"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына, "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 16-бабына, "Үйде оқитын және тәрбиеленетін мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу" мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіту туралы" Қостанай облысы әкімдігінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 128 қаулысына, "Лисаков қаласының 2010-2012 жылдарға арналған бюджеті туралы" Лисаков қалалық мәслихатының 2009 жылғы 23 желтоқсандағы № 271 шешіміне сәйкес Лисаков қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Үйде оқитын және тәрбиеленетін мүгедек балаларға әлеуметтік көмек ұсыну қамтамасыз етілсін (бұдан әрі - әлеуметтік көмек).
2. Анықталсын:
1) әлеуметтік көмекті "Лисаков қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі көрсетеді;
2) әлеуметтік көмек үйде тәрбиеленетін және оқитын мүгедек балалары бар ата-аналарға (заңды өкілдеріне) беріледі;
3) әлеуметтік көмек тиісті оқу жылы бойы өтініш берген айдан бастап тағайындалады, ай сайын 18 жасқа толмаған әр мүгедек балаға көрсетіледі;
4) әлеуметтік көмектің ай сайынғы мөлшері тиісті жылға заңнамада белгіленген алты айлық есептік көрсеткішті құрайды.
3. Осы қаулы оны алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайда болған қатынастарға өзінің күшін таратады.
Лисаков қаласы әкімінің | |
міндетін атқарушы | А. Клименко |