Балқаш ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөнінде қосымша шаралар белгілеу туралы

Алматы облысы Балқаш ауданы әкімдігінің 2010 жылғы 12 ақпандағы N 8 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаменті Балқаш ауданының Әділет басқармасында 2010 жылы 18 наурызда N 2-6-66 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Балқаш аудандық әкімдігінің 2012 жылғы 6 ақпандағы N 25 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Балқаш аудандық әкімдігінің 2012.02.06 N 25 Қаулысымен.

      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабының 1-тармағының 2)-тармақшасына және 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабының 1-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі шараларды кеңейту мақсатында Балқаш аудандық әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қосымшаға сәйкес "Жастар практикасын" ұйымдастыру және өткізуге байланысты Балқаш ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар белгіленсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Айдарбеков Есенгелді Айдарбекұлына жүктелсін.
      3. Осы қаулы баспасөзден алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.

      Балқаш ауданы
      әкімі                                      Е. Қошанбеков

Балқаш аудандық әкімдігінің
2010 жылғы 12 ақпандағы
"Балқаш ауданында жұмыссыздықтан
әлеуметтік қорғау жөнінде
қосымша шаралар белгілеу
туралы" N 8 қаулысына
қосымша

Балқаш ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөнінде
қосымша шаралар белгілеу туралы

      Балқаш ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңның 5–бабына сәйкес бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітіруші жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың практикалық тәжірибе алу, білім, білік, дағдыларын үйрену мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әзірленген.

1. Жалпы ережелер

      1. Балқаш ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар Балқаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің (бұдан әрі Уәкілетті орган) бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітірген 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастармен (бұдан әрі Жұмыссыз жастар) жұмыс жүргізу (бұдан әрі- Жастар практикасы) тәртібін ұйымдастыруды білдіреді.
      2. Жастар практикасы Балқаш ауданының кәсіпорындарында, мекемелерінде және ұйымдарында (бұдан әрі – Жұмыс беруші) ұйымдастырылып, өткізіледі.
      3. Уәкілетті орган еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып, жастар практикасына жіберу үшін жұмыссыз жастардың санын анықтайды.

2. Жастар практикасын ұйымдастыру

      4. Уәкілетті орган жастарды жұмыспен қамту бойынша ауданда, селолық округтердің еңбек рыногындағы қалыптасқан жағдайға талдау жасау негізінде Жастар практикасын өткізуді ұйымдастырады.
      Жастар практикасын ұйымдастырғанда келесі негізгі өлшемдер ескеріледі:
      1) жұмыссыз жастардың саны және оның Уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелгендердің жалпы санының үлесі;
      2) жастар арасындағы ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейтіндер санының өсуі:
      3) жұмыссыз жастардың еңбек өтілінің, алған мамандығы бойынша еш дағдысының болмауы салдарынан жұмысқа орналасу мүмкіндігінің аз болуы.
      5. Уәкілетті орган үш күн ішінде тілек білдірген ұйымдармен жастар практикасын ұйымдастыру жөніндегі осы Тәртіптің мазмұнымен жастар практикасын өткізу туралы келісім жасайды.
      6. Ұйымдар туралы жинақталған ақпараттарды қорытындылау және талдау негізінде Уәкілетті орган Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыз жастарға іріктеу жүргізеді. Үміткерлерді іріктеу кезінде келесі өлшемдер ескеріледі:
      1) үміткерлер жұмыссыз ретінде Уәкілетті органға тіркеуге тұруы керек;
      2) үміткерлердің кәсіптік білімі болуы керек;
      3) Уәкілетті органның мәліметі бойынша Жастар практикасын ұйымдастыру кезінде оларға лайықты жұмыстың болмауы.
      7. Жұмыссыздардың жастар практикасына қатысуы Жастар практикасы басталған сәттен бастап 12 айлық кезеңде бір рет рұқсат беріледі және жұмыссыз ретінде тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.
      8. Уәкілетті орган Жастар практикасын жергілікті атқару органдарымен және жастарды жұмысқа орналастыруға мүдделі басқа ұйымдармен бірлесе отырып ұйымдастырады.
      9. Жұмыссыздарды жастар практикасына алуға келісім берген жұмыс беруші жұмыссыз жастарды қабылдайды және Жастар практикасына қатысушылардың мамандығына (кәсібіне) сәйкес кәсіби білім, білік, дағдыларын үйретуді қамтамасыз ету туралы міндеттеме алады.
      Жұмыссыздармен алты айдан аспайтын мерзімге еңбек шартын бекітеді және еңбек шартына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 наурыздағы "Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" N 264 қаулысына сәйкес, еңбек ақы төлеу бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылатындығы туралы норма енгізеді. Еңбек шарты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалады, онда жастар практикасына қатысушы мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетілуі керек.
      10. Уәкілетті орган жұмыссыз азаматты бекітілген нысандағы жолдамамен Жұмыс берушіге жібереді.
      11. Жұмыссыздарды Жастар практикасына алу туралы шешімді Жұмыс беруші қабылдайды. Жұмыс беруші жолдаманың жыртпалы талонын толтырып, Уәкілетті органның мекен-жайына жібереді.
      12. Жұмыссыздарды Жастар практикасына алу туралы шешім қабылдау кезінде, жұмыс беруші жұмыссызды алты айдан аспайтын мерзімге "Жастар практикасына" қабылдау туралы бұйрық шығарады. Жұмыс беруші Жастар практикасына қатысушыға білікті маман-тәлімгер бекітеді. Жұмыссыз еңбек міндеттерін жүзеге асыру кезінде ҚР Еңбек кодексіне сәйкес барлық құқықтарға ие болады және міндеттеме алады.
      13. Жұмыссыздарды Жастар практикасы қабылдаған күннен бастап үш күн ішінде, Жұмыс беруші Уәкілетті органға практикаға қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді. Жастар практикасына қатысушыны қабылдаған Жұмыс беруші әр айдың 25-іне дейін Уәкілетті органға жұмыс уақытын есепке алу табелін ұсынады.
      14. Жастар практикасына қатысушы ҚР Еңбек кодексін бұзған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес шартты бұзуға құқығы бар.
      15. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыссызбен шарт бұзылған кезде, ол қабылдаған шешім туралы 3 күн ішінде Уәкілетті органға хабарлайды. Жұмыссыз азамат практиканы тоқтату туралы шешім қабылдай алады. Бұл туралы жұмыс берушіге және Уәкілетті органға 3 күннің ішінде хабарлайды.
      16. Жұмыс берушінің шешімі бойынша жұмыссыз азамат Жастар практикасының мерзімі аяқталмай тұрып тұрақты жұмысқа орналастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда Жұмыс беруші уәкілетті органға Жастар практикасына қатысушыны жұмысқа қабылдағаны туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді.
      17. Жастар практикасынан өткеннен кейін осы немесе басқа кәсіпорынға тұрақты (уақытша) жұмысқа орналастырылмаған азамат Уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұруын жалғастырады.

3. Жастар практикасын қаржыландыру

      18. Жастар практикасын қаржыландыру бюджет есебінен "Жұмыспен қамту бағдарламасы" 002 бағдарламасы бойынша "Республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламаларын кеңейтуге ағымдағы мақсатты трансферттер" 103 кіші бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
      19. Жастар практикасына қатысушыларға ақы төлеуді Уәкілетті орган Жастар практикасына қатысушымен жасалған еңбек шартының негізінде нақты жұмыс атқарған уақыты үшін айына 20 мың теңгеден аспайтын мөлшерде төлейді.
      20. Жастар практикасына қатысушылардың еңбекақысын төлеуді Уәкілетті орган олардың жеке есеп шоттарына аудару арқылы жүзеге асырады.

      Балқаш ауданының жұмыспен
      қамту және әлеуметтік
      бағдарламалар бөлімінің
      бастығы                                    Б. Сқабаев