір рет реттілігі бар төменгі тәуекел дәрежесі:
      ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жерлерді пайдалану саласында – 15 баллға дейін;
      жер қойнауын пайдалану саласында – 10 баллға дейін.
      7. Бақылау субъектілері бір тәуекел ету дәрежесінің ішінде болған жағдайда таңдау мынадай тәртіпте жүргізіледі:
      1) берілген баллдардың ең көп сомасы бойынша;
      2) жер учаскесінің көлеміне байланысты;
      3) келісім-шарттың ең қысқа мерзімі бойынша (жер қойнауын пайдаланушылар үшін).
      8. Әрбір тексерілетін субъектіге бақылау ісі жүргізіледі, онда тексерістерді тағайындау туралы актілердің, тексеріс бойынша тексеру парақтарының, нұсқамалардың көшірмелері, тексеріс нәтижелері және жер заңнамасының талаптарын орындау бойынша жүргізілетін іс-шаралар туралы мәліметтер тігіледі.

Қазақстан Республикасы 
Жер ресурстарын басқару
агенттігі төрағасының  
2011 жылғы 28 наурыздағы
№ 70-ОД және      
Қазақстан Республикасы 
Экономикалық даму   
және сауда министрінің 
2011 жылғы 1 сәуірдегі 
№ 82 бірлескен бұйрығына
2-қосымша       

Геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке
кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау
критерийлері

      1. Осы Геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау Критерийлері (бұдан әрі - Критерийлер) Қазақстан Республикасының «Геодезия және картография туралы» және «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңдарына сәйкес геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелеріне жатқызу үшін әзірленді.
      2. Осы Критерийлерде мынадай ұғымдар пайдаланылды:
      1) геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел – мемлекеттік шекара, әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы шекара сызығының өту орнының, сондай ақ географиялық атаулардың өзгеруі нәтижесінде мемлекетке зиян келтіруі мүмкін топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды өндіру кезіндегі деректерді және мәліметтерді дұрыс бермеу, оның салдарларының ауырлық дәрежесін ескере отырып;
      2) геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы бақылау субъектілері – геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік саласындағы жеке және заңды тұлғалар.
      3. Әзірленетін және жүзеге асырылатын геодезиялық-картографиялық өнім мен мәліметтердің түріне қарай бақылау субъектілері үш топқа бөлінген:
      1) жоғары тәуекел тобына:
      бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесінде топографиялық - геодезиялық және картографиялық жұмыстарды атқаратын және геодезиялық және картографиялық өнімнің деректер базасын жасау, беру, есепке алу, сақтау саласында әрекет ететін бақылау субъектілері жатқызылады;
      2) орташа тәуекел тобына:
      жергілікті немесе шартты координаттар жүйесінде топографиялық - геодезиялық және картографиялық жұмыстарды атқаратын және геодезия мен картографиялық өнімнің деректер базасын жасау, беру, есепке алу, сақтау саласында әрекет ететін бақылау субъектілері жатқызылады;
      3) төмен тәуекел тобына:
      жергілікті немесе шартты координаттар жүйесінде топографиялық - геодезиялық және картографиялық жұмыстарды атқаратын, геодезиялық және картографиялық өнімнің деректер базасын жасау, беру, есепке алу, сақтау саласында әрекет ететін және Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорына мәліметтер мен деректерді міндетті түрде уақытылы тапсыратын бақылау субъектілері жатқызылады.
      4. Бақылау субъектілері жоғары тәуекел дәрежесіндегі жеке кәсіпкерлік өрісіндегі субъектілер орташа немесе төмен тәуекел дәрежелеріне ауыстырылмайды.
      5. Бақылау субъектілері орташа немесе төмен тәуекел дәрежесіндегі одан да жоғары және төмен тәуекел дәрежелеріне ауыстырылуы мүмкін.
      6. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырушы бақылау субъектілерін екінші кезеңде тиісті тәуекел тобына жатқызылған субъектілерге мынадай баллдар беріледі:
      геодезиялық жұмыстарды және (немесе) картографиялық жұмыстарды өндіруге геодезия және картография саласында хабарлама бермей жүзеге асыру – 5 балл;
      геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, меншікті немесе жалға алынған салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығының не зауыттық нөмірі көрсетілген салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар, құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың болмауы – 5 балл;
      штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болмауы – 5 балл;
      Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорға аэроғарыштық түсірімдердің, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың материалдарын ұсынбау – 5 балл;
      мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыс жасайтын субъектілерде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсатының болмауы – 5 балл.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2012.09.26 № 185-ОД және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.10.03 № 281 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) Бірлескен бұйрығымен.
      7. Кейінгі бөлу қорытындылары бойынша аталған субъектілерге тиісті тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін мынадай тәртіпте баллдардың шекті сомасы белгіленеді:
      1) жоспарлы тексерістің жылына бір рет реттілігі бар жоғары тәуекел дәрежесі:
      20 және одан да жоғары балл;
      2) жоспарлы тексерістің үш жылда бір рет реттілігі бар орташа тәуекел дәрежесі:
      10 баллдан 20 баллға дейін;
      3) жоспарлы тексерістің бес жылда бір рет реттілігі бар төменгі тәуекел дәрежесі:
      5 балл.
      8. Жеке кәсіпкерлік саласындағы бақылау субъектілері бір тәуекел дәрежесінің ішінде болған жағдайда таңдау мына тәртіпте жүзеге асырылады:
      1) берілген баллдардың ең көп сомасы бойынша;
      2) берілген баллдардың сомасы бірдей болған жағдайда тексеру үшін топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарының көлемі үлкен мемлекеттік бақылау субъектісі таңдалып алынады;
      3) берілген баллдар мен топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарының көлемі бірдей болған жағдайда тексеріс жоспарына ұзақ уақыттан бері тексерістен өткізілмеген (3 жылдың ішінде) мемлекеттік бақылау субъектісі енгізіледі;
      4) тұтынушылар тарапынан арыздар, геодезия және картография саласында анықталған бұзушылықтар туралы мемлекеттік органдардың өтініштері болған жағдайда.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2012.09.26 № 185-ОД және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.10.03 № 281 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) Бірлескен бұйрығымен.
      9. Әрбір тексерілетін субъектіге бақылау ісі жүргізіледі, онда тексерістерді тағайындау туралы актілердің, тексеріс бойынша тексеру парақтарының, нұсқамалардың көшірмелері, тексеріс нәтижелері мен геодезия және картография саласында талаптарын орындау бойынша жүргізілетін іс-шаралар туралы мәліметтер тігіледі.
      Ескерту. 9-тармақпен толықтырылды - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2012.09.26 № 185-ОД және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.10.03 № 281 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) Бірлескен бұйрығымен.
      10. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты (қайта ұйымдастыру тәртібімен құрылған заңды тұлғаларды және қайта ұйымдастырылған заңды тұлғалардың құқықтық мирасқорларын қоспағанда) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл бойы жоспарлы тексерулер жүргізуге тыйым салынады.
      Ескерту. 10-тармақпен толықтырылды - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2012.09.26 № 185-ОД және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.10.03 № 281 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Бірлескен бұйрығымен.

Қазақстан Республикасы 
Жер ресурстарын басқару
агенттігі төрағасының  
2011 жылғы 28 наурыздағы
№ 70-ОД және      
Қазақстан Республикасы 
Экономикалық даму   
және сауда министрінің 
2011 жылғы 1 сәуірдегі 
№ 82 бірлескен бұйрығына
3-қосымша       

Нысан

Жерді пайдалану мен қорғауға қатысты жеке кәсіпкерлік
саласындағы тексеру парағы

Органның атауы ______________________________________________________
_____________________________________________________________________
Тексерісті тағайындау туралы акт ____________________________________
                                          (№, күні)
_____________________________________________________________________
Субъектінің атауы ___________________________________________________
_____________________________________________________________________
Орналасқан жердің мекен-жайы ________________________________________
_____________________________________________________________________

Талаптардың тізбесі

1

Жерді қорғау бойынша іс-шаралардың болуы (жердi құнарсыздануын, шөлейттенуін, су және жел эрозиясын, селді, су басуды, батпақтануды, қайталап сортаңдануды, құрғап кетуді, тапталуды және топырақтың бұзылуының басқа да процесстерін болдырмау бойынша агротехникалық іс-шараларды жүргізу)

2

Құқықты растаушы және сәйкестендіру құжаттарының болуы

3

Жер заңнамасында белгіленген жерлердің жағдайы және пайдалану туралы деректерді мемлекеттік органдарға уақытылы беру (егістіктер және өнім беруі туралы статистикалық есептердің болуы)

4

Межелеу белгілерін сақтау

5

Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, жердің құнарлығын және басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіру

6

Өндіріс технологиясын қолдану тәртібін сақтау (егістік алқаптарда дәнді-дақылдардың бір түріне ғана басымдылық бермеу, егістік айналымын сақтау)

7

Бүлінген жерді қайта қалпына келтіру жобасының болуы

8

Ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерді тиімді пайдалану

9

Жер учаскесінің шекараларының құқықты белгілейтін және сәйкестендіруші құжаттарға сәйкестігі

10

Жерді пайдаланудың табиғатты қорғау режимін сақтау

11

Жерлерді нысаналы мақсатында пайдалану

12

Уақытша алып отырған жерлерді нысаналы тағайындалуына сәйкес одан әрі пайдалануға жарайтын жағдайға келтіру бойынша міндеттемелерді орындау

13

Жер учаскесін пайдалануға рұқсат негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізу

14

Жердiң ластануын, тозуын, қоқыстануын және топырақтың құнарлы қабатын нашарлауын болдырмау, және де топырақтың құнарлы қабатын алу, бұлай алу топырақтың құнарлы қабатының бiржола жоғалуын болдырмау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда

15

Жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты бағдарламалар, жобалар мен схемалардың оң сараптамасының болуы

16

Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасының және жерді ұтымды пайдалану мен, топырақтың құнарлығын сақтау мен және жоғарылату мен байланысты жобалардың болуы

Лауазымды тұлғалар

________________________ __________ ________________________

      (лауазымы)           (қолы)           (аты жөні)

________________________ __________ ________________________

      (лауазымы)           (қолы)           (аты жөні)

Жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысы, жеке кәсіпкер:

______________________________________________ _____________
          (аты жөні, лауазымы)                    (қолы)

Қазақстан Республикасы 
Жер ресурстарын басқару
агенттігі төрағасының  
2011 жылғы 28 наурыздағы
№ 70-ОД және      
Қазақстан Республикасы 
Экономикалық даму   
және сауда министрінің 
2011 жылғы 1 сәуірдегі 
№ 82 бірлескен бұйрығына
4-қосымша       

Нысан

Геодезия және картографияға қатысты жеке кәсіпкерлік
саласындағы тексеру парағы

      Ескерту. Тексеру парағына өзгеріс енгізілді - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2012.09.26 № 185-ОД және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің 2012.10.03 № 281 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) Бірлескен бұйрығымен.

Органның атауы ______________________________________________________
_____________________________________________________________________
Тексерісті тағайындау туралы акт ____________________________________
                                          (№, күні)
_____________________________________________________________________
Субъектінің атауы ___________________________________________________
_____________________________________________________________________
Орналасқан жердің мекен-жайлар ______________________________________
_____________________________________________________________________

Талаптардың тізбесі

1

Геодезиялық жұмыстар және (немесе) картографиялық жұмыстар өндірісін бастау үшін геодезия және картография саласындағы хабарлама болуын растау

2

   1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, меншікті немесе жалға алынған салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығының не зауыттық нөмірі көрсетілген салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар, құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың болуы;
   2) штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болуы.

3

Әуетүсірілім жұмыстарды жүргізуге рұқсаттың болуы

4

Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды өндіруге техникалық жобалардың (техникалық тапсырмалар немесе техникалық ерекшелік немесе келісім-шарттар) болуы

5

Далалық және камералдық жұмыстар өнімдерін техникалық бақылау және қабылдау жүйесінің болуы

6

Жер беті объектілерінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының, әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы шекаралардың картографиялық материалда көрсетудің нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуі

7

Топографиялық-геодезиялық және картографиялық, аэроғарыштық материалдар мен деректерді есептеудің нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуі

8

Топографиялық-геодезиялық және картографиялық, аэроғарыштық материалдар мен деректерді сақтау жағдайының нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуі

9

Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды немесе әуеғарыштық түсірімдерді жүргізу нәтижесінде алынған материалдар мен деректерді көбейту ережелерін сақтау

10

Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мүдделерін ескере отырып геодезиялық-картографиялық жұмыстарды немесе әуеғарыштық түсірімдерді жүргізу нәтижесінде алынған топографиялық-геодезиялық немесе картографиялық материалдар мен деректерді пайдалану ережелерін сақтау

11

Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорға топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың және аэроғарыштық түсірімдердің материалдарын беру тәртібін сақтау

12

Құпия материалдармен жұмыс жасайтын субъектілерде рұқсаттардың болуы

13

«Құпия» және «Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі бар материалдарды есепке алу, сақтау және беру ережелерін сақтау

14

Геодезиялық пункттерді қорғау жөніндегі ережелерді сақтау

Лауазымды тұлғалар

________________________ __________ ________________________

      (лауазымы)           (қолы)           (аты жөні)

________________________ __________ ________________________

      (лауазымы)           (қолы)           (аты жөні)

Басшы

______________________________________________ _____________
            (аты жөні, лауазымы)                  (қолы)