"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігінің Көкшетау техникалық институты" мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау Ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2010 жылғы 13 мамырдағы N 160 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 18 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6297 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 27 шілде 2007 жылғы «Білім туралы» заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институты» мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау тәртібін анықтау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қосымша берілген «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтына» мемлекеттік мекемесіне қабылдау Ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадрлық қамтамасыз ету департаменті осы бұйрықты Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізуді қамтамасыз етсін.
      3. Министрліктің орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің, Өртке қарсы қызмет комитетінің, Төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің, Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің, облыстық, Астана және Алматы қалалары Төтенше жағдайлар департаменттерінің, әскери бөлімдерінің, жедел құтқару жасақтарының, облыстарының, Астана және Алматы қалаларындағы «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстар қызметі», «Көкшетау техникалық институты», «Республикалық дағдарыс орталығы», «Апаттық медицина орталығы» мемлекеттік мекемелерінің, ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, осы бұйрықты қызметкерлерінің назарына жеткізсін және міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің 2007 жылғы 24 сәуір № 74 «Көкшетау техникалық институтына іріктеу мен қабылдау Ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4776 болып енгізілген, 2007 жылғы маусым-шілде Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған) бұйрығының күші жойылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын қадағалау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы С.Қ. Оқасовқа жүктелсін.
      6. Осы бұйрық ресми түрде бірінші жарияланған күннен бастап қолданысқа енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Төтенше жағдайлар министрі                         В.Божко

       Қазақстан Республикасы   
Төтенше жағдайлар министрінің
2010 жылғы 13 мамырдағы № 160
бұйрығымен бекітілген   

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институты» мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау ережесі

1. Жалпы ереже

      1. «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтына» мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау туралы аталмыш Ереже (әрі қарай – Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 638 «Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламасын іске асырушы білім ұйымдарына оқуға қабылдаудың жалпылама ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5115 болып енгізілген) бұйрығына сәйкес әзірленген.
      2. «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институты» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Институт) мамандықтар тізіміне сәйкес жоғары кәсіптік біліммен мамандарды даярлайды.
      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің бұйрығымен мемлекеттік қабылдау, мандаттық, апелляциялық, курсанттарды бөлу комиссиялары құрылып олардың Ережелері бекітіледі.
      4. Институтқа күндізгі оқуға Қазақстан Республикасының жалпы орта, бастапқы кәсіптік (техникалық және кәсіптік), орта кәсіптік (орташа білімнен кейін) білімі бар, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды, қабылдау емтиханын оңды тапсырған азаматтар қабылданады.
      5. Институтқа сырттай оқуға жалпы орта, бастапқы кәсіптік (техникалық және кәсіптік), орта кәсіптік (орташа білімнен кейін) білімі және жоғары білімі бар, түсу емтиханын ойдағыдай тапсырған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрліктің (әрі қарай - Министрлік) жинақтау органдарының қызметкерлері қабылданады.
      6. Институтқа қабылдау бірыңғай ұлттық тестілеу (әрі қарай - ҰБТ) бойынша берілген сертификатқа сәйкес немесе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу  орталығымен (әрі қарай - ҰТО) әзірленген технология бойынша жиынтық тестілеумен жүргізіледі.
      Институтқа азаматтарды күндізгі оқуға қабылдау төрт кезеңде жүргізіледі:
      бірінші кезеңде Институттың қабылдау комиссиясы ҰБТ сертификаты немесе жиынтық тестілеуіне сәйкес іріктеу жүргізіп, оқуға үміткерлер құрамын қалыптастырады;
      екінші кезеңде медициналық және психофизикалық көрсеткіш бойынша іріктеу жүргізіледі;
      үшінші кезеңде дене тәрбиесі бойынша іріктеу жүргізіледі;
      төртінші кезеңде мандаттық комиссия курсанттар санатына енгізуді жүргізеді.
      Сырттай оқуға қабылдау жиынтық тестілеу сертификаты баллдарына сәйкес қабылданады.
      7. Мандаттық комиссиясы өзінің жұмысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын, Министрліктің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құқықтық актілерін, сонымен қатар осы Ережені басшылыққа алады.
      8. Институтта оқуға азаматтарды іріктеуді бекітілген күндізгі және сырттай оқу факультеттерін жинақтау жөніндегі рұқсат қағазға сәйкес Астана, Алматы облыстары мен қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттері, Министрліктің әскери бөлімдері, құтқару құрылымдары жүргізеді. Оқуға үміткерлердің жеке істері мен оқу істерін рәсімдеу Министрліктің кадрлар бөлімшелеріне жүктеледі.
      9. Институтқа азаматтардың құжаттары жыл сайын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрдің жасақтау туралы бұйрығымен анықталатын мерзімде жіберіледі.
      10. Оқуға (күндізгі оқу формасына) үміткердің жеке ісінде оқуға жолдама алу туралы мәлімдеме (өтініш), Министрлік қызметкерлері үшін оқуға жолдама туралы қорытынды нәтижесі бар аттестациялық парақ, өмірбаян, кадрлар есебі бойынша жеке парақ, соңғы жұмыс орнынан мінездеме, нотариалды расталған орташа білім туралы құжаттың көшірмесі, әскери-дәрігерлік комиссия қортындысымен медициналық куәландыру картасы, жеңілдікке құқық беретін нотариалды расталған құжат көшірмелері, арнайы тексеріс материалдары, 4,5х6 см көлеміндегі бас киімсіз үш фото сурет, 9х12 см көлеміндегі бір фото сурет.
      11. Сырттай оқуға іріктелген төтенше жағдайлар органдар және құрылымдардың қызметкерлеріне мәлімдеме, нотариалды расталған білім туралы құжаттары қосымшамен, оқуға жіберу туралы ұсынысы бар аттестациялық парақ, медициналық анықтама, 4,5х6 см көлеміндегі үш фото сурет және кадрлар есебі бойынша парағы рәсімделеді.
      12. Күндізгі оқуға 25 жасқа дейінгі түлектер қабылданады.
      13. Күндізгі оқуға түсуші азаматтар Институтта уақытша арнайы ұйымдастырылған әскери-дәрігерлік комиссияда қосымша медициналық және психофизиологиялық куәландырудан өтеді және дене тәрбиесі дайындығы бойынша бекітілген нормативке сәйкес сынақ тапсырады.
      14. Сырттай оқуға Министрліктің жинақтау органдарының кем дегенде 1 жыл еңбек өтілі бар, 37 жастан аспаған қызметкерлері қабылданады.
      15. Сырттай оқуға қабылдау үшін жалпы орта, бастапқы кәсіптік (техникалық және кәсіптік), орта кәсіптік (ортадан кейінгі) білімі бар Министрлік қызметкерлерінен ҰТО әзірлеген технология бойынша кешенді тестілеу жүргізіледі.
      16. Оқуға түсу үшін жіберілген жетім балаларға және ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға, Министрліктің жинақтау органдарымен жолға кеткен шығындары төленеді, сондай-ақ Институтпен солдаттық үлес нормасына сәйкес азықпен қамтамасыз етіледі.

2. Жиынтық тестілеуін өткізу

      17. Жиынтық тестілеу, тестілеу жүргізу (базалық жоғары оқу орындар) пунктерінде жүргізіледі.
      18. Жиынтық тестілеуге қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының (базалық жоғары оқу орны) қабылдау комиссиясына, Институттың бекітілген үлгідегі бланкіде өтініш, алғашқы кәсіптік (техникалық және кәсіптік) немесе орта кәсіптік (ортадан кейін) оқу орнын бітіргені туралы аттестат немесе диплом (тұп нұсқа), 3х4 см көлеміндегі екі фото сурет, медициналық анықтама сонымен қатар жеке куәлік көшірмесін тапсырады.
      19. Кешенді тестілеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау базалық жоғары оқу орны кестесіне сәйкес жүргізіледі.
      20. Кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында жүргізіледі.
      21. Кешенді тестілеуге келген азамат жеке куәлігі (төл құжат) мен Институтымен берілген емтиханға рұқсат қағазын көрсетеді.
      22. Кешенді тестілеу азаматтың еркі бойынша қазақ және орыс тілдерінде орта білім оқу бағдарламасы көлемінде төрт пән бойынша жүргізіледі: қазақ және орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және физика.
      23. Әр пән бойынша тестілеу тапсырмалары 25. Әр тестілеу тапсырмасының дұрыс жауабы бір баллмен бағаланады.
      24. Кешенді тестілеуге 2 сағат 30 минут беріледі. Тестілеуді қайта тапсыру жіберілмейді.
      25. Кешенді тестілеу нәтижесін сараптау жиынтық тестілеу өткізген жоғары оқу орнында жүргізіледі.
      26. Дұрыс жауап кодтары жиынтық тестілеуден кейін, жауап парақтарын сканерден өткізісімен ілінеді.
      27. Кешенді тестілеу қортындысы өткізілген күні мемлекеттік комиссиямен жарияланады.
      28. Кешенді тестілеу нәтижесі бойынша әр қатысушыға мемлекеттік комиссиямен тестілеуден кейін үш күнтізбелік күн аралығында сертификат беріледі.
      29. Кешенді тестілеу нәтижесімен келіспеген азамат апелляцияға өтініш беруіне болады.

3. Институтқа қабылдау

      30. Институтқа оқуға қабылдауды мандаттық комиссиямен тамыздың 1 мен 10 аралығындағы жиынтық тестілеудің ҰБТ қорытындысы және дене тәрбиесі дайындығы бойынша сынақ, психофизикалық және медициналық куәландыру, әңгімелесу нәтижесі есебімен күндізгі және сырттай оқу факультеттерін жасақтау рұқсат қағазына сәйкес конкурс негізінде жүргізіледі.
      31. Оқуға ағымдағы жылдың жалпы орта білім ұйымдарының ҰБТ өткен және жиынтық тестілеудің нәтижесі бойынша қазақ және орыс тілдерінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және физика пәндерінен 50 баллдан кем емес балл жинаған, оның ішінде профилдік пәннен (математика) 7 баллдан кем емес балл жинаған түлектер қабылданады.
      32. Жиынтық тестілеудің ҰБТ сертификатындағы баллдардың көрсеткіші бірдей болған жағдайда қабылдауға артықшылыққа иеленеді:
      1) "Алтын белгі" белгімен марапатталған адамдардың;
      2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар;
      3) жетім балалар және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар, соғысқа қатысушы жеңілдігі мен кепілдігі бойынша теңестірілген тұлғалар, үздік білім туралы құжаты (аттестаттар, куәлар, дипломдар) бар тұлғалар, қызметтік міндетін орындауда мүгедектік алған және қайтыс болған Министрлік бөлімшелері қызметкерлерінің балалары;
      4) аттестат немесе дипломдарындағы орташа жоғары балл жинаған үміткерлер, профильдік пән (математика) бойынша жоғары балл жинаған үміткерлер, дене тәрбиесі дайындығы бойынша сынақ тапсыру кезінде жоғары балл жинаған үміткерлер.
      33. Жиынтық тестілеу кезінде осы Ереженің 32 тармағымен белгіленген шектеулі баллдан төмен сома жинаған үміткерлер, курсанттар және тыңдаушылар санатына жіберілмейді.
      34. Жоғары кәсіптік (жоғары) білімі және орта кәсіптік (профильдік) білімі бар үміткерлер Институттың мандаттық комиссиясымен әңгімелесу нәтижесі бойынша қысқартылған мерзімде қабылданады.
      35. Институтқа қабылдау туралы мандаттық комиссия шешімі Институт бастығы бұйрығымен рәсімделеді.
      36. Азамат мемлекеттік қабылдау және мандаттық комиссиясы шешімінің нәтижесімен келіспеген жағдайда Министрліктің апелляциялық комиссиясына апелляцияға өтініш беруіне болады.

4. Қорытынды ереже

      37. Азаматтарды оқуға қабылдау мәселелері бойынша осы Ережеде және басқа да нормативтік құқықтық актілерімен белгіленбеген жағдайда, Министрліктің қабылдау, мандаттық, және апелляциялық комиссиясымен олардың құзыреттеріне сәйкес өзінше шешіледі.
      38. Институтқа азаматтарды оқуға қабылдағаннан кейін он күн мерзімінде Министрлік пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қабылдауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша мәтіндік қорытынды есеп, сонымен қатар курсанттар мен тыңдаушыларды қабылдау туралы бұйрық көшірмелері ұсынылады.